Кітапхана қоры қазақ тарихы мен мәдениетін зерттеуге үлес қосқан көрнекті тарихшы, этнограф әрі шығыстанушы Құрбанғали Халидұлының мұрасына арналған құнды басылымдармен толықты.
Солардың бірі – ғалымның «Тауарих-и хамса-и шарқи» («Шығыстың бес елінің тарихы») атты тарихи еңбегінің қазақ тіліндегі аудармасы. Шығармада Шығыс халықтарының тарихы мен руханияты, көне мәдениеті, әдеби мұралары және салт-дәстүрлері туралы мәліметтер қамтылған. Автор тарихи деректермен қатар, ел аузынан жинаған әңгімелер мен қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін де пайдаланған.
Қорға қосылған екінші басылым – «Құрбанғали Халидұлы: дерек, тарих, таным» атты ғылыми жинақ. Кітапта ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеулер, библиографиялық деректер, жас ғалымдардың ізденістері және халықаралық ғылыми конференция материалдары қамтылған. Жинақ Құрбанғали Халидұлының қазақ халқының тарихын, этнографиясын және рухани мәдениетін зерттеуге қосқан үлесін тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.
Аталған екі кітапты кітапханамыздың қорына тарихшы Құрбанғали Халидұлының шөбересі Сафария Теңізбаева-Жалбағайтегі сыйға тартты. Аталған кітаптарды Электронды өлкетану кітапханасына орналастыру бойынша арнайы авторлық келісімшарт жасалып, алдағы уақытта еңбектердің толықмәтінді нұсқасы қолжетімді болады.
Құнды басылымдарды кітапхана қорына табыстап, тарихи мұраны насихаттауға үлес қосқаны үшін Сафария Теңізбаева-Жалбағайтегіне шынайы алғысымызды білдіреміз!