Әдебиетте «Абайдың ақындық айнасы» деген ұғым қалыптасқалы біраз жыл болды. Осы бастаманың негізінде Абайдың айналасындағы сөз зергерлерінің шығармалары жарық көріп, жұртқа таныстырылып келеді. Сол бір әдеби үрдістің аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық музейі ақын Ахат Шәкәрімұлының шығармалар жинағын жарыққа шығарды. Ахат шығармашылығына қатысты ақпарат музейдің Фейсбук парақшасында жарияланды.
Музей қызметкерлері бірнеше ғылыми концепция негізінде жұмыс атқарады. Соның бірі – концептуалды бағыт деп аталады. Бұл бағыттың негізінде Абай музейі өздеріне тікелей қатысы бар тұлғалардың мұрасын қорда бар деректермен толықтырып шығару және монографиялар мен ғылыми зерттеулер жазуды жоспарлапты. Соның ішіндегі соны тақырыптардың бірі ретінде Ахат Шәкәрімұлының шығармаларын бір томдық жинақ қылып жарыққа шығарған. Ақынның 120 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Ахат Шәкәрімұлы. Шығармалары» атты кітаптың жалпы редакциясын музей директоры Тұрдықұл Шаңбай басқарған.
– Бұл жинақ негізінен Ахат Шәкәрімұлының зайыбы Бәтима Жакенованың Абай музейіне өткізген материалдары негізінде дайындалды. Жинақта ақынның өлеңдері мен поэмалары және естеліктері берілген. Ахат Шәкәрімұлы поэзиясының жанрлық тұрғыда да тынысы кең. Оны ақын өлеңдерінің тақырыптық-мазмұндық молдығы, поэмаларының эпикалық ауқымы көрсетеді. Сонымен қатар Ахат ақсақалдың естеліктері хакім Абай, данышпан Шәкәрім және Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің өмірі мен шығармашылығына шынайы сәуле түсіретін терең тарихи мазмұнымен де өзгешеленеді», – деді музей директоры Тұрдықұл Шаңбай.
«Жәрдем» баспасынан жарық көрген бұл кітап 448 бетпен қатталыпты.
Алтай Ғали-Асқар