Кітапханада өтіп жатқан жерлесіміз Оралхан Бөкей шығармашылығына арналған апталықтың кезекті қонағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері болды. Кітапханашы Ж. Ашкенова келген жиырма оқушыны кітапхананың ақпараттық ресурстарымен таныстырды. ·«Оралхан Бөкей шығармаларындағы жастар мәселесі» атты ойқозғауға қатысып, бүгінгі қоғамның дерті болып отырған маскүнемдік пен нашақорлық мәселесіне кеңінен талдау жасады.
Оралхан Бөкей - көзінің тірісінде-ақ жастар арасында култьке айналған жазушы. Қазірдің өзінде де кітаптарын шаң баса қойған жоқ. Шығармаларында қаузалған тақырып күні бүгін өз өзектілігін жойған жоқ. Кездесуге келген оқушылар осыдан 20 жыл бұрын ·Күршім ауданында түсірілген бейнефильмнен үзінді тамашалап, Оралханның жанды даусын естіді, өзін көрді. Кітапханашы З.Слямова «Бүгінгі кездесуді неге осы бейнежазбадан бастап отырмыз» деген сұрағына оқушылар «бір ел бір кітап акциясына байланысты» деп жауап берді. Акция тарихына тоқтала келе кітапханашы А. Ашетаева О. Бөкейдің өмір жолы мен шығармашылығы туралы тест сұрақтарын қойды. Жастар өмірін суреттейтін
«Қайдасың қасқа құлыным», қоғам дерті - маскүнемдік тақырыбындағы «Атау кере», өз бейнелерінің биік парасатымен дараланатын “Қар қызы” повесіндегі ержүрек жас тракторшылар туралы сөз қозғалды.
Маскүнемдік пен нашақорлық дертін қалай жоюға болады деген сұраққа жастар өз ойларын ортаға салды. Бірнеше түрлі ұсыныстар айтты. Мәселен арақ шығаруға шектеу қою, жастардың салауатты өмір сүруі үшін арнайы орталықтар құрып, жастардың бос уақытын болдырмау, еңбекпен қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын көтеру, жастардан қоғамдық ұйым құру, отбасы мен мектептегі бала тәрбиесін жандандыру, кітап оқуға тарту т.б. Осы қоғамдық мәселелердің барлығы орындалып, ендігі 20 жылдан кейін Қазақстан қандай болады деген сұраққа жастар жарыса жауап берді. Ішімдіксіз, салауатты өмір салтын ұстанатын, жаңа технологияны меңгеріп, қазақша кітап оқитын жаңа қазақтар көз алдымызға елестеді. ·Кездесуді қорытындалай келе З. Слямова «Оралхан Бөкей -асқақ Алтай жыршысы» кітап көрмесіне шолу жасап жазушының шығармаларымен таныстырып өтті. Оқушыларды қыркүйек айында өтетін «бір ел- бір кітап акциясына» қатысуға шақырды.