Белгілі қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаев аса көрнекті шығармашылық қызметі үшін Антуан де Сент-Экзюпери атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Мұндай шешім Германия мен Францияның әдебиет, өнер мен мәдениет қайраткерлерінің «Глория-Лион» ассоциациясы бірауыздан қабылдаған.
Осыған жалғасқан екінші жағымды жаңалық та көп күттірмеді. Америка Құрама штаттарының Сан-Франциско қаласында орналасқан Халықаралық Арт орталығы 2018 жылғы Джек Лондон атындағы халықаралық әдеби сыйлығының лауреаттарын жария етті. Мәртебелі сыйлықпен марапатталған әр елдің мәшһүр жазушыларының арасында көрнекті қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаев та бар. Оның «Құм кезген өліктер» роман эпопеясы XXI ғасырдың таңдаулы романдарының бірі деп танылды. Жерлесіміз, дарынды жазушыны сыйлығымен құттықтап, еңбегіне шығармашылық шабыт, зор денсаулық тілейміз!