Су – тіршілік көзі. Су бар жерде өмір бар. Тіршілікке қажетті бес жағдайдың бірі - су. Жер шарының төрттен үш бөлігі судан құралған. Ол - мұхиттар, теңіздер, өзендер, көлдер, сарқырамалар. Көптеген мифологиялық аңыздарда су жердің анасы ретінде де, атасы ретінде сипатталады. Дөңгеленген дүниедегі барша халықтың суға деген құрметі ерекше. Бүгінде бізге мәлім әйгілі әрі көне өркениеттердің дамуы, қалыптасуы да суға жақын, сәтті орналасқандығына байланысты. Көптеген археолог-тарихшы ғалымдардың тапқан деректері мен ашқан жаңалықтарына жүгінсек, әлемдегі тіршіліктің пайда болып, ары қарай дамуына өзендер себепші болған екен. Олар басқа елдерге қарағанда ертерек танымал болған, сондай-ақ әлем мәдениеті дамуының алдыңғы қатарында тұрған тіршілік иелері ұлы өзендердің жағалауларын мекен еткен.
Біздің туған жеріміз – Катонқарағай ауданы да тұщы су қорына өте бай. Әр сайда сылдырай аққан мөлдір бұлақтар, сарқырай аққан өзендер, айдынды көлдеріміз аспанмен астасқан тауларымызға ерекше көрік береді. Бұның бәрі Табғат-ананың бізге берген қайталанбас, әрі баға жетпес, тамаша тартуы. ![]()
Менің туған жерім Катонқарағай ауданындағы Жамбыл ауылы, ауылым Өр Алтайдың күретамырындай болған Бұқтырма өзенінің бойында орналасқан. Балалық шағым тұтастай осы өзеннің жағасында өтті, үйіміз Бұқтырма өзенінің жағасында қабақтың үстінде болды. Кішкентай кезімде Бұқтырмадан үлкен өзен жоқтай болып көрінетін. Оның қашан жаратылғанын, қайдан бастау алатынын, қайда барып құятынын, қайда барып сиятынын да білмейтінбіз, бірақ білуге құмартатынбыз. Назар салып қараған адам Бұқтырманың басқа өзендерден әжептәуір айырмашылы барын байқар еді. Өзен аңғарының беткейлері тік жар, терең шатқалды, өн бойы сыңсыған ағаш, жағасы жаз шыға жасыл желекке бөленіп ерекше жайнап кетеді. Жылда мамырды аяқтай бере ернеуінен асып тасиды, осы кез оның ең дәуірлеген, шанағынан асып, шалықтаған кезі. Осы кездегі өзеннің сарыны ерекше, түсі өте сұсты болып көрінеді, ақөркеш толқындары жағасындағы иін тірескен қайың, қарағай, самырсын, тал, теректерді көпсінгендей тамырынан қопарып қаңбақ құрлы көрмей ағызып кетіп жататын. Шамасы келмеген үлкен ағаштарды қайраңға апарып қалдырып кететін. Тасыған кездегі күркіреген дауысы, азан-қазан үні күншілік жерден естіліп, тұтас аңғарды күңірентіп жатады. Оның осы күркіреген дауысынан балалық шақтағы тәтті ұйқыдан талай рет селт етіп оянған шақтарымыз болды.
Жаздың алғашқы айларында Бұқтырманың көктемгі қарқыны бәсеңси қоймайды, суы мол болып, аттылыға өткел бермей тектілігін тентек мінезімен байқатады. Тек тамыз аяқтала бере Бұқтырма мүлдем өзгереді. Суы мөлдірленіп түбіндегі малта тастар мен балдырлар айқын көрінеді. Көктемде кемеріне келген кең арна күз жақындаған сайын қоңылтақсып босап қалады. Тасыған кезде күркіреген қуатымен басып алған жерлерді тас шөгінділері мен салындылар басып қалады. Бұқтырма бұрынғыдай буырқанбайды, қоңыр күз келе жуасып, момақан күйге енеді. Бұқтырманың осы бір момақан тартқан кезінің де өз сұлулығы бар, жайлап аққан айдындарына құстар мекендеп әсем табиғатқа ерекше көрік береді.
Қаһарына мініп кәрі құда қыс келгенде өзенннің бетін көк тайғақ мұз құрсаулап, табиғат-тағдырдың ырқына біржола көнгендей болады. Осылайша қырсаулы мұз астында жадыраған көктемнің ораларын тосып ұзақ ұйқы құшағына енеді.
Бұқтырма алқабы ежелден адамзаттың мекендеген аймағы, оның дәлелі өзенінің жағалауындағы жатқан қорғандар тізбегі. Өткен 19-20 ғасырлардың өзінде өзенді бойлай талай қазақ-орыс елдімекендерінің болғандығын тарихтан білеміз. Қазіргі кезде Бұқтырма өзенінің бойында Катонқарағай және Алтай аудандарының сандаған ауылдарының қайнаған өмірі өтуде.
Бұқтырма өзені Шындығатай жерінде үш өзеннің қосылуынан пайда болады, олар: сотүстіктен Бұқтырма (Шәңген) көлінен ағып шыққан Алғыжақ бұлақ өзені, солтүстік-шығыстан Шындығатай өзені және оңтүстік шығыстан Ақбұқтырма өзені. Нақтырақ айтсақ Алғыжақ бұлақ Шындығатай өзенінің оң жақ саласы, біраз жерден кейін Шындығатай өзені Ақбұқтырма өзенімен қосылып Бұқтырма өзені болып ағады. Жергілікті тұрғындар Бұқтырма көлін Шәңген көлі деп атайды. Бұл атау 1786 және 1796 жылдары Алтай тауларын зерттеуші орыс саяхатшысы, Колывано-Воскресенск заводының маркшейдері Петр Иванович Шангиннің құрметіне қойылған деген деректер бар. Бұқтырма көлі теңіз деңгейінен 2064 метр биіктікте орналасқан, оған үлкенді-кішілі 6-7 өзен, бұлақтар құяды. Оның ең үлкені Шәкендара бұлағы (картада Шәндеге бұлағы деп жазылған). Көлден бір ғана өзен ағып шығады, оның атауы жоғарыда айтқадай Алғыжақбұлақ өзені.
Шындығатай өзені басын Қосағаш ауданындағы Ақалақа көлінің оңтүстүгіндегі Молибден тауынан алады. Оның жалпы ұзындығы 34 шақырымды құрайды. Шындығатай өзеніне Алғыжақ бұлақтан өзге Мұқыр және Қаратүйе өзендері келіп құяды.
Ақбұқтырма өзені жайлы оның бастау алар жерін зерттеген ғалымдар мен саяхатшыларға тоқталып өтейін. Әрине, Бұқтырма ғасырлар бойы жасап келе жатқан өзен, ол жайлы ең алғаш кім білді деген сұрақ қолайсыз болар, оның бойына біздің де ата-бабаларымыз ертеден келіп, оның суын ішіп, малын суарып, жағасын жайлағаны даусыз.
Бұқтырма өзенін зерттеушілер туралы жазушы-натуралист, этнограф, фотограф Лухтанов Александр Григорьевич өзінің «Исследование истоков Бухтармы» атты еңбегінде нақтылап жазады. Бұқтырма аймағына ең бірінші 1786 және 1796 жылдары Алтай тауларын зерттеп келген орыс саяхатшысы, Колывано-Воскресенск заводының маркшейдері Петр Иванович Шангин, одан кейінгі 1826 жылы Дерпт университетінің ұйымдастыруымен ботаник Карл Фридрих Ледобурдың басшылығымен келген экспедиция Шыңғыстай жеріне дейін келіп қайтады. 1833-1835 жылдары натуралист, географ, Алтайды зерттеуші Ф.Геблер Қатын және Ақбұлқақ өзендерінің бастау алар жерлеріне дейін келеді. Бұқтырма және оның салалары туралы алғаш нақты ғылыми мәліметтерді Ресейдің бас штабының офицері топограф Мирошниченко мен тау-кен инженері Малевский береді. Олар 1869 жылы Қытай мен Ресей арасындағы Шәуешек келісімі бойынша П.Бабков бастап келген шекараны барлау комиссиясының құрамында болып, жерлердің координаталарын, теңіз деңгейінен биіктіктерін анықтап, аумақтың географиялық және геодезиялық сипаттамасын береді. Сонымен қатар Бұқтырма өзені мен оның салаларының орнын схемалық картаға түсірді.
Олардың жазбаларында Бұқтырма өзенінің басталуы былай суреттеледі: «Шындығатайдан ары Ақбұқтырманың оң жағалауымен жол тік көтеріледі, сол жағалауы 8 шақырымға созылған балқарағайлы орманмен жабылған, одан кейінгі жол тасты, батпақты болып ауыр жүк артқан аттардың жүруіне қиын болды. Орман біткесін алпілік өсімдіктер басталды. Одан әрі алдымызда кең көсілген үстірт созылып жатты, өлшеуімізше үстірт биіктігі 2200 метрге таяу болып шықты. Моңғол тіліндегі Табын-Богдо-Ола деп аталатын, биіктігі 4000 метрден асатын қарлы шыңдардың тұтас тобы Үкек үстіртінен асып жатты. Тікелей жолымыздың оң жағында Ақбұқтырма өзенін тудыратын күміс бұлақтар мен ақ мұздықтар көрінді».
1905 жылдың жазында орыс саяхатшысы, географы, ботанигі В.В.Сапожников өзінің үш серігі – студенттерімен бірге Ресей шекарасына жақын Моңғол Алтайының мұздықтарын зерттеу үшін Қосағаштан оңтүстікке қарай жолға шығады. Оны Алтай жоталары түйісетін Үкөк үстіртіндегі Табын-Богдо-Ола тау жүйесі қызықтырған еді. Қалғұтты, Алаха, Қанас өзендерінің бастауларын зерттеп, Өрелге барар жолда Бұқтырманың жоғарғы ағысындағы мұздықтарды байқап, былай деп жазды:
«15 шілде. Таңды аспаптық барлаумен бастадым... Осы түсірілім арқылы мен Қанас, Алаха, Үкөк және Бұқтырма көздерін біріктіріп, жотаның осы бөлігінің 3300-ден 3600 метрге дейін жеткен шыңдарының биіктігін анықтадым. Бұқтырманың басындағы қар басқан негізгі шыңдарды бергі таулар көмкеріп, биіктігі белгісіз болып шықты. Мұздықтардың өздеріне жақын бара алмадым, сондықтан тек олардың орны мен жалпы ұзындығы ғана анықталды. Қалай болғанда да, мұнда мұздықтарды егжей-тегжейлі зерттеу үшін көптеген материалдар қалды».
Келесі сипаттауында:
«...Бір қызығы, Алаха мен Үкөкті бөліп тұрған шың Үкөк пен Бұқтырманы бөліп тұрған екінші шыңға өте ұқсас. Екі шыңның да төбесінде ойпаң, дәлірек айтсақ, қарға толы кең ойпат бар. Шыңның ойпаңында бір-біріне қатарлас жатқан екі мұздық бар, оның шығыс жағындағы S әрпі сияқты қисық үлкен мұздық. Ол артқы қар шыңынан басталып жартасты айнала иіліп, екінші кіші мұздықтың басына келеді.» - деп жазады.
Сапожников Бұқтырма мұздықтарына барлау жүргізіп, олардың Табын-Богдо-Олаға жақын болғанымен, ол бұл тау жүйесінен емес, Оңтүстік Алтай жотасының Ағайырық таулары деп аталатын шығыс бөлігінде орналасқанын анықтайды.
Алтай мұздықтарының келесі маңызды зерттеушілері ағайынды Михаил мен Борис Тронов болды. Олар таулы жолдармен жалықпай, батыл саяхаттап, аспаптық және басқа да ғылыми бақылаулар жасап қана қоймай, қиын асуларды бағындырды, Мұзтау шыңына бірінші болып шығып, Табын-Богдо-Ола тобының басты шыңына көтерілді.
Ағайындылар кездейсоқ ғалым, саяхатшы атанған жоқ. Олардың әкесі Владимир Дмитриевич, дәрігер, Алтайды көп аралаған, кәнігі өлкетанушы болған. Бұқтырманың көздерін де аралап, Сапожников сияқты (1895, 1896) жылдары Оңтүстік Алтайдың мұздықтарын зерттеп, Рахман қайнарларын сипаттағаны үшін екі рет Орыс географиялық қоғамының күміс медальдарымен марапатталған. Алтай мұздықтарын зерттеу ағайынды Троновтар үшін отбасылық дәстүрге айналды деп айтуға да болады.
1915 жылы Орталық Алтайдың мұздықтарын зерттей отырып, олар Бұқтырма мұздықтарының жанынан өтіп кете алмайды. Нақтырақ айтсақ, 28 маусымда олар 3650 метр биіктіктегі қарсы шыңға көтеріліп, оны Көкжиек (Кругозорной) деп атайды. Бұл жерден Бұқтырманың көздері алақандағыдай көз алдарында тұрды. Келесі күні олар бүкіл мұздықты басып өтіп, мұздық ағып жатқан одан кейінгі Ақайрық шыңына көтерілді. Осылайша Ақбұқтырма екі мұздықтан басталатыны, оның бірінің ұзындығы 3 км, екіншісінің ұзындығы 1 км, ал ең жақын сол жақ саласы Ақүлген мүлде елеусіз мұздықтар тобынан ағып жатқаны анықталды. Олардың өздері мұздық экскурсиясын былай сипаттайды:
«29 маусым күнгі екі экскурсияны – Бұқтырма мұздығына және Кругозорная тауының мұздығына арнадық. Мореналар (мұздық таситын тасты-кластикалық материал) бойымен Бұқтырма мұздығының ортасындағы қырға жеткенде, оның екі жағында бір-біріне қосылмаған Үлкен және Кіші Бұқтырма мұздықтары бар екендігі анықталды. Үлкен мұздық екі негізгі ағыспен басталып, әлсіз морена түзеді. Сол жақ морена, бұрынғы ортаңғы, мұздардың айтарлықтай массасын жасырып біздің тұрған жерімізден бастап соңғы моренаға дейін созыла қосылып, ұзын бойлық жоталарды құрайды. Құрып бара жатқан бұл мұздықтың бөлігі төрт верстке созылып жатыр... Сол жақтағы Бұқтырма мұздығы кішкентай, шамасы, жойылу үстінде тұр. Одан шыққан бұлақ алдымен қорымдар арасымен, содан кейін мореналардың астымен ағады.
Бұқтырма толығымен лайлы екі бұлақтан ағып шығады және мұздықтан жарты верст жерде оң жақтағы Кругозорная тауының мұздығынан тағы бір лайлы бұлақ келіп қосылады. Бұл таудың ең жоғарғы жағындағы қардан және тік мұзды жағалаулары бар қорымдардан басталып, судың ағысынан түзілген шатқалға ағып түседі. Мұздықтың төмен жағының биіктігі 2850 м. Төменде мореналар үйіндісі түзілген».
Ақбұлқақ сияқты Бұқтырма өзенінің басы да тастардың үгітілуінен пайда болған ақ шөгінділеріді шайып өтіп, ақ түсті болады, сондықтан Ақбұқтырма деп аталады.
Бұқтырма өзеніне сандаған өзендер мен бұлақтар келіп құяды, оның ірі-ірі дегендеріне тоқталып өтпеске болмайды. Бұқтырманың оң жақ салалары Катонқарағай ауданында: Шындығатай, Сарыкөл, Тасдіңгек, Абырғанбұлақ, Төртбиебұлақ, Аршаты, Семечиха (Шымыр), Колмачиха (Ойсыптың суы), Ақберел (Ақбұлқақ), Сахатушка (Қансу), Фадиха (Барынду), Березовка (Қайыңды), Черновая (Шу), Каменушка (Мойылды), Ақсу, Язовая (Жазаба), Бобровка, Алтай ауданында: Черновая, Игнашиха, Хамир, Тұрғысын. Сол жақ салалары: Күрті, Таутекелі, Өрел, Күлмес, Коробиха, Сенное, Осочиха.
Өзеннің қос жағасында Катонқарағай ауданының: Шындығатай шекаралық заставасы, Аршаты, Берел, Жамбыл, Өрел, Қайыңды, Еңбек, Қызылжұлдызды, Аққайнар, Шыңғыстай, Жаңаүлгі, Мойылды, Барлық, Коробиха, Сенное ауылдары, Алтай ауданының: Жоғарғы және Төменгі Быково, Богатырево, Лесная Пристань, Зубовка, Парыгино, Снегирево, Тұрғысын ауылдары орналасқан.
Бұқтырма өзенінде (жоғарыдан төменге қарай) бірнеше көпірлер салынған: Шындығатайдан Аршатыға дейін - 2 ағаш көпір, Аршаты ауылының басы мен аяғында екі бетонды көпір, Берел, Жаңаүлгі, Барлық, Лесная Пристань, Зубовка, Парыгино және Тұрғысын ауылдарының маңында бетонды көпірлер, Жамбыл мен Өрел ауылдарының арасына жеңіл автокөліктер өтетін аспалы көпір салынған.
Бұқтырма өзені атауының шығу тарихы жайлы сан түрлі нұсқалар кездеседі, оларды оқи отыра дәл мына нұсқа дұрыс, мынасы бұрыс деп айту қиын, бұл әлі де зерттеп-зерделеп, дәлелдеуді қажет ететін мәселе.
Ж. Болатов пен А.Əбдрахманов өзеннің бұлай аталу себебін жергілікті халық ағысы қатты, асау тау өзені болғандықтан, түсіп кеткен нәрсені, мал, адам т.б болсын қайта тұруға шамасын келтірмей, бас көтертпей бұқтырып алып кететіндігімен байланыстырады. Өзеннің қатты ағысын, жұлқына, бұқтыра ағуын негізге алып жергілікті халық оны «Бұқтырма» деп атайды дейді. Бұқтырма гидронимін бұқ (етістік) + тыр (өзгелік етіс жұрнағы) + ма (етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ) деп талдайды да мағынасын суға түскен нəрсені тастан тасқа соғып, бұқтырып əкететін касиетінен шығарады.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Өр Алтайдың топонимдерін зерттеуші ғалым Бияров Бердібек Нұралдаұлы орыс тіліне ауысқан көне түркі сөздерін зерттеген Е.Н.Шипова Дальдің сөздігіне сүйеніп: «Бахтарма-бухтарма» (архаизм) внутреняя сторона шкуры, прилегающая к телу животного» деген түсініктеме береді. Бізде өзеннің аты осы көнерген сөзден жасалған деп есептейміз, өйткені жаңа сойылған малдың терісін аударып қарағанда, қан тамырларының ізі тарам-тарам болып көрініп тұрады. Бұқтырма өзені де дəл солай сала-салаға бөлініп ағады. Ұқсату арқылы жасалған атаудың түбірі бүк, бүктеу сөздерінен шығып, кейін жуандаған секілді. Бүк+тір+ме >Бұқ+тыр+ма. –деген тұжырымдама келтіреді.
География ғылымының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Сапаров Қ.Т. «М Қашғари сөздерінде буктир (бөктер) «тау етегі» дегенді білдіреді. Біздің пікірімізше, Бұқтырма тауды бөктерлеп ағатын өзен мағынасына саяды.» - деген пікір білдіреді.
Уикипедия ашық энциклопедиясында Бұқтырма өзені туралы былай жазылады: Бұқтырма өзені Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай, Алтай аудандары жерімен ағып өтеді. Ұзындығы 336 км, су жиналатын алабы 12 660 км2. Сағасындағы жылдық орташа су ағыны 214 м3/с. Оңтүстік Алтай жоталарындағы мұздықтардан бастау алып, Ертістегі Бұқтырма бөгеніне құяды. Өзен аңғарының беткейлері тік жар, терең шатқалды, аңғарының ені 5 — 6 км, тар жері 0,3 — 0,4 км. Қар, жаңбыр және жер асты суымен толығады. Көктемде, жазда тасиды. Мұзқұрсау қарашаның 2-жартысында қалыптасып, әдетте 80—200 күнге созылады. Мұздың қалыңдығы 50—80 см болады. Суы өте жұмсақ әрі тұщы (100—250 мг/л). Өзен арнасымен ағаш тасымалданады, салалары егін суаруға пайдаланылады.
Бұқтырма жаратылғалы зымырап талай уақыт өтті, оның бойымен өлшеусіз су ақты, талай ғасырларға куә болды. Жағасын жайлаған адамзат қауымы мен жануарлар, өсімдіктер әлемін өз нәрімен қоректендіріп анадай аялап, әкедей қамқорлық етуде. Бұқтырма - төсінде қазбауыр бұлттар жүзген асқар тауларымызға көрік беріп, әлі де талай ғасырдың куәсі болары шүбәсіз.
Соңғы жылдары Бұқтырама бұрынғыдай шанағынан асып тасымайтын болды, суы айтарлықтай азайғанын байқауға болады. Өткен жылғы (2020) көктем, жаз айларында Бұқтырма мүлдем тасымады десе де болғандай, оған қыстағы қардың аз түсуі, көктем айларында жауын-шашынның аз болғаны да әсер еткен болар. Дегенмен, оның басқа да себептері жоқ емес. Табиғат тепе-теңдігінің бұзылуы көбіне адам қолы жасаған техногендік апаттардан пайда болып отырғаны белгілі. Жер бетіндегі экожүйенің бұзылуы, жаһандық жылынудың салдары қайда апаратыны белгілі. Ғалымдардың дәлелдеуінше соңғы жүз жылда жер бетіндегі орташа температура бір градусқа артқандығы және жаһандық жылыну жылдам жүретін болса алдағы 50 жылда мұздықтар еріп бітетіндігі айтылуда. Жаһандық жылынудың салдарынан жер бетіндегі мұз қабаттары еруде. Бұқтырма өзені өзінің бастауын биік шыңдардағы мұздықтардан алатындығын ескерсек, оның суының азаюының бір себебі осыдан екендігі анық. Адамзатқа тек бүгінгі саяси және экономикалық жағдайды ғана ойламай, экожүйенің бұзылуының соңы қайда апаратынын ойлайтын да кез келгендей...
Дүйсен Бралинов
Ауданымыздағы ауылдар Аршаты ауылынан басталып бірінші ауылдан оныншы ауылға дейін нөмірленіп аталатынын талай естігенмін. Аршаты бірінші ауыл, менің де атам сол ауылдан ұсталып кеткен, нағашы атам екінші ауылдан, яғни, Жамбыл ауылынан ұсталып кеткен, деректерінде солай жазылған. Еңбек үшінші ауыл, Шыңғыстай төртінші ауыл, Жаңаүлгі бесінші ауыл солай жалғаса береді деп ойлайтынмын. Жетінші ауыл қай ауыл екендігін дөп басып білмейді екенмін. Содан бастап көкейімде: Ауылдарымыздың жақсы-жақсы атаулары бар, оларды нөмірлеп атаудың қажеттілігі қанша? Ауылдар қай уақыттан бері нөмірленді? Оны нөмірлеген кім немесе кімдер?- деген сұрақтар туындады. Біраз зертеу жұмыстарын жүргізіп, осы сұрақтардың нақты жауабын тауып, бүгін Сіздермен бөліспекпін. ![]()
Туған жерімізді Ресей империясының ХІХ ғасырда отарлағандығы жайлы алдыңғы мақалаларымда жазғанмын. Жерімізге орыс шаруалары алғашында өз беттерімен келіп қоныстана бастаса, кейінірек оған мемлекет араласқаны белгілі. Ресейден орыс шаруалары мен казактарды қазақ жеріне әкеліп қоныстандыру үшін ондағы жер қорын және қазақ халқының шаруашылықтарына қажетті жер нормасын анықтау қажет болды. Осы мақсатпен Ресей ауыл шаруашылығы және мемлекеттік мүлік министрлігі 1896 жылдан бастап Ақмола, Семей, Торғай далалық аймақтарын зерттеу үшін экспедиция жібереді. Осы экспедицияны Ресей бюджет статистикасының негізін қалаушы, тарихшы, саясаткер, қоғам қайраткері Федор Андреевич Щербин басқарып, экспедиция қорытындысы бойынша 12 томдық «Материалы по киргизскому землепользованию» атты еңбектер жазады. Оның 9-шы томында сол кездегі Семей облысының Өскемен уезін зерттеу қорытындылары жазылған.
Осы еңбекте Шыңғыстай болысын санақ-зертеу жұмыстарының қорытындылары келтірілген. Онда болыс құрамындағы тау қойнауларында шашырап жатқан үлкенді-кішілі 205 қазақ ауылдары рулық белгілеріне байланысты он ауылға біріктіріліп, бірден онға дейін нөмірленген. Экспедицияның мақсаты қазақ халқы үшін өте жағымсыз болғанмен, оның қорытындылары бүгінгі ұрпақ біздер үшін таптырмас қазына. Мұндағы кестелерде сол кездегі аталарымыздың мекендеген жерлері, рулары, бұл жерді қанша уақыттан бері мекен етеді, уезд оталығынан (Өскемен қаласы), отырықшы елді мекеннен, сауда орталығынан ара қашықтығы, қандай су көзін пайдаланады, оның сапасы, адамдардың саны (ер адам, әйел, бала, еңбек жасындағылар), киіз, ағаш үйлердің саны, шаруашылықтары, жастарына қарай мал саны (жылқы, түйе, ірі қара, ұсақ мал), егіншілік, шабындық жерлері және тағы да басқа көптеген мәліметтер әр ауылдың ауыл басыларының немесе ақсақалдарының аты-жөнімен тіркеліп көрсетілген. Енді сол ауылдар жайлы ретімен қысқаша мәліметтер бере кетейін.
Бірінші ауылға қазіргі Аршаты ауылының жоғарғы жағындағы: Тараты, Күрті бұлақ, Табыты және Таутекелі телімдерінде отырған шағын-шағын 7 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде Бұқтырма өзенін және оған құятын ірілі-ұсақ бұлақтарды пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 41 отбасында 247 адам (136 ер адам, 111 әйел адам) мекендеген, рулары Дәулет және бір ауыл Сарғаладақ руы, 42 киіз үйлері, 43 ағаштан салынған үйлері болған. Егістікпен айналыспаған. Бертін кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Аршаты ауылына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады да, Аршаты ауылы бірінші ауыл болып аталып кетеді.
Екінші ауылға қазіргі Берел, Жамбыл және Өрел ауылдарының маңындағы: Жаңғызкүнгей, Құмдақ, Саршоқы, Көлшік, Көкідаба, Жалқайың, Көлденеңбұлақ, Үшқойтас, Қарамойыл, Барынду (Ақшоқы тауы болуы керек), телімдерінде және Берел орыс ауылының маңында отырған шағын-шағын 18 ауыл біріктірілген. Мұндағы Барынду және Саршоқы телімдері Бұқтырманың оң жағалауында Кабинет жеріндегі жерлер. Ауыз су ретінде көпшілігі бұлақтарды және аздаған бөлігі Бұқтырма өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 149 отбасында 573 адам (313 ер адам, 260 әйел адам) мекендеген, рулары Самай руы, 148 киіз үйлері, 136 ағаштан салынған үйлері болған. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Берел, Жамбыл және Өрел ауылдарына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады да, Өрел, Жамбыл ауылдары екінші ауыл болып аталады.
Үшінші ауылға қазіргі Еңбек ауылының маңындағы: Тұма, Көктерек, Төрттөбе, Қайшыбұлақ, Қалақ, Қызылтал, Саршоқы, Уаңтөбе, Таңба, Бертоқ, Қонақпай, Ыстыбайкөл, Шүрттоғай, Бұрқатбұлақ, Кеңқайың, Қарамола, Жаңғызтөбе, Қызылқайың, Қалтыр, Тараты, Жайдеке телімдерінде отырған шағын-шағын 40 ауыл біріктірілген. Мұндағы Жаңғызтөбе, Қызылқайың, Қалтыр, Тараты, Жайдеке телімдері Бұқтырманың оң жағалауында Кабинет жеріндегі жерлер. Ауыз су ретінде тұма-бұлақтарды және Бұқтырма өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 197 отбасында 972 адам (553 ер адам, 419 әйел адам) мекендеген, рулары Шоңмұрын, Дәулет, Сарғалдақ, 199 киіз үйлері, 216 ағаштан салынған, 5 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 48 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Еңбек, Қайыңды және Қызылжұлдыз ауылдарына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Еңбек ауылы үшінші ауыл болып аталады.
Төртінші ауылға қазіргі Шыңғыстай ауылының маңындағы: Қарасу, Ақтүбек, Қарбасқан, Шілік, Жаңғызбет, Күл, Суықсай, Шоқтерек, Тарлау, Жаманащы, Қызылқайың, Қаратал, Шорық, Бұлақ, Қараөткел, Бірмойын, Қараағаш, Доланабұлақ телімдерінде отырған шағын-шағын 22 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Бұқтырма өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 148 отбасында 774 адам (438 ер адам, 336 әйел адам) мекендеген, рулары Дәулеттен тараған Құратай руы, 146 киіз үйлері, 166 ағаштан салынған, 3 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 102 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Шыңғыстай ауылына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Шыңғыстай ауылы төртінші ауыл болып аталады.
Бесінші ауылға қазіргі Шыңғыстай, Жаңаүлгі ауылдарының маңындағы: Топағаш, Құлағаш, Күл, Күркіреме, Жалақ, Қызылқайың, Шолақбұлақ, Тікқабақ, Ошубай, Қызылкүнгей, Таскөпір, Бұғымүйіз (Марқакөл ауданындағы Бұғымүйіз ауылы да осы ауылға кіргізіліпті) телімдерінде отырған шағын-шағын 23 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Бұқтырма, Бұғымүйіз (Бұғымүйіз ауылының жанындағы өзен негізінде Жаманқаба деп аталады) өзендерін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 143 отбасында 699 адам (374 ер адам, 325 әйел адам) мекендеген, рулары Шоңмұрын, 142 киіз үйлері, 140 ағаштан салынған, 2 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 81 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Жаңаүлгі ауылына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Жаңаүлгі ауылы бесінші ауыл болып аталады.
Алтыншы ауылға қазіргі Жаңаүлгі, Қабырға, Катонқарағай ауылдарының маңындағы: Қызылкүнгей, Дереле, Қиынбұлақ, Үшсала, Бертоқ, Сарөлең, Үшкүнгей, Тұмабұлақ, Бексейіттұма, Саркөлтұма телімдерінде, және де Белая, Коробиха, Фыкалка, Каменуха орыс ауылдарының жерлерінде отырған шағын-шағын 23 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Бұқтырма, Сарымасқты өзендерін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 179 отбасында 895 адам (486 ер адам, 409 әйел адам) мекендеген, рулары Шимойын, Кәлім, Сарғалдақ, Дәулет, 176 киіз үйлері, 161 ағаштан салынған үйлері болған. 42 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Қабырға, Катонқарағай және басқа да ауылдарға қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Қабырға ауылы алтыншы ауыл болып аталады.
Жетінші ауылға қазіргі Катонқарағай, Топқайың ауылдарының маңындағы: Ақжар, Шолақбұлақ, Қарашоқы, Шыбындыбұлақ, Сарқамыс, Текше, Көкқошқар, Жантекей, Қоңқай, Тіккүнгей телімдерінде отырған шағын-шағын 19 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Күлмес өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 137 отбасында 629 адам (362 ер адам, 267 әйел адам) мекендеген, рулары Шимойын, Шеруші, Шоңмұрын, 136 киіз үйлері, 132 ағаштан салынған үйлері болған. 35 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Топқайың, Белқарағай ауылдарына қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Топқайың ауылы жетінші ауыл болып аталады.
Сегізінші ауылға қазіргі Белқарағай, Өрнек, Солдатово ауылдарының маңындағы: Тасүй, Самырсындыбұлақ, Талдыбұлақ (Содатово ауылының бұрынғы атауы), Тастыбұлақ, Ақтүйе, Тоғат, Ұзынбұлақ, Белқарағай, Шолақбұлақ, Теректібұлақ, Селдірқарағай, Шүршітсу телімдерінде отырған шағын-шағын 19 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Тоғат, Шүршітсу өзендерін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 168 отбасында 861 адам (483 ер адам, 378әйел адам) мекендеген, рулары Шеруші, 168 киіз үйлері, 161 ағаштан салынған, 2 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 143 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Белқарағай, Өрнек, Солдатово ауылдарына қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Өрнек ауылы сегізінші ауыл болып аталады.
Тоғызыншы ауылға қазіргі Майемер, Алтынбел ауылдарының маңындағы: Шүршітсу, Обатас, Қиынсай, Майемер, Қызылқайың, Сарықамыс, Теректі, Қайыңдыбұлақ, Ортатеректі, Бекет телімдерінде отырған шағын-шағын 18 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде Майемер, Нарын, Теректі өзендерін және бастау-бұлақтарды пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 164 отбасында 798 адам (448 ер адам, 350 әйел адам) мекендеген, рулары Шерушінің ішіндегі Жәнібек, Есен, Жебетей, Кенже, Бұзау рулары және Болат руы, 157 киіз үйлері, 157 ағаштан салынған, 5 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 54 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Майемер, Солдатово, Алтынбел ауылдарына қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Майемер ауылы тоғызыншы ауыл болып аталады.
Көпшілік адамдар оныншы ауыл қай ауыл? Майемерден кейінгі қазақ ауылы Үштебе болар деп ойлайды. Мен де сол пікірге қосылғандардың бірі едім. Щербиннің кітабында олай болмай шықты, оныншы ауыл дегені Шыңғыстай ауылының маңында екен. Статистикалық мәліметтерді жинақтап апарғаннан кейін баспаға басар кезінде бұл ауыл соңына қарай кетіп қалған болуы керек. Негізінде төртінші және бесінші ауылдардың арасында болуы керек еді.
Оныншы ауыл Шыңғыстай ауылының маңындағы: Ақшоқы, (Ұзақ тауы жақта болу керек, бұл жерді Оралхан Бөкейдің арғы аталары Раис Тезек мекендепті), Көктерек, Қараөткел, Күркіреме, Жолар, Қарасу, Қарамола телімдерін мекендеген 16 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Бұқтырма өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 85 отбасында 440 адам (251 ер адам, 189 әйел адам) мекендеген, рулары Дәулеттен тараған Қисық руы, 84 киіз үйлері, 74 ағаштан салынған үйлері болған. 54 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Шыңғыстай ауылына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады.
Қорыта келгенде 1899 жылы Ф.А.Щербиннің экспедициясының Шыңғыстай болысында жүргізген санақ-зерттеу қорытындысына сәйкес жоғарыда айтылған он ауылға біріктірілген шағын-шағын 205 ауылда 1411 отбасы, яғни, 6888 адам мекен еткен. Олардың 12749 жылқы (оның 2673 құлын), 3690 ірі қара (оның 1508 бұзау), 101 түйе (олардың 1-і бір жасқа дейінгі бота), 25992 қой қозысымен, 2785 ешкі лағымен малдары болған.
Дүйсен Бралинов