Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай және Еңбек ауылдарының отасынан Алтай тауының биік шыңына Ирек жолымен көтеріліп, Бұрхат асуынан асып, Марқакөл көліне, одан әрі қазіргі Марқакөл ауылына дейін баратын жол көптің көңілін аударып, туристердің ерекше қызығушылығын тудыруда. Бұл жолды көпшілік «Ескі австрия жолы» деп атап кеткен. Асудың жолы ашыла салысымен осы жолмен жол талғамайтын көліктерге мінген отандық және шетелдік туристер қара күзге дейін саябырламайды. Олардың саны мен сапасын Катонқарағай мемлекеттік ұлттық парктің Шыңғыстай орманшылығындағы жолға қойылған бекеттегі және Марқакөл ауданы Ұрынқай ауылы Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығындағы туристерді тіркеу журналдарынан көуге болады. Катонқарағай мен Марқакөл аудандарының жеке аудан болып құрылып, аудандарда туризмнің ерекше қарқынмен дамуы осы жолдың маңызын одан әрі асқақтатты. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеументтік желілерде осы жолдың салынуы, атауы жөнінде көптеген мақалалар жазылып, көпшіліктің талқысына жиі түсетіні де байқалады. Осы тақырыпқа бес жылдан астам уақыт бұрын мен де «Австриялықтар салған жол» атты мақала жазып, ол фейсбук әлеуметтік желісінде, аудандық газетте және Катонқарағай мемлекеттік ұлттық парктің құрылыуының 20 жылдығына орай шығарылған кітаптың екінші томында жарияланған болатын. Мақаланы жазған кезде осы жол бойынша біршама іздеу жұмыстарын жүргізген едім, әсіресе бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындары, олардың сол кездегі Семей облысы мен облыс қалаларына әкелінуі, тұрмыс жағдайлары, әр түрлі жұмыстарға тартылуы жайлы деректерге ерекше көңіл бөлген едім. Сонда осы жолға байланысты Семей губернаторының неміс және австро-венгриялық тұтқындарға қатысты жеделхаттары ішінен архивтік төмендегі құжатарды тапқан едім, 1915 жылы тамызда Өскемен қаласына жіберіген №6630 жеделхатта: «Алтай қара жолын салып жатқан 250 әскери тұтқын осы жылдың тамыз айының он бірінші жұлдызында Өскемен қаласына жіберілетінін хабарлаймын... Бұл туралы хабарлай отыра, мен жоғары мәртебелі мырзадан аталған әскери тұтқындарды Өскемен қаласына қабылдау және алып кету үшін Мало-Красноярск кентіндегі пароход пристанына конвойлардың жеткілікті мөлшерін жіберуді өтіну құрметіне ие боламын,» - деп жазылған. Оған жауап ретінде
1915 жылдың 10 тамызында Өскемен уезінің бастығына жолданған №4092 басқа жеделхатта: «Мен, жұмысқа тағайындалған екі жүз елу әскери тұтқынның жүз елуін ғана қабылдай алатындығым туралы хабарлама беремін,» - деп хабарланған. Жолдың салынуына байланысты басқадай ешқандай архивтік құжаттар табылмаған еді.
Мақаладағы қалған мәліметтердің көпшілігі ел аузынан жазып алынған деректер еді. Содан бері менің көкейімде: «Бұл жол құрылысы сол кездегі жағдайға сай үлкен құрылыс болып есептеледі, оның із-түссіз қалуы мүмкін емес, қандай да бір құжаттарда ол жайында деректер сақталуы керек,» – деген сеніммен іздеу жұмыстарымды тоқтатпадым. Катонқарағай өлкесіне келген саяхатшы, зерттеушілердің жазбаларынан да, 1915-1916 жылдардағы Сібір өлкесінде шыққан газет-журналдардағы мақалалардан да осы жолдың салынуы жайлы ешқандай деректерді таппадым. Біраз уақыттан кейін Ресей Федерациясының музей қорының мемлекеттік каталогынан белгісіз автордың «Чингистайский пикет - поселок Тарбагатай, поселок Успенский - Ак-Джайляу Усть-Каменского и Зайсанского уездов Семипалатинской области» деген альбомын таптым. Өкінішке орай қазір музей қорының мемлекеттік каталогына кіруді шектеп тастады. Осы альбомда Шыңғыстый бекетінен Ақжайлау ауылына дейінгі салынып жатқан жолдың көптеген суреттері бар еді, әр суреттердің астында қай жер екендігі жазылған, одан басқа ешқандай деректер жоқ. Мұндағы Шыңғыстай бекеті деген кезіндегі Қытайдың Қаражер жазығында орналасқан Шыңғыстай бекеті, ал Тарбағатай поселкасы асудың үстінде Қара Қаба өзеніне Тарбағатай өзені келіп құятын жерде Қытайдың Тарбағатай бекеті болған, бертін келе бұл жерде шағын ауыл болған екен, ал Успенское-Ақжайлау қазіргі Марқакөл ауданындағы Ақжайлау ауылы.
Көп ізденістің арқасында жуықта осы жолдың салынуы жайлы өте құнды құжаттарды таптым, ол Ресей империясының Жерге орналастыру және егіншілік бас басқармасының құрамындағы Қоныс аударту басқармасының «Оралдан шығысқа қарай қоныс аударту және жерге орналастыру» атты 1906-1916 жылдарға арналған ресми жылдық есептері. Бұл есептерде көптеген мәселелер қамтылған, соның «Жол салу жұмыстары» бөлімінде аталмыш жолдың салыну мақсаты, стратегиялық маңызы, қай уақытта салынғаны, қанша қаржы жұмсалғаны, жолды салуға кімдердің қатысқаны, алдын-ала зерттеу-жобалау жұмыстары жайлы деректер және біршама фото-суреттер бар екен.
Жолды Ресей империясы қоныстану аймағының Қытай шекарасына жақын орналасуына байланысты стратегиялық мақсатта және қоныстанушыларға қызмет жасау мақсатында қаржы бөліп салдырған. Жол салу 1911 жылы Зайсан уезіндегі Николаевск ауылынан басталған екен, бұл ауыл орыс қоныстанушылары қоныстанған ауыл, 1990 жылдары ауыл атауы Мойылды болып өзгертіліп, халық санының аздығына байланысты 2017 жылы таратылған, қазіргі Марқакөл ауылдық округінің құрамында, Мәрмәр асуы (перевал Мраморный) басталар жерде орналасқан. 1911, 1912 және 1913 жылдары Николаевск – Ақжайлау бағытындағы 27 верст (1 версте 1,067 км) жол, Ақжайлау –Ұранқай бағытындағы 23 верст жол салынып аяқталып, Ұранқай – Мараленок бағытындағы жолдың 18 версті салынып басталады. 1914 жылы Жаман Қаба (Сорвенок) өзенінен Алатай жотасы арқылы өтіп, Қаба өзенінің аңғары бойымен жалғасатын Ұранқай – Мараленок бағытындағы 18 верстік тау асу жолының учаскесі салынып аяқталады. 1911-1914 жылдары салынған жолдар шаруашылық тәсілмен салынып, оған жергілікті қазақтар, қоныстанушы орыстар және ішінара қытайлар да қатынасады. 1911-19113 жылдары қазақтардың үлесі салмағы көп болған екен. 1915 жылы Мараленок өзенінен Тарбағатай бекетіне дейінгі 14 верст және Шыңғыстай бекетінен Тарбағатай бекетіне дейінгі 23 верст жолдар салынады. Бұл жолдарды салуға бірінші дүниежүзілік соғыстың 512 тұтқыны қатынасады. Олар осы жолдарды салып аяқтауға 1916 жылы да қатынасқан болуы керек, бірақ ол жайлы нақты деректер жоқ, себебі 1916 жылғы есеп 1917 жылы жасалу тиіс болатын, революциялық оқиғаларға байланысты Ресей мемлекетінің ыдырауы себебінен Қоныс аудару басқармасының жүйелі жасап отырған есеп беру жұмыстары үзіледі. Әр жыл сайын жол салумен қатар алда салынатын жолдарға зерттеу-жобалау жұмыстары да жүргізіліп отырған. Жолдың ені тас қазу және жару жұмыстарын қажет ететін жерлерде 2,5 сажын (5,3 метр шамасында), ал қалған жол бойында 3 сажынды (6,4 метр шамасында) құрайды. Жол салған кезде жердің жұмсақ қабаты алынып, тау жыныстары мен қиыршық тастар төселген, сондай-ақ жару жұмыстары да қолданылған. Шынғыстай бекетінен Тарбағатай бекетіне дейінгі жолды салуға жоғарыда айтылған Мало-Красноярск порты арқылы келген 250 соғыс тұтқындары слуға қатысса, Мараленок өзенінен Тарбағатай бекетіне дейінгі жолды Зайсан жақтан келген 250 ден астам тұтқын салды деп ойлаймын, себебі аталмыш телім сол кезде Зайсан уезіне қарасты болды, және Зайсан қаласында да тұтқындар болған деген деректер бар. Мараленок өзенінен Тарбағатай бекетіне дейінгі салынған жолдың бойында Қара Қаба өзеніне бірнеше көпірлерді де сол тұтқындар салған.
Жоғарыда айтылған деректерді саралай келе Марқакөл ауданындағы Мәрмәр асуынан Тарбағатай тауының етегіне дейінгі жүзден астам шақырым жолдың 37 шақырымын ғана бірінші дүниежүзілік тұтқындар салған, қалған бөлігін жергілікті қазақтар мен орыс қоныстанушылары салған, оларға техниктер, десятниктер және инженерлер басшылық жасаған. Тарихи деректерді білмегендіктен осы жолды түгелдей тұтқындар салды деп солардың атымен атап келдік, енді бұл жолдың атауын да қайта қарасыруымыз қажет деп ойлаймын. Бұл жолды Ирек деп атау қажет деген пікірді қолдаушылар бар екенін білемін, бірақ Ирек деген атау осы жолдың Бұрқат асуына дейінгі бөлігі, ол тұтас жолға атау бола амайды.
Жоғарыда айтқанымдай бұл жолдың туризм саласындағы маңыздылығы күннен-күнге артып келеді, мемлекет те осы бағыттағы жолдар мен көпірлерді жөндеуге ниетті. Осы орайда өз тарапымнан Катонқарағай және Марқакөл жағынан осы жолдың басталар тұстарына жол жайлы ақпараттық белгі орнатса деген ұсыныс білдіремін. Онда жолдың схемелық картасы, салыну жылдары, арақашықтығы, асулардағы биіктік (теңіз деңгейінен), жол бойындағы өзендер, көпірлер және тағы да басқа қажетті ақпараттар қамтылса деп ойлаймын.
Төменде Ресей империясының Жерге орналастыру және егіншілік бас басқармасының құрамындағы Қоныс аударту басқармасының «Оралдан шығысқа қарай қоныс аударту және жерге орналастыру» атты 1911-1915 жылдарға арналған ресми жылдық есептерден үзінділер келтіремін.
1911 жылы Семей облысына жол салуға 42418 рубль жұмсалды, оның ішінде Зайсан уезіндегі Николаевка ауылынан Ақжайлау учаскесіне дейінгі 18 верст жол құрылысына 29859 рубль, 64 верст жолды зерттеуге 3642 рубль, жұмыс жабдықтарына 1774 рубль, инженерлер мен техниктерді ұстауға және іссапар шығындарына 4510 рубль және десятниктер мен кеңсе жұмыстарына 2633 рубль жұмсалды.
Зерттеу, жобалау жұмыстарын бір топ жүргізді. Зайсан ауданындағы 64 версті қамтитын үш жолға зерттеу жұмыстары төрт айда аяқталды. Олар: Николаевка ауылынан Ақжайлау ауылына қарай 9-шы верстен бастап 14 верст, Ақжйалау ауылынан Ұрынқай ауылына дейінгі 23 верст, Ұрынқай ауылынан Козье бұлағына деінгі 27 верст. Бұл жұмыстардың өнімділігінің төмен болуы жер бедерінің таулы, қатты жынысты болуына байланысты. Осындай жағдайларға байланысты салынатын жолға арналған бағытты таңдауда жолды ұзартатын және тік беткейлер мен артық шұғыл бұрылыстардан аулақ болу, шығынды көп қажет ететін жару жұмыстарын мейілінше азайта отырып, егжей-тегжейлі аспаптық зерттеулерден кейін бірнеше нұсқаларды саралаудан соң ғана мүмкін болды. Бұл зерттеулердің бір версінің құны, қызметкерледің еңбегін қоса алғанда, 57 рубльді құрады.
Николаевка ауылынан Ақжайлау учаскесіне дейінгі тау асулары арқылы өтетін жол салынды. Осы жылы жұмыс ең қиын учаскелерде жол төсемін салуға бағытталды. Осы мақсатта 605 текше сажын (1 сажын шамамен 2,134 метр) тау жыныстары жарылды, 2554 текше сажын топырақ жұмыстары жүргізілді. Тоғыз көпір мен су өткізу құбырлары салынды, 80 тіреу тұғырлар (надолб) орнатылды және 3,6 текше сажын қиыршық тас төсемі жасалды. Жару жұмыстарының құны орта есеппен бір текше сажын үшін 21 рубль 67 тиын, ал топырақ жұмыстары 4 рубль 05 тиын болды. Жол салу жұмыстары шаруашылық тәсілмен жүргізілді. Жұмысшылардың көпшілігі (60%) Семей облысының қазақтары болды. Жергілікті қоныстанушылар жұмыс күшінің 26%-ын, ал қытайлықтар 14%-ын құрады.
Жол 1911 жылы аяқталмады, құрылыс жұмыстары 1912 жылы жалғасты. Бұл жұмыстың бір верстінің орташа құны 4000 рубльді құрады. Бұл баға Сібір жолдары үшін ерекше, құрылысы қымбат, жарылыс жұмыстарын қамтыған Кавказ жолдарының құнына жақын.
Салынып жатқан жол қоныстану аймағындағы екі мың адамға қызмет көрсетумен қатар, Қытаймен шекаралас аймақта орналасқандықтан стратегиялық маңызға ие, сондықтан оның сапасына ерекше назар аударылды.
Жұмысқа жалпы басшылық жасау жол инженерінің міндеті болды, ал құрылыс және зерттеу жұмыстарын үш техник және төрт десятник жүргізді.
1912 жылы Семей облысында жол құрылысына 47725 рубль жұмсалды, оның ішінде ұзындығы 23 верст болатын Ақжайлау-Ұрынқай жолының құрылысына 18815 рубль, ұзындығы 27 верст болатын Николаевка-Ақжайлау жолын аяқтауға 8538 рубль, ұзындығы 119 верст болатын жолды зерттеу-жобалауға 6780 рубль, десятниктерді жалдауға, материалдар мен жабдықтарға және кеңсе жұмыстарына 7197 рубль, инженер мен техниктерді ұстауға 6395 рубль жұмсалды.
Салынатын жолдарды зерттеу-жобалау жұмыстары аймақтың оңтүстік-шығыс бөлігінде, Марқакөл көлінің маңында, таулы жерде жүргізілді. Атап айтқанда: Николаевка-Ақжайлау (қайталай зерттеу) – 18 вест, Ақжайлау – Ұрынқай (қайталай зерттеу) – 57 верст, Ұрынқай-Кабянск ауылы – 23 верст, Ұрынқай-Мараленок – 21 верст. Жерді зерттеу екі тараппен жүргізілді. Бір версттің орташа құны 57 рубль деп анықталды.
Николаевка елді мекенінен Ақжайлау елді мекеніне дейінгі жолдың жалғасы болатын Ақжайлау елді мекенінен Ұрынқайға дейін ұзындығы 23 верст болатын жаңа жол салынды. Николаевка-Ақжайлау жолында әктас пен тақтатастан жол төсенішін салу басым жұмыс болды, жару арқылы 245 текше сажын тас шығарылды, оған 4066 рубль жұмсалды, тастарды жарып шығару арқылы 776 шаршы сажын жол төсенішін тегістеу жүргізіліп оған 3425 рубль жұмсалды. Ақжайлау-Ұрынқай жолында қиыршық тасты және тасты топырақтарда жұмыстар жүргізілді, бірақ жару жұмыстарына салыстырмалы түрде аз жүгінуге тура келді (61,5 текше сажен).
Осы бағыттағы жолдардағы жер қыртысы тасты болуына байланысты бағаналы көпірлер жобаланбады. Сондықтан кішігірім көпірлер салу үшін бөренелерді жатқызып, крест тәрізді байланысқан іргетастар пайдаланылды, ал үлкен көпірлер үшін торлы-қаңқалы (ряжевыя) іргетастар пайдаланылды. Николаевка-Ақжайлау жолын салу бір верстке орташа құны 4000 рубль, ал Ақжайлау-Урунхайка жолына 1500 рубль деп анықталды. Жол құрылыс жұмыстары үш техник және тоғыз десятник және бір инженердің басшылығымен жүргізді.
1913 жылы Семей облысындағы жол жұмыстарына жұмсалған жалпы шығындар 72447 рубльді құрады. Бұған Ұрынқайдан Мараленок өзеніне дейінгі жаңа 21 версттік жол салуға 6296 рубль, Бұрынғы қолданыстағы Николаевка-Ақжалау жолының 27 вестін аяқтауға 16652 рубль, Ақжайлау-Ұрынқай жолының 23 верстін аяқтауға 18881 рубль, 125 верст жолды зерттеу-жобалауға 6399 рубль, десятниктерді жалдауға, жабдықтар мен материалдарға және кеңсе шығындарына 20615 рубль, және инженерлер мен техниктерге 3604 рубль жұмсалды.
Облыстың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі екі жолды зерттеп-жобалауға екі топ қатысты. Маралёнок өзенінен Шыңғыстай бекеті арқылы Алтай станицасына дейін созылатын жол Тарбағатай жотасынан өтуі қажет болды, бұл жұмыстарда айтарлықтай қиындықтар туындады. Бұл бағытта зерттеу-жобалау жұмыстары бұрын да жүргізілген, бірақ жолды жобалау үшін қолайлы бағыт табылған жоқ. Нәтижесінде зерттеу-жобалау жұмыстары 1914 жылға жалғастыруға қалдырылды. Зеттеу-жобалау жұмыстары Ұрынқай-Төменгі шүмек бағытындағы 70 верст жерге және Мараленок өзенінен Алтай станицасына дейінгі 55 верстке жүргізілді, 125 версті қамтитын жерді зерттеу жұмыстары 6399 рубльге бағаланды, бұл әр верст үшін орташа есеппен 51 рубльды құрайды.
Ұрынқай елді мекенінен Мараленок өзеніне дейінгі жаңа жолдың құрылысы, сондай-ақ бұрынғы Николаевка-Ақжайлау және Ақжайлау-Ұрынқай жолдарының құрылысы үш техниктің басшылығымен жүргізілді. Бұл жолдар 14 қоныс аудару учаскелеріндегі 3235 адамға қызмет етеді. Жұмыс күші негізінен қазақтардан тұрды, қоныстанушылар жұмысшылардың шамамен 20%-ын құрады. Жұмыс тікелей шаруашылық тәсілмен атқарылды. Жолдың бір верстінің орташа құны 2600 рубль деп бағаланады.
1914 жылы Семей облысында жол жұмыстарына 66805 рубль жұмсалып, оған Зайсан уезінде Жаман Қаба (Сорвенок) өзенінен Алатай жотасы арқылы өтіп, Қаба өзенінің аңғары бойымен жалғасатын 18 верстік тау асу жолының учаскесі салынды, оған 44262 рубль жұмсалды, 154 верстті қамтитын жолдарды зерттеу-жобалау жұмыстары 6275 рубльға жүргізілді, 50 верст жол 2500 рубльға жөнделді, жабдықтар мен кеңсе шығындарына және десятниктерді жалдауға 8132 рубль жұмсалды, ал инженер мен техникті ұстауға және іссапар шығындарына 5636 рубль бөлінді.
Зерттеу-жобалау жұмыстарын бір ғана зерттеу тобы жүргізді, оның құрамына топ бастығы, екі нивелировщик және пикетажист кірді. Бұл топ Николаевка елді мекенінен Ақжайлау ауылына дейінгі 60 версттік жолды егжей-тегжейлі нивелирлеу және өлшеу жұмыстарын жүргізді. Кейіннен олар Жаман Қаба өзенініен бастап салынып жатқан 30 версттік учаскеге соңғы зерттеулер жүргізді, сондай-ақ жаңадан салынатын жолдардың 64 верстіне зерттеулер жүргізді. Зерттеудің бір верстінің орташа құны 41 рубльді құрады.
Есепті жылда салынып жатқан 18 верст жол Қара Ертіс пен Зайсан көлінің суларын Бұқтырма өзені жүйесінен бөлетін Үлкен Алтайдың Нарын жотасы арқылы өтетін тау асу жолының бір бөлігін құрайды. Жолдың бұл бөлігінің салынып бітуімен Николаевское елді мекенінен басталатын 78 версттік учаске бойында 5600 адам тұратын 36 елді мекенге доңғалақты көлікпен қатынау мүмкіндігін қамтамасыз етіледі. Дегенмен, қазіргі уақытта Бұқтырма өзенінің аңғарында орналасқан Шыңғыстай бекетіне апаратын қалған 38 верст жол бойымен тек жүк таситын жануарларғана жүре алады. Салынып жатқан тау асу жолы айтарлықтай экономикалық маңызға ие. Кең тау жайылымдары мен мол шабындықтар Оңтүстік Алтайда мал шаруашылығының өркендеуіне ерекше ықпал етеді. Қазіргі уақытта мал өнімдері жүк таситын жануарлармен ғана тасымалданады, оның шығыны көп, ал доңғалақты тасымалдау бұл шығынды бес есеге дейін төмендетеді деп күтілуде. Таулы елді мекендерден Алтай станицасына дейінгі бір пұт жүкті тасымалдайтын көлік шығындарының айырмашылығы шамамен бір рубльді құрайды, бұл фактор Зайсан уездінің осы бөлігінің қоныстануы мен дамуына сөзсіз әсер етеді.
Жол учаскесіндегі құрылыс жұмыстары тікелей шаруашылық әдісімен жүргізілді, қоныстанушылар жұмыс күшінің 85%-ын, ал қазақтар 15%-ын құрады. Жолдың үлкен бөлігі тасты жерлерден өтеді. Жолдың ені тас қазу және жару жұмыстарын қажет ететін жерлерде 2,5 сажын, ал қалған жол бойында 3 сажынды құрайды. Құрылыстың орташа құны бір верст үшін 2460 рубльді құрады. Құрылыс басшысының басшылығымен техник және алты десятник жұмыс істеді.
1915 жылы Семей облысындағы жолға бөлінген шығындардың жалпы сомасы 116790 рубльді құрады, оның ішінде: 37 верст жаңа жол салуға – 78267 рубль, 47 верст жолды аяқтауға – 7805 рубль, 70 верст жолды жөндеуге – 2700 рубль, жоспарланған 187 верст жолды зерттеп-өлшеуге – 8 000 рубль, жабдықтар мен материалдарға, кеңсе шығындарына және десятниктерді жалдауға – 13 281 рубль, инженерлер мен техниктерге – 6 737 рубль жұмсалды.
Зерттеу жұмыстарын бір топ жүргізді, олар Ертіс өзенінің жағасындағы Мешіт ауылынан Зайсан уезіндегі Марқакөл көліне дейінгі 187 верст жолдың бағытын зерттеу және жобалау жұмыстарын аяқтады. Бұл жол 18 учаскенің 3 370 адамына қызмет көрсетуге арналған. Зерттеу жұмыстарының құны бір верстке 43 рубльді құрады.
Жол құрылыс жұмыстары Нарын жотасы арқылы өтетін тау асуы жолының екі учаскесін аяқтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Олар: Мараленок өзенінен Тарбағатай бекетіне дейінгі 14 вестке 24210 рубль, Тарбағатай бекетінен Шыңғыстай бекетіне дейін 23 верстке 54057 рубль жұмсалды. Бұл учаскелердегі жолдар біткен соң, Алтай елді мекеніне дөңгелекті көліктердің қатынауы қамтамасыз етіліп, қазіргі уақытта осы елдімекендегі сауда орталығына жүк көліктерімен ғана қатынап отырған 36 елдімекеннің 5601 тұрғынына қызмет ететін болады.
Жұмыстарды негізінен бірінші дүниежүзілік соғыстың 512 әскери тұтқыны атқарды. Жолдың орташа құны бір верстке 2800 рубль деп белгіленді. Жұмыстарға үш техник пен 11 десятник тартылды.
Өлкетанушы Дүйсен Бралинов