Ұлы Абайдың 84 жыл бұрын жарық көрген кітабы табылды
Кеше ғана Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтой жылының шымылдығын ашқан біздің кітапхана ұжымы бүгін күтпеген қуанышқа кенелді. Кітапхананың қарт оқырманы Николай Мырзақанұлы Оспанов ақын Абайдың 1936 жылы латын харпінде жарық көрген «Таңдамалы өлеңдерін» кітапхана қорына сыйға тарты.
Кітап Алматы қаласындағы «Көркем әдебиет» баспасынан 1936 жылы басылып шыққан екен. Осыдан 84 жыл бұрын жарық көрген кітаптың тозығы жеткенімен, біз үшін аса құнды. Кітаптағы ұлы ақынның көп өзгеріске ұшырамаған өлеңдерімен қуана қауыштық. Өз дәуірінен сыр шертіп көңілге қуаныш ұялатқан кітапта әр өлеңнің қай жылы жазылғаны көрсетілген. Кітап иесі Н. Оспанов: «Осы кітапты әкем Мырзақан көзінің қарашығындай сақтап, қолына жиі алып отырушы еді. Мен арапша, латынша оқи білмеймін. Бірақ әкем қадірлеген осы кітапты ол кісі өмірден өткен соң 36 жыл бойы сақтадым. Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, қолым
а алып, облыстық кітапханаға сыйға тартуды жөн көрдім. Сіздер бұл кітапты жоғалтпай, қажеттеріңізге жаратады деп сенемін»- деп ағынан жарылды. Кітапты көпшілік оқырман назарын ұсына отырып, «Біздің Абай» электрондық кітапханасы арқылы әлемдік желіге қоятынымызды айттық.
«Халық –қазына» деп халқымыз бекер айтпаған-ау. Әр отбасында көненің көзі болып сақталып қалған құнды жәдігерлер баршылық. Бірақ соны бағалай біліп, халық игілігіне ұсынатындар жоқтың қасы. Қарт оқырман Николай Мырзақанұлына алғысымыз шексіз. Ол кісіден үлгі алып, сандығыңызда жатқан көне кітаптар болса екінші өмір сыйлауға біз дайынбыз!