kl kz



>
Шығыс Қазақстан Интернетте
Мәдениеті мен өнері
Туристерге
Тарих беттерінен
Маңызды оқиғалар
«Туған өлкем – тұнған тарих» дәрістер циклы
ШҚО ауылдарының тарихы
Өскемен жайлы не білесіз?
Өскемен қаласының тарихы
Өскемен қаласындағы көшелер тарихы
Ескерткіштер
Аудан паспорттары
Шығыс Қазақстан облысы
Шемонаиха ауданы
Өскемен қаласы
Риддер қаласы
Алтай ауданы
Глубокое ауданы
Зайсан ауданы
Катонқарағай ауданы
Күршім ауданы
Марқакөл ауданы
Самар ауданы
Тарбағатай ауданы
Үлкен Нарын ауданы
Ұлан ауданы
Семей қаласы
Курчатов қаласы
Аягөз ауданы
Абай ауданы
Бесқарағай ауданы
Бородулиха ауданы
Жарма ауданы
Көкпекті ауданы
Үржар ауданы
Уланский район
Урджарский район
Шемонаихинский район
Алтын Алтай фольклоры
Алтай аңыздары
Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы
Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасы
Өлке табиғаты
Табиғи қорықтар
Табиғи ресурстар
Шығыс Қазақстанның 25 ғажайып орны
Шығыстың шипажайлары
Барлық-Арасан шипажайы
«Баян» шипажайы
Рахман қайнары
Уба шипажайы
Киелі орындар
Абылайкит
Берел қорымы
Қоңыр әулие үңгірі
Шілікті алқабы
Ашутас
«Алаш арыстары» үйі (Семей қ.)
Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі (Семей қ.)
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі (Семей қ.)
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары
Мұзтау
Шығыс Қазақстан соғыс жылдарында
Соғыс балалары
Кеңес Одағының батырлары
Ардагерлер еске алады
Соғысқа қатысушылар
Партизандар қозғалысы
Тылдағы аналар
Тылдағы ерен еңбек
30 - Гвардиялық дивизия
Брест қамалын қорғауға қатысқан шығысқазақстандықтар
Еңбек армиясы
Өлкетану альманағы
Өлкетану альманағы 2024
Өлкетану альманағы 2023
Өлкетану альманағы 2022
Өлкетану альманағы 2021
Өлкетану альманағы 2020
Өлкетану альманағы 2019
Өлкетану альманағы 2018
Өлкетану альманағы 2017
Өлкетану альманағы 2016
Өлкетану журналы 2014
Өлкетану альманағы 2015
Өлкетану альманағы 2013
Әріптестеріміздің шығармашылығы
Геология
Өлке зерттеушілері
Тарих. Этнография. Мәдениет
Қаламгерлер жайында
Білім беру
Ономастика
Дін
ҰОС жылдарында (1941-1945) ЕҢБЕК АРМИЯСЫ қатарында болған шығысқазақстандықтар
Бейнетоптама
Шығыс Қазақстан әдебиеті
Шығыс Қазақстанның әдеби және есте қаларлық орындары
Фэнзин фантастикалық журналы
Виртуалды көрмелер
Қ. Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш
Экран дикторы

linka

Kitapbaev kunaevym– Димекең, Димаш Ахметұлы тойына саршұнақ аязды аяз, ақтүтек боранды боран демей, сонау Шығыс Қазақстан облысы өр асқар Алтай тауынан сексеннен асқан Еңбек Ері Бошай Кітапбаев ақсақал келіп отыр. Енді осы асыл ағамыздың лебізін тыңдайық, – деді асаба. Сол сәт абыр-дабыр тез басылып, бірлі-жарым бейсәубет жүріс кілт тиылып, үлкен зал іші тынши қалды.

Төрдің ажарына ажар, айбынына айбын қосып, маңғаз отырған бойы ортадан биік, тік кеуде, қапсағай денелі, кесектеу қыр мұрынды, кең маңдайлы қария жайлап орнынан тұрды. Сақал-мұртсыз, әжімсіз ақсұр жүзінен де, қимыл-қозғалысынан да кәріліктің ызғары сезілмейді. Қайта қуаныштан өңіне әр кіріп, жайдары кейіпке еніп, жасара түскендей. Аздап күлімсірей, жан-жағын қоршап, қаумалай отырған жұртқа ойлана көз тастап, бөгелмей, еркін сөйлеп кетті. Жігерге толы қоңыр, әуезді даусы құлаққа соншалық жағымды естілді.

– 2007-ші жылдың 12-қаңтарында Димаш Ахметұлының туғанына 95 жыл толуы тойы, ақындар айтысы өтеді деген хабарды ести салысымен алжыған кісіше апыл-құпыл жолға жиналдым. Жұбайыма (тиын-тебеннің бәрі сол кісінің қолында ғой): «Маған тек жолкіре бер. Димаш Ахметұлының туғанына 95 жыл толған еске алу кешіне барып қайтайын» – дедім. Жұбайым қарсы болған жоқ. Өзінің сырқаттанып жүргенін, жолға жарамайтынын айтып, үйде қалды. 62 жыл протез-ағаш аяқпен тірлік еткен 83 жастағы менің де денсаулығым мәз емес. Мәз болмаса да өзімді өзім қайрап, нартәуекел, Димекең рухы үшін не көрсем де ризамын деп таңертең орнымнан тұрып, Жалғызтөбеге кеп поезға отырдым, – деген кезде жұрт қошамет таныта ду қол соқты.

– Димекеңнің туғанына 100 жыл толуы тойының өтуіне әлі бес жыл бар. Оған дейін тірі болам ба, тірі болмаймын ба? Оны бір Құдай біледі. Осы жасаған жасыма да шүкіршілік. Ендігі ниетім – бала-шағам, бәйбішемkitapbaev_1.jpg алдында кетсем, елі-жұртым, халқым аман болса деген ниет.

Жұрт қайта қол соқты.

– Бұдан бұрын Димаш Ахметұлы ағаның туғанына 90 жыл толуы тойына жұбайымыз екеуміз қатысып, үйімізге мәре-сәре боп қуанып, бір жасап қайтқан едік. Бұл жолы, амал жоқ, өзім келдім.

– Мұныңызды ерлік деп білеміз. Адамгершілік ерлігі, – деді екі-үш қарт жарыса дауыстап, мейманасы таси шын жүректен ризалықтарын білдіріп.

– Димекеңе жалақор жауыздар қара күйе жақпақ боп жанталасқанда мен түнімен отырып, КОКП

 Орталық Комитетінің Саяси бюро мүшелеріне Димаш Ахметұлы Қонаевтың кім екенін айтып, хат жаздым. Жұбайым:

– Сен бар-жоғы бір колхоздың басқарма төрағасысың. Қолыңнан не келеді әрі колхоздан басқа түк көрген жоқсың. Босқа шаршап қаласың. Бала-шаға бар, оларға зияның тиеді. Сен хат жолдағанды қой, – деді ренжи сөйлеп.  

– Жарайды, сен әуелі оқып шық. Егер мұны отқа жақсаң, әкеңді көзіңе көрсетем, – деп хатты қалдырып, жұмысқа кеттім.

Үйге түс әлетінде келдім. Жұбайым: «Біз Димаш Ахметұлын бала-шағамызбен жақсы көреміз. Ол кісінің күтпеген қиянатқа ұшырағанына қабырғамыз қайысады. Не істерімізді білмей далмыз. Бір біз емес бүкіл ел-жұрт дал. Сен хатыңда осы көңіл күйімізді жақсы көрсетіп жазыпсың. Қара ниет ит жендеттердің ұлдарымызды істік темірмен сабап, қыздарымыздың шашынан сүйреп, болашақ бала таппасын, өсіп-өнбесін деп екі бұтының арасынан тепкілегені, мұны көргенше соғыста неге өліп кетпедім деп Жұбан ақынның өкінгені, бір ауыз рақмет айтпай Димаш Ахметұлын орнынан босата салғанына өзіңнің де намыстанып, қайғырғаның туралы жазғаныңды оқып, әкеңнің аузын ұрайындар деп еркекше боқтап, жылап жібердім. Хатты поштаға тездетіп сал!» – деді ызалы, қайғылы үнмен маған бұйыра сөйлеп.

Жұбайым орыс мектебін үздік бітіріп, институттың филология факультетінің орыс бөлімін тауысқан, 40 жыл орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген, Республикаға еңбегі сіңген мұғалім деген атағы бар кісі еді.

– Аты кім? – деп сұрады бір кісі бүйірден.

– Нағима. Димаш Ахметұлын керемет жақсы көретін. Жақсы көргендіктен ғой, әкеңнің аузын ұрайындар деп ызаланғаны. Бұрын өмірі аузынан ондай жаман сөз шығып көрмеген жан еді. Одан кейін де, күні бүгінге дейін жаман сөз айтып көрген кісі емес. Димаш Ахметұлына, Қазақстанға істеген қиянатқа, ұлдарымызға, қыздарымызға жасаған айуандық, тағылық іске жаны күйзеліп, күйінгені сондай аузынан әлгіндей боқтық сөз шықты. Ол сөзді өзі тегінде көшеде бейбақ біреулерден естіген болу керек.

– Жақсы жазған екенсің. Әкеңнің аузын ұрайындарға тездетіп жіберші! – деді. Түскі асымды апыл-құпыл ішісімен орталыққа барып, хатты пошта жәшігіне салдым. Бір жарым айдан кейін бе КОКП Орталық Комитетінің нұсқаушысы Захарченко деген, бұрын Лениногор қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы боп істеген, обкомға телефон соғып:

– Бізге Кітапбаевтың хаты келді. Оны Саяси бюро мүшелерінің бәрі оқыды, – деп хабарлапты. Тұс-тұстан:

– Ол хатта не туралы жазған едіңіз? – деген дауыстар естілді.

– Мен Димаш Ахметұлы ешқандай ұлтшыл емес, ол кісі барып тұрған интернационалист, ғылым докторы, академик, мұндай ақылды адам елу жылға жуық Қазақстанды басқарып келді. Жақсы басшы болды. Ол кісіге ешкімнің наразылығы жоқ. Қазақстан экономикасын, мәдениетін, ғылымын дамытты, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартты, Димаш Ахметұлын халқымыздың 99,0 пайызы жақсы көреді. Ақ, адал адамға қара күйе жақпақ боп жанталасып жүрген жалақорларды жазалау керек, – деп жаздым.

Қымбатты бауырларым, сіздерден несіне жасырайын. Егер Горбачевтың білгірлігі, адамгершілігі, титтей ар жағында тектілігі болса, кеудесінде үш Алтын ордені бар, өзі академик, өте ақылды, бүкіл Қазақстан жақсы көретін, бүкіл Совет Одағы, мұсылман әлемі білетін аса құрметті адамды 75-ке толуына 20 күн қалғанда Алматыға келіп, пленумды өткізіп, алғыс айтып, мерейтойымен құттықтап:

– Енді, Димаш Ахметұлы, жасыңыз келді, демалыңыз. Орныңызға кімді ұсынасыз? – дегенде, Димекең өз қалауын айтар еді. Сонда жендеттер қазақтың қыздарын істік темір күрекпен бақыртып сабамас еді, Жұбан ақын қыздарымызды шыңғыртып, борбайына теуіп, есінен тандырып жатқанын көргенше соғыста неге өліп кетпедім деп өкінбес еді. Бұл не нәрсе, не деген айуандық, не деген тағылық деп халқымыз қайғыдан аһ ұрып, күңіренбес еді...Мені осы ой әлі күнге мазалайды...

Ол кісіден кейін Закаш Камалиденов сөйледі. Сөзін:

– Мені білесіздер, жағдайды түсінесіздер ғой, – деп бастап, Димаш Ахметұлының ел алдында еткен ерен еңбегіне баға берді. Сөзінің соңын:

– Біз Димекең аруағын барлық уақытта құрметтеп, сыйлауымыз керек, – деген тұжырыммен аяқтады. Ішімнен: «Адам – пенде, кезінде жіберген қателігін түсініп, Димаш Ахметұлының аруағынан кешірім сұрап, өкінген кезі-ау, сірә» – деген ойда болдым.

 Той соңында Бошай ағаға жолығып, танысып, біраз сөйлескеннен кейін:

- Алматыда қанша күн боласыз? – дедім.

- 2-3 күн болам. Үйге ертерек оралуым керек.

- Сізбен оңаша әңгімелессем деп едім.

- Ертең Ақсай мөлтек ауданындағы қызымның үйіне барам. Сонда кел.

Сағат нешеде?

- Таңғы сағат он, он бір шамасында.

Айтқан мезгілде бардым. Үш бөлмелі пәтердің бір бөлмесін еншілеп, Бошай аға екеуміз еркін сырластық.

Менің азан шақырылып қойылған атым Сәдуақас екен. Марқакөл жақта әкемізді асырап алған нағашыларымда Бошай деген бір би болыпты. Бесікте жатқанымда үлкен ңағашым бетімді ашып көріп:

- Мынау Бошай екен, біздің Бошайға ұқсап жатыр депті. Содан мен Бошай атанып кетіппін, - деп кең жауырынын қозғап, селкілдей күлді. Мен де күліп:

- Көсемдеріміздің бірі Мұстафа Шоқайдың ұлы әкесінің аты да Бошай екен, - деп едім.

- Иә, кітаптан оқып білдім. Бошай жаман ат болмай шықты.

- Димекеңнің 95 жасқа толған құрметіне арналған кештен қандай әсер алдыңыз?

- Маған Амангелді Ермегияевтың сөзі ерекше ұнады. Ол халқымыздың жүрегінде жүрген ойды дөп басып айтты. Қонаев Асқардың ұлы да жақсы сөйледі. Қайтарда жолығып:

- Сен, балам, орысша жақсы сөйлейді екенсің. Түрің нағашың Мұхтарға ұқсайды. Тілің де ұқсаса, нағашыңнан айнымас едің, - дедім.

- Жақсы айтыпсыз ғой.

- Қазақша білгенге не жетсін?! Қазақтың шешені деген сөз жаман ба? Ұлы Мұхаң: «Кейбір біздің жазушылар (қазақ жазушыларын айтып отыр) өзінің шығармаларын орыс тілінде жазады. Мен орыс тілін олардан артық білсем де, шығармаларымның бәрін қазақ тілінде жазамын» - деді ғой.

– Сіз Димаш Ахметұлымен көп араластыңыз. Ол кісінің бізге беймәлім қандай мінез ерекшелігін білесіз?

– Димаш Ахметұлы аса мейірімді, жібектей жұмсақ, жылы сөзімен-ақ ойыңа ой, сезіміңе сезім қосып, жаныңа жалын сыйлайтын таң қаларлық керемет адам еді. Елагин, Морозов, Тәшенов секілді қанша тік мінез танытып, тік сөйлеймін дегендердің өзі Димекеңмен бетпе-бет келгенде кібіртіктеп, күмілжіп, төменшіктеп қалатын. Себебі, Димекеңнің мысы деген оңай емес еді, олардың кемшілігін (қанша жасырып, түрлі бұлталаққа салса да) тамыршыдай біліп, бұлтартпас дәлелдермен еріксіз мойындататын, мойындамасқа амалдары қалмайтын. Ішкі есебін сезіп тұрғанының өзінде қолтықтарынан сүйеп, қателерін тузеулеріне мүмкіндік беретін. Жасы кішілермен ептеп қалжыңдасатын.

– Сізбен де қалжыңдасушы ма еді?     

– Менімен де қалжыңдасатын. Өзінен кішілерді ұтымды, әдепті, сыпайы әзілдермен күлдіріп, көнілін көтеретін.

- Кеше жақсы сөйлеп келе жатыр едіңіз, біреулер қосарлып, кедергі жасады.

- Кішкене көңлімді бөлді. Сөйлеймін десем, сөйлеймін ғой. Соның өзінде байқамай, қыза-қыза 20 минөт сөйлеппін.

- Жұрт асықтырды.

- Иә, асықтырмай, ептеп тыңдаулары керек еді...

– Димекеңмен алғаш қалай таныстыңыз?

– 1961-ші жылы Москвада партиямыздың қаңтар Пленумы болды. 15 республиканың коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылары баяндама жасады. Дінмұхамед Ахметұлы да биік мінбеге көтерілді.

Пленумда чуваш елінен, Москва түбінен келген бір-екі колхоз басқарма төрағасы сөйледі. Қол жеткен табыстары шамалы екен.

Үзіліс кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Димаш Ахметұлы Қонаевқа жолығып:

– Менің сөйлегім бар. Шығыс Қазақстаннан келген колхоз басқарма төрағасы Бошай Кітапбаев деген ініңіз едім. Маған көмектесіңіз! – дедім.

– Никита Сергеевичке өтініш жаз. Сөз беру мәселесін сол кісі шешеді, – деп Димекең асықпай мән-жайды айтып түсіндірді. Отыра қалып өтінішімді жазып, Никита Сергеевичке жолдадым.

Саяси бюро мүшелері Пленумға кезекпен төрағалық етіп отырған. Бір кезде үлкен үзіліс жарияланды. Отырысты жүргізген Полянский:

– Үзілістен кейін Башқұртстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Зия Нуриевке сөз беріледі. Шығыс Қазақстан облысынан келген колхоз басқарма төрағасы Бошай Кітапбаев жолдас дайындалып отырсын, – деп хабарлады.

Жүрегім тулап ала жөнелді. Менің бұл Пленумға қатысуымның өзі күтпеген, тосын жағдай еді. Олай дейтінім, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Алексей Иванович Неклюдов кішкене қазаққа теріс қарайтын. Ол жоқта мені Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Әукен Жәкішев Пленумға қатысады деп тізімге әдейі қосып жазып жіберген болатын. Әукен өте өжет, мықты, іскер кісі еді.

Колхозым облыс бойынша астықтан мол өнім алып, бірінші орынды иеленгенімен Алексей Иванович мені көзіне ілмейтін. Оның осы өзімшіл, өркөкірек мінезін ойлаймын деп күнібұрын әзірлеп жазып алған жазбам қонақ үйдегі бөлмемде қалып кетіпті. Аздап абыржып, қиналайын дедім. Сөз сұрағанда мен сол жазбама сеніп сұрап едім. Енді не істегенім жөн? Маған сөз беріледі деп хабарланып та қойды.    

Сасқалақтап берекесіздене бастағанымды оң жағымда отырып байқаған Фартуков деген Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы:

– Өзіңе өзің мықты бол. Облыстық пленумдарда, конференцияларда сөз сөйлеп жүрсің ғой. Дәл солай жасқанбай, батыл сөйле, – деді.

– Сізді қайраттандырған екен ғой.

– Қайраттандырды. Сол жағымда отырған Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Александар Ильич Изачик те қолымды қысып, сәттілік тіледі. Мінбеге көтеріліп, жұртқа ойлана қарап:

– Бір қиырда жатқан елеусіз маған сөз бергені үшін Никита Сергеевич Хрущёвқа рақмет. Сөз береді деп ойлаған жоқ едім, – дедім. Зал ду қол соқты. Никита Сергеевич орнынан жылдам түрегеп:

– Мен сіздерге мына мінбеде сөйлеп тұрған шешенді таныстырғым келеді. Бұл кісі Отан соғысының мүгедегі. Бір аяғы протез. Партия шақыруына жауап ретінде аудандық атқару комитеті төрағалығынан колхоз басқаруға барған. Жеткен жетістігі өте жақсы. Құрмет көрсетейік, – дегенде мыңдаған адам орындарынан тік тұрып, қол шапалақтады.

– Туһ, қандай абырой?!

- Ол кезде колхоздық өндірісті қайыршылық халден шығарған Хрущёв болатын. Украина Компартиясы Комитетінің бірінші хатшысы боп істеп жүргенде Украинада колхоз көп, совхоз аз екен. Сол көп колхоз басқарма төрағаларының бәрінің аты-жөнін білген. Сол себепті олар Никита Сергеевич демей еркелетіп «Микита» деген.

Сталин ауыл шаруашылығынан хабарының аз екенін ескеріп, Хрущёвты Москваға шақыртты. Никита Сергеевич ауыл шаруашылығын керемет көтерді, тың жерді игертті.

Мен мінбеде өзіміздің жайларын айтып, біраз қол жеткен табыстарымызға тоқталып, сөзімді аяқтағанда зал іші дүрлігіп кетті.

Орныма қайтып келе жаттым. Алыстан байқадым, «Москва» қонақ үйінің бір бөлмесінен орын алған досым А.Изачик қуаныштан жарыла жаздап отыр. Жанына жақындай бергенімде орнынан тұрып:

- Бошай, жан-дүниеммен сені құттықтаймын! Тамаша сөйледің. Бүкіл еліміз саған тік тұрып қол соқты, - деді қолымды қысып, көзіне жас алып. Оң жағымда отырған Фартуков та мені шын көңілмен құттықтады.

- Александр Ильич Изачик екеуміз қимас дос-жар едік. Жұбымыздың жазылмағанына 30 жылдан асты. Харьков ауыл шаруашылығы институты инженер-механик факультетін бітірген, 1945-ші жылдары Шығыс Қазақстанда МТС директоры боп істеген. МТС-те жүрген кезінде Ілияс Омаров деген кісі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы боп келді. Изачикпен танысып, сөйлеседі.    

Мен қазақтың талай басшы адамын көрдім, қайсыбірімен сыйлас, сырлас болдым. Димаш Ахметұлының бойы да, ойы да бар, ерекше жаратылған адам ғой. Сөз жоқ, ерекше жаратылған. Ол кісідей кісі енді болмайды.

Имандай шыным, Димекеңнен кейін Ілияс Омаровтай дарынды, адамшылығы мол, кристалдай таза адамды көргем жоқ. Ілекең Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кіріскенде 32 жаста екен. Партиялық жарғы талабына сай ол кісінің мұндай жауапты қызметке келуіне бір жыл стаж жетіңкіремеген көрінеді. Не істеу керек? СОКП Орталық Комитеті Ілиястың ерекше, қайталанбас қабілет-дарынын ескеріп, оған жеңілдік жасаған.

Ілекеңнің алғырлығы, білгіштігі, кісі таныштығы – Изачикты облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі етіп алған. Сол Изачик кейін 30 жыл Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары боп істеді. 15 қазақ төрағаларымен құшақтасқан дос боп, жақсы сыйласты. 1980-ші қайтыс болды. 30 жыл қимас дос-жар боп жүріп ұлтың кім деп сұрамаппын. Қайтыс болғанда ғана білдім, ұлты еврей екен.

Сол кездерде де, тіпті қазір де: «Шіркін-ай, еврейдің бәрі Изачиктей болса, айтары жоқ қой», - деп ойлайтынмын. Сондай керемет кісі еді.

Тағы бір ұмытпай жүрген ардақты да аяулы кісім – Нұрмолда Алдабергенов. Пленумның келесі үзілісінде Нұрекең қасыма келіп:

- Бауырым, жақсы сөйледің, ризамын. Жігіт екенсің! – деп құшақтап, бетімнен сүйді. Сондай көпшіл, іштарлығы жоқ, кең адам екен.

...«Москва» қонақ үйінде жатырмыз. Александр Ильич екеуміз еркін сырласамыз. Ол сөз арасында:

- Хрущёв ауыл шаруашылығын мықты білетін адам. Бірақ ауыл шаруашылығынан сауаты шамалы Пономаренко одан да мықты, - деді.

Шынында Пономаренко кереметтей кісі еді. Оған қазақтардың ескерткіш орнататын жөні бар. Бізде бар-жоғы бір жарым жыл ғана істеді. Димаш Ахметұлын министрлер Кеңесінің төрағасы етіп қойып кеткен сол кісі. Мен Пономаренконың да қабылдауында болдым. Арнайы шақырып, сөйлесті. Ол өзі бір бөлек әңгіме.

Москвадағы сол Пленумнан кейін Димаш Ахметұлымен жолықтыңыз ба?

– Жолықтым. Ол кіс мені тіпті жақсы көріп кетті.

– Жарайсың, батырым, ақылды сөйледің. Сөзіңді барлық газеттер жариялады. Құттықтаймын, – деп қолымды алып қуанғаны әлі есімде.

Сол Пленумнан кейін бір жыл өткенде, яғни 1962-ші жылы қаңтар айында Железноводск шипажайына демалуға бардым. Асханаға кіре беріс бөлмедегі киім ілгіш жанында пальтомды шеше бермек едім, Димаш Ахметұлы іштен сыртқа қарай шығып келе жатыр екен. Мені көріп қап, танып:

– Ә, Бошай, жақсы келдің. Ертең кездесерміз, – деп қоштасты.

Тамақтанып отырғанда қасымдағы орыс кісі:

– Димаш Ахметұлы елуге толып, Ленин орденімен марапатталды. Ол кісіні осында демалып жатқан хатшылар, бәріміз клубта құттықтадық, – деді. Мен жол жүріп, соңғы жаңалықтан бейхабар едім.

Ертеңіне Димаш Ахметұлы Ленин орденінің қуанышына дастарқан жаймақ деген хабар естідім. Димекеңнің маған:

– Ертең кездесерміз, – деген сөзінің астарын енді түсіндім. Әйтсе де үлкен кісіге көріне қояйын, дастарқанына қатысайын деген ой менде болған жоқ,

Тамағымды ішіп, бөлмеме кеп аздап демімді басып, газет-журнал оқып отыр едім. Біреу есік қақты, ашсам: Мұхатай Жұрмұхамедов деген Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы. Ол да жұбайымен осында демалып жатыр екен. Өзі соғыста біздің дивизионымыздың командирі болған кісі. Математик, Қостанайдың жігіті. Бақайшағына дейін ақылға тұнған жақсы азамат. Димекең: «Әй, осында Кітапбаев деген колхоздың басқарма төрағасы бар еді. Сен, Мұхатай, менен гөрі қол-аяғың жеңіл, жастаусың ғой. Сол кісіні тауып ап, шақырып келші?» – депті.

Мұхатай мені іздеп әуреге түсіпті. Себебі, аяқ астынан басқа бөлмеге ауысып кеткен едім. Бір уақытта ол маған келді.

– Ой, Бошай, мен сені әрең таптым. Димекең Кітапбаевты қайтсең де ертіп әкел деп маған тапсырма берді, – деді. Үсті-басымды ретке келтіріп, Димекеңнің дастарқанына бардым. Адам көп, үлкен зал лық толы.

Асаба – Орал облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, қазақ жігіті. Өзі елге қайтқалы поезға билет алып қойған екен. Кезегім келгенде:

- Қазақ халқының атынан Бошай Кітапбаевқа сөз беріледі, – деді де, «Салмасаң майданкөлге ән болмайды» деп бір ауыз өлең айтып, кетіп қалды. Мен қыза-қыза 20 минуттей сөйлеп жіберіппін. Дастарқан басында Железноводск қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, қалалық атқару комитетінің төрағасы, басқа да жауапты қызметкерлер, дәрігерлер, Қазақстаннан Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов, Қаныш Имантайұлы Сәтпаев бастаған ағалар отыр.

- Соғыста жүргенімізде жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Лениногор қорғасын заводында жасалған деп мақтанатын едік. Саяси хабарламада бізге солай деп мәлімдейтін. Сол қиын кезде ол заводты Димаш Ахметұлы басқарды, – деп Димекең туралы өзімнің білгенімді айтып келіп:

– Димаш Ахметұлы бойы да биік, ойы да биік кісі ғой. Мен иығынан ғана келемін, – деп едім жұрт ду күлді. – Маңдайы бір қарыс, тіп-тік. Димекеңнің жаратылысындай келісті, әдемі кісіні табу, көру қиын. Құдай сақтап, әйел болмай қалдым. Әйел болсам, өмір бақи тек Димекеңе ғана ғашық боп өтер едім.

Зал іші дүркірете қол соғып, дүрлігіп кетті. Содан бастап, Димекеңмен жақсы дос-жар боп сыйласып, шарапатының шұғласына бөленумен болдым. Ол кісінің маған жасаған жақсылығын санасам, шашым жетпейді. Өзін бала-шағамызбен, дос-жарандарымызбен жақсы көрдік.

– Димекеңмен етене жақын араласқан кезіңіз болды ма?

– Көп болды. Үйіне барсам, Димекең:

– Әй, Бошай, сен біздің шаңыраққа мен барда келіп жүрмеймісің? Кейде мен жоқта келесің. Оныңның қандай сыры бар? – деп қалжыңдап, еркелететін де еді.

– Мен аға, Димаш Ахметұлының көңіл-күйі қалай екен? Соны кішкене алдын ала біліп алып, соған сай әрекет жасау үшін келем, – дейтінмін қалжыңдап.

Бірде кабинетінде, қабылдауында сөйлесіп отырғанда:

– Димаш Ахметұлы, менің айтар сөзім көптің аузындағы сөз. Қазақты сіздей ұзақ мерзім   жақсы басқарған жан жоқ. Ондай жанды мен әйтеуір білмеймін. Әй, шамамда сіздей адам жоқ қой деймін, – дегенімде:

– Әй, Кітапбаев, маған көпшік қойғанды қашан доғарасың? – деді қабағын түйіңкіреп.

– Димеке, мен көпшік қоятын сіздің облыстық партия комитетінің хатшысы, әйтпесе облыстық атқару комитетінің төрағасы, не министр емеспін. Анау өр асқар Алтайда бір қолына таяғын, бір қолына қамшысын ұстап, атқа мініп жүрген колхоз басқарма төрағасымын. Қазір, мүгедек болсам да, зейнеткер жасына жеттім. Жарамсақтанып, сізді өтірік мақтайтындай мұқтаждығым жоқ. Ойымдағыны айтсам, Димеке, маған неге ренжисіз? – деп едім. Бір қауым уақыттан кейін:

– Тағы бір ойымдағыны айтсам, тағы ренжисіз бе, Димеке? – дедім. Үндеген жоқ.

– Сіз Қазақстанды басқарғалы бері, міне, қырық жыл болды. Содан бері тұлпар ат секілді сыр бермей келесіз. Тұлпар ат қанша алысқа шапса, не семіздік, не арықтық жасап жолда қалмайды. Сіз бәйгенің алдын бермей келе жатқан қазақтың сондай тұлпарысыз. Міне, елу жылға жуықтады, не семірмейсіз, не арымайсыз. Екі тізгінді бірқалыпты ұстайсыз.

– Әй, жарайды, дауласпай-ақ қояйық, – деп Димекең жарықтық мені одан ары қарай сөйлеткісі келмей, тақырыпты басқа жаққа қарай бұрып жіберді. Өзі, айтары жоқ, сондай тамаша кісі еді ғой. Димекеңді қазақ әлі мың жыл аңсайды, жоқтайды.

- Туған жеріңіз туралы білгім келеді.

- Менің туған жерім Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданындағы Шыңғыстай болысы. Ол Шабанбай деп аталады. II-ші Александр 1867-ші жылы Алтайға дейінгі осы Шабанбай тоғай қорығы патша отбасының жекеменшігіне жатқызылсын деген Үкім шығарған. Өйткені Алтайдан көп кен орны табылғанына есі шыға куанған. Ағылшындар келіп, Алтайдың байлығына қызыққаннан кейін жергілікті тұрғындарға қосымша салық ретінде күміс ақша салған. Бұл «жығылғанға жұдырық» боп тиіп, Қатонқарағайдағы жерімізді патша алып қойды деген ренішпен ғасырлар бойы тірлік етіп келе жатқан біздің Қаратай деген ағайынымыздың мың үйі Қытайға көшіп, одан жартысы қайта келіп, Ресейдің Таулы Алтай автономиялы облысындағы Қосағаш ауданына орналасқан.

Мұны еске алудағы себебім, біздің жерімізге сонау Нева өзені жағасындағы Петербордан патша қызыққан. Бұрынғы Шыңғыстай болысы, қазіргі Қатонқарағай ауданы ерекше табиғаты керім сұлу жер ретінде ежелден аты шыққан.

Н. Хрущёв СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы боп тұрған кезде осы Қатонқарағай ауданын Үлкен Нарын ауданымен біріктіріп, жергілікті тұрғындарға көп зиян келтірді. Бес жылдың ішінде-ақ Қатонқарағайдың тоз-тозы шықты. Ар жағында Қытай бар деп орыстар үдере көшіп, басқа жаққа қоныс аударды. Орталықтан шалғай, шет аудан болғаннан кейін жергілікті тұрғындар кішкене арақ ішіп, жұмыссыз сандалып, жүдей бастады.

Жатсам, тұрсам осы жағдай менің жаныма аяздай бататын. Москваға диссертация қорғағалы барып, «Москва» қонақ үйінен орын алған соң, Қазақстан өкілеті Өтешқали Атамбаевпен сөйлестім. Ол бұрын біздің Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы боп істеген, тамаша кісі еді. Өзін өте жақсы көретінмін. Өтекеңе:

- Димаш Ахметұлы Мәскеуге келген екен. Мен сол кісіге жолығып, 15-20 минуттей сөйлесіп, айтатын жұмысым бар еді, - деп қонақ үйдегі бөлмемнің телефон номерін бердім. Ертеңіне таңертеңгі сағат тоғызда Өтекең хабарласып:

- Димаш Ахметұлына өтінішіңізді жеткізіп едім, сағат он бірде келсін, қабылдаймын деді, - дегенді айтты. Қолымда портфель, диссертация қорғаймын деп жүрмін ғой. Дәл он бірде келсем, Өтекең кабинетінде екеу сөйлесіп отыр екен. Ішке кіріп ем:

- Бошай Кітапбаев, кел, мына жерге отыр, - деп Димекең қасына жақындау орындықты нұсқады.

- Мен шығып кетсем қайтеді? Жеке айтатын сөзің бар шығар? – деді Өтекең маған қарап.

Мен:

- Димекең екеуіңіздің дос екендеріңізді білеміз. Сізден жасырын менде құпия сыр жоқ. Керісінше, отырыңыз. Сіз, Өтеке, бізде облыстық атқару комитетінің ең мықты төрағасының біреу болғансыз. Шығыс қазақстандықтар әлі күнге дейін сізді аузынан тастамайды. Өйткені, басқа кісінің қолынан келмейтін үлкен, үлкен істерді істегенсіз. Сіз бірге отырыңыз, - дедім де, Димекеңе бұрылып:

- Сіз баяғыда министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары боп жүргенде Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы Жомарт Адамовпен кеп, Жетінші шатқалда қонақ болған екенсіз. Одан кейін ол маңға қайта дәм-тұз тартып бара алған жоқсыз. Қатонқарағайдың керім сұлу, жақсы жер екенін сонда көрдіңіз. Сол Қатонқарағай ауданы қазір, міне бес-алты жыл болды, көрші ауданға қосылып, шеттеліп, экономикалык пен әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп, жұмыссыздық өсіп, орыстар көшіп, халық әбден жүдеді. Соны жеке аудан етіп бөліп беруіңізді өтінемін, - дедім.

- Жарайды, - деді Димекең күлімсіреп. – Ана диссертацияңды қорғауға менен қандай көмек керек?

- Оны өзім қорғаймын, Димеке. Сізден сұрайтыным әлгі.

- Диссертацияңды Алматыда неге қорғамадың?

- Мына колхоз басқарма төрағасы Кітапбаев араға тамыр-таныстарын салды деген күмән туа ма деп Москваға тарттым.

 Димекең сол жақ қалтасындағы қойын дәптерін, қаламсабын алып:

 - Қосылған он ауданды бөлу туралы Орталық Комитет Саяси бюро мүшелерімен келісіп ем. Кітапбаевтың өтініші бойынша Қатонқарағай ауданын өз алдына жеке аудан етіп бөлу керек деп белгілеп қояйын, - деп менің өтінішімді қойын дәптеріне бірінші етіп жазды.

 Екі-үш күннен кейін Өтекеңе қайта келдім. Өтекең:

 - Сен кеткеннен кейін Димекең: «Әй, өзі жалғыз аяғымен ана портфель сүйреп, диссертация қорғаймын деп Москвада жүр, мен көмектесейін десем, көмегіңіздің керегі жоқ деп айтып тұрған мәселесін көрдің бе? Қатонқарағай өзінің туған ауданы. Соны бөліп беруге болыссаңыз жетіп жатыр деді емес пе? Әй, бір өзі ер, батыр ғой!» деп риза болды Димаш Ахметұлы, - деді.

 Ұзаққа созбай, сол 1970-ші жылдың аяғында Димекең уәдесін орындады. Одан кейінгі он жылдың ішінде Қатонқарағай ауданы гүлденіп, қалаға айналып, жақсы боп кетті.

 - Достарыңыз көп пе?

 - Көп деп те, аз деп те алмаймын. Алматыда Герольд Бельгер деген керемет досым бар. Оған: «Мен өзім немістермен соғысып, бір аяғымнан айырылдым емес пе? Тағдыр ғажап қой?! Елге аман оралып, 40 жыл колхозға басшылық етіп жүргенімде колхозшыларымның жартысына жуығы неміс болды. Олардың бәрімен достасып, туыстасып кеттім. Енді сен менімен дос боп жүрсің. «Қазақ» газетіне «Бошай ағама үн қосамын» деп мақала жаздың. Ол аздай: «Мен ешкімнің рұқсатынсыз, арыз керек болса арыз жазып беріп, сізге өз жасымнан он жас қосар едім», - дедің. Сонда бірден 93-ке келеді екем. Менің көңлімді сен көтерсең, сенің көңліңді Құдай көтерсін», - деп хат жаздым.  

 - Сыңар аяғыңыз жаяу жүргенде ауыратын шығар?

 - Ауырады. Протезбен қозғалу кішкене қиындау. Бұлшық ет азайып, сүйек жіңішкере береді екен. Бұрын таяқсыз жүруші едім, енді таяқ ұстайтын болдым.

 Жастау кезімде адам тағдыры – мінезі деген сөзді естіп едім. Димаш Ахметұлының сыпайы, көпшіл мінезін ойлап, әлгі сөздің дұрыстығына көз жеткізгендеймін. Димекең П.Пономаренко, Л.Брежнев, А.Косыгин, В.Щербицкий, тағы басқаларының бәрімен көңлі туыс, бәрімен құшақтасқан дос-жар болды. Өзі керемет сыйымды кісі ғой. Тілеулес жандарының көп болғаны да содан-ау. Солар арқылы Қазақстанды гүлдендіріп, дамыған индустриалды-аграрлы республикаға айналдырды. Жалпы Қонаев басшылық еткен жылдары Қазақстан керемет дамыды.

 - Сізге Димекеңнің ренжіген кезі болды ма?

 - Оны байқаған емеспін. Мүмкін кейде көңлінен шықпай қалған сәттерім де ұшырасқан шығар. Жұмыр басты пендеміз ғой. Ең кереметі, Димекең кемшілігіңді сезіп тұрса да, сезбеген сыңай танытатын. Е, есіме бір оқиға түсті. Бізде, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы боп Әріпбай Алыбаев деген кісі істеді. Киіз қазықты жерге кіргізетін мықты адам еді.

– Мына бағаңыз қызық баға екен.

– Халық «Тентектің бір аяғы сегіз, бір аяғы тоғыз» деп сондай мықты адамдарды айтады ғой. Ол кісі кейін Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы боп ауысты. Бірде Димекең Алыбаевқа:    

– Марқұм Нұрмолда Алдабергеновтың колхозы соңғы кезде құлдырап барады. Сен өзің басқарған Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан мықты бір колхоз басқарма төрағасын шақырмайсың ба? – дейді. Сондай сөзден кейін Әріпбай Алыбаев маған қолқа салды.

 - Жібермейміз. Бізді 18 жыл басқардыңыз, әлі де өзіңіз басқарыңыз, – деп колхозшыларым алғаш келісім бермей, ренжіді. Кейін жағдайды айтып, түсіндіргеннен кейін ғана рұқсат етті.

Біз Алыбаевтың шақыруымен Шығыс Қазақстан облысынан 3-4 кісі келгенбіз. Кейін Алыбаев ет-сүт министрі боп ауысты да, орнына басқа адам келді. Ол суармалы егістен хабары жоқ, денсаулығы нашар кісі екен. Облыс көрсеткіші төмендей бастады. Шығыс Қазақстаннан бізбен бірге келген Самсонов деген совхоз директорына жаңа бірінші хатшы:

– Қайдан келдің, сол келген жағыңа кет! – депті. Маған да шекесінен қарай бастады. Қабылдауында болып:

– 6 жылдан бері осындамын. Елу бестемін. Мүгедек ретінде зейнетке 55 жасымда шығуыма болады. Астықты жинап біткеннен кейін өз еркіммен кетем. Мен кеткен соң, өзіңіз басқарарсыз, – дедім. Ләм-мим деген жоқ.

Кешке үйге келіп Талдықорған облысындағы орын алулы кемшіліктердің себеп-сырына тоқталып, КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л. И. Брежневке хат жаздым.

– Мұндай хатты неге жаздың? Әуелі маған айтпадың ба? – деп мені шақырып ап ұрсады-ау, ренжиді-ау, – деп қуыстанып жүрдім. Димекең шақырмады. Өзі баға жетпес өте көпшіл, демократияшыл кісі еді ғой.

Астықты жиып-теріп, жоспарды артығымен орындап, Алматыға, тіке Димекеңнің үйіне бардым. Күзетші милиционерге Социалистік еңбек Ері, Отан соғысы мүгедегі екенімді айтып, куәліктерімді көрсетіп едім, рұқсат етті.

– О, Бошай, амансыз ба? Төрлетіңіз, – деп Зухура Шәріпқызы амандасып, хал-жай сұрасты. Сөйтіп сөйлесіп тұрғанымызда кабинетінен Димаш Ахметұлы шыға келді. Үстінде спорттық костюм.

– Әй, Кітапбаев, келдің бе? Мен де сені шақырайын деп жүр едім, – деп қолымды қуана алды.

– Бір аптадан бері демалыста дегенге Сізді үйде жоқ шығар деп келіп едім. Өзіңіз бар екенсіз. Мен қайтадан кетіп қалайын, – деп қалжыңдадым.

– Ол қатеңді келесі жолы ескерерсің, отыр, – деп Димекең сылқ-сылқ күліп, іргедегі жұмсақ диванға бірінші боп отырды. Мен қасына жайғастым.

Біраз үнсіздіктен соң:

– Жазған хатың менің жұмыс столымның үстінде жатыр. Қатырып жазыпсың! – деді. – Жалғыз-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы бұрын өзім істеген колхозыма кетем дегеніңе ренжідім. Сол үшін саған ұрсайын деп едім.

– Димаш Ахметұлы, ол менің шын ниетім. Маған рұқсат етіңіз?

Димекең өткір, ойлы жанарын жанарыма тік қадап (адамшылығы қандай терең, қандай мөлдір десеңізші?!):

– Алыс Алтайдағы суық жерден ауа райы жұмсақ, жер жәннаты Жетісуға, Алматының жанындағы жылы жерге шақырып әкеліп едім. «Баба бүркіт барлап ұшады, бала бүркіт парлап ұшады» деген емес пе? Мен сені, Бошай қарағым, баба бүркіт деп білуші едім. Ойлан, – деді.

– Димеке, жаныңыз жамандық көрмесін. Менің тамырым сол өр асқар Алтайда. Жақындарым қайтыс болып, бір жылда Қатонқарағайға 5 рет бардым. Өзіңіз айтқандай Жетісудың жер жәннаты екенін мойындасам да, мен бұл жерде тамырсыз ағаш секілдімін. Өзіңіз ойлаңызшы, тамырсыз мен қалай өмір сүрем? Өтінем, Димаш Ахметұлы, маған рұқсат етіңіз?

– Қонаев өзі шақырып алып, болыспай, ауылына қайтарып жіберді деген өкпе, өкініш болмаса, мен ойланайын, – деді. Ренжіп жүре ме деп көңліме қарайлағанын көрмейсіз бе?

Екеуміз де үнсіз қалдық. Бір кезде:

– Сен обкомның хатшысы етіп жібер деп өтініш айтып отырған жоқсың. Өзің тегінде өкінбесең, өкпелемесең, тілегіңді орындайын деп шештім. Алтайдағы туған колхозыңда төраға боп істеп жүрген жігітті келешегі бар бір қызметке ауыстырыңдар деп тапсырма берем, – деді қимай, қинала сөйлеп. Мен орнымнан тұрып, құшақтап, бетінен сүйдім.

Тағы бірде оңаша сөйлесіп отырғанда Димекеңе: «Бәйкен Әшімұлы Әшімов 60-тан асты. 10 жылдан астам Министрлер кеңесінің төрағасы болды. Өзіңіз социалистік еңбек Ері атағын алып бердіңіз. Ол кісі Сізге өле өлгенше риза шығар. Енді Бәйекеңнің орнына келешекте өзіңіздің тәрбиеңізде болып, төселіп, үйренетін жас, мықты біреуді алмайсыз ба? Тіпті Бәйкен Әшімұлын қимайтын болсаңыз, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумына төраға етіңіз» – дедім.

– Солай дедіңіз бе?

– Солай дедім. Димекең ақылды, көпті көрген кісі ғой, шамданбады. Бұл ойымды бір емес, екі рет айттым.

– Димекеңе жала жауып, жамандап сөйлеген, Қонаевтың кадрлары деп тәжірибелі, іскер, жақсы азаматтарға қырғидай тиіп, шетінен қызметтен қуған Камалиденов, Әуелбеков, Меңдібаев туралы пікіріңіз қандай?

- Әуелбеков мықты, іскер азамат еді. Димаш Ахметұлын ақсату үшін   Москвадан арнайы тапсырма болды. Камалиденов те, Меңдібаев та, Әуелбеков те сол тапсырманың құрбанына айналды. Олардың жасаған тірліктерін ақтамаймын. «Шаш ал дегенге бас ала беруге» бола ма? Қанша жоғарыдан тапсырма берілгенмен көпекөрнеу қиянатқа бармаулары керек еді.

- Ленин туралы ойыңызды білсем деймін.

- Басқаны қайдам, өз басым Ленинды сүйем. Ресей Ленинді біржола естен шығарып, бізге ұқсап ескерткішін алып тастаған жоқ. Ленинград қаласы Петербург боп өзгертілгенмен облысы Ленинград деп аталған сол баяғы күйінде қалды. Ол кісінің: «Күллі орыстар отарлаушылық әрекетін істемей қоймайды. Сондықтан онымен күресу керек», - дегені керемет қой.

- Жастарға қандай тілек айтар едіңіз?

- Тәжірибе жылдармен, уақытпен келетін нәрсе. Кейде сүрініп қалатын да кездер болады. «Адасқанның айыбы жоқ, айналып үйіріне қосылса», - дейді қазақ. «Нелер ұшқыр жүйрік бар, бір шаппаса басылмас. Нелер алғыр жігіт бар, адаспай топқа қосылмас», - дегендей кішкене қателік жіберді деп бір-біріңнің кеуделеріңнен итермеңдер, - дегім келеді.

- Байқауымша, газет-журналды, кітапты көп оқисыз-ау?

- Көп оқимын. Аяғы бар жастар қыдырып, серуендеп кете береді. Рузвельт айтқандай, менде ондай мүмкіндік аз. Көбінесе екі тілде жарық көрген газет-журнал, кітапты оқимын.

- Зухура Шәріпқызы жеңгеміз туралы айтыңызшы? – деп өтініп едім.

- Ой, ол кісі орысшаға да, қазақшаға да судай, сөзге керемет шешен, көзі көкжасыл, Бақ қонған, Қыдыр дарыған сұлу қара әйел болатын. Кішкене анда-санда ы, ы деп қалатыны бар.

 Димекеңмен, Зухура Шәріпқызымен шипажайларда талай бірге демалдым. Ол кісілер мені бірге туған туыстарындай жақсы көрді, – деді жарқын үнмен жадырай сөйлеп. – Әсіресе, Димаш Ахметұлы оң аяғымның тізеден төмен жағы жоғын, жап-жас бола тура мүгедек екенімді біліп:

- «Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар» деген. Қайратыңа тәнтімін, Бошай қарағым, – деп, басқа да сөздер айтып, жігерлендіре түсетін.

Үйіне бір барғанымда, Зухура жеңгей: «Димаш Ахметұлының қолы тимей жатқан көрінеді. Жаңа үйге кешігем деп телефон соқты. Сағат 12 боп қалды. Аспазшы түскі асты дайындапты. Тамақтанып ал» – деді.

- Астан үлкен емеспіз ғой. Сіз айтқаннан кейін жарайды, – деп ас бөлмесіне қарай өттім. Зухура жеңгей армян коньягін рюмкеге құйды. Колхоз басқарма төрағасына кішкене рюмке сөз бе? Қағып салдым. 50 грамнан екі рет іштім.

- Зухура Шәріпқызы, рақмет, енді жетеді, – деп едім:

- Бошай батырды неге мас ғып жібермедің деп ағаң келген соң маған ұрсады. Тартынба, – деп тағы бір рюмке коньяк құйды. Мен:

- Өзімнің аяғым жоқ, протезбен жүрген кісімін. Қонаевтың үйінен тамақ, коньяк ішем деп шыға бере есік алдында құлап жатсам, ол маған қандай абырой болады? Енді бұдан артық ішпей-ақ қояйын, – деп рюмкені қолыма алып:

- Жеңгей, Димаш Ахметұлының бүкіл халқымызға Қыдыр, Бақ боп, Қазақстанды жақсы басқарып жүргеніне сіздің де еңбегіңіз мол. Көп жылдан бері отбасы тізгінін берік ұстап, Димаш Ахметұлын жақсы баптап келесіз. Осы рюмкені Сіз үшін, Сіздің денсаулығыңыз үшін ішем, – деп едім.

- Тауып отырған, бағып отырған балам жоқ. Димаш Ахметұлын күтпегенде мен кімді күтем? – деп жылағанда, жанарынан аққан жасы столдың үстіне тамып, тамып кетті. Мен мұны мүлде күтпегем. Жұбата алмай қатты састым. Жеңгей көзі танадай үлкен кісі еді. Мөлт еткен жасы моншақтай тізіле төмен құлап:

- Тауып отырған, бағып отырған балам жоқ. Димаш Ахметұлын күтпегенде мен не істеймін? – деді қайта егіле жылап. Менің де жанарым жасқа толып, үнім шықпай қалды. Әлден кейін өзіме өзім келіп, қайраттанып: «Дүние жүзінде Лениндей адам жоқ. Ленин де перзентсіз ғой. Біз бәріміз сол кісі құрған партияның мүшесіміз. Пионер, комсомол ұйымдарында тәрбиелендік. Біздің Қазақстанның Ленині – Димаш Ахметұлы. Менің 6 балам бар. Керек десеңіз, солардың 1-2-ін Қонаев деп жазғызам. Мен дайынмын, жеңгей» – дедім шамырқана, тез-тез сөйлеп.

 - Осы ойды сенен өзге де бірсыпыра кісілер айтып та жүр. Ақ ниеттеріңізді медеу тұтамыз, – деді жеңгей көз жасын орамалмен сүртіп, ауыр күрсініп.

 - Бошай аға, сіз жай емес, тарихи адамсыз. Олай дейтінім, халқымыздың не бір аруақты ұл-қыздарымен сыйлас, сырлас болдыңыз. Мен ауық-ауық кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, ауыл шаруашылық министрі болған Хайдар Арыстанбекұлы ағамен жолығып, сөйлесіп тұрам. Ол кісі сізді өзімдей көретін досым деп сыртыңыздан мақтан етеді, – деп едім.

- Ол рас. Біз ежелгі достармыз.

- Сол Хайдар ағаның үйінде бір болғанымда естіген әңгіме есіме түсті.

- Есіңе түссе, айт, інім.

Үлкен терезелері күнгейге қараған жарық та мұнтаздай таза бөлменің қақ ортасындағы үсті ақ матамен жабылған столды қаумалай академик Қасым Асанов, Хайдар аға, мен үшеуміз атақты Нұрмолда Алдабергеновтың өмір жолын сөз етіп отырмыз.

- Нұрекең ғажап талантты адам еді ғой. Біз оқып академик болсақ, ол кісі оқымай-ақ академик, – деп Хайдар аға ынты-шынтысымен ақтарыла сөйледі. – Өмір құбылмалы. Ертең не боларын ешкім білмейді. Ойламаған жерден Нұрмолданың басына қара бұлт үйірілді. Байқаймын, іс насырға шауып барады. Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы Ливенцовқа телефон соқтым.

- Әй, Вася, сен Мұқырда жеген наныңды ұмыттың ба? Қасқа тайға мініп, қолтығы жыртық ала пижама киіп жүргеніңде Нұрмолда саған талай жәрдем бермеп пе еді? Енді оны партиядан шығарылсын деп қайтіп қана ұсыныс жасайсың?! Түк кінәсі жоқ қой. Ар-ұятың қайда, е, енеңді ұрайын, – деп едім.

- Саған дұрыс мәлімет бермеген. Мен, мен... – дей бергенде:

- Еһ, сен! – деп телефон тұтқасын орнына қоя салдым. Сәлден соң Морозовпен хабарластым.

- Андрей, сен студент кезіңде арандатушы едің, сол күйіңде қалыпсың. Саған Нұрмолда қандай жамандық істеді? Айтшы, кәне? – деп едім.

- Менің оған ешқандай қатысым жоқ, – деп жалтарды.

- Сен жалтарма. Алматы облыстық партия комитетінің бюросында Ливенцов екеуің «Алдабергенов асып-тасып кетті, партиядан шығарылсын», - деп сөйлегендерің қалай?

- Сен, Хайдар Арыстанбекұлы, саясатты түсінбейді екенсің. Ол жоғарыдан келген тапсырма.

- Мейлі, қайдан келсе де, адамгершілікті аттап кетуге бола ма? – деп телефон тұтқасын ұясына қондырдым.

Хайдар аға кеседегі шайдан екі-үш ұрттап:

- Таңдайымды жібітіп алмасам болар емес, – деп қайта сөйледі. – Қырсық айналдырса, амалың қанша? Индияда әлемдік ауыл шаруашылық көрмесі ашылып, соған Н. С. Хрущев Алдабергеновты делегация құрамына енгізіп, өзімен бірге ерте барады. Нұрмолдаға сөз кезегі тигенде, үш рет Сталиннің атын атайды да, Н. С Хрущевтың атын бір рет атамайды. Мен:

- Жының бар ма? Сөзіңнің бір жеріне Н. С. Хрущевты қоса салмадың ба? Немесе, Сталин туралы үндемей-ақ қоймайсың ба? – дедім.

- Мен соны білмеппін, байқамаппын. Сол үшін соңыма түседі деп ойлаппын ба? - деп тұнжырап, қабағын түйді. Нұрмолда саясаттың адамы емес, түсінбеген. Не болса да, көсеміміз Н. С. Хрущевтің бастамасымен жүгеріні аспанға дейін егіп жатырмыз деп айқайлай бермей ме? – деп қарқылдап күлді Хайдар аға.

- Е, Хрущевтің әпербақандығы көп еді ғой, – деп Қасым Асанов аға да күлді. – 1967 жылдың жазғы күні мені Димекең өзіне шақырды. Таңғы алтыда суыт жолға шықтым. Алматыға қарай кетіп бара жатып, қаракөлеңкеде, ежелгі әдетінше бас киімін қолтығына қысып, қасына екі-үш инженерді ертіп, ескі, қисық тұрған үйлерді бұздыртып, болашақ жаңа ауылдың түзу көшелерінің жобасын анықтау әрекетінде жүрген Нұрмолда Алдабергеновты көрдім. Өзі өте еңбеккер адам еді ғой. Оқымағанымен бірдемені көрсе бітті, түлкі алған бүркіт секілді қағып түсіп, одан айырылмайтын. Сол кезде американың фермерлерінің киетін сары, жұқа шалбар, көйлегін киіп жүретін.    

- Иә, өзі жаңалыққа әуес еді, – деді Хайдар аға қоштап. – Москва шу көтерген соң, лаж жоқ, оны колхоз басқарма төрағасынан босатып, әупіріммен селолық кеңес төрағасы етті. Бұрынғыдай абырой-беделі жоқ. Колхоз басқарма төрағасы өзіне шақырып ап тапсырма береді, тіпті кейде кеңсесіне кіргізбей де қояды. Осындай жағдайдың өзінде Нұрмолда іскерлік танытып, селолық кеңестің екі қабатты кеңсесін салып алды. Екі-үш жылдан кейін Хрущев биліктен кетіп, орнына Брежнев Бас хатшы болды. Димаш Ахметұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Мәсімхан Бейсебаев министрлер Кеңесінің төрағасы боп сайланды.

- Маған жұмыс беріңдер! – деп Нұрмолда өзі өтініп, ең нашар Карл Маркс атындағы колхозға төраға боп барды.

Қасым аға жан-жағына абдырай қарап: «Ой, мен не туралы айтып отыр ем? – деп күлді.

- Димекең шақырды дедіңіз ғой.

- Иә, дұрыс. Таңғы тоғызда Алматыға жетіп, Димекеңнің қабылдауында болдым. Сәлемімді алған соң:

- Нұрекеңнің, Нұрмолданың жағдайы қалай? – деп сұрады. Мен таңғы алтыдан тұрып, қасына екі-үш инженерді ертіп ап, қаракөлеңкеде болашақ жаңа ауылдың жобасын сызып жүргенін айтып едім:

- Ой, азаматым-ай, «Еңбексіз рахат келмес, машақатсыз бақыт келмес» дегенді терең түсінген ер ғой. Көңіліме кірбің ұялатқан бір жай – соңғы кезде ауырып жүр деп естідім, – деді Димекең қабағын шытып.

- Ол жағынан хабарсыз екенмін, – деп мен ыңғайсызданып қалдым.        

- Нұрмолданың ізбасар інілері бізде неге аз?.. Аз деймін-ау, жоқтың қасы. Шығыста Бошай Кітапбаев бар. Оның жағдайын ойлану керек екен, - деп Димаш Ахметұлы ойға ене түсті, - деген Қасым ағаның сөзінен кейін мен, Бошай аға, Димекеңнің сізді қатты құрметтейтінін аңғардым.

 - Қарағым, атам қазақ «Көз – нұрдың ұясы, көңіл – сырдың ұясы» деген ғой, талабыңа нұр жаусын, – деп Бошай аға қоштасарда маған ақ батасын берді.

 Қалдыбай М. Димекең «Баба бүркіт» деген Бошай аға.

4-25 шілде 2008. – Б. 8-9. «Қазақ» газеті.

 

kaldybai 1Қалдыбай М. Мың жыл аңсайды. - Алматы, 2012. - 480 б. Әрбір ұлттың рухани-моральдық көсемі болады. Дәл сондай рухани-моральдық көсем елу жылға жуық қазақ елін басқарған, оның ішінде жиырма бес жылдай КОКП Саяси бюросының құрамында болып, дүниежүзілік ұлы державаның бірі – Кеңестер Одағына басшылықты тең атқарысып, халқына өлшеусіз қызмет еткен, қазақ атын жаһанға жайған, бүкіл түркі әлемінен биліктің шырқау шыңына шыққан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.

Белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбайдың оқырман назарына ұсынып отырған бұл «Мың жыл аңсайды» деректі романында Дінмұхамед Ахметұлының танымы мен тағлымы мол өскен ортасы, азаматтық, күрескерлік тұлғасы нақты деректер негізінде шынайы сомдалған. Бас қаһарманның қайталанбас күрделі тағдыры жасампаз өнегеге толы.     Шығарма тілі көркем, шұрайлы.

                                                          

 

М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты викторина біліміңді тексер

Викторина!

pllinkz

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

шығыс қазақстан әдеби картасы

Шығыс Қазақстан танымал есімдер

addressbook001

addressbook002

© А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық Кітапханасы | Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина. 1998-2024
Besucherzahler
счетчик посещений