27 наурыз 2010 жылы ақын, мүсінші-флорист, ғалым Евгений Васильевич Курдаков 70 жасқа толар еді. Евгений Курдаков – белгілі ақын, Ресей жазушылар одағының мүшесі, көптеген сыйлықтардың иегері, соның ішінде 1998-1999 жылдары Пушкин атындағы сыйлықтарға ие болды. Сөз Шеберінің шығармашылығы сәуір айының 8-і күні А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада еске алынды.
Қазіргі күні ақын өзінің екінші отаны, өзі ғұмыр кешкен Шығыс Қазақстан жеріне қайта оралды. Оның лирикалық өлеңдерімен бірге аудармашылық еңбегі де қайтадан оралды. Курдаков әдебиет әлемінде үздік ақын ретінде танылды, ол орыс тілді оқырмандар жүрегіне қазақ халқының ұлы ақыны Абай шығармаларының көркемдігін жеткізді.
Курдаков өте талантты, жан-жақты адам еді. Ол өзінің дарынын флористика, ағаш жону, проза мен публицистика саласында танытты. Оның шығармаларынан тарих, этнография, әдебиетке әуестігі ерекше көрініс тапты: ол жасаған мүсіндер мен композицияларының мазмұны біздің еліміздің табиғаты, тарихы, қазақ халқының өмірі мен тұрмысына арналған. 1977 жылы Е.В.Курдаков Мәскеу қаласындағы халық шығармашылығының Бүкілодақтық фестивалінің дипломанты атанды. Осы көрмеде ол қазақ ақсақалын бейнелеген «Ата» деп аталатын жұмысы үшін дипломға ие болды. Евгений Курдаков аймақтық сөз өнерінің дамуына ерекше ықпал етті. Ол туралы ШҚМУ орыс тілі және әдебиеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Татьяна Ивановна Сидихменова әңгімеледі.
Е.Курдаковтың шығармашылығынан «Лес и мастерская» зерттеу еңбегі ерекше орын алады. Бұл еңбек флористика шеберлері үшін таптырмайтын кітап. Флористика – бұл табиғи түрдегі ағаш мүсіндер: ағаш түбірлері, иілген бұталар, бұтақ иіндері. Бұл кітап жарыққа шыққанға дейін-ақ, көптеген адамдар мен баспа орындарының қызығуын туғызды: 1985 жылы кітап макеті Мәскеу қаласында өткізілген кітап жәрмеңкесінде көрсетілді. ГДР, Венгрия, Чехословакия, ФРГ-нің баспа орындары осы кітапты өз тілдеріне аударып шығаруға ниет білдірді. Өскемендік белгілі суретші Юлия Евгеньевна Курдакованың айтуы бойынша, ақын өзінің саналы ғұмырының көбін мүсін өнеріне арнап өткен.
Евгений Курдаков – он екі өлеңдер жинағы мен прозаның авторы, көптеген жинақтар мен альманахтарды әзірлеп шығаруға қатысқан. Оның кітаптарының көпшілігі Қазақстанда жарық көрді. 1968 жылы Курдаковтар отбасы біздің қаламызға көшіп келді. 90-шы жылдары Алматыда, Мәскеуде өмір сүрді. Ол Ресейге қоныс аударғаннан кейін де Қазақстанмен байланысын үзген жоқ. Өскемен қаласына жиі келіп тұрды, біздің өлкеміз жайында жазды. Оның бір еңбегі Қазақстан Алтайындағы көне жазба өнерінің ескерткіші, археологиялық Ақ-Бауыр кешеніне арналған.(2001ж. жарық көрген).
Келесі бір еңбегі «Прожитое, не сном ли оказалось» (Өскемен, 2008 ж.) – бұл Абай Құнанбаевтың орыс тіліне аударылған өлеңдер жинағы. «... Абай менің шығармашылық және жеке өмірімнің биік кезеңі» - деп еске алады Е.Курдаков.
Ақынның 70-жылдығына «Шығыс-Ақпарат» КГП типографиясында Евгений Курдаковтың «Избранное» жинағы жарыққа шықты. Бұл жинақты ақынның өзі жақсы көрген, оның шығармашылығына тәнті болған және оны есінде сақтаған адамдар әзірлеп шығарды. 27 наурыз күні Е.Курдаков өмір сүріп, еңбек еткен (Ворошилов көшесі,171) үйде мемориалды тақтаның ашылуына орай салтанатты жиын өткізілді.
Гузаль Аманиязовна Дурдыева