Тарихқа шегініс жасасақ, 19 ғасырдың аяғына қарай ауылға алтын өндіретіндер келе бастаған. Маралды маңайында кен орындарын барлау жұмыстары 1931 жылы басталыпты. Ол заманда 319 ұңғыма жасалып, 1510 метр арық қазылған. 867 жерасты қазу жұмыстары жүзеге асқан. 1930-1932 жылдары колхоздар құрылады. Олар Алтай, Үшбұлақ, Қиынбұлақ, Ленин, Төсқайнат деп аталады. Ұлы Отан соғысы жылдарында рудникте әйелдер, балалар, қарттар еңбек еткен. 1957 жылы рудник таратылып, совхоз құрылған. 1967-68 жылдары ауылда мәдениет үйі салынады. Сауда дүкендері рудник кезінде салынған екен. ![]()
Маралды ауылдық округінің жалпы жер қоры 117 404 гектар, ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жерлер жалпы ауданы 97 284 гектар, оның ішінде 88 902 гектар жайылымдық. Бүгінгі таңда Маралды ауылында 466 тұрғын бар. Ауылда 11 жылдық орта мектепте 58 оқушы білім алады, 23 мұғалім еңбек етеді. Сонымен қатар ауылдық медициналық пункт, ауылдық әкімдік ғимараты, пошта бөлімшесі жұмыс істеп тұр.
Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 2024 жылы Маралды ауылының 7 шақырым жолдары мен көшелеріне орташа жөндеу жүргізілді, воркаут аймағы бар шағын футбол алаңы орнатылды, ауылдық клубтың қасбеті қапталды, көше жарықтандыру тіректері мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауылға 30 бейнебақылау камерасы орнатылды. Қараөткел өзені арқылы өтетін көпір жөнделді, сондай-ақ Маралды-Үшбұлақ бағытындағы автожолға 315,0 млн теңгеге 21 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізілді. 40 көше жарығы бағаны орнатылып, ауыл толықтай көше жарығымен қамтамасыз етілді. Ауылға орталықтандырылған су жүйелерін тарту жұмыстары да жүргізілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2023 жылы Маралды ауылында жаңа медициналық пункт бой көтерді. Ана мен баланы қорғау – Мемлекет басшысы белгілеген басты басымдықтың бірі. Ауданда ана мен балаға медициналық көмек берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – басты назарда. Ана мен бала денсаулығына жіті көңіл бөлініп отырады. Маралды ауылында 2023 жылы бір бала, 2024 жылы 4 бала, 2025 жылы 2 бала дүниеге келген. 0-18 жасқа дейінгі балалар саны – 67.
2024 жылдың 28 қараша күні Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов арнайы келіп, аудан жұртшылығымен кездесіп, Маралды ауылындағы алтын өңдеу зауытының ресми ашылуын мәлімдеген болатын. Ресми ашылған уақыттан бері зауыт өз жұмысын жалғастырып келеді. Зауыттың ашылуы, біріншіден, аудан экономикасына көлемді қаржы құйса, екіншіден, аудан азаматтарының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді. Кәсіпорында 300 жаңа жұмыс орындары қарастырылған. Бүгінгі таңда алтын өңдеу зауытында 155 жұмысшы еңбек етуде. Оның 51-і аудан азаматтары. Ең бастысы, жұмыспен қамтылған азаматтар ауылдан қоныс аудармай, олардың ауылда тұрақтап қалуына көмектеседі. Сондай-ақ, зауыттың өндірген өнімі 2024 жылы 20 737 тонна болса, биылғы өнім өндіру көлемі 250 мың тонна яғни, 3,2 млн теңгені құрайды деп жоспарланған.
2012 жылы желтоқсан айында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен «СПК «Ертіс» АҚ арасында Күршім ауданында орналасқан Маралды ауылының «Маралды кен аймағы» және «Маралихинское» учаскесінде алтын барлау жұмыстарына алты жылға екі келісімшарт жасалған. 2020 жылдан бері 14 қоғамдық тыңдау өткізілді. Қоғамдық тыңдауда экологиялық ахуалға алаңдаушылық білдірген азаматтар пікірі назарға алынды. Азаматтардың ұсыныстары бойынша құзырлы мекемелер тексеру жұмыстарын жүргізді. Зауыт тарапынан заң талаптарын бұзу фактілері орын алмады. Бүгінгі таңда зауыт заң шеберінде өз жұмысын жалғастырып келеді. Бірінші кезекте аз ғана уақытта өндіріс орны бой көтерді. Яғни, алтын өңдеу зауыты іске қосылды. Бұл дегеніміз, жаңа жұмыс орны ашылып, инвестиция тартылса, екіншіден, бюджетке қосымша салық та түсіретіні анық. ![]()
Аудан әкімі ретінде менің тікелей міндетіме аудан бюджетіне жеке кіріс салығын көбейту, инвестиция тарту мақсаттары жүктеледі. Осы орайда 2024-2029 жылдарға Күршім ауданы әкімдігімен «Maralicha», «Maralicha-Gold» ЖШС және «ВСАМ Продакшн» ЖШС арасында меморандум жасалған. Меморандумға сәйкес аталмыш кәсіпорын әр жылдарда ауылдың дамуына қаражат бөліп отырады. Жалпы сомасы 2,5 млрд теңге ауылдың дамуына құйылады деп жоспарланған. Соған сәйкес 2024 жылы 315 млн теңге бөлінсе, 2025 жылы 415 млн теңге бөліну жоспарланған. Бүгінгі таңда Күршім ауданынан 51 азамат аталмыш зауытта тұрақты еңбек етсе, оның 25-і Маралды ауылының жергілікті тұрғындары.
Ел Президенті биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекітті. Мемлекет басшысының бұл бастамасы еңбек адамдарының құндылығын арттырып, олардың қоғамға қосқан үлесін жоғары бағалауға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Осы орайда Маралды ауылында мектепте, әкімдік пен ауылдық клубта, орман шаруашылығында жемісті еңбек етіп жүрген еңбек азаматтары баршылық. Маралды ауылдық округі бал шаруашылығымен көш бастап тұрғанын мақтан тұтамыз. Жыл сайын облыстық, республикалық «Бал жәрмеңкесінде» оза шауып, үздіктер қатарынан табылатын да осы ауылдың омарташылары. Алтын өңдеу зауытымен жасалған меморандумда ауыл кәсіпкерлеріне кәсібін жандандыруға меморандум қаражаты есебінен пайызсыз несие беру де жоспарланған. Бұл да еңбек адамдарына деген үлкен қолдау болары анық.
аралды ауылы әсем табиғатымен ерекшеленеді. Аудан орталығынан шалғай жатса да жергілікті тұрғындар туған жерлерінде еңбек етіп, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Бұқтырма су қоймасы арқылы салынған көпір де ауылдан көшкен азаматтарды, қала мен даланы қайта жақындата түсуде. Болашақта отандық туризмнің көрікті жерлеріне айналады деген де үмітіміз бар. Қасиет қонып, құт дарыған ауылдың алар асуы асқақ екеніне сенімім зор.
Биыл 400 млн теңгеге іс-шараларды іске асыру жоспарланған, оның ішінде жыл басынан бері 227,2 млн теңгеге жобалар іске асырылды. Мысалы, Маралды ауылындағы орталық саябақты қоршау және стадионда спорттық снарядтар орнату, ауылдық округтегі жалпы пайдаланымдағы жолдар мен өткелдерді ұйымдастыру және жайластыру бойынша жұмыстар жүргізілді. ҰОС аллеясында гранит плиталарын орнату, су құбыры желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. 2026 жылы Маралды ауылының Уәлиханов көшесінің орталық бөлігіне қоршау қаша орнату, Уәлиханов көшесіне аллея орнату, ауылдық округі ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Облыс әкімі шалғай ауылдарға жан-жақты көңіл бөліп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды жіті бақылауда ұстайды. Ауылда қолға алынған су, жол, жарық мәселелері әр жыл сайын шешімін табуда. Алдағы уақытта да межелі мақсаттар мен жобалар жүзеге асады. Осы игілікті жұмыстар, бірінші кезекте, облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асып жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Қанатбекұлы Мейіржан (ШҚО, Күршім ауданының әкімі)
Айқын. - 2025. - 11 қазан (№113). - Б. 6.