kl kz



>
Шығыс Қазақстан Интернетте
Мәдениеті мен өнері
Туристерге
Тарих беттерінен
Маңызды оқиғалар
«Туған өлкем – тұнған тарих» дәрістер циклы
ШҚО ауылдарының тарихы
Өскемен жайлы не білесіз?
Өскемен қаласының тарихы
Өскемен қаласы көшелеріне есімдері берілген тұлғалар
Ескерткіштер
Стрит-арт: муралдар, граффитилер...
Өскемен тарихы фотосуретте
Аудан паспорттары
Шығыс Қазақстан облысы
Өскемен қаласы
Риддер қаласы
Алтай ауданы
Глубокое ауданы
Зайсан ауданы
Катонқарағай ауданы
Күршім ауданы
Марқакөл ауданы
Самар ауданы
Тарбағатай ауданы
Ұлан ауданы
Үлкен Нарын ауданы
Шемонаиха ауданы
Алтын Алтай фольклоры
Алтай аңыздары
Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы
Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасы
Өлке табиғаты
Табиғи қорықтар
Табиғи ресурстар
Шығыс Қазақстанның 25 ғажайып орны
Шығыстың шипажайлары
Барлық-Арасан шипажайы
«Баян» шипажайы
Рахман қайнары
Уба шипажайы
Киелі орындар
Абылайкит
Берел қорымы
Қоңыр әулие үңгірі
Шілікті алқабы
Ашутас
«Алаш арыстары» үйі (Семей қ.)
Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі (Семей қ.)
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі (Семей қ.)
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары
Мұзтау
Соғыстың цифрлық шежіресі: Шығыс Қазақстанның 1941-1945 жылдардағы ҰОС жеңісіне қосқан үлесі туралы.
Кеңес Одағының батырлары
Даңқ орденінің толық иегерлері
Брест қамалын қорғауға қатысқандар
30 - Гвардиялық дивизия
Жасырын партизандар
Еңбек армиясына қатысқандар
Тылда да Жеңіс шыңдалды
Ақын және майдангер-жазушылар кітаптарының виртуалды көрмесі
Соғыс ардагерлерінің естеліктері
ҰОС жылдарында (1941-1945) ЕҢБЕК АРМИЯСЫ қатарында болған шығысқазақстандықтар
Халықтық Естелік кітабы
Өлкетану альманағы
Өлкетану альманағы 2026
Өлкетану альманағы 2025
Өлкетану альманағы 2024
Өлкетану альманағы 2023
Өлкетану альманағы 2022
Өлкетану альманағы 2021
Өлкетану альманағы 2020
Өлкетану альманағы 2019
Өлкетану альманағы 2018
Өлкетану альманағы 2017
Өлкетану альманағы 2016
Өлкетану журналы 2014
Өлкетану альманағы 2015
Өлкетану альманағы 2013
Әріптестеріміздің шығармашылығы
Геология
Өлке зерттеушілері
Тарих. Этнография. Мәдениет
Қаламгерлер жайында
Білім беру
Ономастика
Дін
Шығыс Қазақстан әдебиеті
Шығыс Қазақстанның әдеби және есте қаларлық орындары
Фэнзин фантастикалық журналы
Виртуалды көрмелер
Қ. Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш
Экран дикторы

linka

Ауданымыздағы ауылдар Аршаты ауылынан басталып бірінші ауылдан оныншы ауылға дейін нөмірленіп аталатынын талай естігенмін. Аршаты бірінші ауыл, менің де атам сол ауылдан ұсталып кеткен, нағашы атам екінші ауылдан, яғни, Жамбыл ауылынан ұсталып кеткен, деректерінде солай жазылған. Еңбек үшінші ауыл, Шыңғыстай төртінші ауыл, Жаңаүлгі бесінші ауыл солай жалғаса береді деп ойлайтынмын. Жетінші ауыл қай ауыл екендігін дөп басып білмейді екенмін. Содан бастап көкейімде: Ауылдарымыздың жақсы-жақсы атаулары бар, оларды нөмірлеп атаудың қажеттілігі қанша? Ауылдар қай уақыттан бері нөмірленді? Оны нөмірлеген кім немесе кімдер?- деген сұрақтар туындады. Біраз зертеу жұмыстарын жүргізіп, осы сұрақтардың нақты жауабын тауып, бүгін Сіздермен бөліспекпін. 

Туған жерімізді Ресей империясының ХІХ ғасырда отарлағандығы жайлы алдыңғы мақалаларымда жазғанмын. Жерімізге орыс шаруалары алғашында өз беттерімен келіп қоныстана бастаса, кейінірек оған мемлекет араласқаны белгілі. Ресейден орыс шаруалары мен казактарды қазақ жеріне әкеліп қоныстандыру үшін ондағы жер қорын және қазақ халқының шаруашылықтарына қажетті жер нормасын анықтау қажет болды. Осы мақсатпен Ресей ауыл шаруашылығы және мемлекеттік мүлік министрлігі 1896 жылдан бастап Ақмола, Семей, Торғай далалық аймақтарын зерттеу үшін экспедиция жібереді. Осы экспедицияны Ресей бюджет статистикасының негізін қалаушы, тарихшы, саясаткер, қоғам қайраткері Федор Андреевич Щербин басқарып, экспедиция қорытындысы бойынша 12 томдық «Материалы по киргизскому землепользованию» атты еңбектер жазады. Оның 9-шы томында сол кездегі Семей облысының Өскемен уезін зерттеу қорытындылары жазылған.

Осы еңбекте Шыңғыстай болысын санақ-зертеу жұмыстарының қорытындылары келтірілген. Онда болыс құрамындағы тау қойнауларында шашырап жатқан үлкенді-кішілі 205 қазақ ауылдары рулық белгілеріне байланысты он ауылға біріктіріліп, бірден онға дейін нөмірленген. Экспедицияның мақсаты қазақ халқы үшін өте жағымсыз болғанмен, оның қорытындылары бүгінгі ұрпақ біздер үшін таптырмас қазына. Мұндағы кестелерде сол кездегі аталарымыздың мекендеген жерлері, рулары, бұл жерді қанша уақыттан бері мекен етеді, уезд оталығынан (Өскемен қаласы), отырықшы елді мекеннен, сауда орталығынан ара қашықтығы, қандай су көзін пайдаланады, оның сапасы, адамдардың саны (ер адам, әйел, бала, еңбек жасындағылар), киіз, ағаш үйлердің саны, шаруашылықтары, жастарына қарай мал саны (жылқы, түйе, ірі қара, ұсақ мал), егіншілік, шабындық жерлері және тағы да басқа көптеген мәліметтер әр ауылдың ауыл басыларының немесе ақсақалдарының аты-жөнімен тіркеліп көрсетілген. Енді сол ауылдар жайлы ретімен қысқаша мәліметтер бере кетейін.

Бірінші ауылға қазіргі Аршаты ауылының жоғарғы жағындағы: Тараты, Күрті бұлақ, Табыты және Таутекелі телімдерінде отырған шағын-шағын 7 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде Бұқтырма өзенін және оған құятын ірілі-ұсақ бұлақтарды пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 41 отбасында 247 адам (136 ер адам, 111 әйел адам) мекендеген, рулары Дәулет және бір ауыл Сарғаладақ руы, 42 киіз үйлері, 43 ағаштан салынған үйлері болған. Егістікпен айналыспаған. Бертін кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Аршаты ауылына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады да, Аршаты ауылы бірінші ауыл болып аталып кетеді.

Екінші ауылға қазіргі Берел, Жамбыл және Өрел ауылдарының маңындағы: Жаңғызкүнгей, Құмдақ, Саршоқы, Көлшік, Көкідаба, Жалқайың, Көлденеңбұлақ, Үшқойтас, Қарамойыл, Барынду (Ақшоқы тауы болуы керек), телімдерінде және Берел орыс ауылының маңында отырған шағын-шағын 18 ауыл біріктірілген. Мұндағы Барынду және Саршоқы телімдері Бұқтырманың оң жағалауында Кабинет жеріндегі жерлер. Ауыз су ретінде көпшілігі бұлақтарды және аздаған бөлігі Бұқтырма өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 149 отбасында 573 адам (313 ер адам, 260 әйел адам) мекендеген, рулары Самай руы, 148 киіз үйлері, 136 ағаштан салынған үйлері болған. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Берел, Жамбыл және Өрел ауылдарына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады да, Өрел, Жамбыл ауылдары екінші ауыл болып аталады.

Үшінші ауылға қазіргі Еңбек ауылының маңындағы: Тұма, Көктерек, Төрттөбе, Қайшыбұлақ, Қалақ, Қызылтал, Саршоқы, Уаңтөбе, Таңба, Бертоқ, Қонақпай, Ыстыбайкөл, Шүрттоғай, Бұрқатбұлақ, Кеңқайың, Қарамола, Жаңғызтөбе, Қызылқайың, Қалтыр, Тараты, Жайдеке телімдерінде отырған шағын-шағын 40 ауыл біріктірілген. Мұндағы Жаңғызтөбе, Қызылқайың, Қалтыр, Тараты, Жайдеке телімдері Бұқтырманың оң жағалауында Кабинет жеріндегі жерлер. Ауыз су ретінде тұма-бұлақтарды және Бұқтырма өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 197 отбасында 972 адам (553 ер адам, 419 әйел адам) мекендеген, рулары Шоңмұрын, Дәулет, Сарғалдақ, 199 киіз үйлері, 216 ағаштан салынған, 5 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 48 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Еңбек, Қайыңды және Қызылжұлдыз ауылдарына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Еңбек ауылы үшінші ауыл болып аталады.

Төртінші ауылға қазіргі Шыңғыстай ауылының маңындағы: Қарасу, Ақтүбек, Қарбасқан, Шілік, Жаңғызбет, Күл, Суықсай, Шоқтерек, Тарлау, Жаманащы, Қызылқайың, Қаратал, Шорық, Бұлақ, Қараөткел, Бірмойын, Қараағаш, Доланабұлақ телімдерінде отырған шағын-шағын 22 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Бұқтырма өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 148 отбасында 774 адам (438 ер адам, 336 әйел адам) мекендеген, рулары Дәулеттен тараған Құратай руы, 146 киіз үйлері, 166 ағаштан салынған, 3 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 102 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Шыңғыстай ауылына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Шыңғыстай ауылы төртінші ауыл болып аталады.

Бесінші ауылға қазіргі Шыңғыстай, Жаңаүлгі ауылдарының маңындағы: Топағаш, Құлағаш, Күл, Күркіреме, Жалақ, Қызылқайың, Шолақбұлақ, Тікқабақ, Ошубай, Қызылкүнгей, Таскөпір, Бұғымүйіз (Марқакөл ауданындағы Бұғымүйіз ауылы да осы ауылға кіргізіліпті) телімдерінде отырған шағын-шағын 23 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Бұқтырма, Бұғымүйіз (Бұғымүйіз ауылының жанындағы өзен негізінде Жаманқаба деп аталады) өзендерін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 143 отбасында 699 адам (374 ер адам, 325 әйел адам) мекендеген, рулары Шоңмұрын, 142 киіз үйлері, 140 ағаштан салынған, 2 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 81 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Жаңаүлгі ауылына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Жаңаүлгі ауылы бесінші ауыл болып аталады.

Алтыншы ауылға қазіргі Жаңаүлгі, Қабырға, Катонқарағай ауылдарының маңындағы: Қызылкүнгей, Дереле, Қиынбұлақ, Үшсала, Бертоқ, Сарөлең, Үшкүнгей, Тұмабұлақ, Бексейіттұма, Саркөлтұма телімдерінде, және де Белая, Коробиха, Фыкалка, Каменуха орыс ауылдарының жерлерінде отырған шағын-шағын 23 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Бұқтырма, Сарымасқты өзендерін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 179 отбасында 895 адам (486 ер адам, 409 әйел адам) мекендеген, рулары Шимойын, Кәлім, Сарғалдақ, Дәулет, 176 киіз үйлері, 161 ағаштан салынған үйлері болған. 42 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Қабырға, Катонқарағай және басқа да ауылдарға қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Қабырға ауылы алтыншы ауыл болып аталады.

Жетінші ауылға қазіргі Катонқарағай, Топқайың ауылдарының маңындағы: Ақжар, Шолақбұлақ, Қарашоқы, Шыбындыбұлақ, Сарқамыс, Текше, Көкқошқар, Жантекей, Қоңқай, Тіккүнгей телімдерінде отырған шағын-шағын 19 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Күлмес өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 137 отбасында 629 адам (362 ер адам, 267 әйел адам) мекендеген, рулары Шимойын, Шеруші, Шоңмұрын, 136 киіз үйлері, 132 ағаштан салынған үйлері болған. 35 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Топқайың, Белқарағай ауылдарына қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Топқайың ауылы жетінші ауыл болып аталады. 

Сегізінші ауылға қазіргі Белқарағай, Өрнек, Солдатово ауылдарының маңындағы: Тасүй, Самырсындыбұлақ, Талдыбұлақ (Содатово ауылының бұрынғы атауы), Тастыбұлақ, Ақтүйе, Тоғат, Ұзынбұлақ, Белқарағай, Шолақбұлақ, Теректібұлақ, Селдірқарағай, Шүршітсу телімдерінде отырған шағын-шағын 19 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Тоғат, Шүршітсу өзендерін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 168 отбасында 861 адам (483 ер адам, 378әйел адам) мекендеген, рулары Шеруші, 168 киіз үйлері, 161 ағаштан салынған, 2 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 143 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Белқарағай, Өрнек, Солдатово ауылдарына қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Өрнек ауылы сегізінші ауыл болып аталады.

Тоғызыншы ауылға қазіргі Майемер, Алтынбел ауылдарының маңындағы: Шүршітсу, Обатас, Қиынсай, Майемер, Қызылқайың, Сарықамыс, Теректі, Қайыңдыбұлақ, Ортатеректі, Бекет телімдерінде отырған шағын-шағын 18 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде Майемер, Нарын, Теректі өзендерін және бастау-бұлақтарды пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 164 отбасында 798 адам (448 ер адам, 350 әйел адам) мекендеген, рулары Шерушінің ішіндегі Жәнібек, Есен, Жебетей, Кенже, Бұзау рулары және Болат руы, 157 киіз үйлері, 157 ағаштан салынған, 5 шымнан немесе тастан қаланған үйлері болған. 54 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Майемер, Солдатово, Алтынбел ауылдарына қоныстанып, отырықшы халыққа айналады. Кейіннен Майемер ауылы тоғызыншы ауыл болып аталады.

Көпшілік адамдар оныншы ауыл қай ауыл? Майемерден кейінгі қазақ ауылы Үштебе болар деп ойлайды. Мен де сол пікірге қосылғандардың бірі едім. Щербиннің кітабында олай болмай шықты, оныншы ауыл дегені Шыңғыстай ауылының маңында екен. Статистикалық мәліметтерді жинақтап апарғаннан кейін баспаға басар кезінде бұл ауыл соңына қарай кетіп қалған болуы керек. Негізінде төртінші және бесінші ауылдардың арасында болуы керек еді.

Оныншы ауыл Шыңғыстай ауылының маңындағы: Ақшоқы, (Ұзақ тауы жақта болу керек, бұл жерді Оралхан Бөкейдің арғы аталары Раис Тезек мекендепті), Көктерек, Қараөткел, Күркіреме, Жолар, Қарасу, Қарамола телімдерін мекендеген 16 ауыл біріктірілген. Ауыз су ретінде бастау-бұлақтарды және Бұқтырма өзенін пайдаланған. Бұл ауылдарда барлығы 85 отбасында 440 адам (251 ер адам, 189 әйел адам) мекендеген, рулары Дәулеттен тараған Қисық руы, 84 киіз үйлері, 74 ағаштан салынған үйлері болған. 54 отбасы егіншілікпен айналысқан. Кеңес өкметі орнағаннан кейін олардың барлығы Шыңғыстай ауылына келіп қоныстанып, отырықшы халыққа айналады.

Қорыта келгенде 1899 жылы Ф.А.Щербиннің экспедициясының Шыңғыстай болысында жүргізген санақ-зерттеу қорытындысына сәйкес жоғарыда айтылған он ауылға біріктірілген шағын-шағын 205 ауылда 1411 отбасы, яғни, 6888 адам мекен еткен. Олардың 12749 жылқы (оның 2673 құлын), 3690 ірі қара (оның 1508 бұзау), 101 түйе (олардың 1-і бір жасқа дейінгі бота), 25992 қой қозысымен, 2785 ешкі лағымен малдары болған. 

Дүйсен Бралинов

Су – тіршілік көзі. Су бар жерде өмір бар. Тіршілікке қажетті бес жағдайдың бірі - су. Жер шарының төрттен үш бөлігі судан құралған. Ол - мұхиттар, теңіздер, өзендер, көлдер, сарқырамалар. Көптеген мифологиялық аңыздарда су жердің анасы ретінде де, атасы ретінде сипатталады. Дөңгеленген дүниедегі барша халықтың суға деген құрметі ерекше. Бүгінде бізге мәлім әйгілі әрі көне өркениеттердің дамуы, қалыптасуы да суға жақын, сәтті орналасқандығына байланысты. Көптеген археолог-тарихшы ғалымдардың тапқан деректері мен ашқан жаңалықтарына жүгінсек, әлемдегі тіршіліктің пайда болып, ары қарай дамуына өзендер себепші болған екен. Олар басқа елдерге қарағанда ертерек танымал болған, сондай-ақ әлем мәдениеті дамуының алдыңғы қатарында тұрған тіршілік иелері ұлы өзендердің жағалауларын мекен еткен.

Біздің туған жеріміз – Катонқарағай ауданы да тұщы су қорына өте бай. Әр сайда сылдырай аққан мөлдір бұлақтар, сарқырай аққан өзендер, айдынды көлдеріміз аспанмен астасқан тауларымызға ерекше көрік береді. Бұның бәрі Табғат-ананың бізге берген қайталанбас, әрі баға жетпес, тамаша тартуы. 

Менің туған жерім Катонқарағай ауданындағы Жамбыл ауылы, ауылым Өр Алтайдың күретамырындай болған Бұқтырма өзенінің бойында орналасқан. Балалық шағым тұтастай осы өзеннің жағасында өтті, үйіміз Бұқтырма өзенінің жағасында қабақтың үстінде болды. Кішкентай кезімде Бұқтырмадан үлкен өзен жоқтай болып көрінетін. Оның қашан жаратылғанын, қайдан бастау алатынын, қайда барып құятынын, қайда барып сиятынын да білмейтінбіз, бірақ білуге құмартатынбыз. Назар салып қараған адам Бұқтырманың басқа өзендерден әжептәуір айырмашылы барын байқар еді. Өзен аңғарының беткейлері тік жар, терең шатқалды, өн бойы сыңсыған ағаш, жағасы жаз шыға жасыл желекке бөленіп ерекше жайнап кетеді. Жылда мамырды аяқтай бере ернеуінен асып тасиды, осы кез оның ең дәуірлеген, шанағынан асып, шалықтаған кезі. Осы кездегі өзеннің сарыны ерекше, түсі өте сұсты болып көрінеді, ақөркеш толқындары жағасындағы иін тірескен қайың, қарағай, самырсын, тал, теректерді көпсінгендей тамырынан қопарып қаңбақ құрлы көрмей ағызып кетіп жататын. Шамасы келмеген үлкен ағаштарды қайраңға апарып қалдырып кететін. Тасыған кездегі күркіреген дауысы, азан-қазан үні күншілік жерден естіліп, тұтас аңғарды күңірентіп жатады. Оның осы күркіреген дауысынан балалық шақтағы тәтті ұйқыдан талай рет селт етіп оянған шақтарымыз болды.

Жаздың алғашқы айларында Бұқтырманың көктемгі қарқыны бәсеңси қоймайды, суы мол болып, аттылыға өткел бермей тектілігін тентек мінезімен байқатады. Тек тамыз аяқтала бере Бұқтырма мүлдем өзгереді. Суы мөлдірленіп түбіндегі малта тастар мен балдырлар айқын көрінеді. Көктемде кемеріне келген кең арна күз жақындаған сайын қоңылтақсып босап қалады. Тасыған кезде күркіреген қуатымен басып алған жерлерді тас шөгінділері мен салындылар басып қалады. Бұқтырма бұрынғыдай буырқанбайды, қоңыр күз келе жуасып, момақан күйге енеді. Бұқтырманың осы бір момақан тартқан кезінің де өз сұлулығы бар, жайлап аққан айдындарына құстар мекендеп әсем табиғатқа ерекше көрік береді.

Қаһарына мініп кәрі құда қыс келгенде өзенннің бетін көк тайғақ мұз құрсаулап, табиғат-тағдырдың ырқына біржола көнгендей  болады. Осылайша қырсаулы мұз астында жадыраған көктемнің ораларын тосып ұзақ ұйқы құшағына енеді.

Бұқтырма алқабы ежелден адамзаттың мекендеген аймағы, оның дәлелі  өзенінің жағалауындағы жатқан қорғандар тізбегі. Өткен 19-20 ғасырлардың өзінде өзенді бойлай талай қазақ-орыс елдімекендерінің болғандығын тарихтан білеміз. Қазіргі кезде Бұқтырма өзенінің бойында Катонқарағай және Алтай аудандарының сандаған ауылдарының қайнаған өмірі өтуде.

Бұқтырма өзені Шындығатай жерінде үш өзеннің қосылуынан пайда болады, олар: сотүстіктен Бұқтырма (Шәңген) көлінен ағып шыққан Алғыжақ бұлақ өзені, солтүстік-шығыстан Шындығатай өзені және оңтүстік шығыстан Ақбұқтырма өзені. Нақтырақ айтсақ Алғыжақ бұлақ Шындығатай өзенінің оң жақ саласы, біраз жерден кейін Шындығатай өзені Ақбұқтырма өзенімен қосылып Бұқтырма өзені болып ағады. Жергілікті тұрғындар Бұқтырма көлін Шәңген көлі деп атайды. Бұл атау 1786 және 1796 жылдары Алтай тауларын зерттеуші орыс саяхатшысы, Колывано-Воскресенск заводының маркшейдері Петр Иванович Шангиннің құрметіне қойылған деген деректер бар. Бұқтырма көлі теңіз деңгейінен 2064 метр биіктікте орналасқан, оған үлкенді-кішілі 6-7 өзен, бұлақтар құяды. Оның ең үлкені Шәкендара бұлағы (картада Шәндеге бұлағы деп жазылған). Көлден бір ғана өзен ағып шығады, оның атауы жоғарыда айтқадай Алғыжақбұлақ өзені.

Шындығатай өзені басын Қосағаш ауданындағы Ақалақа көлінің оңтүстүгіндегі Молибден тауынан алады. Оның жалпы ұзындығы 34 шақырымды құрайды. Шындығатай өзеніне Алғыжақ бұлақтан өзге Мұқыр және Қаратүйе өзендері келіп құяды.

Ақбұқтырма өзені жайлы оның бастау алар жерін зерттеген ғалымдар мен саяхатшыларға тоқталып өтейін. Әрине, Бұқтырма ғасырлар бойы жасап келе жатқан өзен, ол жайлы ең алғаш кім білді деген сұрақ қолайсыз болар, оның бойына біздің де ата-бабаларымыз ертеден келіп, оның суын ішіп, малын суарып, жағасын жайлағаны даусыз.

Бұқтырма өзенін зерттеушілер туралы жазушы-натуралист, этнограф, фотограф Лухтанов Александр Григорьевич өзінің  «Исследование истоков Бухтармы» атты еңбегінде нақтылап жазады. Бұқтырма аймағына ең бірінші 1786 және 1796 жылдары Алтай тауларын зерттеп келген орыс саяхатшысы, Колывано-Воскресенск заводының маркшейдері Петр Иванович Шангин, одан кейінгі 1826 жылы Дерпт университетінің ұйымдастыруымен ботаник  Карл Фридрих Ледобурдың басшылығымен келген экспедиция Шыңғыстай жеріне дейін келіп қайтады. 1833-1835 жылдары натуралист, географ, Алтайды зерттеуші Ф.Геблер Қатын және Ақбұлқақ өзендерінің бастау алар жерлеріне дейін келеді. Бұқтырма және оның салалары туралы алғаш нақты ғылыми мәліметтерді Ресейдің бас штабының офицері топограф Мирошниченко мен тау-кен инженері Малевский береді. Олар 1869 жылы Қытай мен Ресей арасындағы Шәуешек келісімі бойынша П.Бабков бастап  келген шекараны барлау комиссиясының құрамында болып, жерлердің координаталарын, теңіз деңгейінен биіктіктерін анықтап, аумақтың географиялық және геодезиялық сипаттамасын береді. Сонымен қатар Бұқтырма өзені мен оның салаларының орнын схемалық картаға түсірді.

Олардың жазбаларында Бұқтырма өзенінің басталуы былай суреттеледі: «Шындығатайдан ары Ақбұқтырманың оң жағалауымен жол тік көтеріледі, сол жағалауы 8 шақырымға созылған балқарағайлы орманмен жабылған, одан кейінгі жол тасты, батпақты болып ауыр жүк артқан аттардың жүруіне қиын болды. Орман біткесін алпілік өсімдіктер басталды. Одан әрі алдымызда кең көсілген үстірт созылып жатты, өлшеуімізше үстірт биіктігі 2200 метрге таяу болып шықты. Моңғол тіліндегі Табын-Богдо-Ола деп аталатын, биіктігі 4000 метрден асатын қарлы шыңдардың тұтас тобы Үкек үстіртінен асып жатты. Тікелей жолымыздың оң жағында Ақбұқтырма өзенін  тудыратын күміс бұлақтар мен ақ мұздықтар көрінді».

1905 жылдың жазында орыс саяхатшысы, географы, ботанигі В.В.Сапожников өзінің үш серігі – студенттерімен бірге Ресей шекарасына жақын Моңғол Алтайының мұздықтарын зерттеу үшін Қосағаштан оңтүстікке қарай жолға шығады. Оны Алтай жоталары түйісетін Үкөк үстіртіндегі Табын-Богдо-Ола тау жүйесі қызықтырған еді. Қалғұтты, Алаха, Қанас өзендерінің бастауларын зерттеп, Өрелге барар жолда Бұқтырманың жоғарғы ағысындағы мұздықтарды байқап, былай деп жазды:

«15 шілде. Таңды аспаптық барлаумен бастадым... Осы түсірілім арқылы мен Қанас, Алаха, Үкөк және Бұқтырма көздерін біріктіріп, жотаның осы бөлігінің 3300-ден 3600 метрге дейін жеткен шыңдарының биіктігін анықтадым. Бұқтырманың басындағы қар басқан негізгі шыңдарды бергі таулар көмкеріп, биіктігі белгісіз болып шықты. Мұздықтардың өздеріне жақын бара алмадым, сондықтан тек олардың орны мен жалпы ұзындығы ғана анықталды. Қалай болғанда да, мұнда мұздықтарды егжей-тегжейлі зерттеу үшін көптеген материалдар қалды».

Келесі сипаттауында:

«...Бір қызығы, Алаха мен Үкөкті бөліп тұрған шың Үкөк пен Бұқтырманы бөліп тұрған екінші шыңға өте ұқсас. Екі шыңның да төбесінде ойпаң, дәлірек айтсақ, қарға толы кең ойпат бар. Шыңның ойпаңында бір-біріне қатарлас жатқан екі мұздық бар, оның шығыс жағындағы S әрпі сияқты қисық үлкен мұздық. Ол артқы қар шыңынан басталып жартасты айнала иіліп, екінші кіші мұздықтың басына келеді.» - деп жазады.

Сапожников Бұқтырма мұздықтарына барлау жүргізіп, олардың Табын-Богдо-Олаға жақын болғанымен, ол бұл тау жүйесінен емес, Оңтүстік Алтай жотасының Ағайырық таулары деп аталатын шығыс бөлігінде орналасқанын анықтайды.

Алтай мұздықтарының келесі маңызды зерттеушілері ағайынды Михаил мен Борис Тронов болды. Олар таулы жолдармен жалықпай, батыл саяхаттап, аспаптық және басқа да ғылыми бақылаулар жасап қана қоймай, қиын асуларды бағындырды, Мұзтау шыңына бірінші болып шығып, Табын-Богдо-Ола тобының басты шыңына көтерілді.

Ағайындылар кездейсоқ ғалым, саяхатшы атанған жоқ. Олардың әкесі Владимир Дмитриевич, дәрігер, Алтайды көп аралаған, кәнігі өлкетанушы болған. Бұқтырманың көздерін де аралап, Сапожников сияқты (1895, 1896) жылдары Оңтүстік Алтайдың мұздықтарын зерттеп, Рахман қайнарларын сипаттағаны үшін екі рет Орыс географиялық қоғамының күміс медальдарымен марапатталған. Алтай мұздықтарын зерттеу ағайынды Троновтар үшін отбасылық дәстүрге айналды деп айтуға да болады.

1915 жылы Орталық Алтайдың мұздықтарын зерттей отырып, олар Бұқтырма мұздықтарының жанынан өтіп кете алмайды. Нақтырақ айтсақ, 28 маусымда олар 3650 метр биіктіктегі қарсы шыңға көтеріліп, оны Көкжиек (Кругозорной) деп атайды. Бұл жерден Бұқтырманың көздері алақандағыдай көз алдарында тұрды. Келесі күні олар бүкіл мұздықты басып өтіп, мұздық ағып жатқан одан кейінгі Ақайрық шыңына көтерілді. Осылайша Ақбұқтырма екі мұздықтан басталатыны, оның бірінің ұзындығы 3 км, екіншісінің ұзындығы 1 км, ал ең жақын сол жақ саласы Ақүлген мүлде елеусіз мұздықтар тобынан ағып жатқаны анықталды. Олардың өздері мұздық экскурсиясын былай сипаттайды:

«29 маусым күнгі екі экскурсияны – Бұқтырма мұздығына және Кругозорная тауының мұздығына арнадық. Мореналар (мұздық таситын тасты-кластикалық материал) бойымен Бұқтырма мұздығының ортасындағы қырға жеткенде, оның екі жағында бір-біріне қосылмаған Үлкен және Кіші Бұқтырма мұздықтары бар екендігі анықталды. Үлкен мұздық екі негізгі ағыспен басталып, әлсіз морена түзеді. Сол жақ морена, бұрынғы ортаңғы, мұздардың айтарлықтай массасын жасырып біздің тұрған жерімізден бастап соңғы моренаға дейін созыла қосылып, ұзын бойлық жоталарды құрайды. Құрып бара жатқан бұл мұздықтың бөлігі төрт верстке созылып жатыр... Сол жақтағы Бұқтырма мұздығы кішкентай, шамасы, жойылу үстінде тұр. Одан шыққан бұлақ алдымен қорымдар арасымен, содан кейін мореналардың астымен ағады.

Бұқтырма толығымен лайлы екі бұлақтан ағып шығады және мұздықтан жарты верст жерде оң жақтағы Кругозорная тауының мұздығынан тағы бір лайлы бұлақ келіп қосылады. Бұл таудың ең жоғарғы жағындағы қардан және  тік мұзды жағалаулары бар қорымдардан басталып, судың ағысынан түзілген  шатқалға ағып түседі. Мұздықтың төмен жағының биіктігі 2850 м. Төменде мореналар үйіндісі түзілген».

Ақбұлқақ сияқты Бұқтырма өзенінің басы да тастардың үгітілуінен пайда болған ақ шөгінділеріді шайып өтіп, ақ түсті болады, сондықтан Ақбұқтырма деп аталады.

Бұқтырма өзеніне сандаған өзендер мен бұлақтар келіп құяды, оның ірі-ірі дегендеріне тоқталып өтпеске болмайды. Бұқтырманың оң жақ салалары Катонқарағай ауданында: Шындығатай, Сарыкөл, Тасдіңгек, Абырғанбұлақ, Төртбиебұлақ, Аршаты, Семечиха (Шымыр), Колмачиха (Ойсыптың суы), Ақберел (Ақбұлқақ), Сахатушка (Қансу), Фадиха (Барынду), Березовка (Қайыңды), Черновая (Шу), Каменушка (Мойылды), Ақсу, Язовая (Жазаба), Бобровка, Алтай ауданында: Черновая, Игнашиха, Хамир, Тұрғысын. Сол жақ салалары: Күрті, Таутекелі, Өрел, Күлмес, Коробиха, Сенное, Осочиха.

Өзеннің қос жағасында Катонқарағай ауданының: Шындығатай шекаралық заставасы, Аршаты, Берел, Жамбыл, Өрел, Қайыңды, Еңбек, Қызылжұлдызды, Аққайнар,  Шыңғыстай, Жаңаүлгі, Мойылды, Барлық, Коробиха, Сенное ауылдары, Алтай ауданының:  Жоғарғы және Төменгі Быково, Богатырево, Лесная Пристань, Зубовка, Парыгино, Снегирево, Тұрғысын ауылдары орналасқан.

Бұқтырма өзенінде (жоғарыдан төменге қарай) бірнеше көпірлер салынған: Шындығатайдан Аршатыға дейін - 2 ағаш көпір, Аршаты ауылының басы мен аяғында екі бетонды көпір, Берел, Жаңаүлгі, Барлық, Лесная Пристань, Зубовка, Парыгино және Тұрғысын ауылдарының маңында бетонды көпірлер, Жамбыл мен Өрел ауылдарының арасына жеңіл автокөліктер өтетін аспалы көпір салынған.

Бұқтырма өзені атауының шығу тарихы жайлы сан түрлі нұсқалар кездеседі, оларды оқи отыра дәл мына нұсқа дұрыс, мынасы бұрыс деп айту қиын, бұл әлі де зерттеп-зерделеп, дәлелдеуді қажет ететін мәселе.

Ж. Болатов пен А.Əбдрахманов өзеннің бұлай аталу себебін жергілікті халық ағысы қатты, асау тау өзені болғандықтан, түсіп кеткен нәрсені, мал, адам т.б болсын қайта тұруға шамасын келтірмей, бас көтертпей бұқтырып алып кететіндігімен байланыстырады. Өзеннің қатты ағысын, жұлқына, бұқтыра ағуын негізге алып жергілікті халық оны «Бұқтырма» деп атайды дейді. Бұқтырма гидронимін бұқ (етістік) + тыр (өзгелік етіс жұрнағы) + ма (етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ) деп талдайды да мағынасын суға түскен нəрсені тастан тасқа соғып, бұқтырып əкететін касиетінен шығарады.

 С.Аманжолов атындағы ШҚУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Өр Алтайдың  топонимдерін зерттеуші ғалым Бияров Бердібек Нұралдаұлы орыс тіліне ауысқан көне түркі сөздерін зерттеген Е.Н.Шипова Дальдің сөздігіне сүйеніп: «Бахтарма-бухтарма» (архаизм) внутреняя сторона шкуры, прилегающая к телу животного» деген түсініктеме береді. Бізде өзеннің аты осы көнерген сөзден жасалған деп есептейміз, өйткені жаңа сойылған малдың терісін аударып қарағанда, қан тамырларының ізі тарам-тарам болып көрініп тұрады. Бұқтырма өзені де дəл солай сала-салаға бөлініп ағады. Ұқсату арқылы жасалған атаудың түбірі бүк, бүктеу сөздерінен шығып, кейін жуандаған секілді. Бүк+тір+ме >Бұқ+тыр+ма. –деген тұжырымдама келтіреді. 

География ғылымының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Сапаров Қ.Т. «М Қашғари сөздерінде буктир (бөктер) «тау етегі» дегенді білдіреді. Біздің пікірімізше, Бұқтырма тауды бөктерлеп ағатын өзен мағынасына саяды.» - деген пікір білдіреді.

Уикипедия ашық энциклопедиясында Бұқтырма өзені туралы былай жазылады: Бұқтырма өзені Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай, Алтай аудандары жерімен ағып өтеді. Ұзындығы 336 км, су жиналатын алабы 12 660 км2. Сағасындағы жылдық орташа су ағыны 214 м3/с. Оңтүстік Алтай жоталарындағы мұздықтардан бастау алып, Ертістегі Бұқтырма  бөгеніне құяды. Өзен аңғарының беткейлері тік жар, терең шатқалды, аңғарының ені 5 — 6 км, тар жері 0,3 — 0,4 км. Қар, жаңбыр және жер асты суымен толығады. Көктемде, жазда тасиды. Мұзқұрсау қарашаның 2-жартысында қалыптасып, әдетте 80—200 күнге созылады. Мұздың қалыңдығы 50—80 см болады. Суы өте жұмсақ әрі тұщы (100—250 мг/л). Өзен арнасымен ағаш тасымалданады, салалары егін суаруға пайдаланылады. 

Бұқтырма жаратылғалы зымырап талай уақыт өтті, оның бойымен өлшеусіз су ақты, талай ғасырларға куә болды. Жағасын жайлаған адамзат қауымы мен жануарлар, өсімдіктер әлемін өз нәрімен қоректендіріп анадай аялап, әкедей қамқорлық етуде. Бұқтырма - төсінде қазбауыр бұлттар жүзген асқар тауларымызға көрік беріп, әлі де талай ғасырдың куәсі болары шүбәсіз.

Соңғы жылдары Бұқтырама бұрынғыдай шанағынан асып тасымайтын болды, суы айтарлықтай азайғанын байқауға болады. Өткен жылғы (2020) көктем, жаз айларында Бұқтырма мүлдем тасымады десе де болғандай, оған қыстағы қардың аз түсуі, көктем айларында жауын-шашынның аз болғаны да әсер еткен болар. Дегенмен, оның басқа да себептері жоқ емес. Табиғат тепе-теңдігінің бұзылуы көбіне адам қолы жасаған техногендік апаттардан пайда болып отырғаны белгілі. Жер бетіндегі экожүйенің бұзылуы, жаһандық жылынудың салдары қайда апаратыны белгілі. Ғалымдардың дәлелдеуінше соңғы жүз жылда жер бетіндегі орташа температура бір градусқа артқандығы және жаһандық жылыну жылдам жүретін болса алдағы 50 жылда мұздықтар еріп бітетіндігі айтылуда. Жаһандық жылынудың салдарынан жер бетіндегі мұз қабаттары еруде. Бұқтырма өзені өзінің бастауын биік шыңдардағы мұздықтардан алатындығын ескерсек, оның суының азаюының бір себебі осыдан екендігі анық. Адамзатқа тек бүгінгі саяси және экономикалық жағдайды ғана ойламай, экожүйенің бұзылуының соңы қайда апаратынын ойлайтын да кез келгендей...

Дүйсен Бралинов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылғандай, экономиканың құрылымын өзгерту және тұрақты дамуға бағытталған шараларды жүзеге асыру еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. 

Тарбағатай ауданында кейінгі 3 жылда әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны үдей түсті. Іске асырылып жатқан жобалардың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау және әлеуметтік салада жинақталған мәселелерді шешу. Бұл бастамаларға аудан әкімі Дархан Жөргекбаев ерекше көңіл бөліп отыр.

Білім сапасы бақылауда

2023-2024 жылдары ауданның Шеңгелді, Шолақорда, Тәуке ауылдарына жаңа мектептер салынып, қолданысқа берілген болса, биыл Сарыөлең ауылында жаңа мектептің құрылысы басталып, аяқталуға жақындады.

2025 жылы білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, оқу процесінің сапасын арттыру және білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында бірқатар нысандарда жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта мектебі Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировтың қолдауымен, «Қазақстан халқына» қоры арқылы Назарбаев зияткер­лік мектебі базасында 250 млн тең­ге қаражатқа толықтай жабдықталды.

Нәтижесінде, оқу орындарының материалдық жағдайы жақсарып, оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы білім беру ортасы қалыптасты. Тарбағатай ауданы бойынша жалпы білім сапасы артып, оқушылар облыстық, республикалық жарыстарда көптеп орын ала бастады. Мысалы, аудан оқушылары 2022-2023 оқу жылында облыстық кезеңде – 98, республикадан 10 жүлделі орын иеленсе, 2024-2025 оқу жылында облыстық кезеңде 284, республикадан 22 жүлделі орын алған.

Халық саулығы қадағаланады

2022-2024 жылдар аралығында ауданның 4 ауылында медициналық пункттер күрделі жөндеуден өтті. Ақжар ауылындағы аудандық аурухана ғимаратының ауызсу, кәріз және жылу жүйесі толықтай жаңаланды.

Аудан орталығындағы перзентхана бөлімі қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталып, күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде, перзентхана бөлімшесі ІІ деңгейге өтті. Яғни, бұрын патологиясы бар әйелдер облыстық перинаталдық орталықта босанған болса, енді олар осы аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесінде сәбиін өмірге әкеледі. Бұл аудан тұрғындары үшін қолайлы жағдай туғызды.

Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 9 ауылға медициналық пункттер салынып пайдалануға берілді.

2024 жылғы іске асқан ірі жобалардың бірі – аудандық ауруханаға 451,0 млн теңгеге компьютерлік томография аппараты алынды. Қазір халық игілігіне қызмет етіп тұр.

Аудандағы ең ірі елді мекен – Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Ақжар ауылындағы аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Нысан қазіргі санитарлық талаптарға сай жабдықталып, медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Қазір аудандық аурухананың емхана бөлімшесін күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. 300 млн теңгеден астам қаржыға сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелері, 275,2 млн теңгеге мәйітхана мен алаңішілік желілерге күрделі жөндеу жасалады.

Аталған шаралар аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға, аурухана мен емхана инфрақұрылымын жаңартуға және қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Ауданда бұрын болмаған «Оңалту орталығы» ашылды. Жоба «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар «БАЛТНЕР ІІ-Ш 200 ПА» медициналық қалдықтарды дезинфекциялау және ұнтақтау жабдығы сатып алынды. Алдағы уақытта Қабанбай, Қарасу ауылдарының дәрігерлік амбулаториясын жаңадан салу жоспарлануда.

Қос салада қарқынды өсім бар

Тарбағатай спорттағы жеңістерімен де дараланады. Ағайынды Ералы және Дарын Әскербектер еркін күрестен, Айбол Слямбеков гір спортынан Қазақстанның атын әлемге әйгілі етті.

2023 жылы Маңырақ ауылының тумасы, меценат Бауыржан Қожахметов ауылына 300 млн теңгеге спорт кешенін салып, азаматтықтың биік үлгісін көрсетті.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Тұғыл ауылында 2024 жылы спорттық-сауықтыру кешені салынды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақжар ауылының орталық стадионын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталды. Қазір Ақжар ауылында дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Ауданда мәдениет пен өнер саласына қолдау көрсетіліп, ел руханиятына ауқымды көңіл бөлініп жатыр. 2022-2025 жылдары Жаңаа­уыл, Маңырақ, Жетіарал, Құйған, Жаңатілеу, Жаңаталап ауылындағы 6 мәдениет үйі жөнделді.

Қазір аудандағы барлық мәдениет үйі мен клубтарға сахна шырайын ашатын заманауи музыкалық дыбыстық құрылғылар, ұлттық музыкалық аспаптар, үйірмелер жұмысын жүргізуге домбыралар, LED экрандар сатып алынды. Бұл өнерді көркем әрі сапалы жеткізудің жаңа мүмкіндігі, мәдениетіміздің цифрлық дәуірге қадам басқанын білдіретін үлкен жетістік болып отыр. Тарбағатай өнер шеберлеріне қолдау көрсетіліп, ұлт аспаптар оркестрі, 3 фольклорлық ансамбль, 3-топтағы би ансамбльдері және театр өнерпаздары сахналық киімдермен қамтамасыз етілді.

Ауданда ұлттық және мемлекеттік мерекелер өткізуге тұрғындарды жаппай қамту, облыстық, республикалық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізу мақсатында жылжымалы LED экранды сахна кешені, концерттік гастрольдерге арналған «Газель» автокөлігі алынды. Ауданда кітапханаларға жаңа жиһаздар сатып алу, кітапхана қорларын толықтыру ісі де қарқынды жүріп жатыр.

Инфрақұрылым ел игіліне жарап тұр

Тарбағатайда кейінгі жылдары жол инфрақұрылымын дамытуға да аса мән беріліп келе жатыр. Жо­л жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асып, жоғары сапалы автокөлік жолдарының үлесін арттыру жоспарымызда бар.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2022 жылы – 10,9 шақырым, 2023 жылы – 33,3 шақырым, 2024 жылы 116,91 шақырым жол жөнделсе, оның 45 шақырымының облыстық маңызы бар, ал қалған 71,91 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.

2025 жылы ауданда 1 млрд теңгеден астам қаржыға жалпы ұзындығы 18 шақырым болатын көше, аудандық және облыстық маңызы бар жолдар орташа жөндеуден өтті. Биыл аудандық маңызы бар ауылдық округ орталықтарына қатынайтын жолдарға 100% асфальт төселді. Аудандық маңызы бар, ауылішілік көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары да үнемі жүргізіліп келеді.

Жол мәселесіндегі үлкен жаңалық – 2025 жылы аудан халқы көптен күткен шығыстағы ең маңызды көлік артерияларының бірі, республикалық маңызы бар «Қалбатау – Майқапшағай» автомобиль жолы толық аяқталып, салтанатты түрде пайдалануға берілді.

Ауданда тұрғын үй құрылысы да қарқынды артып келе жатыр. 2023-2024 жылдары қаржыландырудың барлық көзі есебінен 15,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 2023 жылы – 27 баспана, 2024 жылы 62 баспана салынды.

2025 жылы тұрғын үй құрылысына 268,6 млн теңге қаражат қаралып, 20 баспананың құрылысы басталған болатын. Қазір олардың жартысына жуығы пайдалануға берілді, қалғанының құрылысы аяқталу үстінде.

Ауданда шалғай орналасқан елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. 2024 жылы аудан бойынша су және кәріз жүйесі құрылыстарына 615,6 млн теңге қаражат қаралып, 8 жоба жүзеге асырыла бастаған. Оның ішіндегі 3 жобаның бірі 2024 жылы атқарылды, биыл 2 жоба ауыспалы кезеңде. 2025 жылы 6 жобаға 2,1 млрд теңге қаражат бөлініп, игерілуде.

Ауылдар абаттанып, инвестиция тартылды

Ауылдарды абаттандыру жұмыстарына 2023 жылы 149 млн теңге бөлініп, 25 жоба жасалса, 2024 жылы 57 жоба іске асырылды. Биыл 36 жоба бар. Атап айтсақ, ауылдық елді мекендерде балалар ойын алаңы, «стрит воркауттар», шағын футбол алаңдары көптеп салынды.

Ақжар, Құйған, Қарасу, Қабанбай, Жаңаауыл, Маңырақ ауылдық округтерінің бірқатар ауылында шағын футбол алаңдары сал­ынды. Ақжар, Жетіарал ауылдарында «стрит воркауттар» орнатылды. Ақжар, Құйған, Қабанбай, Жетіарал, Тұғыл ауылдық округтерінде балалар ойын алаңы салынды.

Соңғы жылдары ауданның инвестициялық әлеуеті те артып келеді. «Altai Invest 2025» форумы Тарбағатай ауданына жаңа мүмкіндіктер ұсынды. Форум аясында аудан әкімдігі мен «Тарбағатай Агро» арасында құны 1,9 млрд теңгеге, аудан әкімдігі мен «Бенто Технологии KZ» арасында құны 200 млн теңгеге жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды. Бұл жобалар аграрлық секторды жаңғыртуға, өндірістік қуаттарды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Ауданымызда жүзеге асырылатын ең үлкен жобалардың бірі – «Қызылқайың» кен орнында 2018-2026 жылдары барлау жұмыстары жүргізілуде. Кен қоры расталған жағдайда, 2027-2028 жылға қарай жобалау, инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 2028 жылға қарай комбинаттың құрылыс жұмыстары басталады деп күтілген. Өндіріс толық қуатына қосылған соң 1000 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Жобаның мақсаты – кен орнының тереңдігін 600-750 метрге дейін барлап, С2 санаты бойынша қорларды растау, сондай-ақ мыс, молибден, полиметалл және алтын құрамдас кендерді өндіру мен өңдеуді жүзеге асыру. Бұл жоба іске асқан жағдайда жылына 25 млн тонна кен өңдей алатын заманауи таукен байыту комбинаты құрылады.

Таяуда Орталық коммуникация қызметі алаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов аймақтың даму қарқыны жайлы баяндама оқыды. Өңірде қандай жобалар атқарылып, қай салаларда өзгеріс болып жатқанына көз жүгірттік.

Ең алдымен, аймақтың экономикалық көрсеткіштері сөз болды. Әсіресе, халықтың тұрмысын жақсарту бағытында атқарылған іс көп. Мәселен, облыста өнеркәсіп өндірісі – 129%, инвестициялар – 117%, құрылыс – 116%, ауыл шаруашылығы 115% өсім көрсеткен. Жеке кірістер көлемі де 113%-ға ұлғайып, 195 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ 23 мың жұмыс орны ашылған. Қазір өңірдегі жұмыссыздық көрсеткіші орташа республикалық деңгеймен тең (4,6%). Орташа жалақы биыл 9,5%-ға өсіп, 403 мың теңге болыпты. Жыл соңына дейін облыстың жалпы өңірлік өнімі 102%-ға артып, 5,5 трлн теңгеге жетеді деп күтіліп отыр. 

Аймақ басшысы Президент тапсырмасы бойынша облыстың жаңа инвестициялық контуры қалыптасып жатқанын жеткізді. Портфельде жалпы құны бір трлн теңгеден асатын 81 инвестициялық жоба бар. Оның ішінде, 64 жоба – белсенді іске асырылу кезеңінде. Биыл 15 жобаны 55 млрд теңгеге іске қосу жоспарлануда, бұл 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығының ауқымы кеңеймек

Биыл аймақтың аграрлық секторы тұрақты өсім көрсетуде. Ас­тық өнімі – 101,5%-ға, майлы дақылдар 107%-ға артқан. Қайта өңделген экспорттық өнім үлесі 66%-дан 71%-ға дейін өсті.

Цифрлық жүйені пайдалану арқылы егістік жерлердің 40%-ы өнімділікті гектарына 30 центнерге дейін арттырады. Агрөөнеркәсіп кешенінде сыртқы ынтымақтастықты нығайту мақсатымен Қытай, Ресей және Өзбекстанмен өзара іс-қимыл жолға қойылған.

Қазір өңір балық шаруашылығында да өңір көш бастап тұр. Биыл 2,5 мың тонна балық өндірілмек. Балық өсіру ісі де 2,5 есеге ұлғайды. Сібір бекіресін қалпына келтіру үшін Қара Ертіске 61 мыңнан астам балық шабағы жіберіліпті.

Шағын және орта бизнес 152 мың шығысқазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Биыл мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікті қолдауға 92 млрд теңге бөлінді.

Туризм саласының табысы мол

Туризм де өңір экономикасының өсіміндегі негізгі бағыттардың бірі болып келеді. Қыстың ерте түсуі және қардың көп болуы өңірде тау шаңғысы саласын дамытуға жағдай жасайды. Риддердің маңында жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» кешенін салуды жоспарланған. Ол тау туризмі мен спортшыларды даярлау орталығына айналады. Халықаралық Pana Asia қонақүй компаниясы халықаралық стандарттарға толық сай келетін заманауи қонақүйлер салатын болады.

Онкология және хирургия орталығының базасында медициналық туризм белсенді дамып келеді, онда ЧЕК-АП қызметтері ұсынылады. Кореяда 5-10 мың доллар тұратын бұл қызмет Өскеменде 500 долларға жасалмақ.

Туристерді тартуға AltaiFest, этномәдени фестиваль «Шығыс Салбұрыны–2025» секілді имидждік жобалар ықпал етеді. Биыл бұл іс-шараға Қазақстан, Ресей, Қытай, Испания, Венгрия, Моңғолия және Қырғызстаннан 148 бүркітші қатысты. 10 мыңнан астам көрермен жиналды.

Автожол желісін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл аймақта 98 млрд теңгеге 856 шақырым автожол жөнделді. Облыс орталығының көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту үшін екі жолайрық салынуда, олар кептелістерді азайтып, жол желісінің өткізу қабілетін арттырады.

Сонымен қатар Өскеменде екі көпір салынады. Бұл көлік байланысын және транзиттік әлеуетті жақсартады. Келесі жылдан бастап Уба өзені арқылы өтетін, Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы бағытының бір бөлігі болып саналатын апатты көпірді реконструкциялау басталады.

Әлеуметтік саланың адымы

Биыл Шығыс Қазақстан облы­сында 380 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, оның ішінде 29 көп қабатты үйден тұратын 2,3 мың пәтер, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 350 пәтер салынбақ.

Президенттің халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы орындалуда: жыл соңына дейін 8 жаңа нысан іске қосылып, тағы 4 мыңнан астам адам сумен қамтамасыз етіледі.

Жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында Риддер ЖЭО-сы «қауіптің қызыл аймағынан» шығарылды. Жабдықтың тозу деңгейін 3%-ға (46%-дан 43%-ға), ал жылу желілерінің тозуын 8%-ға (67%-дан 59%-ға) төмендетуге мүмкіндік берді.

Халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыс жалғасуда. Қазір халықтың 97%-ы интернетке қол жеткізген. Биыл тағы 56 ауыл қосылады, ал қалған 66 аз қоныстанған елді мекен республикалық Жол картасына сәйкес 2027 жылға дейін интернетпен қамтылады. Келесі жылы 22 антенна құрылғысын салу жоспарлануда.

Денсаулық сақтау саласында медициналық қызмет көрсету мен инфрақұрылымды жақсарту бойынша нысаналы жұмыстар жүргізілуде. Ұлттық жоба аясында 36 ауылда медицина нысан құрылысы аяқталады. Ұлан ауданында бір ауысымда 150 адам қабылдайтын заманауи аудандық емхана ашылды. Риддерде аурухана кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Өскеменде Ана мен бала орталығы және Гематология орталығын біріктіретін заманға сай медициналық кластер құрылуда. Кейін оның құрамына 300 төсек-орындық көпсалалы аурухана кіретін болады.

Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстары да жалғасуда. Биыл 118 маман оқытылды, оның ішінде 72 маман Түркия, Израиль, Германия, Қытай және басқа елдердің жетекші медициналық орталықтарында білім алды. Өңірдегі ғалымдар Ұлттық травматология және ортопедия орталығымен бірлесе отырып, импланттың алты түрін жасап шығарған. Омыртқа аралық кейдж және пластина орнату бойынша 137 ота жасалыпты. Қазақ онкология және радиология институтымен бірлесе отырып, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған титан ұнтағынан имплантаттар шығарылған.

Экологияға да көңіл бөлініп отыр. Ауа сапасына экологиялық мониторинг жүргізу бағдарламасы аясында 25 бақылау бекеті желісін құру жобасы іске асуда. Алдағы уақытта бұл платформа кәсіпорындарда орнатылған тіркеу аспаптарын біріктіру арқылы кеңейтілмек.

Ірі кәсіпорындармен қолайсыз ауа райы жағдайында өзара бірлесіп әрекет ету туралы меморандумдарға қол қойылыпты. «Өскемен тынысы» қоршаған ортаны қорғау бюросы жұмыс істейді. Оның құрамына тәжірибелі эко­логтар, қоғам және мемлекеттік органдардың өкілдері кірген.

Қорыта айтқанда, Шығыс Қазақстан облысы экономикалық өсім мен әлеуметтік саланың дамуына ерекше зер салып отырғаны байқалды. Бұл жобалар жүйелі түрде жалғаса берсе, тұрғындардың өмір сүру деңгейі де жақсаратыны даусыз.

М. ЖАЛҒАСҰЛЫ

Марқакөл ауданы – Алтайдың жүрегі, Шығыстың шырағы. Шығыс Қазақстанның шекаралық өңірі, табиғаты көркем, әлеуеті мол аймақ, бір сөзбен айтқанда, табиғат пен тарихтың тоғысқан қасиетті мекені десек те болады.

Асқақ Алтайдың аппақ шыңдары аспанмен тілдесіп тұрса, етегінде мөлдір көл мен нулы орман жарасым тауып, адам жанын баурайды. Бұл өлке – тыныштығы мен тылсымы бірдей үйлескен, жаратылыстың жаны сезілер жер.

Қазір бұл ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуында да ерекше серпін бар. Қазақстан Президентінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №424 Жарлығымен 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Марқакөл ауданы төртінші рет құрылып, Күршім ауданының құрамынан бөлініп шықты. Бұл Мемлекет басшысының өте маңызды шешімі болды.

Қазір жас ауданды Рүстембек Кемешев басқарып отыр. Өңірде қарқынды жұмыстар жүргізіліп, 2024 жылы жергілікті бақару органдары мен орталық мемлекетік органдардың аумақтық бөлімшелерін әкімшілік ғимараттармен қамтамасыз ету мақсатында 1,7 млрд теңгеге 8 ғимарат пен әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Және «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 4 пәтерлі 2 үй салынып, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы осал отбасыларға берілді. 

Биыл 9 айда Марқакөл ауданында барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалды. Ауданның өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,9 млрд теңгені құрап, физикалық көлем индексі 91,2% жетті. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібінің көлемі – 4,6 млрд теңге (85,8%).

Өңдеу өнеркәсібінде физикалық көлем индексі 109,9%-ға өсіп, 4 332,2 млн теңгені құрады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі 10,4%-ға артты, нәтижесінде 7 151,8 млн теңгеге жетті. Бұған қоса, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2 есеге өсіп, 2 180,6 млн теңгені құрады, оның ішінде жеке инвестициялар 4 есеге өсіп, 1 549,8 млн теңге болды. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары 6 есеге өсіп, 1 040,5 млн теңгеге жетті.

Биылғы жағдай бойынша, аудандағы халық саны – 6,7 мың. Ауданның әкімшілік құрылымы 5 ауылдық округ пен 23 ауылдан тұрады. Сонымен бірге, 2024 жы­лғы 27 ақпандағы облыс әкімдігінің №61 қаулысымен ауданның штаттық құрылымы бекітіліп, жалпы мемлекеттік қызметшілер саны 63-ке жетті (мәслихат аппараты – 6, аудан әкімінің аппараты – 11, тәуелсіз бөлімдер – 25, ауылдық округ әкімдіктері – 21 бірлікті).

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша 2024 жылы әр өңірде талантты жастар арасынан жас басқарушылар пулын қалыптастыруға бағытталған өңірлік кадрлық резервтерге алғаш рет іріктеу жүргізілді. Қазір Марқакөл ауданында кадрлық резервтегі жас мамандар жұмыс атқаруда.

Аудан аумағында 562 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін жүзеге асыруда, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында 348 шаруа қожалығы және 25 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істейді.

Ауыл шаруашылығының негізгі бағыты мал шаруашылығы болып отыр. Барлық шаруашылық санаттарындағы ірі қара мал саны – 27,5 мың бас, ұсақ мал – 41 мың бас, жылқы – 17,5 мың бас, құс – 18,7 мың бас.

Жыл басынан бері мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы 44 кәсіпкерге 423,5 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 4 жоба иесіне 69,3 млн теңге несие беруге құжаттары мақұл­данды; 13 жоба иесіне 20,5 млн теңге қайтарымсыз негізде грант бөлінді; 27 шаруа қожалығы лизингке 333,7 млн теңге тұратын 36 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.

Туризм бағытында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы 34,5 млн теңге болатын 2 жоба мақұлданды: «Рахат Туризм» СПК 16 млн теңге – қажетті материалдар мен жабдықтарды сатып алу арқылы қонақүйді қайта құруды жүзеге асырды; «Айсаб» СПК 18,5 млн теңге – туристерге қызмет көрсету және тұру үшін Ақжайлау ауылында 8 киіз үйден этноауыл салды.

Биыл Markakol Lodge жобасы аясында Урунхайка ауылында жеке инвестициялар есебінен 6 глемпинг үй салынды. «Шығыс Қазақстан облысының үздік рекреациялық туристік аймағы» боп Урунхайка ауылы 200 млн теңге ұтып алды. 100,0 млн теңге инфра­құрылымды дамытуға бағытталды, қалған соманы игеру 2026 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар 26 қыркүйекте өткен «Altai Invest – 2025» халықаралық инвестициялық форумында Марқакөл ауданының әкімдігі мен Aila Tau ЖШС арасында Шағанатты ауылында жалпы құны 600 млн теңге болатын марал шаруашылығына бағытталған сауықтыру кешенін ашу жөнінде келісім жасалды. Жобаны іске асыру 2026-2031 жылдарға жоспарланған.

Тұрғын үймен қамту мәселесі бойынша биыл «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 5 жеке үй немесе 10 пәтер салу жоспарланған. Осы мақсатта жыл басында мердігер ұйымдармен құрылыс жұмыстары мен тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды толық жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде меморандумдар жасалды.

Жоспарға сәйкес, қазан айында 4 пәтер құрылысы аяқталды, қазір бұл тұрғын үйлерді Отбасы банк арқылы кезекте тұрған (жалпы кезек – 89 адам, оның ішінде – 17 көпбалалы отбасы) Марқакөл ауданының тұрғындарына бөлу бойынша жұмыстар атқарылуда.

Бұдан бөлек, аудан орталығында 1978 жылы салынған 6 көпқабатты үйдің қасбетін және шатырын жөндеу жұмысы жүр­гізілуде. Оған 207 млн теңге қарас­тырылған. Оның ішінде, екі 16 пәтерлік 2 қабатты және төрт 24 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үйлер бар.

Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылы оффтейк келісімшарттар аясында екі инвестициялық жоба іске асырылмақ. Соның ішінде, Марқакөл ауылында 34 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үй салу және 24 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үйді қайта жаңарту жобасы тұр. Ауқымды мақсаттың бірі – жаңа салынған, қайта жаңартылатын және әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз ету. Бұл мақсатта «Марқакөл ауылында орталықтандырылған қазандық пен жылу желілерінің құрылысы» жобасы әзірленуде. Қазандық қуаты – 6 Гкал, жылу желісінің ұзындығы 12 шақырым болмақ.

Әлеуметтік салаға да айрықша көніл бөлінуде, Марқакөл ауданында білім беру нысандарының жалпы саны – 21 (19 мектеп, 1 балабақша, 1 шығармашылық үйі). Аз қамтылған отбасылардан 868 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілді, оның ішінде бастауыш сыныптардың 460 оқушысы бар.

Оқу жылының нәтижесі бойынша, ауданның білім сапасы 71,2% құрады. Биыл мектептерге 79,1 млн теңгеге 7 кабинет сатып алынды. Офтейк келісім­шарт шеңберінде Игілік ауылында 500 млн теңгеге 50 орындық мектеп салынды. Сон­дай-ақ Қайнарлы ауылында 650 млн теңгеге 50 орындық және Төсқайың ауылында 960 млн теңгеге 100 орындық мектептің құрылысы басталды.

Қазір ауданда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз мектеппен қамтылған. 2 жастан 6 жасқа дейінгілер – 98%. Соны­мен қатар 2025 жылы Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде 467 жұмыс орнын (оның ішінде 196 – тұрақты, 247 – уақытша) құру жоспарланып, жылдық жоспар 106%-ға орындалды.

2025 жылы Марқакөл ауданына еңбек күші артық өңірлерден 8 отбасы (35 адам) қоныс аударып келді, осылайша жоспар 112%-ға орындалды. Оның ішінде, Ақбұлақ ауылына – 4 отбасы (19 адам), Марқакөлге – 1 отбасы (4 адам), Қалжырға – 2 от­басы (9 адам), Қазақстан елдімекеніне – 1 отбасы (3 адам) жіберілді. Қоныс аударушылардың барлығы бірреттік көшуге арналған субсидия алды.

2009 жылдан бастап республика бойынша дипломы бар мамандарды ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұрақты тұру үшін тартуға бағытталған жоба іске асырылуда. Жобаның мақсаты – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласындағы мамандарға, сондай-ақ ауылдық округтер, кенттер мен ауыл әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын көрсету.

Жоба шеңберінде әлеуметтік қолдау екі бағыт бойынша көрсетіледі: 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көтер­ме жәрдемақы төлеу (2025 жылы – 369 200 теңге) және тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несие беру: аудан орталықтарында – 2 500 АЕК (9 230 000 теңге), ауылдық елді мекендерде – 2 000 АЕК (7 384 000 теңге).

Биыл жоба аясында 48 маманға жалпы сомасы 18,9 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Сонымен қатар 10 маманға жалпы сомасы 90,4 млн теңге көле­мінде бюджеттік несие беру 2025 жыл­ғы қараша айына жоспарланған.

Жыл сайын ілгері дамыған Марқакөл өңірінің халқы Мемлекет басшысына, Үкі­метке және облыс әкіміне өздерінің шынайы алғысын айтып келеді. Тұрғындар кейінгі жылдары өңірде атқарылып жатқан игі істер мен даму қарқынын ерекше атап өтті.

М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты викторина біліміңді тексер

Викторина!

pllinkz

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

шығыс қазақстан әдеби картасы

Шығыс Қазақстан танымал есімдер

© А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық Кітапханасы | Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина. 1998-2026
Besucherzahler
счетчик посещений