Туған жеріне өлердей ғашық өлкетанушы Зейнолда Қайсеновтың « 1916 жыл Шығыс өңіріндегі халық көтерілісі», «Шығыс өлкесінің тарихи әдеби очерктері» атты кітаптары біздің қорға түсті.
1916 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы жерінде орын алып, тарихта «Орайшап» деген атпен қалған халық көтерілісіне 100 жыл толуына орай шығарылған. Тайынты болысында орын алған ұлт-азаттық көтерілісінің себеп-салдарын тереңдей зерттеп, елдің азаттығы үшін жанын қиған қасбатырлардың жанқиярлық ерліктерін кейінгі ұрпаққа паш етеді.
«Шығыс өлкесінің тарихи әдеби очерктері» атты кітабында 90 жылдығын атап өткен Ұлан ауданының шежірелі тарихы сөз болады. Күршім, Зайсан, Тарбағатай сияқты Ұлан жерінде де сақтар мен ғұндардың қалған мәдени ескерткіштердің көп екендігіне тоқталады.
Сонымен қатар автор мұрағаттардан жинаған Ұлан ауданының XVIII ғасырдан бергі тарихи деректерін топтастырған.
Оқырман сізге бағдар ғана бердік, іздеген басқа қазынаны осы жинақтың өзінен табасыз.