2012 жыл 6-сәуір сағ.10.00-де А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «VITA» кәсіпорындар тобы» ЖШС жаңа кітаптар топтамасының тұсаукесері өтті. Кездесуге қалалық мәдениет мекемелерінің кітапханашылары мен №22 орта мектебінің оқушылары қатысты.
Қазақстан мен Шығыс Қазақстан тарихы, әдебиеті мен байлықтары жөнінде сыр шертетін жаңа кітаптармен «VITA» компаниясының менеджері Евгений Нечаев таныстырды.
Өскемен, Алматы, Мәскеу қалаларынан жарық көрген тамаша кітаптар көрмеден ерекше орын алды. 2011 жылы Өскемен қаласының кітап нарығынан ерекше ықыласқа бөленген еңбек - «Поездка из Семипалатинска на Рахмановские ключи священника Бориса Герасимова. 1905 год». Аталған альбом өскемендік көрнекті фотограф В.Бобровтың сирек кездесетін фотосуреттерінен тұрады.
«Утомленные стронцием» - 2011 жылы Мәскеу қаласынан жарық көрген шығысқазақстандық авторлардың әңгімелер жинағы да жас оқырмандарды қуантты.
«Музеи Казахстана», «Усть-Каменогорск», «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» атты суретті фотоальбомдар қонақтарымыздың көңілінен шықты. «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» альбомында діни мекемелердің заманауи қалпы мен тарихы жөнінде ақпарат берілген. Бесқарағай ауданы Ақкөл ауылында орналасқан мешіт туралы ақпарат ерекше назарда болды. Бұл тарихи ескерткішті сақтау мәселесі жөнінде Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығының сәулетшісі – Полина Горячкина әңгімеледі.
Әділ Ахметовтың «Код Евразии: на пороге пятой цивилизации», «Красный Восток» (соңғы 100 жылдағы Шығыс Қазақстан полициясының тарихы жайлы) зерттеу-еңбектері ересектер үшін де, балалар үшін де қызықты болды.
Өскемен тарихына арналған кітаптар жас өрендеріміздің қызығушылығын тудырды, сондай-ақ олар кітапханамыздың оқырмандар қатарын толықтырды.
Кездесу соңында қонақтарымыз Николая Трофименконың Қазақстан Алтайының сиқырлы табиғаты жөніндегі соңғы фильмінен үзінді тамашалады.
Байланысшы: Дурдыева Г. А., 26-13-33 (қосымша 103)