Қазақ халқы ерте заманнан-ақ білімді де сауатты болуға ұмтылған, әрбір ата-ана баласына әдептілікті үйретіп, сауатты да білімді болуға баулыған. Мұны ата-бабаларымыз ерте кезден бері айтып келе жатқан «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақалынан-ақ көруімізге болады. XIX ғасырдың орта кезіне дейін қазақ балалары дәстүрлі діни мектептер мен медреселерде мұсылманша білім алды. Оларда негізінен ер балалар ғана оқыды, оқу ата-аналарының қаржысы есебінен жүзеге асырылды, балаларды молдалар оқытты. Ол кезде халық арасында медреселердің беделі күшті болды. Олар молдалар мен мектеп мұғалімдерін даярлады. Оқу мерзімі 3—4 жылға дейін созылды. Медресе шәкірттері ислам дінінің негіздері бойынша бастауыш білім алумен қатар философия, математика, медицина, тарих, тіл білімі (лингвистика) және астрономия жөнінде де едәуір хабардар болып шықты. Діни оқу орындарының басты қызметінің бірі жастардың бойына әдептілік өнегесі мен адамгершілік қасиеттерді дарыту болды. 1870 жылдан бастап патша үкіметінің бастамасы бойынша медреселерде міндетті түрде орыс тілінің негіздерін үйрету енгізілді. Медреседе ұстаздыққа әдетте жасы 40-тан асқан ер адамдар ғана қабылданды. Олардың медресені бітіргені туралы құжатының болуы талап етілетін. Кейіннен патша үкіметі мұсылманша оқытуды да өз бақылауына алуға тырысты. Мәселен, 1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалар бойынша мектептер мен медреселер ашу үшін уезд бастығының арнайы рұқсатын алу керек болды. Сол кездерден бастап патша үкіметі мұсылмандардың оқу орындарын ашықтан-ашық кемсітіп, қорлау саясатына көшті. ![]()
1813 жылы Омбыда, ал 1825 жылы Орынборда әскери училищелер ашылды. Кейіннен олар Сібір және Орынбор Неплюев кадет корпустарына айналды. Бұл оқу орындарына қазақ балаларын қабылдауға едәуір шек қойылды. Ұлты қазақ кадеттер бірқатар әскери пәндерді оқып үйренуге жіберілмеді. Омбы кадет корпусын белгілі қазақ ғалымы, зерттеуші әрі ағартушы Шоқан Уәлиханов бітіріп шыққан еді.
1841 жылы Бөкей хандығында Жәңгір ханның бастамасы бойынша алғашқы қазақ мектебі ашылды. Ол мектептің оқушылары орыс тілін, математиканы, географияны, бірқатар шығыс халықтарының тілдерін, сондай-ақ ислам дінінің негіздерін оқып үйренді. Қазақ балаларының сабақ үйренуін Жәңгір ханның өзі тікелей бақылап, неғұрлым қабілетті деген балаларды ол Қазанға, Ресейдің басқа да қалаларына оқуға жіберіп отырды. Жалпы алғанда, Қазақстанда халыққа білім беру ісі мен сауаттылық деңгейін қанағаттанарлық болды деп айтуға келмеді, зайырлы мектептер өте аз еді, маман мұғалімдер жетіспеді. Көшпелі және жартылай көшпелі өмір салты жағдайында тұрақты мектептер ашу қиын болды.
Қазақ даласындағы білім беру жүйесінің дамуына үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол қазақ балаларын оқыту үшін оқу орнын ашуға рұқсат сұрап, бірнеше мәрте үкіметке хат жазған, 1860 жылы Алтынсариннің өтініштері қанағаттандырылып, халық қолдауының арқасында қаражат жиналып, өзінің кейбір жинақтары қосылып, мектеп ғимаратының құрылысы басталады. 1864 жылдың 8 қаңтарында мектеп салтанатты түрде ашылады. Қазақ даласында оны «Қара шаңырақ», «Алғашқы қарлығаш» деп атаған. Алтынсарин осы оқиғаға «Кел, балалар, оқылық!» атты әйгілі өлеңін арнаған. Мектеп сол кездің өзінде жаңа әдістемелік бағытты ұстанып, дәстүрлі діни оқуды емес, зайырлы, ғылыми бағыттағы білім беруді көздеді.
Қазақстанды өнеркәсіптік тұрғыдан игерудің басталуына байланысты сауатты да білімді адамдарға деген сұраныс арта түсті. Сондықтан да 1850 жылы Орынборда оқу мерзімі жетіжылдық жаңа үлгідегі мектеп ашылды. Ал 1857 жылы осындай мектеп Омбыда да ашылды. 1861 жылы Троицкіде, басқа да қалаларда орыс-қазақ мектептері ашылды. 1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалары енгізілгеннен кейін және қоныс аударып келуші шаруалар қатарының арта түсуіне байланысты зайырлы мектептердің қатары көбейді.
Қазақтардың балалары орыс поселкелері мен казак станицалары жанындағы мектептерде тегін немесе азын-аулақ ақы төлеп оқуға құқықты болды.
1879 жылы Ташкентте мұғалімдер институты ашылды. 1879 жылы Торғай облысында алғашқы екі сыныптық орыс-қазақ мектебі пайда болды. 1883 жылы Орынбор губерниясының Ор қаласында қазақтарға арналған мұғалімдер мектебі тұңғыш рет ашылды. Ол мектептің ашылуына да Ыбырай Алтынсариннің қосқан үлесі орасан зор болды. 1887 жылы барлық жерде бірдей болыстық орыс мектептері пайда бола бастады. Ал 1891 жылы Торғай, Ақтөбе, Қостанай және басқа қалаларда қыз балаларға арналған бастауыш мектептер ашылды. 1892 жылдан бастап қазақ балалары үшін ауылдық көшпелі мектептер ұйымдастырылды.
XX ғасырдың бас кезінде дәстүрлі мектептер мен медреселер коғамның өскелең талаптарын қанағаттандырудан қалды. Мұсылман мектептерін реформалау қозғалысы басталды. XX ғасырдың бас кезінен бастап жаңа әдістемелік мектептер пайда бола бастады. Қазақстандағы ең алғашқы жаңа әдістемелік мектеп 1900 жылы Түркістан қаласында ашылды. Ондай мектептер Ақтөбе, Жаркент, Верный, Қазалы, Қостанай, Перовск, Семей сияқты басқа да қалаларда пайда бола бастады. Сол кездегі қазақ зиялыларының едәуір бөлігі жаңа әдістемелік мектептерде білім алып шыққандар болатын. Алайда жаңа әдістемелік мектептер елге кең көлемде тарай алмады, патша үкіметі жаңа әдістемелік мектептердің ашылуына барынша қатты қарсылық көрсетті. Себебі ондай мектептерді мұсылман діні мен түрікшілдік ошақтары деп бағалады. Соның салдарынан 1917 жылы Қазақстан аумағында 100-ге тарта ғана жаңа әдістемелік мектептер бар еді.
1901 жылы маусым айында Дала генерал-губернаторы Сухотин Ақмола және Семей облыстарының әскери губернаторларына далалық өлкелерде орыс-қазақ мектептерін ашуға ұсыныс жасады. Алғашқыда бұл идеяға қазақтар қауіптеніп сақтыкпен қарады. Балаларын орыстандырумен қатар шоқындырып жібереді деп қауіптенді. 1902 жылы Далалық өлкеде осындай 14 мектеп ашылған болатын. Олардағы оқу мерзімі екі жыл еді. Оқушылар қазақ және орыс тілдерін, арифметиканы оқыды. Кейінірек ислам дінінің негіздерін оқытуға да рұқсат етілді. Бірақ бұл ретте жұмсалатын қаржыны мұсылмандар өз қалталарынан төлеуге тиісті болды.
Енді шығыс дала өңірінде осындай орыс-қазақ мектептерінің ашылуына шолу жасап өтейін. Патшалы Ресей кезінде Батыс-Сібір оқу округінің құрамына Томск және Тобольск губернияларымен Ақмола және Семей облыстары кірді. Осы оқу округі бойынша 1888-89, 1890, 1892,1895,1897, 1900, 1909 және 1916 жылдары естелік кітаптар шығарылыған. (Памятная книжка Западно-Сибирского учебного округа) Осы кітаптарда сол жылдарда осы округтегі білім беру мекемелері, атаулары, ашылған жылдары және тағы да басқа мәліметтер жинақталған. 1900 жылға дейінгі кітаптарда қазақ балаларына арналған Омбыдағы орыс және қазақ балалары үшін пансион ғана тіркелген. Ол 1881 жылдың 27 қаңтарында Ақмола және Семей облыстарында оқу бөлімін ұйымдастыру туралы жоғары Мемлекеттік кеңестің бекітілген қорытындысы негізінде құрылған. Пансионды ұстау үшін мемлекеттен жылына 3350 сом бөлініп отырған. Осы оқу орнында 1907 жылдың 1 қарашасынан бастап Жанатасов Садуақас деген адам қазақ тілінен дәріс берген екен.
1909 жылғы естелік кітапта Семей, Павлодар, Қарқаралы, Өскемен, Зайсан уездеріндегі алғаш ашылған мектептер жайлы деректер бар. Өз өлкемізге жақын Өскемен уездерінде ашылған мектептер жайлы толығырақ тоқталып өтейін.
Өскемен уезі:
1. Ережеп орыс-қазақ (кітапта қырғыз деп жазылған) болыс мектебі, 1908 жылдың 22 қарашасында интернатпен бірге Шыңғыстай болысында ашылды, өз меншік үйінде, қазынадан 3680 сом бөлінеді. 1909 жылдың 1 қаңтарында 25 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 23 ұл бала оқиды. (бұл мектеп 1901 жылы 11 қазанда Халық Ағарту Министрлігі ауыл мектептері үшін бекіткен ережеге сәйкес училище дәрежесінде болды).
2. Нарым орыс-қазақ ауыл мектебі, 1902 жылы 2 қазанда Нарым болысында ашылды, қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 13 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 15 ұл бала оқиды.
3. Сібе орыс-қазақ ауыл мектебі, 1902 жылы 4 қазанда Сібе болысында ашылды, жер салығынан (земский сбор) 1909 жылы 540 сом, 1916 жылы 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 13 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 15 ұл бала оқиды.
4. Қалба орыс-қазақ ауыл мектебі, 1902 жылы 18 қарашада Қалба болысында ашылды, қазынадан 1909 жылы 540 сом, 1916 жылы 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 11 ұл бала, 1 қыз бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 17 ұл бала, 1 қыз бала оқиды.
5. Алтай орыс-қазақ ауыл мектебі, 1903 жылы 3 қазанда Алтай болысында ашылды, қазынадан 1909 жылы 540 сом, 1916 жылы 700 сом бөлінеді, өз меншік үйінде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 27 ұл бала, 1 қыз бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 18 ұл бала оқиды.
6. Бекбайлы орыс-қазақ ауыл мектебі, 1903 жылы 28 қазанда Шыңғыстай болысында ашылды, қазынадан 1909 жылы 540 сом, 1916 жылы 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 13 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 15 ұл бала оқиды.
7. Күршім орыс-қазақ ауыл мектебі, 1904 жылы 24 шілдеде Күршім болысында ашылды, 1909 жылы жер салығынан 540 сом, 1916 жылы қазынадан 160 сом, жер салығынан 540 сом бөлінеді, өз меншік үйінде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 16 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 18 ұл бала, 1 қыз бала оқиды.
8. Үркер орыс-қазақ ауыл мектебі, 1904 жылы 24 шілдесінде Үркер болысында ашылды, 1909 жылы жер салығынана 540 сом, 1916 жылы қазынадан 160 сом, жер салығынан 540 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 20 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 23 ұл бала оқиды.
9. Мешіт орыс-қазақ ауыл мектебі, 1904 жылы 16 қарашада Құлынжон болысының Мешіт ауылынды ашылды, 1909 жылы жер салығынана 540 сом, 1916 жылы қазынадан 160 сом, жер салығынан 540 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1909 жылдың 1 қаңтарында 58 ұл бала, 1916 жылдың 1 қаңтарында 30 ұл бала оқиды.
10. Ұлан орыс-қазақ ауыл мектебі, 1910 жылы 20 қыркүйекте Ұлан болысында ашылды, 1916 жылы қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1916 жылдың 1 қаңтарында 25 ұл бала, 5 қыз бала оқиды.
11. Ахмер орыс-қазақ ауыл мектебі, 1912 жылы 19 қаңтарда Сібе болысында ашылды, 1916 жылы қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1916 жылдың 1 қаңтарында 23 ұл бала оқиды.
12. Сұлусарыр орыс-қазақ ауыл мектебі, 1912 жылы 4 ақпанда Сұлусары болысында ашылды, 1916 жылы қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1916 жылдың 1 қаңтарында 16 ұл бала оқиды.
13. Тайынты орыс-қазақ ауыл мектебі, 1912 жылы 6 ақпанда Тайынты болысында ашылды, 1916 жылы қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1916 жылдың 1 қаңтарында 21 ұл бала оқиды.
14. Тарғын орыс-қазақ ауыл мектебі, 1912 жылы 6 ақпанда Тарғын болысында ашылды, 1916 жылы қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1916 жылдың 1 қаңтарында 30 ұл бала, 1 қыз бала оқиды.
15. Чернояр орыс-қазақ ауыл мектебі, 1912 жылы 1 тамызда Бөкен болысында ашылды, 1916 жылы қазынадан 700 сом бөлінеді, жалдамалы үйде. 1916 жылдың 1 қаңтарында 25 ұл бала, 1 қыз бала оқиды.
Бұл кітаптарда осы аймақтарда ашылған орыс мектептері жайлы деректер де толық келтірілген. Тек қазақ балалары оқыған діни мектептер, медреселер туралы деректер жоқ. Бөлінген қаржы, оқушылардың саны жайлы деректер мектептер зерттеліп, кітаптар шығарылған жылдары ғана көрсетілген. Олардың арасындағы жылдары да осы мектептер қызмет жасап, балаларға дәріс бергендігі аян.
Өз өлкемізде Шыңғыстай болысында ашылған Ережеп орыс-қазақ болыс мектебі, Бекбайлы орыс-қазақ ауыл мектебі және Нарын болысынды ашылған Нарым орыс-қазақ ауыл мектебі жайлы кеңірек тоқталып өтейін.
Патшалы Ресей үкіметі губерниялық басқару кезінде 1898 жылы Шыңғыстай болысында орыс-қазақ балаларына арналған бір ауыл мектебін және бір мешіт ашуға рұхсат беріпті. Осыған орай 1903 жылы 28 қазанда Шыңғыстай болысында мектеп ашылып, Бекбайлы орыс-қазақ мектебі деп аталады (Бекбайлинская русско-киргизская аульная школа). Осы мектепте оқыған Мақажанов Көксеген атамыз естелігінде «Бекбайлы мектебі Әбдікерімнің ағасы Әбдіразақтың (Дүкен қажы) ағаш үйінде болды,»- дейді. Орыс географиялық қоғамының 1907 жылғы Семей облысы мен Томск губерниясының картасында қазіргі Шыңғыстай ауылының тұсында осы мектеп «Киргизская школа» деп белгіленіп көрсетілген. Бұл мектеп Кеңес өкіметі орнағанға дейін болыс мектебініен бөлек жеке-дара мектеп болған.
Әбдікерім Ережепұлы Омбының дала генерал-губернаторының келісімін алып 1905 жылдың екінші жартысында Шыңғыстай ауылының төрінен, Қызылқайың бұлағының бойына губернатор канцеляриясы бөлген қаржы және өз қаржысы есебінен ауқатты ағайындардың көмегімен мектеп салуды бастайды. Мектеп салуға 40 ағаш шеберін жалдайды. Олардың ішінде Катоннан Кастромин деген орыс, Шыңғыстайдан Оқышев Нұрғалы деген ағаш шеберлері болған. Мектеп үйі бір жарым жылдың ішінде салынып бітіп 1907 жылы пайдалануға беріледі. Мектептің ресми түрде ашылуы 1908 жылдың 22 қарашасы болып тіркеледі. Екінші корпусы 1911 жылы пайдалануға беріледі.
Мектептің 60 жылдық торқалы тойына орай аудандық Еңбек туы газетінде жарияланған Мақажанов Көксегеннің «Мен де сенің түлегің» деген мақаласында төмендегідей деректер келтіріледі. «Қазіргі Шыңғыстай ауылының өр жағында орналасқан мектеп 1905 жылы салына бастаған еді. Онда мен небәрі алты-ақ жастамын. Ол мектептің дәмі мені 1913 жылы тартты. Ол кезде мектептің барлық сабағы орыс тілінде жүретін. Мектеп «Чингистайская волостная русско-казахская Ережеповская школа» деп аталатын. Мұнда ең кемі 40-50 қазақ-орыс балалары аралас оқыды. Бір қуанарлығы сол кедей балаларының оқуына аздаған болса да мүмкіндік бар еді. Метепке сонау Күршім, Ұлан, Большенарым болыстарынан келіп оқушы еді. Ұлан ауданынан Жәкежановтар, Ноғасбаев, Нұртазин және белгілі тіл маманы профессор марқұм Сәрсен Аманжолов менімен бірге оқыды. Мұғалімдердің көпшілігі орыс болатын. Мектеп меңгерушісі – Филип Батаев деген азамат болды. Сол мектепте ширек ғасыр орыс тілі пәнінен сабақ берген Ленин орденді мұғалім Михаил Григорьевич Комаровтың майда қоңыр дауысы әлі құлағымда. Ол кісі өле-өлгенше сол мектепте қазақ балаларына орыс тілін үйретумен өмір кешті. Өзінің өсиеті бойынша аяулы азамат Шыңғыстай ауылындағы қазақ зиратына жерленді. Мұғалімдердің жалпы саны төрт-бестен аспайтын, мектепте екінші кластан бесінші класқа дейін болды. Орыс балалары үшін бір сағат дін сабағы жүретін де қазақ балаларына оның орнына қазақша Ыбырай Алтынсариннің хрестоматиясы оқытылатын. Мектеп тікелей уезге бағынатын да сонау уезд орталығы Өскеменнен жылына бір рет Морошниченко деген инспектор келіп тұрушы еді. Волостной управительӘбдікерім Ережепов мектепке келіп мұғалімдермен әңгімелесіп кететін.»
Сәрсен Аманжолов мектептің 50 жылдық тойына жолдаған хатында: «Шыңғыстай мектебі менің білім алған, адамгершілікті танытып тәрбиелеген ардақты мектебім, әлі де болса 50 жылдар жасап, талайдың көзін ашып, Отанымызға мыңдаған қызметкерлер даярлап беретініне сенемін. Мен Өскемен қаласынан 80 шақырым жердегі Ұлан болысының төртінші ауылы Қойтастан барған едім. Мектепке түсуіме большевик Өскемен уездік Совдептің мүшесі, заң комиссары Чоқи Башықұлы ықпал етіп еді. Метептегі оқу сентябрьдің ортасында басталып 10 июньде аяқталатын. Сабақ орыс тілінде оқытылатын, оқытылатын пәндер: орыс тілі, арифметика, география, жаратылыс тану, орыс тарихы, дене шынықтыру...» деп жазады.
Сол кездерде Әбдікерім мектебін көреміз деп алыс-жақыннан Керей, Найманның атағы шыққан ақындары мен игі-жақсылары Шыңғыстайға ат басын бұрған. Сонау Ақсуат, Тарбағатай өңірінен салт атпен шығып, Қара Ертіс бойын жағалай, Марқакөл асып Шыңғыстайға келген Байжігіт Әрімжан ақын :
Шыңғыстай бір тамаша жер екен ғой,
Қаратай берекелі ел екен ғой.
Алтайда алтын ұя мектеп ашқан,
Әпекең бір асқар тау бел екен ғой, - деген өлең жолдарын арнапты.
Нарын (орыс тіліндегі жазылуында көбінде Нарым болып жазылған) болысында ашылған Нарым орыс-қазақ ауыл мектебі жайлы еш жерде айтылғанын, не жазылғанан естіп, оқымаппын. 1909 және 1916 жылғы Батыс-Сібір оқу округінің естелік кітаптарынан Өскемен уезіндегі Нарын болысында 1902 жылы 2 қазанда Нарым орыс-қазақ ауыл мектебі ашылып, қызмет еткендігін оқығаннан кейін бұл мектеп қайда ашылды екен деп іздестіре бастадым. Орыс географиялық қоғамының 1909 жылғы Семей облысы мен Томск губерниясының картасында Үлкен Нарын ауылының маңайы да түсірілген екен. Осы картада Үлкен Нарын ауылы «пос.Б-Нарымский» деп және сәл төменде Буранская деп көрсетілген. Екі ауыл бір-бірінен біршама алшақ Нарын өзенінің оң жағасында орналасқан. Одан төмен Нарын өзеніне Шірікқайың өзені келіп құятын жерде Макрова Хайрузовка ауылы ал одан сәл төменде Нарынның сол жағасында Бектемір ауылы орналасқан. Осы картада Малонарым және Солоновка ауылдары да бар, бірақ қазіргі Жұлдыз, Балғын, Көктерек және Көкбастау ауылдары жоқ. Оның себебі бұл ауылдар ол кезде әлі пайда болмаған немесе қазақ халқы көшіп қонып жүргендіктен олардың ауылдарын картаға түсірмеген. Бір таңқаларлығы Жұлдыз ауылының орнында «Киргизская большая школа» деген белгі тұр. Бұл белгі 1920 жылғы картада да бар, бұдан мектеп бірнеше жыл бойы қызмет жасағанын көруге болады. Яғни, Нарым орыс-қазақ ауыл мектебі Нарын өзенінің бойында 1902 жылы 2 қазанда қазіргі Жұлдыз ауылында ашылған. Бұл мектеп осы өңірде қазақ балалары үшін ашылған ең алғашқы мектеп.
Биылғы жылы Жұлдыз мектебі өзінің 100 жылдық мерейтойын тойлап өтті, олардың қандай құжаттарға сүйенгені белгісіз, мүмкін кеңес өкіметі кезінде қайталай ашылған уақыты болар. Жоғарыдағы негіздерге сүйене отырып Жұлдыз ауылында алғаш мектеп 1902 жылы ашылды деуге толық негіз бар.
Өлкетанушы Дүйсен Бралинов