Сібір ақсақалы – Григорий Потанин
13 қазан 2010 жылы А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада әйгілі ғалым, саяхатшы, зерттеуші Григорий Николаевич Потаниннің 175 жылдығына арналған өлкетану кеші өтті. Оның Монғолия, Батыс Қытай, Тибет, Қазақстан және Сібір өлкелеріне жасаған саяхаттарының теңдесі жоқ. Академик В.А.Обручев оны әлемнің ұлы тұңғыш зерттеушілерінің қатарына енгізген.
Г.Н.Потаниннің саяхатшылық, зерттеушілік ғұмыры тағдырдың жазуы іспеттес. Григорий Потанин Ақмола облысы, Ямышев кенті, Ертіс жағалауында дүниеге келген. Бұл жерде сонау ерте замандарда тұз шығарылған, орта ғасырларда Жоңғар мен Бұқараның сауда керуендері өткен, Ермак казактары Көшім ханмен күрескен Ямышев деп аталатын жер еді. Әкесі, офицер-хорунжий Николай Ильич Потанин ХІХ ғасырдың басында-ақ зерттелмей жатқан қазақ даласына саяхат жасау мақсатымен Семейден Қоған хандығына дейін барған.
Г.Н.Потанин Омбы кадет корпусында қазақтың болашақ ағартушы-ғалымы Шоқан Уалихановпен бірге оқиды. Олар сол кезден-ақ саяхатшы болуды армандап, Азия тарихы жайлы әдебиеттерді көп оқыған. Олардың жұптары Шоқан өмірінің соңына дейін жазылмаған.
1863-1899 жж. Г.Н.Потанин Қазақстанға көлемді саяхаттар жасады, ол әсіресе біздің өлкемізге терең зерттеулер жүргізген. Оның Шығыс Қазақстанға жасаған саяхаттарын «Путешествие на озеро Зайсан и речную область Черного Иртыша до озера Маркакуль и горы Сарытау летом 1863 года Карла Струве и Григория Потанина», «Зимняя поездка на озеро Зайсан (зимой 1863-1864 жж.) Григория Потанина» және «Поездка по Восточному Тарбагатаю летом 1864 года Карла Струве и Григория Потанина» еңбектерінен көруге болады.
Потанин – Сібір аймағының ерекшелігі жайлы алғаш идея қалыптастырған, сібірлік идеолог. Григорий Николаевич көрнекті қазақ зиялылары Мұса Шорманов, Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақпаев, Ахмет Байтұрсыновтармен таныс болған. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, ол Алаш-Орда қайраткерлеріне идеялық дем берген. Потанин қазақ тілін білетіндіктен, 1917 жылы шілдеде Семей қаласының делегаты ретінде Орынбордағы Бірінші Бүкілқырғыздық съезге қатысып, Бүкілресейлік құрылтай жиналысының делегаты болып сайланады.
Жұртшылық Потанин бойындағы адамгершілік, қарапайымдылық қасиеттерін көре отырып, «Үлкен сібір ақсақалы» деген лақап ат берген. Атақты жазушы Григорий Гребенщиков очерктеріндегі Потанин бейнесі қандай, ол жайында тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері О.М.Тарлыкова әңгімеледі.
Потаниншілдер мен колумбтардың істері ХХІ ғасырда да өз жалғасын табуда. Қазақ Географиялық қоғамының Өскемен қаласындағы филиалының жұмысымен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің профессоры А.В.Егорина таныстырады. Әйгілі саяхатшының өмірі жайлы жаңа деректермен жас зерттеушілер, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің магистранттары Садықова Мадина мен Солонец Марина бөлісті.
Григорий Николаевич Шығыс Қазақстанға жасаған саяхатында қазақтың көптеген фольклор үлгілерін (ертегі, аңыз, өлең, мақал-мәтел, ақындардың суырыпсалма өлеңдері) жинап, кейін жарыққа шығарған. Тарбағатай мен Зайсанға жасаған сапарларында көшпелі мәдениеттің сан қырымен танысып, оны өмірінің соңына дейін зерттеген. Григорий Николаевичті кез-келген қазақ ауылы құшақ жая қарсы алған. Ол өзінің адамгершілік қасиеттерімен, қазақ пен орыс халқы арасындағы достықты күшейте түскен.
Кездесу барысында қатысушылар «Последний принц степи. Чокан Валиханов» фильмінен үзінді, Г.Н.Потанин жайындағы облыстық тарихи - өлкетану мұражайының материалдарымен, кітапхананың сирек қорынан саяхатшының өмірі жайлы толық мәтінді құжаттармен, кітапхананың өлкетану сайтымен танысты. «Өмір жолына саяхат» кітап көрмесінен қонақтар Г.Н.Потаниннің еңбектерін, оның шығармашылығы жайлы жаңа туындыларды тамашалады.
Потаниннің ғылыми мұрасы әлі де зерттелуде, оның еңбектері қайтадан басылып, өз оқырмандарын күтуде!
Дурдыева Г.А.