Балалар жазушысы Кульмай Сембаева «Көңіл толқындары» : Бестерек ауылы ақындарының өлеңдер жинағын кітапхана қорына сыйға тартты.
Қазақстан мемлекетінің киелі жерлерін, біздің жұмбақ жер Ақбауырды зерттеп сақ заманынан қалған ғажап жәдігерлерін, қазақ халқының салт дәстүрін әлемге танытып жүрген, Бестеректе ғылыми-археологиялық мұражайдың ашылуына ұйытқы болған, осы ауылдың тумасы археолог ғалым, профессор, елжанды тарихшы, Ұлан ауданының құрметті азаматы Зейнолла Самашевтың жерлес ақындардың жыр жинағын жинақтап кітап шығару туралы ой тастауы, ұсынысы, тікелей қолдау көрсетіп жол салуы жерлестеріне жақсы жаңалық болды.
«Өткенді ұмыту-өшкендіктің белгісі,
Өткенін еске алу-өскендіктің белгісі...»
Кітапхана қорына «Ғибратты тұлға» атты кітапты Мешімбаев Ертөлеу ағамыз сыйға тартты.
«....Аш –жалаңаш дәуірді. Қырғын сүргінді, бірін бірі ұстатып, бірін-бірі оққа байлаған жосықсыз кезеңдерді ойы, санасы жүрегі арқылы өткізген, бір емес екі соғысты – неміс-фашист, фин соғыстарын көріп, тірі қайтқан ұрпақтың бірімін...» Шәмси Оразбаев.
Кітап өткен ғасырдың елең-алаң басында өмірге келіп, жиырмасыншы ғасырдың адамзат баласына ұсынған барлық күнгейлі-көлеңкелі тұстары ойы, санасы, жүрегі арқылы өткізе жүріп, ғұмыр кешкен Елағасы ұлағатты ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері Оразбайұлы Шәмси туралы.
Өлең, сенің досыңмын, сырласыңмын
Күйін күйттеп жүрмедім бір басымның
Құпиясын іздеген дүниенің,
Бір қызы боп қалармын бұл ғасырдың
Жырым менің, Тәңір берген сыйым менің
Тілегімен үндескен дүйім елдің
Қайғысы бар, мұңы бар жүрегімнен
Шыққан ойдың ең нәрлі түйіні едің, -деп ақын жырлағандай Сарышева Фарида Батырбекқызы кітапхана қорына «Сырғамды қайық қылып» атты кітабының төрт данасын сыйға тартты.
Фарида Батырбекқызы ҚР оқу ісінің үздігі, Ақтөбе облысының екі дүркін «Облыстың ең үздік мұғалімі» грант иегері, «Басқару ойының дамуына қосқан үлесі үшін» Ф. Тейлор атындағы алтын медаль, «Ұлт ұстазы» төсбелгісі және «Еңбек ардагері», «Қазақстанның құрметті азаматы» медалінің иегері.
Кітапхана қорына Күршім ауданының тумасы, журналист Хасен Зәкәрия «Естелік» атты кітапшасын сыйға тартты. Бұл кітап Қойтастан шыққан тұңғыш ғалым, биология ғылымының кандидаты, Өскемен педагогикалық институтының ең алғашқы деканы Қожанов Тыныбек туралы.
Ойламаңдар, «көп қазақтың бірі» деп
Тұлғасы оның өзгелерден ірірек.
Жастайынан үлгі болған талайға
Ерекше адам менің аға Тыныбек, - деген өлең жолдарынан көп нәрсені аңғаруға болады.
Кітапхана қорына кітап авторының баласы Аян Дәуренұлы әкесінің «Ақкөңіл» атты кітабын сыйға тартты. Ақын Дархан Қабдолданов небары 45 жасқа толарында өмірден өтті. Ақынның артына қалған өлеңдерін, жырларын, айтыстарын өзінің ұлы Аянның жинап, құрастырып кітап етіп шығаруы - әкеге деген үлкен құрмет. Дәуреннің жырлары туған жер, құтты мекен, оның адамдары, тәуелсіздік, тіл туралы. Өнер тақырыбына арналған өлеңдерден, арнаулардан тұрады. Айтыстағы ақынның сөз қағысулары да кітапқа енген.
Құрметті оқырман, жыл сайын дәстүрлі онлайн конкурстың нәтижесі бойынша жарық көретін "Алтын тұғырдың" үш томдығы оқырман қауымға жол тартты.
Қаламгерлер қауымы үшін ауыл тақырыбы түгесілмес қазына, таусылмас кен іспетті. Туған жердің топырағына кіндік қанымен байлаулы қазақ жазарманы ауыл тақырыбын толассыз толғай беретініне еш күмәніміз жоқ.
Кеше кітапханаға "Ауыл" партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша жетекшісі Ербол Көбентаев "Алтын тұғыр" кітабын сыйға тартты. Кітап үш томнан тұрады, драматургия, поэзия, проза.