Алтайға ат басын бұрған сәт
Көпшілікке мына тарихи суретті ұсынуды жөн көрдім. Бұл тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Елбасымыздың Катонқарағай ауданына алғаш келген кездегі Берел ауылының маңында, сол кездегі аудан басшылары мен Катонқарағай марал кеңшарының еңбеккерлерімен түскен суреті. Әрине, Елбасымыз шырайлы шығысқа, оның ішінде жер жаннаты аталған Катонқарағай жеріне одан кейін де сан мәрте ат басын бұрғаны белгілі. Соның ішінде ауданымызға Елбасының алғаш келуі жерлестеріміздің жадында қалып, әлі күнге тамаша бір сезімдермен еске алып отырады.
Сол жылы жаз ерте шықты, алғашқы күндерінен бастап жауынды болды. Сондағы жауған жауын ерекше есімізде қалыпты. Неше күн күндіз-түні жауған жауынның әсерінен Бұқтырма өзені ат құлағына шыға тасып, Катонқарағай жұртшылығын бірталай әбігерге түсіргені де есімізде. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тікұшақтың ұшуы мүмкін болмағандықтан Н.Ә.Назарбаев бастаған делегация Рахман қайнарларына дейін автомобильмен жүріп өтетінін естіп-біліп отырдық. Делегация мінген автомобильдер кортежі Катонқарағай – Аққайнар (сол кезде Черновая) - Жамбыл - Рахман қайнарлары бағытындағы асфальті жоқ жолмен жүріп өтті.
Жол бойындағы ауылдардың тұрғындары Президент мінген көліктерді алыстан болсын көріп қалу үшін сорғалаған жауынның астында сағаттап тұрған еді. Ертеңгі күні таңертең күн шайдай ашылып Н.Ә.Назарбаев бастаған делегация тікұшақпен Берел ауылының маңындағы марал қыстағының жанына келіп қонып, Катонқарағай марал кеңшарының еңбеккерлерімен кездесті. Мына сурет сол кезден қалған естелік.
Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының егемендігін жариялап, тәуелсіздік алғаннан бастап, тәуелсіздікті алудан гөрі оны қорғап, сақтап қалу аса қымбат екендігін баса айта отырып, оны дұрыс даму жолына түсіре білді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы өзін бүкіл әлемге паш етті, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылды. Басқа жетістіктерімізді айтпағанның өзінде, ішкі тұрақтылықтың арқасында сыртқы саясатымыз бекіп, әлем мемлекеттері арасында беделі арта түсті. Өткен жылдар ішіндегі Елбасының еліміз үшін жасаған ерен еңбектері ел жадында мәңгі қалары сөзсіз.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінің ауыртпалығы аз болмады, осы ауыртпалықтарды халықпен бірлесе отырып еңсеріп, алдымен мемлекеттік рәміздеріміз аспан түстес көк Туымызды, ортақ шаңырақ бейнеленген Елтаңбамызды, шырқағанда жүрегіңді жігерлендіретін Гимнді бекітіп, бар әлемге паш етті. Ұлттық валютамыз – теңге айналымға шықты. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан елдерімен арадағы шекарамыз бекітілді.
Иә, бір қарағанда бұл игіліктерге оп-оңай қол жеткен сияқты болып көрінуі мүмкін. Ал шындығына келгенде, бұл – нағыз жанкешті ерлікке тұратын Елбасының сұңғыла да сындарлы сыртқы саясатының жемісі екендігінде күмән жоқ. Бұлайша айтуға үлкен негіз бар. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. Оңды өзгерістерді әр облыс пен аудан өмірінен көруге болады, өйткені, тәуелсіздік шұғыласы кең-байтақ қазақ даласын қамтыды. Айтуға ғана оңай осы жаңарулар мен дамулардың астарында ел бірлігі мен тірлігінің, Елбасымыздың еселі еңбегі мен маңдай терінің қаншама сыры жатыр десеңізші...
Дүйсен БРАЛИНОВ
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы