Нұрлан Мәукенұлы – өмірден ерте өтсе де, соңына өміршең поэзиясын қалдырған талантты ақындардың бірі.
Нұрлан Мәукенұлы 1995 жылы «Жалын» баспасынан алғаш шыққан «Бойтұмар» атты тұңғыш жинағын кітапхана қорына тарту еткен еді. Кітапта «Пушкин ақын кітапханасы рухани әлемнің ордасы бола берсін»,- деген қолтаңбасы бар. Кітап сирек қорда сақтаулы.
«Бойтұмар» жинағындағы өлеңдерде жыраулар дәстүрі, қазақтың қара өлеңі жаңа пішінде түрленіп, терең ой, сабырлы пайым, сыршыл сезімге толы тың бейнелеулер молынан кездеседі. Өлі мен тірі, өткен мен бүгін, жақсы мен жаман туралы толғаулар лирикалық әуенмен көмкеріліп, оқырманын ерекше сезімге бөлейді. Табиғаттағы әр құбылысты қалт етпей бағып, оны астарлы, тұспалды өлеңге айналдырған ақынның бұл кітабына өмірінің соңғы жылдары жазылған таңдаулы жырлары енген.
Танымал есімдер -http://imena.pushkinlibrary.kz/.../pisateli-i.../2004-.html
Толық мәтінін өлкетану электрондық катологынан оқи аласыз.
http://irbis.pushkinlibrary.kz:8087/jirbis2/index.php?
#НурланМәукенұлы #Ақын #Сирекқор #Пушкинкітапханасы
Алаш жылнамасы / құраст. Б. Уәли. - Алматы : Ел-шежіре, 2020. - 120 б.
«Алаш жылнамасы»- Қазақ ренессансының шежіресі. Бұл кітапқа Алаш қозғалысының тарихына байланысты маңызды даталар мүмкіндігінше толық жинақталды.
Алаш қозғалысы бар болғаны ширек ғасырға да жетпейтін мезгілге созылып қайғылы аяқталғандай көрінгенімен, бүгінгі күн биігінен көз салсақ оның таңқаларлықтай жемісті болғанын байқаймыз. Жылнама-күнтізбе емес. Жылнаманың ауқымы одан әлдеқайда кең.
Кітап шартты түрде бірнеше тарауға бөлініп, Алаштың басталуынан, аяқталуына дейінгі кезең қамтылған.
Қадірлі оқырман! Алаш жылнамасы қажеттеріңізге жараса-біздің мақсатымыздың орындалғаны. Азашқа қызмет ету-қашанда асқақ борышымыз.
Естеліктегі Алаш. - Нұр-Сұлтан : Алашорда, 2020. - 488 б.
Кітапта Алашорда қайраткерлерінің мемлекетшілік сана биігіндегі жасампаздық ғұмырларының тарихи тағылымына байланысты түрлі жанрдағы естеліктерден үзінділер берілген. Тоталитарлық жүйе қылмысын айғақтайтын Алаш зиялыларының жарлары мен ұрпақтары, мұраттас серіктері мен ізбасар тұлғалардың, елшіл азаматтардың қанмен жазылған естеліктері тәуелсіздігімізді қастерлеуге, асылдарымызды бағалауға ой салады.
Ғылыми-танымдық басылым ұлтымызды азаттық пен рухани кемелділікке бастаған марғасқаларымызды өзгеше бітімдегі бекзат болмысы мен асыл қасиеттерін, өнегелі өмірі мен қайсарлыққа толы табанды күрескерлік қызметін танып білуге арналған.
Кітап сіздің еншіңізде.
Әдебиетте «Абайдың ақындық айнасы» деген ұғым қалыптасқалы біраз жыл болды. Осы бастаманың негізінде Абайдың айналасындағы сөз зергерлерінің шығармалары жарық көріп, жұртқа таныстырылып келеді. Сол бір әдеби үрдістің аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық музейі ақын Ахат Шәкәрімұлының шығармалар жинағын жарыққа шығарды. Ахат шығармашылығына қатысты ақпарат музейдің Фейсбук парақшасында жарияланды.
Музей қызметкерлері бірнеше ғылыми концепция негізінде жұмыс атқарады. Соның бірі – концептуалды бағыт деп аталады. Бұл бағыттың негізінде Абай музейі өздеріне тікелей қатысы бар тұлғалардың мұрасын қорда бар деректермен толықтырып шығару және монографиялар мен ғылыми зерттеулер жазуды жоспарлапты. Соның ішіндегі соны тақырыптардың бірі ретінде Ахат Шәкәрімұлының шығармаларын бір томдық жинақ қылып жарыққа шығарған. Ақынның 120 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Ахат Шәкәрімұлы. Шығармалары» атты кітаптың жалпы редакциясын музей директоры Тұрдықұл Шаңбай басқарған.
– Бұл жинақ негізінен Ахат Шәкәрімұлының зайыбы Бәтима Жакенованың Абай музейіне өткізген материалдары негізінде дайындалды. Жинақта ақынның өлеңдері мен поэмалары және естеліктері берілген. Ахат Шәкәрімұлы поэзиясының жанрлық тұрғыда да тынысы кең. Оны ақын өлеңдерінің тақырыптық-мазмұндық молдығы, поэмаларының эпикалық ауқымы көрсетеді. Сонымен қатар Ахат ақсақалдың естеліктері хакім Абай, данышпан Шәкәрім және Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің өмірі мен шығармашылығына шынайы сәуле түсіретін терең тарихи мазмұнымен де өзгешеленеді», – деді музей директоры Тұрдықұл Шаңбай.
«Жәрдем» баспасынан жарық көрген бұл кітап 448 бетпен қатталыпты.
Алтай Ғали-Асқар
А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының қоры журналист Оңдасын Елубайдың «Ғұмыр дастан» атты кітабымен толықты.
Қазақ спорты журналистерінің көшбастаушылар тұғырынан белгілі қаламгер Оңдасын Елубайдың көрінуі заңдылық, оның есімі спорт десе ішкен асын жерге қоятын ел оқырмандарына жақсы таныс. Бұл жинаққа автор өзі туын -өскен Кенді Алтайдың , бүкіл елімізге әйгілі спорт сайыпқырандары, сондай-ақ Алаштың көк байрағын Әлемдік дүбірлік додаларда желбіреткен майталман спорт жұлдыздарының жеңісті сәттері енген. Автордың журналистикадағы қадамы, спорт әлеміне неліктен терең бойлауы жайлы да айтылады.
Автордың жаңатуындысында өңірдегі бұқаралық спорттың дамуы, жас ұрпақтың бойында Отансүйгіштік, патриоттық сезімдердің қалыптасуына әсер ететін жайлар баяндалады. Кітаптың тілі жеңіл, өзі куә болып, түсірген суреттері енгізілген.
Құрметті оқырмандар!
Назарларыңызға 2021 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша аталып өтілетін және еске алынатын күндер күнтізбесін ұсынамыз.
Қазақстанның 70 тарихи орны (Тарихи және географиялық орындардың суретті энциклопедиясы).-Алматы: Керемет медиа, 2017.-224 б.
Жинаққа еліміздің тарихи және географиялық ең байырғы атаулары енгізілді. Жинақтан орын алған атаулар сан ғасырлық қазақ тарихында айырықша маңызға ие болған. Олар небір тарихи оқиғаға, кезеңге байланысты немесе ерте дәуірлерден бері ұлтқа қоныс болған қасиетті мекендер.
Қазіргі Қазақстан ономастикасын қалыптастыруда бұл атауларды көшелерге, нысандарға беру жалпымемлекеттік, патриоттық сана – сезім қалыптастыруға оң ықпал етпек. Жинаққа ономастика саласының мамандарына, еліміздің тарихы мен табиғаты қызықтыратын жалпы көпшілік қауымға арналады.
Шығыстағы бірнеше тарихи орындар Аягөз, Берел, Мұзтау, Семей, Тарбағатай, Шыңғыстау, Алакөл енгізілген. Біріншіден мұндай атаулардың жалпықазақстандық сана қалыптастыруда ерекше орын болса, екіншіден, бұл атаулар күнделікті өмірімізден орын алып, біздің қатпарлы тарихымызды, алуан географиялық байлығымызды, көрсетсе, үшіншіден, жас ұрпақ бойына туған ел мен жерге деген патриоттық сезімді қалыптастыруға да әсер етеді.