Тарихқа шегініс жасасақ, 19 ғасырдың аяғына қарай ауылға алтын өндіретіндер келе бастаған. Маралды маңайында кен орындарын барлау жұмыстары 1931 жылы басталыпты. Ол заманда 319 ұңғыма жасалып, 1510 метр арық қазылған. 867 жерасты қазу жұмыстары жүзеге асқан. 1930-1932 жылдары колхоздар құрылады. Олар Алтай, Үшбұлақ, Қиынбұлақ, Ленин, Төсқайнат деп аталады. Ұлы Отан соғысы жылдарында рудникте әйелдер, балалар, қарттар еңбек еткен. 1957 жылы рудник таратылып, совхоз құрылған. 1967-68 жылдары ауылда мәдениет үйі салынады. Сауда дүкендері рудник кезінде салынған екен.
Маралды ауылдық округінің жалпы жер қоры 117 404 гектар, ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жерлер жалпы ауданы 97 284 гектар, оның ішінде 88 902 гектар жайылымдық. Бүгінгі таңда Маралды ауылында 466 тұрғын бар. Ауылда 11 жылдық орта мектепте 58 оқушы білім алады, 23 мұғалім еңбек етеді. Сонымен қатар ауылдық медициналық пункт, ауылдық әкімдік ғимараты, пошта бөлімшесі жұмыс істеп тұр.
Қанатбекұлы Мейіржан (ШҚО, Күршім ауданының әкімі)
Айқын. - 2025. - 11 қазан (№113). - Б. 6.