ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық сыйлықтардың лауреаты, белгілі ақын Оразақын Асқардың (1935-2019) биыл 90 жылдық мерейтойы. Туған күні 16 мамыр.
Ақынның өзі Шығыс Қазақстанның Алтай өңірінде қонақта болып, Рахмен бұлағын көрген. Сол әсерлері төмендегі өлеңдерге арқау болған.
РАХМАН БҰЛАҒЫ
Қыран құс, ұшқыр тазы ғашық еткен,
Сері емес салдық құрып тасып өткен.
Алтайдың аясында жүрді мерген,
Күні үшін аңшылықты кәсіп еткен.
Тау тінтіп, аңды қырып мезі етпеді,
Шетінен өз қажетін тез етпеді.
Қамы үшін қара қазан, сары баланың
Шықты аңшы сапарына кезектегі.
Көзіне көп іздетпей көрінді елік,
Атқалы қамданды аңшы көңілденіп.
Алаңсыз аң сұлуы жүр жайылып,
Қалғанын қайдан білсін әлім келіп.
Аңшы тез қалқалады бір ағашты,
Дәп келді қарауылға құлақ асты.
Атты ол жалпасынан түсірдім деп,
Ал елік жанұшыра тұра қашты.
Кетпесе егер атқан оғы айдалаға,
Өкінбей аңшы көңілі жайлана ма.
Айтулы ауылының мергені еді,
Кезенсе келтіретін пайда ғана.
Құтылып кеткеніне шала нанып,
Абайлап көз тоқтатып қарады анық.
Әлгі елік барады ақсап көз ұшында,
Алдыңғы аяғынан жараланып.
Абайсыз аңшы жігіт Рахманды
Аяқтап қағып бір тас құлатқан-ды
Аяғын ауырсынып жүгіргенде,
Аңшы да жаңағы елік сияқтанды.
Белгісіз шаршады ма, су ішті ме,
Бұлаққа тығылды елік бүрісті де.
Жаралы жанын ұзақ сүйремес деп,
Еркіндеп жетіп барды бұл үстіне.
Кенеттен үркіп елік атаралды,
Көк шалғын жел соққандай жапырылды,
Ақсаған ештеңесі көрінбейді,
Барады бес аттап бір шақырымды.
Аңырып аңшы орнында қалды тұрып,
Ұмытты атауды да алға ұмтылып.
Бұл өзі өң бе, түс пе не боп кетті,
Алдынан көрмеп еді аң құтылып.
Ізі қан, сонда қалай күш кетпеді,
Суға осы зорға жетіп ішпеп пе еді.
Жоқ әлде мынау мүлде басқа елік пе,
Соңына көз айырмай түспеп пе еді.
Аңшының ойын бөліп ауырды аяқ,
Қадамын ептеп қана басты аяп.
Елікті емдеді ме деген оймен,
Бұлаққа сыры жұмбақ келді таяп.
Бұлақтың бітімі ерек көрер көзге,
Секілді жағадағы шөбі өзге.
Бетінен ақ торғын бу ілпіп ұшып,
Ғайып боп тарап кетіп жатыр лезде.
Шын қалап аяғының суығуын,
Ақырын әлгі суға салуы мұң,
Батырып рақатқа бара жатыр,
Қойдырып бірте-бірте ауруын.
Еліктің өзіне еткен емін көріп,
Шешілді ой, сергіді бой жеңілденіп.
Тыңайып күшіне күш қосып шықты,
Керемет бұлақ деген сенімге еріп.
Бұлақтың шыққан орнын белгіледі,
- Жар салам, ертең сені ел біледі.
Пайдасыз көп заманнан текке ақсаң,
Қажетке жарар кезің келді, - деді.
Аңызы ел аузының ертеде өткен,
Жұмбақ қып бұлақ сырын келсе көптен.
Бұл күнде дәрігерден жолдама алып,
Малшылар қатынайды вертолетпен.
О, баба, көктен қайыр күтіп өттің,
Тәңірге дерт берсе де шүкір еттің.
Орнында әсем үйлер тартады көз,
Бұтаға сен байлаған шүберектің.
Осы аңыз шалынған-ды құлағыма,
Барғанда Рахманның бұлағына.
Айтты оны жыр тілімен су сылдырап,
Қостады жағадағы құрағы да.
1968 жыл, Алтай
АЛТАЙ
Шығыста өмір бастау алған Алтайдан,
Жоюға жау салып бақты қанша ойран.
Ата-бабам қолдан бермей жеңісті,
Алтайына арқа сүйеп шалқайған.
Ел "Алтайдай жер қайда" деп айтады ән,
Өзен, көлдер Алтайда алтын шайқаған.
Түркілердің түпкі атамекені,
Ұрпақтарын түгендеуде қайтадан.
Алтайдың көп әлемге әлі қосары,
Адам түгіл шөбінің жоқ осалы.
Таңдандырып тікте ежелгі даңқыңды,
Еур-Азия мәдениет ошағы.
Оразақын Асқар