- Қайырлы күн, құрметті кітап сүйер қауым! Бүгінгі «Өнегелі сұхбат» айдарымыздың қонағы – қазақтың қабырғалы қаламгері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, журналист, қоғам қайраткері, сатирик, аудармашы, жерлес жазушы ағамыз «Қазақстанның Құрметті журналисті», Ғаббас Қабышұлы.
- Ғаббас аға, сәлеметсіз бе! А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының өзіңізбен кездесу туралы тілегін қабыл алып, сұхбаттасуға келіскеніңіз үшін алғыс білдіреміз!
- Құрмет-ілтипаттарыңа ризамын, рахмет! Меніңше айтқанда, мынау «қаңғырғанавирус» кедергі жасап, Өскемен-Ұланға барып қайта алмағаныма жылдан асты. Бас аман болсын, сәті келгенде кездесерміз.
- Аға, ең алдымен туған жеріңіз, өскен ортаңыз, дүниеге келген ауылыңыз неге Ұранхай аталатыны жайында айтып берсеңіз?
- Оқырмандарым өмірбаянымнан хабардар шығар, оны қайталаумен уақыттарыңды алмайын. Бүгінде орнында бір үй де қалмаған ауылымның аты туралы түсінік аз емес, соның сегізін оқыдым, әртүрлі айтылған: «монғол халқының бір руы, Шыңғысхан Алтайды алуға жіберген»; «монғол сөзі, ұрандап шапқанда айтады екен»; «бұғы ұстаушылар»; «балықшы жұрт» дегендей. Ал саха-якут тарихшылары: «ураанхай» - якут сөзі, «ұлы денелі шапшаң адам» деген мағынада айтылған» депті. Орыстың тарихшы-зерттеушісі Н. Катанов ертеде якуттардың «Уранхай» деп аталған өлкесі болғанын айқын жазыпты. Якут-саханың түріктен тарағаны белгілі, яғни «ұранхай» - түрік сөзі. Меніңше, «Айбатты адам» деу жөн сияқты.
- 15 жастағы бозбала кездегі алғашқы тырнақалды шығармаңыз – «Ізғұтты Батыр» атты өлеңіңіз облыстық газетте жарық көргеніне 70 жыл болыпты. І. Айтықовтың есімін ел есінде қалтыруда үлкен жұмыстар атқардыңыз. Осы орайда, жерлес Батыр ағамыз туралы айта кетсеңіз.
(Ғаббас аға Литваның Зарасай аудандық әскери комиссриатымен хат жазысып, Батырымыздың қайтыс болған жерін анықтап, «Коммунизм туы», қазіргі «Дидар» гәзетіне мақала шығарып, тиісті органдарға хат жазып, «Тарғын» орта мектебіне Ізғұтты Айтықовтың есімін беруге себепші болған).
- Ізғұтты – маған немерелес аға. Солдатское селосындағы кедей отбасы Ыстыбайдың Айтық, Қыржыбай атты екі ұлы болған. Айтықтан Құрманбай әулеті, Қыржыбайдан Қабдырахман (Қабыш) әулеті тараған. Құрекең әуелде селоның, кейінде колхоздың ұстасы болған.
...Бір күні, ел жата, көршідегі кішкене қыз бала ботадай боздап келіп: «Ата, ата! Біздің үйге бөтен біреу келді, тәтемді ұрып жатыр!» дейді. Күйеуінен айрылғанына жарты жыл болған жесір келіншектің қызы. Құрекең тұра ұтылып барса, колхозға егін науқанын бақылауға аудандық партия комитетінен келіп жатқан өкіл жігіт пен келіншек жұлқысып жүр екен. Құрекең жігітті бассалып, сыртқа сүйреп алып шығып, сілейтіп сабап, қуып тастайды. Содан екі күннен кейін қызылжағалы екеу келеді де: «Партияның өкілін сабадың! Сен – партияның, халықтың жауысың!» деп Құрекеңді ала жөнеледі. Ұста атам содан қайтып келмеген, 10 жылға Сібірге айдалып, сүйегі Магаданда қалыпты. Ал бала-шағасы тоз-тоз етіп жіберілген. Жұмыстан, мектептен қуылған. Ол сұмдықты істегендер – өзіміздің шолақ белсенді қазақтар.
Әкем Қабыш 1920-жылдың көктемінен 1922 жылдың күзіне дейін Қырымда, Азамат соғысында болды. Құрманбай атам 1922 жылдың жазында
туған тұңғышына: «Жарық дүниеге басқан ізің құтты болсын, Қабыш ағаң соғыстан аман-есен келсін!» деп, атын «Ізіқұтты» қойыпты.
Құрекең балаларының оқуы үзілмесін ойлап, жетіжылдық мектебі бар Тарғын селосына көшіп, ұсталығын жалғастырады.
4-5 жылдан кейін онжылдық болған мектептегі оқуын тәмәмдаған Ізғұтты 1941-жылға дейін «Қалба» дейтін рудникте жұмыс істеп, апасы Айсары мен шешесі Күләнді, іні-қарындастарын асырап-сақтаған. Інілері Қапар мен Қылышбек шамаларына қарай іске жарай бастасымен Ізғұтты
майданға сұранады, бірақ аудандық әскери комиссариат «халық жауы баласының» өтінішін қабылдамайды. Жігері құм болған намысты жігіт: «Мен Сталинге хат жазамын, майданға қайтсем де кетемін!» деп пошта бөліміне барғанда ондағы таныс апайлары, ауылдас қазақ әйелдер: «Әй, жаудың күшігі, бізге жолама, кет! Хат жазғышын мұның!» деп мазақтап күліп, маңайлатпай қойыпты. Шарасыз Ізғұтты «оқуға түсемін» деген сылтаумен шалғайдағы Семей қаласына баруды және майданға сол жақтан кетуді ұйғарады. Семейде тау-кен геологиясы техникумына қабылданып, кешкісін және демалыс күндері жұмыс істейді. Үйіне ақша жіберіп тұрады. Мәскеуге, И.Сталинге: «Менің колхозшы әкемді «халық жауы» деп он жылға соттап жіберді. Әкем халық жауы емес! Маған соғысқа баруға рұхсат беріңіз. Ұлан ауданының әскери комиссариаты: «халық жауының баласысың» деп жолатпай қойды. Мен Отанымды қорғау үшін, қарапайым колхозшы әкемнің абыройын ақтау үшін соғысамын, әкемнің халық жауы болмағанын, өзімнің халық жауының баласы емес екенімді дәлелдеймін!» деп жазған хатынан кейін, 1942-жылы, мамыр айында, Ұлан аудандық әскери комиссариат іздетіп, тауып, майданға жөнелткен. Сталинград, Курск иіні... шайқастарына қатысты. Белоруссия мен Литваны басқыншылардан азат етісті. 1-Балтық майданының К. Ворошилов атындағы Ленин орденді 51-гвардиялық атқыштар полкындағы 158-батальонның комсоргы – комсомол ұйымының хатшысы болды.
Әрі атқыш, әрі барлаушы Ізғұтты қолма-қол ұрыста (рукопашный бойда) жаудың 51 солдат-офицерін жайратып, түнгі барлауда 22 «тіл» ұрлап әкелген. Сол ерліктері үшін: Қызыл Жұлдыз орденімен, Даңқ медалінің 3-нші және 2-нші дәрежелілерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталған. 1944-жылы шілде айының 21-күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының гвардия старшинасы, батальон комсоргы Ізғұтты Құрманбайұлы Айтықовқа Совет Одағының Батыры атағын беру туралы Указы шықты, бірақ, Ізғұтты ол құрметті естісе де, Ленин ордені мен Алтын жұлдызды көріп үлгірмеді, Литваны азат ету ұрысында 1944-жылы шілденің 22-күні ауыр жараланып, 25-күні госпитальде көз жұмды.
«Комсомольская правда» гәзетінің әскери тілшісі Л. Плескачевский шілденің 23-і күні госпитальге барып, Ізғұттыны Батыр атағын алуымен құттықтап, 10-15 минөт мөлшері әңгімелесе алып, содан кейін «Совет Одағының Батыры, гвардия старшинасы Ізғұтты Айтықовтың комсомолдық өсиетін» және оның ерліктері жайында «Батальон комсоргы осы жерде шайқасты» деп атап очерк жазды (03.08.1944-жыл.). Ал двизияның саяси бөлімі «Совет Одағының Батыры Ізғұтты Айттықовтың комсомолдарға өсиеті» делінген листовканы мыңдап таратқан.
- Біздің кітапхананың Өлкетану қорында 1967-жылы жарық көрген «Яков Ушанов» деген кітабыңыз бар. Өскеменде Совдеп председателі болған Яков Ушановқа қазіргі көзқарасыңыз қандай?
- Бүгінде бізде Октябрь революциясын, Совет үкіметін, Ленин мен Сталинді жамандап лағып жүрген «бәрінбілгіш» қазекемдер бар, олардың халықаралық сионизм өкілдері мен жалақор Хрущевтың өсек-өтіріктерін малданып жүргендері, тым болмаса Октябрь революциясының шын мәнінде не екенін білгілері келмейтіні өкінішті.
«Ұлы патша» деп дәріптелуші 1-Петр, Лев Толстой жазғандай, «дүлей неме», Ресей тұрған құрлықты тездетіп орыстандыруға, яғни жаппай шоқындыруға полиция мен дін басшыларына нұсқау берген. Барша ұлттар мен ұлыстарды православ дініне әуелі діни насихатпен, оған көнбегендерін күштеп енгізуді тапсырған. Сөйтіп, діни-әскери қара күш отряды Солтүстік пен Қиыр Шығысты ойрандап, Кавказ бен Қазақстанға ауыз салған. Көне түріктің атамекені – Алтайдағы қазақтардың жартысы шоқындырылған уақытта Октябрь революциясы болып, 1-Петрдің ізбасарлары зұлымдық саясаттарымен қоса құрыды. Амал не, бір Алтай екіге бөлініп қала берді. Шоқындырылып, аты-жөндері орысшаландырылған қазақтар жағы «Алтайский край» болды, қазақ аты, діні, тілі аман сақталып қалған жартысы «Кенді Алтай» болдық. Егер Октябрь революциясы 1917-жылы емес, мөлшері 1925-жылы болса, бүкіл қазақ даласы Ресейдің жері болар еді. Осыны түсіну керек қой?!.
Яков Ушанов туралы жазғаныма өкінбеймін, ол біздің елдік шекарамызды арыстарымыз белгілеген қалпында бекітіп берген, халқымызды тегін оқытып, тегін емдеген, қызмет-жұмыс, үй-пәтер іздеп сенделтпеген Совет өкіметінің адал өкілі болды.
-Аға, қазақ оқырмандарына түріктің белгілі жазушысы, сатиригі Әзиз Несиннің шығармаларын алғаш таныстырып, екі ел арасындағы әдеби байланыстың нығаюына атсалыстыңыз. Аударма саласындағы еңбегіңіз жайында айта отырсаңыз.
- Иә, түбі бір түрік аға Әзиз Несиннің орыстілді гәзет-журналдарда 1970-жылдан бастап жарияланған әңгімелері мені де аса қызықтырып, өз тілімізге ептеп аудара бастадым. Оның нәтижесі 1982-жылы «Жазушы» баспасы шығарған «Әңгіме оқи отырыңыз» атты жинақ болды. Әзиз Несиннен жасаған аудармаларым. Одан бір жыл бұрын Мәскеуде, Совет Одағы жазушыларының құрылтайында кездесіп, танысып, әңгімелескенбіз. Кітаптың бір данасын силадым. Орта бойлы, толықша денелі, қараторы жылы жүзді екен. Тілмәші – аудармашы Вера Феонова деген келіншек. Әзиз Несин құрылтайдың құрметті қонағы ретінде келгенін, әкелген бес-алты кітабын орыс достарына силағанын, маған берер кітабын үйіне оралған соң жіберетінін айтты да, ескерткіш болсын деп, ақ параққа «Бейбітшілік балығы» деп әзіл сурет салып берді. Міне, мына сурет:
Уәде еткен кітаптары жарты жылдан кейін келді. Ол еліндегі билікке жақпады, сынап мақала, фельетон жазып, бірнеше рет сотталған. Біз үш мәрте кездестік. Біріне мәскеулік досы, аудармашы Леонид Ленч қатысты. Әзілдесуіміздің бір сәтінде Ленч: «Несин, мені осында бір институт студенттері кездесуге шақырып жатыр, менің орныма барып келсең қайтеді?» деді. Несин оған жымия қарап: «О, қуана-қуана барамын! Ал сен Анкараға аттан, мені түрмеге алуға іздеп жатыр екен» деп, бізді күлкіге кенелтті. Әзиз Несин шығармаларынан аударғандарым жиыны екі том. Баспаға тапсыруға дайын. Қашан жарық көрері белгісіз. Соңғы 20 жылдағы кітаптарым көмектесуге мүмкіндігі бар оқырманымның демеушілігімен, бала-немерелерімнің қолдауымен шығып жатыр.
Қажет бір дерек: Әзиз Несинді қазақ оқырмандарына алғаш танытқан – сатирамыздың сардары Оспанхан Әубәкров. Осекең екеуіміз әрі құрдас, әрі сырлас болдық. Несиннің «Ахиреттен келген хаттар» хикаясын екеуіміз бәсекелесе қатар қазақшаладық. Шона Смаханұлы төрелік жасайтын болды. Екі қолжазба оқыларда мен: «Сен менен, айына біреу деп есептесек, 12 жаялықты бұрын тоздырған ағасың, алдымен сенің қолжазбаңды оқылық» дедім. Шокең мәз болып күліп, кезекті Осекеңе берді. Ол қолжазбасының 2-ші бетін оқи бастағанда мен оған қолымды ұсынып: «Ағеке, сенің атың озды, менің атым қалды» дедім. Шокең қолын шапалақтап, енді үшеуіміз «ұйымдаса» күлдік. Оспанханның аудармасы менің аудармамның көкесіндей екен, салыстырып әуре болмай-ақ жол бердім.
Ал жалпы аударма дегенде айтарым: орыс әдебиетінің классиктері – Чехов, Гоголь, Салтыков-Щедриннің, украиндық Остап Вишнянің, француз Жюль Верннің шығармаларынан алғандарым бар. Жюль Верннің «Патша шабарманы» романындағы кейіпкерлердің бірі – аты-жөні өзгертіліп әңгімеленген Кенесары ханымыз.
Аудармаларымның Бестомдығын да әзірлеп қойдым. «Өзгелерден – өзімізге» деп аталады.
-Белгілі сатирик Үмбетбaй Уaйдин «Ғaбеңнің енді бір aсa елеулі еңбегі мaрқұм aғa-іні әріптестері жaйындa естелік жинaқтaр шығaруы» деген екен. Еркеболат Бекмұхаметов, Шона, Оспанәлі, Мұқағали, Оспанхан, Сағи, Жұмекен, Шәмші, Оралхан сынды тұлғалар жайындағы «Сағыныш сазы» атты естелік кітабыңыз жайлы айта отырсаңыз.
-Аруақты силау – ата-бабамыздың ғұрпы. Жазушылар одағымыздың құзырында 30 жыл қызмет істедім, аға-апай, құрдас, іні ақын-жазушылардың бәрімен дерлік қызметіме қарай аралас-құралас болдым. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген қазекем. Солайша арамыздан аттанып кеткен қаламдастарымды сағынып жүріп, естелік жаздым. Өзің айтқанға қосарым: Оспанхан Әубәкіров туындыларының Төрттомдығын, мемлекет және қоғам қайраткері болған публицист Михаи Иванович Есенәлиев еңбектерінің Ектомдығын шығаруға атсалыстым. Есенәлиевтің шын аты-жөні – Хакім Тілегенұлы. Қалайша өзгергені – өз алдына қызық әңгіме.
Іштей ризашылықпен мәлімдерім: елімізе, халқымызға, әдебиетімізге қалтқысыз қызмет еткен, барша құрлықта ізі жатқан Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжановты исі қазаққа қапысыз таныстыра 4 кітап жазып шығарғаным. Әнекең әл-Фараби бабамыз хақында «Ұстаздың оралуы» романын жазып, Мысырда бар бейне-суретін бізге алып келді. Шет елдерден тапқан трактаттарын әкеліп, фарабитануды негіздеген ғалым Ақжан Машаниға табыс етті. Ал романы шет елдер тілінде басып шығарылып, әлемнің Аристотельден кейінгі екіші ұстазы қазақ перзентінің даңқы кең тарады дей аламын. Университет студенті кезінде Әнуар жасаған бір ғажап әрекет – күншіл «дос-жолдастарының» қудалауымен тұтқындалу қаупі төнген ұстазы Мұхтар Әуезовті Мәскеуге құпия аттандырып жібергені.
Естеліктер жинағымның Екітомдығы жақында «Фолиант» баспасынан шығады, құдай қаласа, ол кітабымның да электронды нұсқасын өздеріңе жіберемін.
- Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осы 30 жылда әдеби өмірде жаңғыру болды ма, не өзгерді?
- «Бәрекелді!» дерлік жаңғыру болған жоқ. Кітап шығару көбінесе жолтапқыштар үшін жеңілдеді. Шығармашылық одақ атаулыларымыз, оның ішінде Жазушылар одағымыз да биліктегі «біліктілердің» шешімімен 1994-жылы мемлекеттік бюджеттен шығарып тасталды да, бұрынғыша кімнің кітабы шықпай жатыр деп қамқорлықпен қадағалу жайына қалды.
- Бүгінгі қазақ әдебиетінде Есенберлин, Кекілбаевтар бар ма? Жас қаламгерлердің қарым-қайраты қандай деңгейде?
- Ақын-жазушы ма, ғалым ба... кім-кімнің де болсын атағы оны насихаттаушылардың белсенділігіне байланысты болып кетті. Қаламгер Ілияс Есенберлиннің орны бөлек, еңбегі зор. Ал жерлестерің Қалихан Ысқақтың, Оралхан Бөкейдің Әбіш Кекілбаевпен терезесі тең. Тоқтарбек Қызықбаев өзімен замандас ақындардың қайсысынан кем? Асқар Егеубаев марқұм ше? Ол Махмұд Қашқаридің үштомдық «Түрік тілі сөздігін», Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» дастанын түпнұсқаларынан аударып шығарды. Баласағұн туралы роман жазды. Махамбеттің академиялық жинағын әзірлеп берді. Көзі тірісінде Мемлекеттік силыққа жыр жинақтары екі рет ұсынылып, екеуінде де өткізілмеді. Иә, өткізілмеді! Комиссия ғылыми институт атқарар ауыр жұмыстарды Асқардың сол жылдары жалғыз өзі іске асырғанын ескермеді, жолтапқыштардың жетегінде кетті.
- Сатира саласындағы шәкіртіңіз бар ма?
- Жазушылар одағында «Сатира секциясы» болып еді. 2-3 айда басқосып, шыққан кітаптарымыз, жалпы әзіл-сықағымыз жайында пікірлесіп, ақылдасып жүретінбіз. Жас талаптарды шақырып, танысып-білісетінбіз. Біздің шәкірттеріміздіөздерің де гәзеттердегі әзіл-сықақ бұрыштарынан «көріп» жүрген шығарсыңдар.
- Аға, балаларға, жастарға парасатты бол деп жатамыз, парасатты ұрпақты қалай тәрбиелейміз?
- Ертеректегі бір кітапта, кімнің кітабы екенін есіме түсіре алмай отырмын, сонда: «Тәрбиеге қарай адам не Сократтай дана, не Нерондай зұлым болады» деген нақыл бар. Әке-шешенің, мектептің, институттың тәрбиелерінің негізі осы нақыл болса, тәрбиелеуші де, тәрбиеленуші де өкінбес еді.
- Ертеңгі елдің тірегі, бүгінгі жас буынға не тілер едіңіз?
-Білімге құштар болсын. Көп оқысын да тоқысын. Қайда, қандай жағдайда болсын: сабырлылықты, кішіпейілділікті, қарапайымдылықты, шыншылдықты, адалдықты, әділдікті серік еткей!
-Аға, Сізге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз! Сұхбатыңызға үлкен рахмет!
-Құрметті оқырмандарым, сендерге өзімнің іні-қарындастары не тілеп жүрсем, соны сендерге де тілеймін!
Сұхбатты жүргізген Калиева Бақытгүл Төбиқызы
А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы