Өскемен қаласында ашылған тұңғыш қазақ бастауыш мектебіне (қазіргі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты) 100 жыл (1920)
Биыл Жамбыл атындағы гимназия-мектеп өзінің 100 жылдығын атап өткелі отыр. Бұл Шығыс Қазақстандағы ғана емес , Қазақстан Республикасындағы құрылу тарихы тереңде жатқан байырғы ордалардың бірі де бірегейі болып табылады. Бір ғасыр жас өркенге сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан Өскемендегі қазақтың бірден -бір қара шаңырағы саналатын бұл мектептен түлеп ұшқан алғашқы түлектер Ұлы Отан соғысына қатысып, елі мен жерін жаудан қорғаса, олардан кейінгі буын өкілдері бейбіт еңбекте белсенділік танытты. Аталмыш мектептен небір мамандар, ғалымдар, ақын-жазушылар, журналистер шығып, туған халқына адал, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін тер төгіп жүрген түлектер аз емес.
1920 жылы Өскеменде қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашылады. Бұл мектептің ашылуына бастамашы болған белгілі жазушы Павел Бажов еді. Кейін осының негізінде жетіжылдық мектеп ашылып, артынан Ұлан ауданына көшіріліп, Киров атындағы шаруа-жастар мектебі құрылады.
Жетіжылдық мектеп Ұлан ауданына көшірілгеннен кейін Өскеменде бастауыш мектеп қалды. Бұл мектепте 30-40 оқушы болды. Бала саны жылдан-жылға көбейе түскеннен кейін жетіжылдық мектепке айналып, оған Респблика Халық комиссарлар Кеңесінің сол тұстағы төрағасы Ораз Исаевтың есімі берілді. 1938 жылы мектепке Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Мектептің алғашқы директоры Құсайын Орынтаев болған. Енді міне дарынды балаларға арналған гимназия - интернат атанып отыр. Еліміз тәуелсіздік алған кезде ол Өскемендегі қазақша білім беретін жалғыз мектеп болған.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет аталғаннан кейін еліміздің білім саласында ірі реформалар қолға алына бастады. Гимназия, лицей, колледж сияқты білім берудің жаңа жүйелері өмірге келді. Мұндай жаңашылдықтан Жамбыл мектеп-интернатының ұжымы да бас тартпады. 1992-1993 жылдары мектепте тұңғыш гимназия сыныптары ашылды. Ал 1993-1994 оқу жылында эстетикалық-гуманитарлық бағытта білім беретін жаңа тұрпатты гимназия болып құрылды.
Жамбыл атындағы мектеп-гимназияның түлектері Ә. Бектыбаев, Самашев З. - академик, Бітібаева Қанипа - құрметті академик, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР еңбегі сіңген ұстаз, генерал атағын алғандар Қойшыбаев Ж., Жұмағұлов Ш, Белгібаев Ә, Бегенов О, Шарбану Бейсенова-жазушы, ғылым докторлары-Сәбетқазы А, Дүйсембаев К, А. Қартаева, Ш. Болатова, А.Құлназаров.
А. С. Пушкин атындағы кітапхананың
кітапты толықтыру бөлімінің жетекшісі : Уалханова Ракия Нуралиновна