Сәрсеке, М. Сексен бестің төрінен : таңдамалы туындылар / М. Сәрсеке. - Нұр-Сұлтан : Фолиант, 2020. - 700 б.
Автордың ой толғанысы: Әрбір қаламгердің өмір бойы толғаған еңбегін қайыра оқып, хал қадірінше іріктейтін межеулі уақыты болады.
Сол кезең маған сексен жастың өрінен өткенде туып, содан былай тыңнан шығарма толғаудан тыйылып, алпыс жылдан астам уақыт жазған және жариялаған әдеби еңбектерімді екшеп, Семейдегі мемлекеттік қорға өткізерде соларды тағы бір мәрте сұрыптауға отырдым. Нәтижесінде он томға жуықтаған қомақты жазбаларымды және солар үшін өмір бойы жиған терген деректерімді тақырыбына қарай іріктеп, тергізіп, солардың екі данасын Семейдегі мемлекеттік арнайы қорға, Абай атындағы және Орталық кітапханаға тапсырдым.
Сол жұмысты қамдау кезінде төтенше ой туып, кейбір жазбаларымды, таңдаулы туындыларымды, әлбетте көлемі қомақтыларын емес, солардың да қажет-ау деген үзінділерін және кейбіріне жазылған әдеби қауым пікірлерін іріктеп әр кезде баспасөз бетінде жарияланған сұхбаттарды немесе басымнан кешкен оқыс та мәнді оқиғалар баяндалған жазбалардың кейбірін қорытынды жинақ ретінде жариялауға ой туды.
Қолыңыздағы соңғы жинақ сол себептен де «Сексен бестің төрінен» таңдамалы туындылардан құрастырылды......
Құрметті оқырман қауым, сексен бес жастың өрінде отырып, іңкәр көңілмен дайындаған осы туындымды өзімді қадір тұтатын оқырманға сый ретінде ұсындым. Ендеше кітап сіздің еншіңізде.