Ауданымыздағы ауылдар Аршаты ауылынан басталып бірінші ауылдан оныншы ауылға дейін нөмірленіп аталатынын талай естігенмін. Аршаты бірінші ауыл, менің де атам сол ауылдан ұсталып кеткен, нағашы атам екінші ауылдан, яғни, Жамбыл ауылынан ұсталып кеткен, деректерінде солай жазылған. Еңбек үшінші ауыл, Шыңғыстай төртінші ауыл, Жаңаүлгі бесінші ауыл солай жалғаса береді деп ойлайтынмын. Жетінші ауыл қай ауыл екендігін дөп басып білмейді екенмін. Содан бастап көкейімде: Ауылдарымыздың жақсы-жақсы атаулары бар, оларды нөмірлеп атаудың қажеттілігі қанша? Ауылдар қай уақыттан бері нөмірленді? Оны нөмірлеген кім немесе кімдер?- деген сұрақтар туындады. Біраз зертеу жұмыстарын жүргізіп, осы сұрақтардың нақты жауабын тауып, бүгін Сіздермен бөліспекпін. ![]()
Туған жерімізді Ресей империясының ХІХ ғасырда отарлағандығы жайлы алдыңғы мақалаларымда жазғанмын. Жерімізге орыс шаруалары алғашында өз беттерімен келіп қоныстана бастаса, кейінірек оған мемлекет араласқаны белгілі. Ресейден орыс шаруалары мен казактарды қазақ жеріне әкеліп қоныстандыру үшін ондағы жер қорын және қазақ халқының шаруашылықтарына қажетті жер нормасын анықтау қажет болды. Осы мақсатпен Ресей ауыл шаруашылығы және мемлекеттік мүлік министрлігі 1896 жылдан бастап Ақмола, Семей, Торғай далалық аймақтарын зерттеу үшін экспедиция жібереді. Осы экспедицияны Ресей бюджет статистикасының негізін қалаушы, тарихшы, саясаткер, қоғам қайраткері Федор Андреевич Щербин басқарып, экспедиция қорытындысы бойынша 12 томдық «Материалы по киргизскому землепользованию» атты еңбектер жазады. Оның 9-шы томында сол кездегі Семей облысының Өскемен уезін зерттеу қорытындылары жазылған.
Осы еңбекте Шыңғыстай болысын санақ-зертеу жұмыстарының қорытындылары келтірілген. Онда болыс құрамындағы тау қойнауларында шашырап жатқан үлкенді-кішілі 205 қазақ ауылдары рулық белгілеріне байланысты он ауылға біріктіріліп, бірден онға дейін нөмірленген. Экспедицияның мақсаты қазақ халқы үшін өте жағымсыз болғанмен, оның қорытындылары бүгінгі ұрпақ біздер үшін таптырмас қазына. Мұндағы кестелерде сол кездегі аталарымыздың мекендеген жерлері, рулары, бұл жерді қанша уақыттан бері мекен етеді, уезд оталығынан (Өскемен қаласы), отырықшы елді мекеннен, сауда орталығынан ара қашықтығы, қандай су көзін пайдаланады, оның сапасы, адамдардың саны (ер адам, әйел, бала, еңбек жасындағылар), киіз, ағаш үйлердің саны, шаруашылықтары, жастарына қарай мал саны (жылқы, түйе, ірі қара, ұсақ мал), егіншілік, шабындық жерлері және тағы да басқа көптеген мәліметтер әр ауылдың ауыл басыларының немесе ақсақалдарының аты-жөнімен тіркеліп көрсетілген. Енді сол ауылдар жайлы ретімен қысқаша мәліметтер бере кетейін.
Бірінші ауылға қазіргі Аршаты ауылының жоғарғы жағындағы: Тараты, Күрті бұлақ, Табыты және Таутекелі телімдерінде отырған шағын-шағын 7 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде Бұқтырма өзенін және оған құятын ірілі-ұсақ бұлақтарды пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 41 отбасында 247 адам (136 ер адам, 111 әйел адам) мекендеген, рулары Дәулет және бір ауыл Сарғаладақ руы, 42 киіз үйлері, 43 ағаштан салынған үйлері болған. Егістікпен айналыспаған. Бертін кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Аршаты ауылына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады да, Аршаты ауылы бірінші ауыл болып аталып кетеді.
Екінші ауылға қазіргі Берел, Жамбыл және Өрел ауылдарының маңындағы: Жаңғызкүнгей, Құмдақ, Саршоқы, Көлшік, Көкідаба, Жалқайың, Көлденеңбұлақ, Үшқойтас, Қарамойыл, Барынду (Ақшоқы тауы болуы керек), телімдерінде және Берел орыс ауылының маңында отырған шағын-шағын 18 ауыл біріктірілген. Мұндағы Барынду және Саршоқы телімдері Бұқтырманың оң жағалауында Кабинет жеріндегі жерлер. Ауыз су ретінде көпшілігі бұлақтарды және аздаған бөлігі Бұқтырма өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 149 отбасында 573 адам (313 ер адам, 260 әйел адам) мекендеген, рулары Самай руы, 148 киіз үйлері, 136 ағаштан салынған үйлері болған. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Берел, Жамбыл және Өрел ауылдарына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады да, Өрел, Жамбыл ауылдары екінші ауыл болып аталады.
Үшінші ауылға қазіргі Еңбек ауылының маңындағы: Тұма, Көктерек, Төрттөбе, Қайшыбұлақ, Қалақ, Қызылтал, Саршоқы, Уаңтөбе, Таңба, Бертоқ, Қонақпай, Ыстыбайкөл, Шүрттоғай, Бұрқатбұлақ, Кеңқайың, Қарамола, Жаңғызтөбе, Қызылқайың, Қалтыр, Тараты, Жайдеке телімдерінде отырған шағын-шағын 40 ауыл біріктірілген. Мұндағы Жаңғызтөбе, Қызылқайың, Қалтыр, Тараты, Жайдеке телімдері Бұқтырманың оң жағалауында Кабинет жеріндегі жерлер. Ауыз су ретінде тұма-бұлақтарды және Бұқтырма өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 197 отбасында 972 адам (553 ер адам, 419 әйел адам) мекендеген, рулары Шоңмұрын, Дәулет, Сарғалдақ, 199 киіз үйлері, 216 ағаштан салынған, 5 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 48 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Еңбек, Қайыңды және Қызылжұлдыз ауылдарына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Еңбек ауылы үшінші ауыл болып аталады.
Төртінші ауылға қазіргі Шыңғыстай ауылының маңындағы: Қарасу, Ақтүбек, Қарбасқан, Шілік, Жаңғызбет, Күл, Суықсай, Шоқтерек, Тарлау, Жаманащы, Қызылқайың, Қаратал, Шорық, Бұлақ, Қараөткел, Бірмойын, Қараағаш, Доланабұлақ телімдерінде отырған шағын-шағын 22 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Бұқтырма өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 148 отбасында 774 адам (438 ер адам, 336 әйел адам) мекендеген, рулары Дәулеттен тараған Құратай руы, 146 киіз үйлері, 166 ағаштан салынған, 3 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 102 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Шыңғыстай ауылына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Шыңғыстай ауылы төртінші ауыл болып аталады.
Бесінші ауылға қазіргі Шыңғыстай, Жаңаүлгі ауылдарының маңындағы: Топағаш, Құлағаш, Күл, Күркіреме, Жалақ, Қызылқайың, Шолақбұлақ, Тікқабақ, Ошубай, Қызылкүнгей, Таскөпір, Бұғымүйіз (Марқакөл ауданындағы Бұғымүйіз ауылы да осы ауылға кіргізіліпті) телімдерінде отырған шағын-шағын 23 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Бұқтырма, Бұғымүйіз (Бұғымүйіз ауылының жанындағы өзен негізінде Жаманқаба деп аталады) өзендерін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 143 отбасында 699 адам (374 ер адам, 325 әйел адам) мекендеген, рулары Шоңмұрын, 142 киіз үйлері, 140 ағаштан салынған, 2 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 81 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Жаңаүлгі ауылына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Жаңаүлгі ауылы бесінші ауыл болып аталады.
Алтыншы ауылға қазіргі Жаңаүлгі, Қабырға, Катонқарағай ауылдарының маңындағы: Қызылкүнгей, Дереле, Қиынбұлақ, Үшсала, Бертоқ, Сарөлең, Үшкүнгей, Тұмабұлақ, Бексейіттұма, Саркөлтұма телімдерінде, және де Белая, Коробиха, Фыкалка, Каменуха орыс ауылдарының жерлерінде отырған шағын-шағын 23 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Бұқтырма, Сарымасқты өзендерін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 179 отбасында 895 адам (486 ер адам, 409 әйел адам) мекендеген, рулары Шимойын, Кәлім, Сарғалдақ, Дәулет, 176 киіз үйлері, 161 ағаштан салынған үйлері болған. 42 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Қабырға, Катонқарағай және басқа да ауылдарға қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Қабырға ауылы алтыншы ауыл болып аталады.
Жетінші ауылға қазіргі Катонқарағай, Топқайың ауылдарының маңындағы: Ақжар, Шолақбұлақ, Қарашоқы, Шыбындыбұлақ, Сарқамыс, Текше, Көкқошқар, Жантекей, Қоңқай, Тіккүнгей телімдерінде отырған шағын-шағын 19 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Күлмес өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 137 отбасында 629 адам (362 ер адам, 267 әйел адам) мекендеген, рулары Шимойын, Шеруші, Шоңмұрын, 136 киіз үйлері, 132 ағаштан салынған үйлері болған. 35 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Топқайың, Белқарағай ауылдарына қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Топқайың ауылы жетінші ауыл болып аталады.
Сегізінші ауылға қазіргі Белқарағай, Өрнек, Солдатово ауылдарының маңындағы: Тасүй, Самырсындыбұлақ, Талдыбұлақ (Содатово ауылының бұрынғы атауы), Тастыбұлақ, Ақтүйе, Тоғат, Ұзынбұлақ, Белқарағай, Шолақбұлақ, Теректібұлақ, Селдірқарағай, Шүршітсу телімдерінде отырған шағын-шағын 19 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Тоғат, Шүршітсу өзендерін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 168 отбасында 861 адам (483 ер адам, 378әйел адам) мекендеген, рулары Шеруші, 168 киіз үйлері, 161 ағаштан салынған, 2 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 143 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Белқарағай, Өрнек, Солдатово ауылдарына қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Өрнек ауылы сегізінші ауыл болып аталады.
Тоғызыншы ауылға қазіргі Майемер, Алтынбел ауылдарының маңындағы: Шүршітсу, Обатас, Қиынсай, Майемер, Қызылқайың, Сарықамыс, Теректі, Қайыңдыбұлақ, Ортатеректі, Бекет телімдерінде отырған шағын-шағын 18 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде Майемер, Нарын, Теректі өзендерін және бастау-бұлақтарды пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 164 отбасында 798 адам (448 ер адам, 350 әйел адам) мекендеген, рулары Шерушінің ішіндегі Жәнібек, Есен, Жебетей, Кенже, Бұзау рулары және Болат руы, 157 киіз үйлері, 157 ағаштан салынған, 5 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 54 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Майемер, Солдатово, Алтынбел ауылдарына қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Майемер ауылы тоғызыншы ауыл болып аталады.
Көпшілік адамдар оныншы ауыл қай ауыл? Майемерден кейінгі қазақ ауылы Үштебе болар деп ойлайды. Мен де сол пікірге қосылғандардың бірі едім. Щербиннің кітабында олай болмай шықты, оныншы ауыл дегені Шыңғыстай ауылының маңында екен. Статистикалық мәліметтерді жинақтап апарғаннан кейін баспаға басар кезінде бұл ауыл соңына қарай кетіп қалған болуы керек. Негізінде төртінші және бесінші ауылдардың арасында болуы керек еді.
Оныншы ауыл Шыңғыстай ауылының маңындағы: Ақшоқы, (Ұзақ тауы жақта болу керек, бұл жерді Оралхан Бөкейдің арғы аталары Раис Тезек мекендепті), Көктерек, Қараөткел, Күркіреме, Жолар, Қарасу, Қарамола телімдерін мекендеген 16 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Бұқтырма өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 85 отбасында 440 адам (251 ер адам, 189 әйел адам) мекендеген, рулары Дәулеттен тараған Қисық руы, 84 киіз үйлері, 74 ағаштан салынған үйлері болған. 54 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Шыңғыстай ауылына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады.
Қорыта келгенде 1899 жылы Ф.А.Щербиннің экспедициясының Шыңғыстай болысында жүргізген санақ-зерттеу қорытындысына сәйкес жоғарыда айтылған он ауылға біріктірілген шағын-шағын 205 ауылда 1411 отбасы, яғни, 6888 адам мекен еткен. Олардың 12749 жылқы (оның 2673 құлын), 3690 ірі қара (оның 1508 бұзау), 101 түйе (олардың 1-і бір жасқа дейінгі бота), 25992 қой қозысымен, 2785 ешкі лағымен малдары болған.
Дүйсен Бралинов