2011 жылы 8 желтоқсан күні сағат 15.00-де қала іргесіндегі «Шығыс» деп аталатын оралмандар ауылында облыстық А.С. Пушкин атындағы кітапхана қызметкерлері «Тәуелсіздіктің 20 шыңы - 20 жұлдызды күн» акциясының «Шаңырақ» күнін өткізді.
Кешегі қиын қыстау кезеңде ата жұртты тастап, шекара асқан қандастарымыздың қилы тағдыры туралы сыр шертетін «Елбасы және қазақ қауымдастығы» деректі фильмінен үзінді көріп тамашалады.
Елім деп оралған қандастарымыздың тәуелсіз Қазақстанның жиырма жылдық тарихына қосқан үлестері, облысымыздың бас кітапханасы мен оралмандар арасындағы әріптестік қарым қатынас мәселесі қозғалды.
Облысымыздағы «Нұрлы көш» бағдарламасының орындалуы, ауылдастарының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы ауыл әкімі Нұрбақыт Атанұлы әңгімелей келе, болашақта ел экономикасы мен мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосатынын айтты.
Оралманмен бірге келіп жатқан дәстүр, ән-күй, әр саладағы қазақы өрнек, тіл қайнары бәрі -бәрі Қазақ елінің келешегінің кемелденуіне қосылып жатқан зор үлес. Осы орайда жиналған көпшілік А. Бұқасұлының орындауындағы сыбызғы сазына құлақ түріп, оның қызы 3-сынып оқушысы Ақеркенің орындауындағы сағынышқа толы «Ағажай Алтайдай жер қайда-ай» әнін асқан тебіреніспен тыңдады.
Қандастарымыздың жаңа өмірге бейімделуін жеңілдету мақсатында кітапхана қызметкерлері ақпарат көздерімен, кітапхана веб-сайтымен таныстырып, электрондық үкімет қызметімен, «Заң» мәліметтер базасымен жұмыс істеудің тәжірибесімен бөлісті.
Сондай-ақ ұлттық біріңғай тестілеуге байланысты сайттар жоғарғы сынып оқушыларының қызығушылығын оятты. Осы кездесуде жұмыссыз жастарға компьтерлік сауаттылықпен қатар, жұмыс іздеудегі бәсекелестік қабілеттерін арттыруды көздейтін «IT-отау» интеллектуалды жастар орталығының жұмысымен таныстырылды.
Қандастардың қолынан шыққан көздің жауын алатын қазақы қолөнер бұйымдары мен кітаптар көрмесі көрермендерді қуанышқа бөледі.
Бүгінгі мектеп оқушылары - Тәуелсіз Қазақстанның болашағы. Отанына деген ақжарма тілектерін өлеңмен өрнектеп, атамекен, туған жер, тәуелсіздік туралы жыр шумақтарын асқан патриоттық сезіммен оқыды.
Қараша айында облыс көлемінде өткен «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы негізінде ата дәстүр салтымен ерулік ретінде мектеп кітапханасына кітаптар сыйлап, тұрғындар алғысына бөленді. Кездесу қызықты өтті. Кітапхана қызметкерлері көптеген сұрақтарға жауап беріп, одан әрі әріптестікті нығайта беретіндеріне сенім білдірсе, мектеп директоры мен ауыл әкімі ауылдастар атынан облыстың бас кітапханасының қызметкерлеріне алғыс айтты.