Таяуда Орталық коммуникация қызметі алаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов аймақтың даму қарқыны жайлы баяндама оқыды. Өңірде қандай жобалар атқарылып, қай салаларда өзгеріс болып жатқанына көз жүгірттік.
Ең алдымен, аймақтың экономикалық көрсеткіштері сөз болды. Әсіресе, халықтың тұрмысын жақсарту бағытында атқарылған іс көп. Мәселен, облыста өнеркәсіп өндірісі – 129%, инвестициялар – 117%, құрылыс – 116%, ауыл шаруашылығы 115% өсім көрсеткен. Жеке кірістер көлемі де 113%-ға ұлғайып, 195 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ 23 мың жұмыс орны ашылған. Қазір өңірдегі жұмыссыздық көрсеткіші орташа республикалық деңгеймен тең (4,6%). Орташа жалақы биыл 9,5%-ға өсіп, 403 мың теңге болыпты. Жыл соңына дейін облыстың жалпы өңірлік өнімі 102%-ға артып, 5,5 трлн теңгеге жетеді деп күтіліп отыр. ![]()
Аймақ басшысы Президент тапсырмасы бойынша облыстың жаңа инвестициялық контуры қалыптасып жатқанын жеткізді. Портфельде жалпы құны бір трлн теңгеден асатын 81 инвестициялық жоба бар. Оның ішінде, 64 жоба – белсенді іске асырылу кезеңінде. Биыл 15 жобаны 55 млрд теңгеге іске қосу жоспарлануда, бұл 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығының ауқымы кеңеймек
Биыл аймақтың аграрлық секторы тұрақты өсім көрсетуде. Астық өнімі – 101,5%-ға, майлы дақылдар 107%-ға артқан. Қайта өңделген экспорттық өнім үлесі 66%-дан 71%-ға дейін өсті.
Цифрлық жүйені пайдалану арқылы егістік жерлердің 40%-ы өнімділікті гектарына 30 центнерге дейін арттырады. Агрөөнеркәсіп кешенінде сыртқы ынтымақтастықты нығайту мақсатымен Қытай, Ресей және Өзбекстанмен өзара іс-қимыл жолға қойылған.
Қазір өңір балық шаруашылығында да өңір көш бастап тұр. Биыл 2,5 мың тонна балық өндірілмек. Балық өсіру ісі де 2,5 есеге ұлғайды. Сібір бекіресін қалпына келтіру үшін Қара Ертіске 61 мыңнан астам балық шабағы жіберіліпті.
Шағын және орта бизнес 152 мың шығысқазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Биыл мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікті қолдауға 92 млрд теңге бөлінді.
Туризм саласының табысы мол
Туризм де өңір экономикасының өсіміндегі негізгі бағыттардың бірі болып келеді. Қыстың ерте түсуі және қардың көп болуы өңірде тау шаңғысы саласын дамытуға жағдай жасайды. Риддердің маңында жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» кешенін салуды жоспарланған. Ол тау туризмі мен спортшыларды даярлау орталығына айналады. Халықаралық Pana Asia қонақүй компаниясы халықаралық стандарттарға толық сай келетін заманауи қонақүйлер салатын болады.
Онкология және хирургия орталығының базасында медициналық туризм белсенді дамып келеді, онда ЧЕК-АП қызметтері ұсынылады. Кореяда 5-10 мың доллар тұратын бұл қызмет Өскеменде 500 долларға жасалмақ.
Туристерді тартуға AltaiFest, этномәдени фестиваль «Шығыс Салбұрыны–2025» секілді имидждік жобалар ықпал етеді. Биыл бұл іс-шараға Қазақстан, Ресей, Қытай, Испания, Венгрия, Моңғолия және Қырғызстаннан 148 бүркітші қатысты. 10 мыңнан астам көрермен жиналды.
Автожол желісін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл аймақта 98 млрд теңгеге 856 шақырым автожол жөнделді. Облыс орталығының көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту үшін екі жолайрық салынуда, олар кептелістерді азайтып, жол желісінің өткізу қабілетін арттырады.
Сонымен қатар Өскеменде екі көпір салынады. Бұл көлік байланысын және транзиттік әлеуетті жақсартады. Келесі жылдан бастап Уба өзені арқылы өтетін, Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы бағытының бір бөлігі болып саналатын апатты көпірді реконструкциялау басталады.
Әлеуметтік саланың адымы
Биыл Шығыс Қазақстан облысында 380 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, оның ішінде 29 көп қабатты үйден тұратын 2,3 мың пәтер, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 350 пәтер салынбақ.
Президенттің халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы орындалуда: жыл соңына дейін 8 жаңа нысан іске қосылып, тағы 4 мыңнан астам адам сумен қамтамасыз етіледі.
Жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында Риддер ЖЭО-сы «қауіптің қызыл аймағынан» шығарылды. Жабдықтың тозу деңгейін 3%-ға (46%-дан 43%-ға), ал жылу желілерінің тозуын 8%-ға (67%-дан 59%-ға) төмендетуге мүмкіндік берді.
Халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыс жалғасуда. Қазір халықтың 97%-ы интернетке қол жеткізген. Биыл тағы 56 ауыл қосылады, ал қалған 66 аз қоныстанған елді мекен республикалық Жол картасына сәйкес 2027 жылға дейін интернетпен қамтылады. Келесі жылы 22 антенна құрылғысын салу жоспарлануда.
Денсаулық сақтау саласында медициналық қызмет көрсету мен инфрақұрылымды жақсарту бойынша нысаналы жұмыстар жүргізілуде. Ұлттық жоба аясында 36 ауылда медицина нысан құрылысы аяқталады. Ұлан ауданында бір ауысымда 150 адам қабылдайтын заманауи аудандық емхана ашылды. Риддерде аурухана кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Өскеменде Ана мен бала орталығы және Гематология орталығын біріктіретін заманға сай медициналық кластер құрылуда. Кейін оның құрамына 300 төсек-орындық көпсалалы аурухана кіретін болады.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстары да жалғасуда. Биыл 118 маман оқытылды, оның ішінде 72 маман Түркия, Израиль, Германия, Қытай және басқа елдердің жетекші медициналық орталықтарында білім алды. Өңірдегі ғалымдар Ұлттық травматология және ортопедия орталығымен бірлесе отырып, импланттың алты түрін жасап шығарған. Омыртқа аралық кейдж және пластина орнату бойынша 137 ота жасалыпты. Қазақ онкология және радиология институтымен бірлесе отырып, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған титан ұнтағынан имплантаттар шығарылған.
Экологияға да көңіл бөлініп отыр. Ауа сапасына экологиялық мониторинг жүргізу бағдарламасы аясында 25 бақылау бекеті желісін құру жобасы іске асуда. Алдағы уақытта бұл платформа кәсіпорындарда орнатылған тіркеу аспаптарын біріктіру арқылы кеңейтілмек.
Ірі кәсіпорындармен қолайсыз ауа райы жағдайында өзара бірлесіп әрекет ету туралы меморандумдарға қол қойылыпты. «Өскемен тынысы» қоршаған ортаны қорғау бюросы жұмыс істейді. Оның құрамына тәжірибелі экологтар, қоғам және мемлекеттік органдардың өкілдері кірген.
Қорыта айтқанда, Шығыс Қазақстан облысы экономикалық өсім мен әлеуметтік саланың дамуына ерекше зер салып отырғаны байқалды. Бұл жобалар жүйелі түрде жалғаса берсе, тұрғындардың өмір сүру деңгейі де жақсаратыны даусыз.
М. ЖАЛҒАСҰЛЫ