Тарбағатайлық ақын Әрімбек Мәселұлы 1940 жылы дүниеге келген.
Өнеріме тамыр-таныс, жұрт сыншы,
Оқырмандар бетті бері бұрсыншы.
Жер жүзіне таңдамалым таралып,
Том-том болып сөрелерде тұрсыншы!- деп жырлаған ақын кітапхана қорына үш томдық таңдамалы жинақтары мен «Тағдыр», «Тұлға» атты кітаптарын сыйға тартты. Таңдамалыға ақынның әр жылдар жарық көрген кітаптарынан үздік өлеңдері, баллада поэмалары мен толғаулары, сатиралық новеллалары мен шымшыма шумақтары, үшінші томына Тарбағатай өңіріндегі өнегелі отбасылар туралы деректер берілген.
«Тағдыр» жинағында заман рухын, дәуір тынысын сездіретін өлеңдер мен елге елеулі азаматтар жайында арнаулар топтастырылған. «Тұлға» жинағында ел мен жердің қарапайым адамдарын, ел тұлғасы- ел тұғыры дәрежесіне көтергісі келген ақынның өзі де Тұлғаға айналып кеткен зерделі оқырман сезетіні даусыз.
Туған жердің кіндігіне байланып,
Жатырмын мен жақсы жайлы ойланып,
Туған жердің «Тұғырына» тұрып ап,
Тұлғасына кеттім бүгін айланып!- деп жырлаған Әрімбек ақынның поэзия әлеміне қош келдіңіздер!