Кітапхана – ақыл-ой мен білім-ғылымның қайнар көзі. Әр кітапхананың басты құндылығы – оның кітап қоры.
Бүгінгі таңда сирек кездесетін және құнды кітап қоры қалыптасу үрдісінде. Ол тарихи, ғылыми және көркемдік құндылығы бар басылымдармен толықтырылады, бұл: сирек және құнды кітаптар, реприттік басылымдар,шағын басылымдар, сирек кездесетін өлкетану басылымдары, қолтаңбалары бар кітаптар.
А.С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасы қорында бүгінгі таңда 1398 бірегей басылымдар сақтаулы, олардың 892-і сандық форматқа көшірілген. Бұл басылымдар ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында жарық көрген кітаптар.
Біздің кітапхана 1896 жылы 20 наурызда Халыққа білім беру жөніндегі қамқорлық Қоғамының бастамасымен «Өскемен халықтық ақылы кітапхана-читальня» болып құрылған болатын. Кітапхананың алғашқы кітап қоры да осы Қоғам мүшелері О. Костюрин, В. Гинтовт-Дзевалтовский, Е. Михаэлис, И. Емельянцев, А. Федоров, Г. Вистениус және т. б. тәрізді алдыңғы қатарлы қалалықтар мен саяси жер аударылғандардың кітаптарынан жинақталды. Сол кезеңдегі кітаптардың титулды парағында кітапхана атауымен бірге «1896 ж.» мөртаңбасы қойылған.
Кітапханамыздың Сирек қорындағы басылымдардың бірі – 1846 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрген «Русскій путеводитель за границею» басылымы. Онда Еуропаны саяхаттау бойынша нақты ұсыныстар беріліп, сапар барысында кездесетін жағдайлар жайлы баяндалады.
1866 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген К.Ф.Нейманның «История Американских Соединенных Штатов» еңбегінің 1-ші томында АҚШ колонияларынан бастап президент Томас Джефферсонға дейінгі Америка тарихы жазылған.
Келесі жәдігер – 1877 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген В.И.Немирович-Данченконың «По Волге» атты очерктері мен жазғы сапар бойынша әсерлері туралы еңбегінде Москвадан Нижнийге дейінгі сапаржайы баяндалған.
Ал 1886 жылы Москвада Коркинның баспаханасынан жарық көрген «Очерки из истории народных сказаний» атты неміс тілінен аударылған тарихи еңбек болып табылатындықтан өте құнды әдеби жәдігер болып саналады.
Келесі басылымдар – О. В. Полторацкаяның аудармасымен 1891 жылы Санкт Петербург қаласында жарық көрген Оксфорд университетінің профессоры А.В. Дайсидің «Основы государственного права Англіи. Введение в изучение англійской конституціи» еңбегі; 1893 жылы Москвада басылып шыққан Эссен гимназиясының аға оқытушысы Д-ръ Отто Зееманнъ құрастырған «Мифологія грековъ и римлянъ» кітабы. Аудармасы В. Гиацинтовтың редакциясымен жасалған. 83 иллюстрациясы бар.
Сонау 1899 жылы Санкт-Петербургтен жарық көрген екі кітап – Шарль Сеньобостың «Политическая история Современной Европы» және М.Леклерктің «Воспитание и общество» атты еңбектері де өз оқырмандарының асқан қызығушылығын тудырған шығармалар екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
И. Фишон, Л.Ф. Пантелеев, В.А. Тиханов тәрізді баспагерлер мен баспаханалардың баспа маркалары қойылған кітаптарды бөлек атап өткен жөн, сондай-ақ баспаханалардың мекенжайы көрсетілген басылымдар (көбінде Санкт-Петербург) – Типографія Императорскихъ С.- Петербургскихъ театровъ, Моховая, 40; Типографія Товарищества «Народная польза». Коломенская ул., соб. домъ № 39; Типографія Акціонернаго Общества «Брокгаузъ-Ефронъ». Прашечный, 6.
Біздің кітапхана қорында сирек қор басылымдарының ішіндегі ерекше құнды әдеби жәдігерлер – қазақ әдебиетінің 1909-1950 жылдардағы топтамасы. Тарихтан белгілі, 1928 жылы бүкілодақтық латын қарпіне көшу жобасы аясында КСРО-ның түркітілдес республикалары мен автономиялық республикаларында араб қарпінің орнына латын әліпбиі немесе Яналиф ресми түрде енгізілді.
Олардың ішінде қазақтың ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлына қатысты басылымдарды да табуға болады.
Атап айтқанда, Абайдың тұңғыш кітабы 1909 ж. Санкт-Петербург қаласында Илияс Борагансийдің баспаханасында араб қарпінде жарыққа шығады. Біздің қорда осы кітаптың репринтті нұсқасы бар. Кітап 17 бөлімге бөлініп өлеңдері мазмұнына қарай топтастырылып, шыққан жылдары көрсетілген. Бұл кітапты баспаға даярлап, шығаруға ат салысқан ақынның жақын туыстары – немере інісі Кәкітай, ұлы Тұрағұл, немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлы, сонымен қатар Әлихан Бөкейханов, Мүрсейіт Бікеұлы. Кітапта алғаш рет Кәкітай жазған Абайдың өмірбаяны жарық көреді.
2020 жылы, яғни Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, кітапханамыздың тұрақты оқырманы Оспанов Николай Мырзаханович өзінің жеке кітапханасынан әкесінен қалған мұра – Abaj Qunanbaj Ulb «Tanlamalb өlender» / Кунанбаев Абай «Избранные произведения» атты 1936 жылғы жинағын сыйға тартты.
1940 жылы кириллица негізіндегі әліпби ресми түрде енгізілді. Осылайша, бұдан кейін қазақ тіліндегі әдебиет қоры кириллица графикасымен жазылған басылымдармен толыға түсті: ұлы ақынның 100 жылдық мерейтойына арналған Абай (Ибраһим) Құнанбаев «Шығармаларының толық жыйнағы» (полное собрание сочинений), Алматы, 1945 ж.; Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы «Избранное», Москва, 1945 г.; Мухтар Ауэзов «Абай. Роман», Москва, 1945 ж.; Джамбул «Избранные песни», Москва, 1946 ж.; «Джамбул» ұлы халық ақыны Ж. Жабаевтың 100 жылдығына арналған шығармалар жинағы; Қазақстан жас қаламгерлерінің көркем шығармалар жинағы «Боевая молодость», Алма-Ата, 1949 ж.; Мухтар Ауэзов «Абай. Роман», Москва, 1950 ж.
Сирек қордың маңызды бөлігін факсимильді, репринтті басылымдар құрайды. Олардың қатарында: «Остромирово Евангелие», 1988 ж., Москва; «Жития Кирилла и Мефодия» 1986 ж., Москва; «Повесть о Куликовской битве»,1984 ж., Ленинград; «Житие Александра Невского», В. Гауфъ «Маленькій Мукъ»,1989 ж., Москва; «Корабль призракъ. Сказка»,1989 ж., Москва; Крыловъ «Басни: Стрекоза и муравей, Лисица и виноградъ, Кукушка и Петухъ»;1989 ж., Москва; репринтті басылымдар: «Славянский міръ», 1885 (Варшава), «Гербы городовъ, губерній, областей и посадовъ Россійской Имперіи, внесенные въ полное собраніе законовъ съ 1649 по 1990 годъ», 1899 (С.-Петербургъ), «Редкия русскія книги и летучія изданія XVIII века», 1905 (Москва). Сондай-ақ, мазмұны өзгертілмеген стереотипті қайта шығарылған «Житіе и подвиги преподобнаго и богоноснаго отца нашего Сергія игумена Радонежскаго и всея Россіи чудотворца», 1904.
А.С. Пушкин атындағы кітапхана ретінде біз А.С. Пушкин есімімен байланысты барлық басылымдарды кітапхана қорына алуға тырысамыз. «Пушкиниана» топтамасына кітапханаға ұлы ақынның есімі берілген 1937 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 502 басылым жинақталды. Олардың ішіндегі Пушкиннің ең көне басылымдары 1936-1937 жылдарға жатады: М.А. Цяловскийдің редакциясымен жарық көрген 6 томдық толық шығармалар жинағы, «Академия» баспасы (1936); 6 томдық толық шығармалар жинағы, «Художественная литература» баспасы; «Полтава. Медный всадник», «ДетГИз» баспасы (1949), Москва.
Ерекше қызығушылық тудыратын факсимильді басылымдар – орыс суретшісі, өнер тарихшысы А.Н. Бенуа иллюстрациялаған «Медный всадникъ» (1923) Санкт Петербург, «Евгений Онегин» (1925)Ленинград, публицист С. Гессеннің «Книгоиздатель Александр Пушкин: литературные доходы Пушкина» (1930), әдебиеттанушы П. Губердің «Дон-Жуанский список А.С. Пушкина» атты репринтті басылымы (1923). Бұл басылымдардың ерекшелігі – олардың деректілігі мен тарихи дәлдігі, бұл жалпы Пушкин дәуірі жайлы мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Ақынның 150 жылдығына орай 1949 жылы Алматыда жарық көрген Пушкиннің қазақ тіліндегі Таңдамалы шығармалары құнды басылымдардың бірі болып табылады. Жинақта Абай, Әбу Сәрсенбаев, Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов және т.б. аудармалары берілген. Редакциялық алқаны профессор Мұхтар Әуезов басқарған.
Сирек басылымдар қорынан шағын және кіші форматты (60х84мм-ден 84х108мм-ге дейін) кітаптар да орын алған. Олардың қатарында – «Библиотека поэта» шағын сериясы; А.С. Пушкин «Избранное» в трех томах. Т. 3 Проза, заметки, письма; 1989 ж., Ставрополь; В.А. Жуковский «Баллады», Т. 2. 1982 ж., Москва; Р. Киплинг «Избранные стихотворения» 2000 ж., Омск; «Драгоценные свитки: античные латинские поэты о книге» 1989 ж., Москва және т.б.
Шығыс Қазақстанның өлке тарихына байланысты оқырман сұранысына ие кітаптар: В.В. Резниченко «Восточная Калба: Геологический и географический очеркъ части Устькаменогорскаго уезда Семипалатинской области» (1916, Петроградъ), Г.А. Тимченко «В недрах Казахстана» (1933, Алма-Ата), В.П. Нехорошев «Материалы к познанию кайнозойской истории Зайсанского края» (1931), В.И. Рейнеке «Соляные озера левобережья р. Иртыша» (1937), Н.А. Елисеев «Петрография Рудного Алтая и Калбы» (1938) Москва-Ленинград, «Материалы по геологии Рудного Алтая» (1940), Москва-Ленинград, «Геология СССР. Т. ХХ: Восточный Казахстан, ч.1: Геологическое описание» (1941). Бұл тізімдегі әдебиеттер негізінен геология саласы бойынша сұранысты көрсетеді, яғни осы тақырып бойынша ақпарат өзектілігін әлі де жоғалтпаған.
Сирек басылымдар арасында авторлардың қолтаңбасы бар кітаптар да көрнекті орын алады. Олардың сиректігі тіпті кітаптардың өзінде емес, кітап авторларының кітапханамызға құрмет ретінде қалтырған қолтаңбаларында. Олардың ішінде: Сәбит Мұқанов, Олжас Сүлейменов, Медеу Сәрсеке, әдебиеттанушы ғалым Зәки Ахметов, публицист Елтай Тұрлыбаев, ұлттық музыкалық аспаптар шебері Жолаушы Тұрдығұлов, Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедхан мен Қаныш Сәтпаевтың немересі Александр Третьяков және т.б. бар. Олардың ішінде біздің жерлестеріміздің кітаптары да бар: А.М. Волков «Путешественники в третье тысячелетие» кітабына «Усть-Каменогорской областной библиотеке им. Пушкина от автора. А. Волков. Москва, 11 мая 1967 г.» деп қолтаңба қалтырған. Н. А. Горбачевтің «Белые воды», 1985жылы Москвада жарық көрген кітабындағы «Библиотекарям, людям-проводникам литературы к читателям, с благодарностью. 22. Х. 87. Николай Горбачев», өлкетанушы ғалым С. Е. Черныхтың «Одна, но пламенная страсть» кітабындағы «Восточно-Казахстанской областной библиотеке им. А. С. Пушкина на добрую память о сотрудничестве во всех смыслах. Буду удовлетворен, если эта книга будет способствовать пропаганде истории родного края. Искренне, с признательностью Автор С. Ч. г. Усть-Каменогорск, 29 сентября 1986 г.» деген жазбалары сақталған (автордың мәтіні мен пунктуациясы өзгеріссіз берілді).
Өлкетанушы-зерттеушілер үшін кітапхана қорындағы раритетті мерзімді басылымдардың орны ерекше: 1940 жылдан 1953 жылға дейінгі «Большевик Алтая» (қазіргі облыстық «Рудный Алтай» газеті), 1949 жылдан бастап аудандық газеттер – «Бухтарминская правда», «За коммунизм» (Қазақстан КП(б) Марқакөл аудандық комитетінің және еңбекші депутаттар аудандық кеңесінің органы), «Сталинское знамя» (ҚКП Катонқарағай аудандық комитетінің және еңбекші депутаттар аудандық кеңесінің органы), «Стахановец полей» (КП(б)к Жоғарғы Уба аудандық комитетінің және Шығыс Қазақстан облысы Еңбекші депутаттарының аудандық кеңесінің органы) және т. б. Аталған мерзімді басылымдардағы мәліметтер фактографиялық нақтылықты талап ететін Атаулы күндер тізбесін жасау барысында үлкен көмегін тигізеді.
Қазіргі таңда Сирек басылымдар қоры сандық нұсқаға көшіріліп, кітаптардың электронды нұсқалары «Біздің Абай»/«Наш Абай» - http://abai.pushkinlibrary.kz, «Шығыс Қазақстан Өлкетануы» - http://kray.pushkinlibrary.kz толықмәтінді электронды кітапханаларына орналастырылуда. Бұл оқырмандарға басылымдарды ғылыми әрі танымдық мақсатта белсенді түрде пайдалануға мүмкіндік береді.
Сирек кітаптар қоры еліміздің, өлкеміздің тарихы, даму жолы жайлы аса құнды мәліметтер беретін маңызды ақпарат көздерінің бірегейі. Сондықтан да өткен ғасырлардың әдеби жәдігерлері еліміздің мәдени игілігінің ажырамас бір бөлігі болып қала бермек.
Қалиева Бақытгүл Төбиқызы,
А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының
Оқу залы және кітап сақтау орталығының жетекшісі