6 сәуір күні «Кітапханамыздың ашық есіктер» күніне орай ШҚМУ-нің филология факультетінің 3 курс студенттері мен Облыстыќ Жамбыл атындағы мектеп - гимназия оқушыларының· қатысуымен «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясы кітаптарының тұсаукесері өтті.
Қонақтарымыз өз жерлес ақын-жазушыларының өмірбаяндары мен шығармаларын жақсы білетіндіктерін көрсете білді. Абай, Ұлықбек Есдәулет ақындарымыздың жырларын тебіренте оқумен жалғасты. Кітапхана қызметкерлері «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясының жеке жинақтарына, соның ішінде Шәкір Әбенов, Қабдеш Жұмаділов пен Қалиқан Ысқақтың шығармаларына шолу жасады. Сонымен қатар өткен жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарындағы қазақ лирикасына жаңа лек әкелген буынның қатарындағы бірі білсе, бірі білмейтін Нұрлан Мәукенұлының туындыларына тоқталды.
Қоғамымызда әділеттілікті ту еткен атпал азаматтардың бірегейі – көрнекті публицист, сатирик Ғаббас Қабышұлы, қазақ әдебиетінде әскери· тақырыпқа қалам тербеген жазушылардың бірі – Нұрдаулет Ақыш, танымал әдебиетші, сыншы-Төкен Ибрагимов, белгілі қаламгер, көрнекті әдебиеттанушы – Шериаздан Елеукенов, ғалым - Сейіт Қасқабасов, телепублицист, теледраматург – Сұлтан Оразалы және қазақ әйелі табиғатының жыршысы Шәрбану Бейсенова еңбектері және басқа да жерлес ақындарымыздың шығармалары да «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясына енгізілген. Кездесу барысында осындай тамаша, дарынды қаламгерлеріміздің мұралары жайында да сөз қозғалды.
«Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясымен ұсынылып отырған жинақтар оқырманның рухани игілігіне айналады деген сенімдеміз.