Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 65 жыл қарсаңында, 5-мамыр күні А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Төлеген Тоқтаров» жинағының тұсаукесері өтті. Кітап жерлесіміз, Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың өмірі жайлы шығармалар, естеліктер, поэмалар, әндер мен мұрағат материалдарынан тұрады.
Тыныштықтың кең әлемі бастау алған Ұлы Жеңіс күнінен бері 65 жыл өтіпті.
Осыған орай 5 мамыр күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада ”Төлеген Тоқтаров ”атты естелік кітаптың тұсаукесері өткізілді. Кітапта Төлеген Тоқтаров туралы жазылып, тарыдай шашылып жатқан өлеңдер, жазбалар, естеліктер, деректі құжаттар жинақталған. Құрастырушылар облысқа танымал азаматтар ҚР сыртқы істер Министрлігінің Өскемен қаласындағы консулы Иманғалиев Совет Қапанұлы мен ұстаз Құдабаев Сиезхан Дәулетханұлы..
Бұл жинақты құрастырушылардың мақсаты - батыр жерлесіміз туралы шыншыл мағлұматтарды оқырман қауымға ұсына отырып, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге ықпал ету.
Биылғы жылы Төлеген Тоқтаровтың 90 жылдық, ал батырдың өмірі туралы хикаят жазған жерлес-жазушы К.Сақабаевтың 80 жылдық мерейтойлары ұлы Жеңістің 65 жылдығымен сәйкес келіп отыр. Төлегеннің соғысқа дейінгі өмірінен сыр шертетін “Намыс” хикаяты да осы жинаққа кірген екен. Хикаяттың жарыққа шығуына көп тер төккен жазушының зайыбы Бану Ыбырайқызы кітаптың өмірге келуі, оның авторы туралы әңгімеледі.
Жиналған жұрт батыр жерлесіміздің өмірімен, ерлігімен, ол туралы қалам тербеген авторлардың шығармаларымен жақынырақ танысты. Майдан даласында қазақ жауынгерлерінің еңсесін көтеріп, ұлтының мақтанышына айналған Төлегеннің ерлігін мәңгілікке паш еткен белгілі композитор Р. Елебаевтың “Жас қазақ” әні шырқалды.
Жинақ – жасөспірімдерді патриоттық, отансүйгіштік, ұлттық намыс пен ұлттық идея рухында тәрбиелеуде таптырмайтын құнды еңбек. “Қыран ғұмырлы жас қазақ” атты кітап көрмесі мен слайдтар батырдың ерлік жолынан сыр шертті. Соғыстың жан жарасы мен зарлы үні жылдан –жылға көмескіленіп, өмір-өзен ағысымен алға жылжысақ та Төлегендей батырдың ерлік істері мәңгі ел есінде.
Төлеген Тоқтаров генерал Чистяковқа “Жоқ, жолдас генерал, мен өлмеймін! Мен мәңгі жасаймын!”деген екен. Осы бірауыз сөзбен-ақ Төлеген өзіне мәңгілік ғұмыр сыйлайтынын сезген сияқты. Ерлігі елге ұран, ұрпаққа мұра. Ер Төлеген есімі халқы барда мәңгі жасап, жасара берері сөзсіз!
Слямова З.М.