Медеу Сәрсеке. Семей қасіреті. – Деректі тарихи хикаят. – Астана: Фолиант, 2016. – 856 б.
Ертіс бойындағы қалың елдің ауыр қасіретімен тағдырлас автордың өзі осы кітапта сөз болып отырған шерлі оқиғалардың куәгері. Кітаптың түрлі-түсті картиналарының авторы –әуесқой суретші, полигон қасіретінің құрбаны Кәріпбек Күйіков.
«Толған ел тарихын жақпар тасқа жазады. Тозған ел басынан кешкенді көз жасымен жуады» деген уәжге бағып, ел-жұртыммен бірге басымнан кешкен ғасырлық қасіретті шертпей өмірден аттансам – жер басып жүргеніне мәз тоғышардың бірі болам-ау - деген жегі ой мені жиі мазалап, әсіресе полигон таратқан ауыр дерттен дәрігерлер жәрдемімен сауыққан кезімде жазу үстеліне шегендегені анық…» – деген жүрекжарды сырын М. Сәрсеке осы кітаптың алғысөзінде бекерге жазбаған.
«Семей қасіретінде» шертілетін ащы ақиқатқа кешегі XX ғасырда адамзат қауымына ел билеушілері жасаған қастандық жайында деректі эссе түрінде өрілген кітапты оқу үстінде иланасыз. Ғаламдық проблемаға айналған бұл аймақты зерттей, зерделей түсу болашақтың еншісінде. Автордың өз сөзімен айтқанда, «көзден жас ағызып, көңілді қарадай қарайтар оқиғалар жария болар мезгіл әлі алда, мына кітап беташар біреуі ғана…»
Сонымен, «Фолиант» баспасынан жақында ғана жарық көрген, жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты көлемді, тарихи деректерге толы шығармасы оқырманға жол тартты. Сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгер Ағаға, қажымас қайрат, мұқалмас қалам тілейік!