kl kz



>
Шығыс Қазақстан Интернетте
Мәдениеті мен өнері
Туристерге
Тарих беттерінен
Маңызды оқиғалар
«Туған өлкем – тұнған тарих» дәрістер циклы
ШҚО ауылдарының тарихы
Өскемен жайлы не білесіз?
Өскемен қаласының тарихы
Өскемен қаласындағы көшелер тарихы
Ескерткіштер
Аудан паспорттары
Шығыс Қазақстан облысы
Өскемен қаласы
Риддер қаласы
Алтай ауданы
Глубокое ауданы
Зайсан ауданы
Катонқарағай ауданы
Күршім ауданы
Марқакөл ауданы
Самар ауданы
Тарбағатай ауданы
Ұлан ауданы
Үлкен Нарын ауданы
Шемонаиха ауданы
Алтын Алтай фольклоры
Алтай аңыздары
Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы
Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасы
Өлке табиғаты
Табиғи қорықтар
Табиғи ресурстар
Шығыс Қазақстанның 25 ғажайып орны
Шығыстың шипажайлары
Барлық-Арасан шипажайы
«Баян» шипажайы
Рахман қайнары
Уба шипажайы
Киелі орындар
Абылайкит
Берел қорымы
Қоңыр әулие үңгірі
Шілікті алқабы
Ашутас
«Алаш арыстары» үйі (Семей қ.)
Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі (Семей қ.)
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі (Семей қ.)
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары
Мұзтау
Соғыстың цифрлық жылнамасы: Шығыс Қазақстанның 1941-1945 жылдардағы ҰОС Жеңісіне қосқан үлесі туралы
Кеңес Одағының батырлары
Даңқ орденінің толық иегерлері
Брест қамалын қорғауға қатысқандар
30 - Гвардиялық дивизия
Жасырын партизандар
Еңбек армиясына қатысқандар
Тылда да Жеңіс шыңдалды
Ақын және майдангер-жазушылар кітаптарының виртуалды көрмесі
Соғыс ардагерлерінің естеліктері
Өлкетану альманағы
Өлкетану альманағы 2025
Өлкетану альманағы 2024
Өлкетану альманағы 2023
Өлкетану альманағы 2022
Өлкетану альманағы 2021
Өлкетану альманағы 2020
Өлкетану альманағы 2019
Өлкетану альманағы 2018
Өлкетану альманағы 2017
Өлкетану альманағы 2016
Өлкетану журналы 2014
Өлкетану альманағы 2015
Өлкетану альманағы 2013
Әріптестеріміздің шығармашылығы
Геология
Өлке зерттеушілері
Тарих. Этнография. Мәдениет
Қаламгерлер жайында
Білім беру
Ономастика
Дін
ҰОС жылдарында (1941-1945) ЕҢБЕК АРМИЯСЫ қатарында болған шығысқазақстандықтар
Бейнетоптама
Шығыс Қазақстан әдебиеті
Шығыс Қазақстанның әдеби және есте қаларлық орындары
Фэнзин фантастикалық журналы
Виртуалды көрмелер
Қ. Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш
Экран дикторы

linka

Қателік
  • Failed deleting 14882547638a8927983fb36dcc56231c.png

Оңтүстік Алтай ойпатында, Рахман көлінің жағасында теңіз деңгейінен 1760 метр биіктікте орналасқан Рахман қайнарының ресми ашылуына 2018 жылы 255 жыл толады. Бұл дата шартты түрде алынған мерзім. Анығырақ айтсақ 1763 жылы орыстар ең алғаш рет таудағы жылы су көзінің бар екендігін алғаш білген, ал жергілікті тұрғындарға – қазақтар мен қалмақтарға (алтайлықтар) ол одан әлдеқайда ертерек, белгісіз уақыттадан бері белгілі болған. Қазақтар – Арасан, ал қалмақтар – Арашан су деп атаған. Рахман қайнары 1870 жылдар Л.Полторацкаяның фото суреті

Жерлес жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалихан Ысқақ «Келмес күндер елесі» романында «Бүгінгі Рахман Қайнары біздің дəуірге дейінгі тарихтың «азан шақырып» қойған ентаңбасы – Тəңірсуы еді. Əлдебір аңшы бұғы атқан екен, мертіккен тағы қайнарда жатып жарасын жазыпты дейтұғын аңызды Отыкенді терістен бөксеріп кірген «ұлы жұрағаттың» өкілдері Тəңір деген атты өшіру үшін болса да «Рахмановские ключи» деп өзгертіпті. Жыл санауға дейінгі 731 – жылы, жыл санаудан кейінгі тағы да 731 – жылы жер мен суға таласа берген ұйғырларды Найман мемлекеті Тибетке қуып тастап, бұлар да жарасын осы Тəңірсуында жазған. XVIII ғасырдың аяғына дейін бұл өңірде саяхатшылардан басқа бөтен жұрт болған емес. Ғасыр аяғында Алтай өлкесі жағынан басып кірген орыстарды, қазақтардың наразылығына байланысты 1790 жылы Ресей кері қайтарып алып кеткен. Бірақ, революция кезіндегі алмағайып заманда тағы да келіп кірді. Бұқтырманың арғы бетіне шетпұшпақтап қоныстанады. Осы кезде орыс мамандары «Арасанды» тиіп-қашып зерттеген болды. Бірақ оның шипалығын пайдаланған Катонқарағай мен Қосағаш жұрты. Кезінде бұл екі аудан Шыңғыстай дейтұғын бір болыс Қаратай елі еді, отызыншы жылы кеңес өкіметі Қосағашты Алтай өлкесіне еріксіз бөліп әкетті.» – деп жазады.

Рахман қайнарының ашылуы көптеген аңыздарға арқау болған. Белое ауылында тұратын Рахманов деген орыс аңшы аң аулап жүріп адасып, өте алыс тайгаға барып бір маралды атып жаралайды. Жараланған маралдан аққан қанның ізімен жүріп, келесі күні Рахманов оны буы бұрқырап жатқан ыстық бұлақтың ішінде тұрғанын көреді. Маралды атып алып алғашқы атқан оғының жарасына қараса оның қаны тоқтап, жара біршама тартылып қалғанын көріп таң-тамаша болады. Сонда Рахманов судың шипалы екенін біліп халыққа жариялайды. Содан бастап бұл жер Рахман қайнары болып аталған деген аңыз бар.

Рахман қайнары 1890 1907 жжЕкінші бір аңызда: Ерте кезде Алтай тауларының бөктерінде Әбдірахман деген аңшы өмір сүреді, ол қыстың аязды күндерінің бірінде тау биігіне шығып аң аулап жүріп суық тиіп ауырып қалады. Аязды суықтан денесі тоңып қалшылдай бастағандықтан тау биігінен етекке түсуге бел байлайды. Тау етегіне түскен Әбдірахман алдымен жерден көтерілген буды, артынша ыстық суды бұлақты көреді. Аңшы суға түсіп жылынған кезде өзін сергек сезініп тәуір болып қалғанын байқайды. Үйіне оралған соң басынан өткен жағдайды ауылдастарына баяндайды. Содан бастап осы бұлаққа алғашында қазақтар, соңынан орыстар да барып емделе бастайды. Оcыдан кейін бұлақ "Әбдірахман қайнары", кейіннен "Рахман қайнары" деп аталып кетеді.

Рахман қайнарына алғаш барған орыс саяхатшыларының жазбаларында ол бұлақтың жанында пұтқа табынушылардың сыйынуына арналған храм (кумирня) болған. Іргетасы тастан қаланып ағаштан салынған үйдің шатыры жазық болған екен. Айналасында бастарына жылқының жал-құйрығының қылдары шашақталып байланған қадалар қағылған. Ал бұлаққа жақын өскен ағаштардың бұтақтарына түрлі-түсті ескі киімдердің жыртылған шүберектері байланған. Храмның ішкі қабырғалары әр түрлі жібек маталармен жабылған, қабырғаларға жағалай тастан жасалған бурхандар қойылған. Ал ортадағы ағаш үстелде мыс тостағандар және қасиетті су толтырылған көк және жасыл түсті екі шыны ыдыс орналасқан. Бұл сулар жыл бойы сақталған, оның өзгеруіне қарап қалмақтар құдайлардың адамдарға деген пейілін, көзқарасын пайымдаған. Храмды 1827 жылы Мурзинцев деген аңшы өртеп жіберген көрінеді. Жергілікті тұрғындар бұлақтың емдік қасиетін ерте кезден білген және оны қасиетті су деп санаған. Бұлақтың ең үлкен деген үш көзіне үлкен тастардан қаланып шағын хауыздар (бассейн) жасалынған, олардың біреуінің жақтаулары ағаштан болған.

1823 жылы Рахман қайнарында сібір батальонының штаб-емшісі И.И.Попов болып, дәрігер ретінде ең алғаш өз пайымдауын білдірген: «... бұл жылы бұлақтардың суы әсіресе тері ауруларына және денедегі жарақаттар мен зақымданған орындарға өте пайдалы,» - деген.

Рахман қайнарына 1833 жылы ең бірінші барған ғалым Колывано-Воскресенск зауытының дәрігері Ф.Глебер. Ол сол кездің өзінде өртеніп кеткен храмның қалдықтарын көрген. Глебер бұлақтағы судың температурасын өлшеп, оның 30-40 градус аралығында екендігін анықтап, сипаттамасын жазған. Ол дәрігер ретінде Рахман қайнарының суымен емделудің тиімділігіне күмән келтірген.

Судың құрамына ең алғашқы химиялық сараптама XIX ғасырдың ортасында Зырян руднигі кентінде қарабайыр жағдайларда жасалған, талдау суда көміртегі қышқылының, натрий мен магний тұздарының бар екендігін көрсетеді. Одан кейінгі зерттеулер Рахман қайнарының суының Еуропадағы танымал курорттардың, соның ішінде Карлсбаден курортының суларымен ұқсастығын көрсетті.

Орыс генералы және картограф В.А.Полтарацкий 1868 жылы 25 наурызда Семей облысының губераторы болып тағайындалады. Ол Алтайдың әсем де сұлу табиғатына өте үлкен қызушылықпен қарап, сан мәрте экспедициялар ұйымдастырған. Оның сүйікті әйелі Л.К.Полтарацкая күйеуімен бірге жорықтарға бірге шыға отырып, кезекті бір жорықтан кейін фотографиямен айналысуға бел шешеді. Оның осы жорықтарда түсірген көптеген суреттері 1879 жылы аз тиражбен шыққан «Альбом типов и видов Западной Сибири» альбомында жарияланған. Альбомда қазіргі Катонқарағай ауданының көптеген көрікті жерлерінің фотолары кездеседі. Соның ішіндегі Рахман қайнары маңында түсірілген фотоларды осы мақалаға қосуды жөн санадым. С.Аманжолов емделушілермен бірге 1956 жыл

Ф.А. Брокгауза мен И.А. Ефронаның Энциклопедиялық сөздігінде (1890-1907 жж) Рахман қайнарлары туралы мынадай деректер келтіріледі: «Рахман минералды қайнары (Қалмақша «Арашан», яғни шипалы жылы су көзі) – Томск губерниясы, Бийск округінде Қатын Альпісінің оңтүстік беткейінде Бұқтырма өзенінің саласы Берел өзенінің басталар тұсына жақын маңда орналасқан. Рахман қайнары қалмақтар мен қазақтарға ертеден белгілі болған, соңынан оны алғаш көрген орыс шаруасы Рахмановтың атымен атап кеткен. 19 ғасырдың 80-ші жылдарының басында қайнар суын Троянов деген дәрігер зерттеген. Жылы бұлақ 6000 фут биіктікте орманды тау аңғарымен өтеді. Температурасы 35-40° құрайды. Шомылуға арналған хауыздардағы судың температурасы жоғары. Суы таза әрі мөлдір, үлес салмағы жоғары, су түбінен жиі-жиі көмірқышқыл көбіктері бөлініп шығады. Жылы бұлақтың жанында салқын бұлақ қатар ағып жатыр, екеуінің суы жиі араласып кетіп отырады. Олар жақын маңдағы Рахманов көліне құяды, көлдің суы да өте таза әрі мөлдір, температурасы 12,5°. Жылы минералды бұлақтың құрамында натрий сульфаты, магний сульфаты, хлор, калий, карбонатты әк, өте аз мөлшерде карбонатты магнезия сондай-ақ темір мен кремнийдің іздері бар, бұлақ суы сілтілі-тұзды минералды сулардың қатарына жатады. Емделушілерге арналған екі үйде 4 бөлме бар, көптеген емделушілер қазақ киіз үйлеріне орналасады. Климаттық жағдайы қолайсыз, орташа ауа температурасы төмен, жаз маусым айының соңына қарай шығып, күз тамыз айының соңына қарай түседі. Арасаннан ең жақын елді мекенге дейінгі ара қашықтық 25-30 верст, байланыс өте қолайсыз. Арасан суы әсіресе ревматикалық ауыруларға шипалы ».

1884 жылы Рахман қайнарында ең алғаш рет Таулы Кабинеттің құзырында курорт ашылады. Алайда, емделушілерге ешқандай жағдайлар жасалынбады, ашық аспан астында ванналар қабылданды, емделушілер өздері жасаған күркелерде ең жақсы дегендері киіз үйлерде тұрды. Ол кезде дәрігерлер туралы сөз де қозғамайтын. Емделушілер өздері қалағандай күніне 6-8 ретке дейін ванналар қабылдады. Қайтар жолда таудың тік беткейінен түсу, кейде жауынды-шашынды күндердің болып күннің суытуы қабылдаған емнің барлық нәтижелерін жоққа шығаратын.

Тұратын үйлер салуға қаржының жоқтығы мен жолдың болмауы емделушілерге үлкен қолбайлау болған. 1895 жылдан бастап Рахман қайнарын Томск губерниясының Каин уезінің шаруасы Федор Фролов жалға алып, емделушілерге тұрғын үйлер және ванналардың үстеріне ағаштан үйлер салуды міндетіне алады. Ол бұл істі орнынан қозғатып, бірнеше ғимараттар салуға қол жеткізеді.

Рахман қайнарына Алтайды зерттеуші, Томск университетінің профессоры В.В.Сапожников 1895 және 1905 жылдары екі рет келеді. 1905 жылы екінші рет келген кезде былай деп жазады: «Курорт 10 жылдың ішінде біршама жақсарған. Ыстық бұлақтардың үстіне ванналарға арналып үйлер тұрғызылған. Төбешікке жақын жерге айрықша емделушілерге арналып барақ типтес ғимарат салынған. Бөлек орналасқан үйде асүй орналасқан, ол жерден жалдаушы емделушілерге арзан бағаға түстіктер босатады, әрине, өте қарапайым. Он жыл бұрынғы жағдайға қарағанда емделушілерге әлдеқайда қолайлы жағдайлар жасалынған, дегенмен, Берелмен Рахман қайнары арасындағы жолдың қиындығына байланысты келушілердің саны аз. 1905 жылғы маусым кезінде мұнда 50-ге жуық орыс және 85-тей қазақ болған.»

1905 жылы Рахман қайнарына барған семейлік дін қызметкері (священник) және өлкетанушы Б.Герасимов «Поездка из Семипалатинска на Рахмановские ключи» кітабында: «Курорттық өмірдегі жағдайлардың қолайсыздығы тамаша, таза әрі саф ауамен және Рахман аңғарының әсем де сұлу табиғатының көріністерімен ұмыттырылғандай. Негізгі барақтан 160 метрдей (75 сажень) жерде Рахман көлі айнадай жалтырайды... Көл бетінде серуен жасуға Фролов үлкен қайық жасап, әдемілеп бояп қойған. Келушілер қайықты жиі пайдаланады, көлді ұзына бойымен де көлденеңінен де толық зерттеген сияқты. Кейде түн мезгілдерінде көл үстінде әсерлі көріністер ұйымдастырады, жағадағы қураған ағаштардан сал жасап, үстіне от қойып, салды қайықпен сүйреп көл ортасына апарып жібереді. Сал үстінгі жарқыраған от көл бетімен баяу жылжып, маңының барлығын жарқыратып, фантастикалық көрініс береді. Сондай-ақ олар кейбір күндері 8 шақырымдай (8 верст) жердегі сарқырамаға барып, оның әсем көріністерін тамашалайды. Сарқырама 65-85 метр (30-40 сажен) биіктіктен бірнеше енді бунақтарға (каскад) бөлініп құлай ағып жатыр. Маңайдың барлығы адам аяғы баспаған жабайы табиғат.» - деп жазады.

Емделушілер 1960 жылдарОрыс жазушысы Г.Д.Гребенщиков өзінің жазбаларында Рахман қайнары туралы төмендегідей естеліктер қалдырады: «1909 жылы курорт жалға алушының құзырында болды, мұнда ванналарға арнаған екі үй, емделушілердің тұруына арналған барақ типтес екі ғимарат және курортты жалға берушінің үйі салынған. Ванналарға арналған үлкен үйде төрт ванна, ал кішісінде бір ванна бар. Сонымен қатар далада ашық аспан астында бірнеше ванналар орналасқан. Әрбір ванна шұңқырлап қазылған жерге ағаш бөренелерден жасалып түсірілген. Бөренелердің арасындағы жырықтардан сүліктер кіріп-шығып жатады. Ішкі ванналардағы судың жылылығы 32-41 градус аралығында, ал сыртқы ванналардағы 28-30 градус арлығында. Арасанда барлығы 12 жылы су көздері бар, олардың барлығының суы ішуге жарамды, ешқандай дәмі жоқ, сондықтан оны шай қайнату үшін бірден самауырынға құяды. Титов мырзаның пайымдауынша су аздап радиоактивтенген, оның емдік қасиеті осыған байланысты. Барақта бөлмелер өте қарабайыр, аралары тақтайлармен бөлінген, үстел, орындық және төсектер өңделмеген тақтайлардан шегеленіп жасалынған. Мұндағы бөлмелердің бағасы күніне 50-ден 80 тиын аралығында. Екінші барақтағы жағдай одан да төмен, оның іші бөлінбеген, сыртқы есіктен бірден емделушілердің жатқан жеріне кіріледі. Емделушілер биіктетіліп жасалған нарда жатады, барақ ішінің төменгі жағында өтпе жел соғып тұрады. Қабырғаларындағы тесіктерден дала көрінеді, бұл барақтағы баға күніне 5 тиын. Курортта негізінен ревматизм ауруымен ауырған адамдар емделеді, әркім отынды жақын маңдағы орманнан өздері тасып алады. Ванналарды пайдалануда кезектер жоқ, тәртіпке келтірілмеген. Олардағы су судың ағысымен ауысып отырады, оның беткі қабаты ауысқанмен, төменгі қабаты қала береді. Ванналарды ревматизммен ауырғандармен бірге тері ауыруымен ауырғандар да кезекпен қабылдай береді, ешқандай гигиеналық талаптар сақталмайды. Мұндай ваннаны бір мәрте пайдалану үшін 10 тиын төленеді. Барақтарда орыстар қазақтармен бірге орналастырылады, олардың көпшілігінің дені сау, орыстарды мазақ етеді, олардың өтініштеріне құлақ аспайды. Есікті әдейі жаппай кетіп бөлмеге өтпе жел кеулетеді. Ванна қабылдағаннан кейін мұның зияны белгілі, сондықтан көпшілік емдеушілер шатырлар мен күркелерде тұруды жөн санайды. Азық түліктің бағасы жоғары, қанттың бағасы 40 тиын, 1 фунт еттің бағасы 10 тиын т.с.с. Нан жетіспей қалатын жағдайлар жиі болып тұрады. Курорттың климаттық жағдайы емделуге қолайсыз, ваннар орналасқан үйлерден ары қарай батпақты жер, одан әрі суық суды көл орналасқан. Сондықтан ауа үнемі дымқыл, түні өте суық, жиі-жиі дымқыл тұман басып, жауын да жиі жауады.»

В.Шишковтың «По Чуйскому тракту» деген очеркінде 1911-1913 жылдар аралығында Аргымай Күлжин деген қалмақпен кездескен үзінділері жарияланады. Онда: Аргымай Күлжин оқыған, білімді әрі бай кәсіпкер, бірнеше рет Питерде болған. Оның табын-табын жылқылары болған, орыс әскері үшін сібір бөлігінде қолайлы ат тұқымдарын өсіруді мақсат тұтқан. Ол мал шаруашылығымен қатар жер өңдеу және сауда саттықпен айналысқан. Сонымен қатар оның Рахман қайнарын қолына алып, курорт жасасам деген ойы болған. Оның бұл ойы бірінші дүние жүзілік соғыстың басталуымен, одан кейін 1917 революция, жаңа экономикалық саясат, одан кейін сталиндік қудалау салдарынан жүзеге аспай қалады. 30-шы жылдардың соңына қарай бұрынғы Семеипалатинск губерниялық партия комитетінің жауапты хатшысы, НКВД-ның басшысы Ежовтың нұсқауымен Мұзтаудың оңтүстік бөлігі Рахман қайнарымен бірге бұрынғы Томск губерниясының құрамынан шығарылып, Қазақстанның картасына енгізіледі, - делінген.

Рахман көлі үш жағынан биік таулармен қоршалған аңғарда теңіз деңгейінен 1760 метр биіктікте орналасқан, оның аумағы 1,14 шаршы километр, ұзындығы 2,6 км, ені 0,6 км, жағалау ұзындығы 5,6 км. Тереңдігі 30,6 метрге дейін жетеді, көлде 20 миллионнан астам текше метр су жинақталған. Көлдің суы әдемі жасыл-көгілдір, мөлдірлігі 7 метр тереңдікке дейін жатеді. Жазда (шілдеде) көл суының беткі қабатының жылылығы 10-12 градустан аспайды, ал су түбіндегі температура шамамен 4,5 градус. Көл суының мұндай салқын болуы оның жоғары биікте орналасуы және салыстырмалы түрде өте терең болуы, сондай-ақ оған құятын өзендер мен бұлақтардың суының суықтығына байланысты. Көл түбі қоңыр балшықты, жағалау аймағы ұсақ және үлкен тастар аралас құмдауыт болып келеді. Көлге Жоғарғы Арасан өзені және бірнеше бұлақтар құйса, одан Төменгі Арасан өзені ағып шығады. Көл солтүстік және оңтүстік жақтарынан жартасты жоталармен қоршалған, оңтүстік-батыс жағалауымен жалғасатын жоталар көлге көбірек ұмсынып тұр. Айналасындағы таулар сымбатты қарағай, балқарағай, қайың, тал ағаштарымен көмкерілген. Әсіресе көл жағалауындағы ағаштар ерекше сәнді: ғасырлық балқарайлар мен жасыл шыршалардың бейнесі айнадай көл бетіне айрықша көрік береді. Ағаш бұтақтарында қына-сақалдар ілініп қалғандай. Жағалауына ұя салған үйректер көл бетін мекен етуде. Емдеу корпусы 1965 жыл

Рахман көлі өлі көл деп есептелінеді, онда балық сондай-ақ басқа да ешқандай тіршілік иелері жоқ. Аңыз бойынша көл ішкі екі бөлікке бөлінеді, екі бөліктің арасында ауа кеңістігі бар, онда жабайы, үстін түк басқан қария өмір сүреді. Ай толған кезде қайықпен көлдің ортасына дейін барған адамды сол қария өз мекеніне алып кетеді деген аңыз бар.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Семейдің фармтехникумын бітірген Сәлкен Хасенұлы Субханбердин Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай елді мекеніне қызметке жіберілді. Аудан аумағындағы Арасан «Рахман қайнары» жайлы, оған қалай жетуге болатындығын сұрастыра жүріп салт атқа мініп Арасанға барады. Онда жаз шыға қайдан жиналатыны белгісіз емделушілердің қаптай бастайтындығына, жер асты ағып жатқан жылы бұлақ суын елдің қалай болса солай пайдаланып жатқанына, ешқандай медициналық байқаудың жоқ екеніне көзі жетеді. Сәлкен Хасенұлы судың құрамын Өскемен, Семей, Алматы қалаларына лабораториялық сараптамаға жіберіп, оның емдік қасиетін анықтатып, дәрігерлік бақылауға алып, қайнар суларын мемлекет қарамағына алынуына себепкер болады.

Елуінші жылдары қазақ тіл білімінің негізін салушыларының бірі, профессор, танымал түрколог, ҚР Ұлттық Ғылым Акедемиясының корреспондент-мүшесі, көрнекті ғалым Сәрсен Аманжолов та жылына бір немесе екі рет отбасымен бірге Рахман қайнарына барып демалып отырған. 1956 жылы кезекті демалысқа барғанында Рахман қайнарына «Рақымың көп санасам!» деген 3 шумақ өлеңін арнапты.

Рақымың көп санасам!

Рахман - Арасан

Рақымың көп санасам,

Емделіп талайлар,

Көңілі шат, қарасам.

Суың ем ішкенге

Мөлшермен түскенге,

Заманға ылайық

Атомдық күш сенде!

Бақыты үшін халықтың

Мұндай су жаралар,

Әлемге атағы

Кешікпей ақ таралар.

10 тамыз 1956ж.

Рахман қайнары 1960-1990 жылдар аралығында Зырян қорғасын комбинатының құзырында болады. 1959 жылдан бастап осы комбинаттың директоры қызметін атқарған Социалистік Еңбек Ері Жақсыбаев Нәби Құлшаманұлы Рахман қайнарының дамуына өте көп үлесін қосты. Мемлекет тарапынан жол салынуына қаржы бөлдіріп, курорттың аумағын абаттандырып, айналасындағы тау-орманды табиғат көркіне сәйкестендіріп ағаштан котедждер, ванналарға арналған ғимараттар салғызады. 1963 жылдан Рахман қайнары санаторий болып қызмет ете бастайды. 70-ші жылдары санаторийдің базасында түсті металлургия қызметкерлеріне арналған профилакторий ашылып, оның танымалдылығы сол кездегі бүкіл кеңес өкіметінің аумағына мәлім болады. Сол кезде Рахман қайнарында бүкіл кеңес одағының түсті металлургтері денсаулықтарын оңалтқан. 80-ші жылдары мемлекет тарапынан жоғары кернеулі электр желісі тартылып, телефон байланысы орнатылады.

Емдеу корпусы 1965 жыл.

90 жылдардан кейін Рахман қайнары иесіз қала бастайды, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ірі кәсіпорындардың өздері соңғы тыныстарымен дем алып жатқан кезде, алыс тау қойнауындағы санаторийдің жағдайы одан да мүшкіл халде еді. Жаңа мыңжылдықтың басында Рахман қайнары санаториі құрып кетудің аз ақ алдында тұрды. Осындай тығырықтан шығар жол жоқ кезінде Өскемен автомобиль өндірісі кәсіпорыны Рахман қайнарын жекешелендіреді. Содан бергі уақытта санаторийде заман талаптарына сай жаңа котедждер, ванналарға, демалуға арналған ғимараттар бой көтерді. Өскемен – Рахман қайнары республикалық жолына Берел ауылына дейін қара жамығы төселді. 2008 жылғы Рахман қайнарында болған өрттің салдарынан мыңнан астам гектар жердің жүз жылдық балқарағай, самырсын, шырша, қарағай сынды ағаштары өртке оранды. Бұл экологиялық апат табиғатқа үлкен зардабын тигізді, бірақ уақыт өте келе өрт болған жерлерде қаулап өсіп келе жатқан өскіндерді көріп, табиғаттың өз тепе-теңдігін қалпына келтіретініне шүбәсіз сенесің. Рахман қайнары көлі өлі көл деген ұғым да өзгеріп, оншақты жылғы ғылыми зерделеу, шыдамдылық пен еңбектің нәтижесінде оған жиырмадан астам балық түрлері жіберіліп, бүгінгі күні олар өсіп-өркендеп, көлді мекендеріне айналдыруда.

Дүйсен Бралинов

М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты викторина біліміңді тексер

Викторина!

pllinkz

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

шығыс қазақстан әдеби картасы

Шығыс Қазақстан танымал есімдер

© А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық Кітапханасы | Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина. 1998-2025
Besucherzahler
счетчик посещений