Шолпан Арқабайқызы 1922 ж .2 мамыр күні Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы Ақсуат ауданы Қызылкесік аулында дүниеге келген. Бала күнінен тағдырдың тауқыметін тартып өсті. Кеңес заманындағы ұжымдастыру, тәркілеу, саяси–қуғын-сүргін сияқты тарихи нәубеттердің куәсі болды. 1929-32 жылдардағы аштықтан отбасы түгел қырылып, әкесі екеуі ғана қалды. Тұрмыстары енді ғана оңала бастаған кезде Ұлы Отан соғысы басталады. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен тылдағы колхозшылар таңның атасы, күннің бастысы уақытпен есептеспей еңбек көрігін қыздырған кезде жасөспірім Шолпан да қарап жатпай колхоздың сиырын сауып, ірімшік жасап майданға жіберіп отырды.
1941 жылы 19 жасар Шолпан еңбек армиясына шақырылды. Өзі қатарлас жастармен бірге Защитадағы темір жол бойын қардан тазалап, поездың үздіксіз жүруін қамтамасыз етті. 1943 жылдың қысы қатты болып, қар көп жауды. Батысқа қарай жөңкілген поездар ілегін бір минут тоқтатуға болмайтын. Қарлы боранда, аязды күндері жол күреп тыным таппаған, тәулігіне көз ілмеген күндерді бастан өткізді. Неше жылға суық оңдырсын ба, қатты ауырып, өлім аузынан қалады. Сергиопольдегі әскери госпитальда ұзақ жатып емделген соң ауылына қайтарылды. Сонда да тыным таппай колхоз, совхоз жұмыстарына белсене араласады. Базар өзенінің бойына егін де салды.
1955 жылы майданнан 2 топтағы мүгедек болып оралған Қауысов Оразғалимен тұрмыс құрады. Бірақ отағасы 1966 жылы соғыс жарақатынан қайтыс болып кетті. Үш баламен қалған Шолпан Арқабайқызы жалғыз өзі үш ұлын тәрбиелеп жеткізді. Ұзақ жылдар Ақсуат сегізжылдық орыс мектебінде жұмыс істеді. 1993 жылы Социалистік жарыс жеңімпазы деген төсбелгімен, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің елу жылдығы мерекелік медалімен, бірнеше рет облыстың Құрмет грамоталарымен марапатталған. Үш ұлдан 10 немере, 13 шөбере көрген ардақты ана 2002 жылы өмірден өтті. Көкпекті ауданы Ажа ауылында жерленген.