kl kz



>
Шығыс Қазақстан Интернетте
Мәдениеті мен өнері
Туристерге
Тарих беттерінен
Маңызды оқиғалар
«Туған өлкем – тұнған тарих» дәрістер циклы
ШҚО ауылдарының тарихы
Өскемен жайлы не білесіз?
Өскемен қаласының тарихы
Өскемен қаласындағы көшелер тарихы
Ескерткіштер
Аудан паспорттары
Шығыс Қазақстан облысы
Шемонаиха ауданы
Өскемен қаласы
Риддер қаласы
Алтай ауданы
Глубокое ауданы
Зайсан ауданы
Катонқарағай ауданы
Күршім ауданы
Марқакөл ауданы
Самар ауданы
Тарбағатай ауданы
Үлкен Нарын ауданы
Ұлан ауданы
Семей қаласы
Курчатов қаласы
Аягөз ауданы
Абай ауданы
Бесқарағай ауданы
Бородулиха ауданы
Жарма ауданы
Көкпекті ауданы
Үржар ауданы
Уланский район
Урджарский район
Шемонаихинский район
Алтын Алтай фольклоры
Алтай аңыздары
Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы
Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасы
Өлке табиғаты
Табиғи қорықтар
Табиғи ресурстар
Шығыс Қазақстанның 25 ғажайып орны
Шығыстың шипажайлары
Барлық-Арасан шипажайы
«Баян» шипажайы
Рахман қайнары
Уба шипажайы
Киелі орындар
Абылайкит
Берел қорымы
Қоңыр әулие үңгірі
Шілікті алқабы
Ашутас
«Алаш арыстары» үйі (Семей қ.)
Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі (Семей қ.)
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі (Семей қ.)
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары
Мұзтау
Шығыс Қазақстан соғыс жылдарында
Соғыс балалары
Кеңес Одағының батырлары
Ардагерлер еске алады
Соғысқа қатысушылар
Партизандар қозғалысы
Тылдағы аналар
Тылдағы ерен еңбек
30 - Гвардиялық дивизия
Брест қамалын қорғауға қатысқан шығысқазақстандықтар
Еңбек армиясы
Өлкетану альманағы
Өлкетану альманағы 2024
Өлкетану альманағы 2023
Өлкетану альманағы 2022
Өлкетану альманағы 2021
Өлкетану альманағы 2020
Өлкетану альманағы 2019
Өлкетану альманағы 2018
Өлкетану альманағы 2017
Өлкетану альманағы 2016
Өлкетану журналы 2014
Өлкетану альманағы 2015
Өлкетану альманағы 2013
Әріптестеріміздің шығармашылығы
Геология
Өлке зерттеушілері
Тарих. Этнография. Мәдениет
Қаламгерлер жайында
Білім беру
Ономастика
Дін
ҰОС жылдарында (1941-1945) ЕҢБЕК АРМИЯСЫ қатарында болған шығысқазақстандықтар
Бейнетоптама
Шығыс Қазақстан әдебиеті
Шығыс Қазақстанның әдеби және есте қаларлық орындары
Фэнзин фантастикалық журналы
Виртуалды көрмелер
Қ. Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш
Экран дикторы

linka

Автордан: Аяқ астынан танымал жазушы, қоғам қайраткері, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Сәдібек Түгелмен елорданың «Нұрлы жол» темір вокзалында жолығып, мыңдаған оқырмандардың ағаға арнаған сауалдарына орай толыққанды сұхбат алдым.
- Аға, жол болсын! Қайда жаққа бет алдыңыз?
- Қайда болушы еді, кезекті онкүндік еңбек демалысымды ала сала, 68-ші жүрдек поездбен елге бара жатырмын. Неге екенін білмеймін, елді қатты сағындым. Кіндік қаным тамған, Өр Алтайымды - Алтын тауымды сағындым!
- Еңбек демалысыңыз құтты болсын! Қазір қайда қызмет істейсіз?
- 2019 жылдың 12-ші желтоқсанынан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің шаруаларымен шұғылданамын. 2021 жылдың 3-ші ақпанына дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Нұр-Сұлтан қалалық департаментінің жанынан құрылған ақпараттық -ағарту Штабының жетекшісі болып жұмыс істедім. Ал, 2021 жылдың 3-ші ақпанынан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің «ПАРАСАТ ЖОЛЫ» орталығының басшысы болып қызмет істеймін. «Парасат жолы» орталығының бас Штабы Мұңалбаева Үмітхан Дәуренбекқызы басшылық ететін Ұлттық Академиялық кітапханада ашылды.
Жалпы алғанда, жемқорлық дегеніміз не? Жемқорлармен күрес біздің елімізде қалай жүруде? Менің түсінігімде: -«Жемқорлық дегеніміз - қарапайым халықты қанау, жемқорлық дегеніміз - ұлтты тапа тал-түсте тонау, жердің астындағы және үстіндегі байлықты тонау, жемқорлық дегеніміз - сатқындық. Отанды сату - жемқорлықтан басталады». Қазақты сырттан келіп жау басып алмаған. Жәйден-жәй жер шарында жер көлемі жағынан 9-шы орын алып отырғанымыз жоқ. Аталарымыз мықты болған. Ер, батыр болған. Олар бойларындағы жандарын берсе де, қасық қандары қалғанша соғысып, алпарысып, алысып қазақтың бір метр жерін жауға бермеген.
Менің айтайын дегенім: «Біздің қазақты сырттан жау алмайды. Алайын десе де, ала алмайды. Оған екі мың жылдық төл тарихымыз куә. Ал, «іштен шыққан жау жемқорлықты» жоймасақ еліміз алға жылжымайды, дұрыс ел болмаймыз.
Келесі мәселе, «кресломания». Біз қазақтар, кресломания ауруынан арылмай, коррупциядан құтыла алмаймыз. Ия, қазақты құртып отырған осы «кресломания» ауруы. Кресломания дегеніміз - должность ақшамен сатып алу, блатпен және таныстықпен ұрлап алу. Бұдан өткен әділетсіздік бола ма? Өкінішке орай, осы үрдіс елімізде әлі де өршіп тұр. Небір топастар жылы, ақшалы орындарды параға сатып алып, қоғамның дамуын тежеп отыр. Осы проблеманы бірлесіп шешпей болмайды. «Короновирус» пен «Коррупция» өте ұқсас. Короновирус адамның бойындағы дерт. Коррупция қоғамның бойындағы дерт. Сондықтанда, коррупциядан қоғам болып, халық болып бірлесіп күреспесек болмайды. Короновирус дертін ойлы адамзат бірлесіп жеңуде. Ол факт. Ал, жетібасты айдаһар іспетті қазақстандық жексұрын жемқорлықты біздер, халық-қоғам бірлесіп жеңуіміз ауадай қажет міндет. Жемқорлықпен күрестегі ең басты міндеттердің бірі де бірегейі ҰЛТТЫҚ ДІЛДІ түзету. Ия, жемқорлықпен күресте ең алдымен ұлттық ДІЛІМІЗДІ түзетуіміз керек. Жемқорлыққа төзбейтін, жемқорлыққа қарсы азаматтық, қоғамдық, халықтық ДІЛДІ қалыптастырып алуымыз ауадай қажет. ДІЛ - дегеніміз ол мінез - қалпымыз, ол- менталитеміз, ол- болмысымыз, ол- пейіл мен пиғылымыз, ол сана-сезіміміз, ол-ниетіміз және өмірге деген көзқарасымыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Коррупциямен күресте бір сәтке де тоқтау болмайды. Жемқорлықтың түп- тамырына балта шауып, желкесін қиуымыз керек. Аймақтарды аралап, халықпен кездесіп, тиісті жұмыстарды жүргізіңіздер - деген тапсырмасына орай, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасының кеңесшісі Жылқышиева Жазира Жақсылыққызымен бірге 24-ші ақпаннан бастап, мына 12 облыстарда Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент шахарларында іс-сапарда болып, жергілікті жерлердегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының барысымен жете таныстық.
Сонда біз 12 облыста Агенттіктің және жергілікті жердегі департамент басшыларының ұйытқы болуымен 143 шараға қатыстық. Орта есеппен әр күнде 11-12 шара өткізіп отырыппыз. 143 шараның ішінде: 37 мәрте зиялы қауыммен дөңгелек үстелдегі басқосулар, 34 рет аудиториядағы халықпен іргелі жиналыстар, 33 кітапханадардағы кездесулер, 12 мәрте университеттер мен институттарда студент жастармен кездесу, 9- ауылдық аудандармен 10 ауылдық округтерде халықпен кездесулер өткіздік. 17 мәрте Бұқаралық Ақпарат Құралдарына және жергілікті жердегі газет-журналдар мен радио-телевидениелерге интервью бердік. 7 мәрте облыстардағы департамент ұжымдарымен, 5 мәрте полиция қызметкерлерімен, бір рет облыстық сот - Атырау облысындағы «Татуластыру орталығы»-«Центр примеренияда» кездесу өткіздік. Үш облыстық, үш аудандық жемқорлыққа қарсы мемлекеттік комиссиялардың жұмысына қатысып, ой-пікірлерімізді жеткіздім. Қарапайым халықтың ондаған, жүздеген сұрақтары мен сауалдарына жауап қаттық. Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларымен кездестік. Барлық жерде жергілікті «Антикор» белсенділерімен бірге болып, бірге жүрдік. 3-ші ақпаннан бері республика бойынша 4500 ден астам «Парасат жолы» орталықтары ашылды. Барлық жиналыстар мен іс-шаралар іскерлік жағдайда жоғары деңгейде өткізілді.Осы шаралардан, халықпен зиялы қауыммен кездесулерден мынандай қорытынды жасауға болады: «Шыққан тауың биік болсын дейді біздің аталарымыз. Өмірдің өзі Аламан жарыс. Осы додада Антикордың аты бәрінен озып тұрғанына мақтаныш етемін. Антикор реформаны мықты жүргізіп отыр. Агенттіктің атқарып жатқан жұмысына халық, оның ішінде зиялы қауым өкілдері өте жоғары баға беруде. Бір сөзбен түйіндегенде, коррупция-жемқорлыққа қарсы жұмыста қоғамда нақты әрі анық БЕТБҰРЫС, орысша айтқанда перелом, прорыв бар.Зиялы қауымның пікірілері бойынша, біздің іс-сапардағы атқараған сан-алуан шаруаларымыз бұл жұмысқа тың серпін, екпін, жаңа леп әкелуде.«Парасат жолы» орталықтарының ашылуы кітапханалардың қайта жаңғыруына септігін тигізіп, кітапханашылараға жаңа құлшыныс әкелді.Агенттіктің пәрменді және тегеурінді жұмыстарының арқасында қоғамда «Парасаттылық идеологиясы» кеңінен қанат жаюда. Әңгіменің түйіні: Агенттіктің реформалары қоғамның дамуына даңғыл жол салып, Антикор Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына үлкен тарту жасап отыр.
Сәдібек Аға, енді кіндік қаныңыз тамған, балалық, жастық шағыңыз өткен туған жеріңіз Алтай туралы айтып берсеңіз?
- Көп рахмет, сұрағыңызға. Жауабымды өлеңмен бастайын:
Алтын өлкем – Шығысым,
Алтын өлкем-Алтайым!
Киелі, байтақ, ұлысың.
Сағынып саған жеткенде
Кеңейіп қалады тынысым.
Көңілге жырды құясың,
Ұлылар шыққан ұясың.
Шоқтығы биік – Шығысым
Жүрекке мәңгі сиясың!!!
Алтын өлкем - Шығысым!
Алтын өлкем - Алтайым!
Оңашада ой теңізінде жүзетін әдет – пенде шіркінге жаратқанның үйіп-төгіп бере салған асыл қазынасының бірі. Ондайда қиял қанаты қияға қалықтап, арманның арнасынан асып төгіліп, дүниеауи тірлік бұғауынан құтылғандай керемет күй кешесің. Туған елім Қазақстанға аз да болса септігімді тигізер жолды іздеймін. Азаматтық, перзенттік парызым халқымның алдында қайтсем өтеледі деген мазасыздық бір бүйірден келіп кимелейді. Сан тарауға соқпақ тартқан қилы-қилы қалың ой. Бірде қызықты да қуанышты өткен күндерді еске түсіріп, еріксіз езу тарттырса, бір мезет орны толмас өкініш пен қайғының құрығына тұтылып жүрек байғұс бұлқына тулап басылады. Әлден уақытта жанды жегідей жеген беймаза күй бірсәтте тарап, ендігі кезекте балдәурен балалық шақтың, балауса сезімнің өрмегіне шырмалып, айнала дөңгеленіп береді дейсің.
Адамға сәби күндердің қызық думанын еске түсіруден асқан ләззат бар ма?! Шыр етіп жарық дүние есігін ашқаннан ауасын жұтып, суын ішкен туған ауылдан артық Иранбақты қайдан табарсың?! Күнәдән пәк, періште күндер, құлындай құлдыраңдай шауып, күліп-ойнап өскен жерлер, сірә, естен шығар ма? Кіндік қаны тамған топырақтың әркімге-ақ ыстық болатыны ауызбен айтып жеткізгісіз ғой. Ер жетіп, ат жалын тартып мінгелі бірнеше шет мемлекеттерді аралап, көрікті жерлерін тамашалап жүрсем де, Қазақ еліне, Алтай өңіріне, оның көркем табиғатына тең келер мекенді көре алғам жоқ. Дана қазақтың дара тұлғалы, ақиық ақын-жазушыларының қиялын қияға самғатқан Өр Алтай топырағында туып-өскеніме мерейленіп жүретінімді жасырып қайтейін. Қалай жасырайын оны, қалайша ұмытайын?! Мәулен шыңдары заңғар көкпен бой таластырған қасқа сұлу өлке бір көрген жанның жадынан шығар ма, сірә. Атам заманнан ақ қар, көк мұз жамылған мұзартты таулар, сыңсыған ну ормандар бұл өңір табиғатын түрлендіріп жатқан кереметтің бастау бұлағындай дерсің.
Жылдың төрт мезгілінде де оңтүстік-батыс Алтай табиғатының жанарды арбап, жанды тебірентер сұлулығы сол қалпында тұратыны ғажап. Ал Қара Ертіс, қарт Ертістің кербез, сылқым қалпында керіле ағып, дүлей күшін ішіне бүгіп жатқан келбетін көз алдыма келтірсем, жүрегімді сартап сағыныш сыздатып өткендей толқимын.
Осы бір таңғажайып өлкеде өткен менің бақытқа толы балалық шағым күні кешегідей көз алдымда. Ауылдық жердегі ең үлкен жауапты науқан – шөп шабу еді. Жыл сайын жаз келісімен малдардың қысқы азығы шөпті дайындаймыз. Ол екі айға созылады. Өйткені, «қысқы шанаңды жазда сайла» деген мәтел бар. Бұл шаруаға әкем марқұм бүкіл отбасын бір кісідей жұмылдырады. Әркімнің атқаратын міндеттері анықталған. Шешем Мәрия ас дайындайды. Нағашы Кәрібай атамыз орақтарды төске салып, шыңдайды. Ал, біздер шыңдалған орақтарды алып, сайын даланың саф ауасымен демала жүріп, шөптерді шабуға кірісеміз. Сондай сәттердің бірінде орақты жонатын зауыттан шыққан қайрағымды түсіріп алдым. Орақты жонбасаң шөпке өтпейді. Енді не істеу керек? Сондай сәтте, тау етегіндегі жатқан бір тасты алып орағымның ұшын қайрауға кірістім. «Енді қалай болар екен?» деп орақты жаңадан шөпке салғанда бағанағыдан да артық өткір пышақтай шөпті жапырды. Бұл мені таң қалдырды. Түскі асқа жиналарда көкейімдегі осы сауалды әкеме айттым:
Әке, зауыттық қайрақты түсіріп алып ,оның орнына таудың етегінде
жатқан жай бір тасты пайдаландым. Айтайын дегенім, бұл тас зауыттың қайрағынан да артық болды. Осы қайрақтың арқасында шөпті түске дейін шауып отырдым. Дестелері де қалың болды. Мұның сыры неде, әке? – дедім.
Сонда әкем Түгел Құмарұлы осы сауалды бұрыннан тосқандай риза көңілмен жауап қатты:«Ұлым, сен жақсы сұрақ қойдың. Мен жауап берейін. Сен қасиетті,киелі жердің Ұланысың. Өйткені, біздің әрбір тасымыз алтын ғой. Мен жай айтып тұрған жоқпын. Осы өлкені білетін адамдардың бірі ретінде шынайы айтып тұрмын. Алтай деген сөзді түркі тілінен аударғанда «Алтын тау» деген ұғымды білдіреді. Алтай – бүкіл өркениеттің бастау алған жері. Оған ешқандай күмән жоқ. Бұл жерде ұлы оқиғалар орын алған. Таудың беттерінде ұлылар мен әулиелердің, батырлар мен данышпандардың іздері жатыр. Шыңғыс қаһан жүрген, Ұлы Кетбұқа бабаң туған жер. Дүние жүзінде дәл осындай жерінің асты да, үсті де байлыққа толған өлкені кездестіре алмайсың. Менделеев кестесінің барлық элементтері шығыс жерінде жатыр. Ол береке, байлық емес пе? Сондықтан да айтарым, балам, сендер нағыз алтын өлкенің өрендерісіңдер. Ертең өсесің, оқу-білім аласың, ержетіп атқа мінесің. Сонда туған өлкеңді мақтаныш ететін боласың.
Тек мақтаныш етпей, өз біліміңді, қажыр – қайратыңды, шығармашылығыңды туған жерге арнайтындығыңа мен кәміл сенемін. Өйткені, сенің ата-бабаларың ат жалында өсіп, осынау жерді дұшпандардан қорғап, сақтап қалған ғой. Шығысқа келген сайын әкемнің осы сөздері көкейімнен кетпейді, мені алға жетелейді. Қайтсем де, туған өлкемнің өсіп-өркендеуіне, қарыштап дамуына қолдан келгенше көмек беруге даяр екенімді білемін және жүрекке мәңгілікке жазып алғанмын.
Автордан:
Осы жерде, оқырмандарға ұғынықты әрі мол түсінік береді деген оймен тәжірибелі журналистер Әсем Жәнібектің «Ұлтқа қызмет етуден жалықпаймын» және Майгүл Сұлтанның «Мен нағыз саясаткермін» атты Сәдібек ағадан алған сұхбаттарын ұсынамын: «1962 – 1966 жылдары Ұлан ауданының «Сатый» ауылындағы «Аманкелді» бастауыш, 1966-1970 жылдары «Точка» селосындағы «Аманкелді» сегіз жылдық, 1970-1972 жылдары Шымқора ауылындағы Жамбыл орта мектебінде оқыдым.
Ал 1973-1975 жылдар аралығында Алмания топырағында Отан алдындағы әскери борышымды абыроймен атқарып шықтым.
- Жоғарғы білім алған оқу орныңыз, мамандығыңыз туралы білгіміз келеді. Осы жерде ҚазМУ-дың журналистика факультетінің күндізгі бөліміне түсіп тұрып, сырттай оқуға неге ауысқандығыңыз жайлы тарқатып айтсаңыз.
- Оның сыры бар. Әркім мектеп қабырғасында жүріп-ақ, болашақ мамандығы туралы ойланады емес пе. Мен үшін журналистикаға оқуға түсу түбегейлі шешілген сұрақ болатын. Өйткені, 5-сыныптан бастап, қолыма қалам алып, мақала жазумен шұғылдандым, аудандық «Өркен-Расцвет» газетінің жас тілшісі болдым. Бір сөзбен айтқанда, бала жастан журналистиканың қыр-сырын меңгеруді қаладым. 1972 жылы маусым айында онжылдықты ойдағыдай тәмамдап, аттестат алған тұста кейбір жанашыр ағайындар тарапынан басқаша ұсыныстар да болды. Мысалы: біреуі, Өскемен жол-құрылыс институтына оқуға түсіп, инженер болуымды, екіншісі зоотехник болуымды қалады. Ал мен өз қалауымды жасадым. Сонымен, шығыстан қазіргі талантты ақын Ұлықбек Есдәулетов екеуіміз Алматыға, ол Зайсан ауданынан, мен Ұланнан келіп, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне, оқуға түсуге барлық құжаттарымызды өткіздік. Алматы толы абитуриенттер. Әсіресе заңгер, сот, прокурор, журналист болам деушілер көп. Әрбір орынға, мысалы заң факультетіне -21, журналистикаға – 18 үміткерден келеді. «Шешінген судан тайынбас» деген, емтихан тапсыруға кірісіп кеттік. Құдай қолдап, сәтін салғанда 4 емтиханның бәрінен сүрінбей өттім. Екеуінен – 5, қалған екеуінен – 4 деген баға алдым. Қөңілім көтеріңкі. Университетке қабылдану туралы тізімнің шығуын тағатсыздана күтіп жүрміз. Бір күні ҚазМУ-дың бас корпусының алдындағы үлкен тақтаға оқуға қабылданған барлық студенттердің тізімі ілінді. Бәріміз жапатармағай сонда ұмтылдық. Тізімде барлар мәз-мейрам. Ал, мен болсам, өзімді не қазақша бөлімнен, не орысша бөлімнен таба алмадым. Көңілім су сепкендей басылып, үн-жырғам түсіп кетті. Енді не істеймін деп дел-сал болып тұрғанмын. Іле-шала екінші тізім әкелініп ілінді. Онда алған бағалары және соған орай балдары бірдей үміткер-студенттердің тізімі жарияланған. Олардың оқуға қабылдануы, не қабылданбауы ректорат мәжілісінде 28 тамызда шешіледі – деп жазылыпты.
Белгіленген күні, ҚазМУ-дың бас корпусында ректорат мәжілісі басталды. Ортада ректор Өмірбек Жолдасбеков. Марқұм таудай, алып адам еді. Жан-жағына бір қарап алды да, жиналысты бастап кетті. Ректордың алдында әрбір факультетке қанша талапкердің болғанын, сосын қаншасы студент атанғанын және балдары бірдей осыншама үміткер бар, – деп декан ақпарат беруде.
Кезек, журналистика факультеті, оның деканы, доцент Темірбек Қожакеевке келді. Ол журналистикаға түсем деушілердің биыл өте көп болғанын, соның ішінен ең мықтыларының іріктелініп алынғанын айтты. Ал, бірдей ұпай жинағандардың қатарын күрт сейілтіп, 4-уінің ғана қалғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, осы 4-удің ішінен тек біреуінің ғана артық болып тұрғанын мәлімдеді.
Ректор Өмірбек аға Жолдасбеков тізімді қолға ұстап, бізге қарады:
- Ау, жігіттер үшеулеріңіздің біреуі ғана қыз бала екен. Біз қызға құрмет тұтқан халықпыз. Ол қыз қастарыңда отыр. Меніңше талқылаудың қажеті жоқ. Осы қыз балаға жолын беретін джентельмен жігіт бар ма?
Жанымда отырған екі жігітте үн жоқ. Бастарын салбыратып жіберген. Мен қолымды көтеріп, орнымнан түрегелдім: – «Аға, мен – джентельменмін, орнымды беремін,» – дедім.
Тып-тыныш бола қалған зал ректордың «Міне, азамат!» деген сөзінен кейін жарқын күлкіге толды. «Сәдібек Түгелов 17 жаста, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданынан, мектепті жақсы бітірген, аудандық газеттің үздік жас тілшісі, рекомендациялары мықты, қазақша күрестен чемпион» деп, ректор мен туралы мәліметті жария етті. Дауысынан бір жылы мейірім сезіліп–ақ тұр. Қасына Қожакеевті шақырып алды. Өздері жеке ақылдасты. Одан кейін, маған қарсы тіл қатты.
- Сәдібек, айналайын, сенің мүмкіндігің жоғары. Мен жаңа қалжыңдап айттым. Сен оқуға түсіп тұрсың. Қазір сенде екі жол бар. Біріншісі сөзіңді кері алып, күндізгі бөлімге қабылдану, екіншісі жаңағы айтқанымдай қызға жолыңды беріп, сырттай журналистика факультетіне қабылдану. Қайсысын қалайсың? Өзің біл.
- Аға, мен айттым ғой, қызға орнымды беремін деп, сол сөзімді өзгертпеймін.
- Жарайсың, бауырым. Онда Темке, (Темірбек Қожакеев) Сәдібек Түгеловты журналистиканың сырттай факультетіне қабылдаңыздар. Мен айтты деңіз. Баланың болашағы бар.
Осылайша, далаға шығуға бет алдым. Қасыма Т. Қожакеев келді.
- Сен кетіп қалма.
- Жарайды, аға.
Осы тұста алдымнан күлімсіреп Ұлықбек шықты.
- Сәдібек, басқалардың арасында джентельмендігіңді ашық көрсеттің ғой! Байқап тұрмын сенің шешіміңе қатысушылардың бәрі таң-тамаша болды. Жарайсың, ҚазМУ-ға түсуіңмен құттықтаймын! – деді Ұлықбек.
Бұл жерде Ұлықбектің адамгершілігі мен шын достық пейілін айта кету керек. Өйткені мен оны комиссия отырысы болады деп арнайы шақыртқан жоқпын, жанкүйер ретінде өзі уақытын бөліп келген. Содан бері, 40 жылдай екеуіміз арамызда қыл өтпейтін доспыз, туыспыз. Отбасыларымызбен араласамыз.
RS. 2013 жылдың 28 тамызы күні Өскемен қаласының Жамбыл Жабаев атындағы драма театрында «Өсе бер, өрлей бер, Шығысым!»-атты шығармашылық кешімде Ұлықбек ағамыз сахана төрінен ағынан жарылып , осы оқиғаны қаз-қалпында әсерлі түрде жиналған қауымға жақсылап баяндап берді. «Болар елдің балалары, бірін-бірі батырым демей ме?». Мен елмен бірге, қадірлі ағамызға өте риза болдым. Кейін оның сөздері газеттерге басылды, қалың оқырмандарға жетті.
Сұхбаттың жалғасы:
«Ұлықбекпен сөйлесіп тұрғанмын.
«Әй, бала» деген дауысты ести сала, артыма қарасам – Темірбек аға шақырып тұр. Бас корпустың үшінші қабатында орналасқан журналистиканың сырттай оқытатын факультетінің деканатына өзі ертіп, алып келді.
Сырттай факультеттің деканы ол кезде профессор Тауман Амандосов болатын. Ол кісі орнында болмады. Жауапты хатшы әйел қарсы алды. Келген бойда Қожакеев «Мына баланы қабылдаңдар, ректор бұйрығын дайындаңдар» деді. «Декансыз дайындай алмаймыз» деген хатшының сөзін Темірбек аға шорт үзді.
«Мен не ойнап келдім бе осында, әлде сенімен көз қысысуға келдім бе, ректордың тура бұйрығымен келіп тұрмын. Жаз, бұйрықты!» – деді. Темекеңнің қаһарына шыдайтын адам бар ма? Әп-сәтте сырттай оқитын журналистика факультетінің 1 курс студенті атты студенттік билетке ие болдым. Осы оқиғаға және Темірбек ағаға байланысты мына оқиғаны да баяндайын.
2002 жылы ЮНЕСКО шеңберінде Тараз қаласының 2000 жылдығы кеңінен атап өтілді. Айтулы іс-шараға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп, қатысып отырды. Мерекенің көркі – Бауыржан Момышұлы атындағы ипподромда өткізілген ат бәйгесі, көкпар, қыз қуу, теңге алу ойындары болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты федерациясының делегациясын басқарып, ВИП трибунада серіктеріммен отырмын.
Қасымызда шетелдік мәртебелі қонақтар, өзіміздің министрлер, облыс әкімдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар. Орталарында ұстазымыз – Темірбек Қожакеев. Жанына барып сәлем бердім. Жарыс басталып кетті. Мен ара кідік комментарий айтып, жарыс ұйымдастырушыларға ұсыныс, нұсқау беріп отырдым. Қасыма жарыс барысы туралы Бөрібай Жексембин мен Аманкелді Карентаев келіп, ақылдасып кетеді. Сол жерде шетелдік меймандардың сұрақтарына жауап қайтардым. Аламан бәйге жарысына 100-ге жуық ат қосылды. Әрбір жүйрікке мінездеме берудемін. Мінбеде отырғандар маған сұрақ қоюда. «Осы аламаннан қай жүйрік озады?», – деп, мен: «Қызылордадан келген Қантайдың «Императорына» көңіл аударыңыздар, – дедім, – Бүгінгі бәйгеде осы тұлпар озады.» Аламан тартысты өтті. Айтқанымдай, «Император» тұлпар бәрінен озып, жарыстың жеңімпазы атанды. Қонақтар дәл тауып айттыңыз деп, жапатармағай мені құттықтауға кірісті.
- Түгел баласы, тоқта, саған айтар бір ауыз сөзім бар,- деп қасыма Темірбек аға келді, – Мен есіме түсіріп тұрмын, өзіңнің есіңде ме, 1972 жылы сен күндізгі бөлімге оқуға түскенде, сонда бүгін үлкен ғалым болады екенсің. Бірақ, өкініші жоқ, ғалым болмағанмен де, абзал азамат болыпсың. Бағанадан бері барлық айтқан сөздеріңе риза болып марқайып отырдым, – деді. Оның отыз жыл бұрын болған оқиғаны ұмытпағанына, мен де іштей риза болдым. Топырағы торқа болғыр, ұстаз ағаның, осы бір айтқаны жадымда сақталып қалды.
- Алғашқы еңбек жолыңызды неден бастадыңыз? Алматы қаласына дейін атқарған жұмыстарыңыз туралы да айтып өтсеңіз?
- Әскерден кейін Алматы қаласында жұмысшы-слесарь болып жұмыс істедім. Содан соң, Ұлан аудандық «Өркен-Расцвет» газетінде аудармашы-тілші болдым.
Ал 1978-1979 жылдары Ұлан аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1979-1984 жылдары аудандық комсомол комитетінің 1-шы хатшысы, 1984-1988 жылдары Ұлан аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істедім. Сегіз жыл аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, он жыл аудандық кеңестің депутаты болып сайландым.
1988-1990 жылдары Жоғары партия мектебінде екі жыл күндізгі бөлімде оқып, «саясаттанушы» мен «социолог» деген мамандықтарды алып, аудандық бақылау комитетінің төрағасы және басқа да жауапты қызметтерде болдым. Ал 1992 жылдан бастап, «Ұлан таңы-Уланские зори» газетінде бас редактор болдым.
Автордан: « Енді журналист Майгүл Сұлтан дайындаған «Мен нағыз саясаткердің өзімін» сұхбатынан қысқаша үзінді берсем деп тұрмын.
.: « -Саясаткерлігіңізді немен дәлелдейсіз, аға ?
Жауап: -Сонау 1990 жылы Алматы саясаттану және басқару институтын тәмамдап, кәсіби саясаттанушы және социолог мамандығына ие болдым. Ал, 1994 жылдың 7-ші наурызы күні өткізілген ҚР Жоғары Кеңесінің 13 шақырылымының сайлауына өзімді өзім ұсынып, додаға түстім, сайлауға белсене қатыстым, үлкен саяси тәжірибе жинадым. Айта кету керек, Қазақстан парламентаризмі тарихында демократиялық талаптарды барынша мол сақтаған осы сайлау болды.
- Сіз сайлауға қай аймақтан,қай округден түстіңіз. Оған неше адам қатысты - Бұл сайлауға мен Шығыс Қазақстан облысы Ұлан, Таврия және Самар аудандарын біріктірген округтен түстім. Оған обылысымыздың үш азаматы: мен, Мамырбаев Рақымбек және Аманжол Жүнісов қатыстық. Айта кету керек , сайлаушылармен кездесу, үгіт-насихат жұмыстары шынайы бәсекелестік жағдайда , тартысты әрі қызықты өтті. Оған негізінен мен себепкер болдым. Облыс басшылығы үкілеп Р. Мамырбаевты шығарды. Ол кезде Рәкең облыстық соттың төрағасы, биік лауазымды қызметтің иесі. Менің бұл додаға түсуім, бәрін алдын-ала болжап, екшеп-текшеп отыратындар үшін күтпеген жаңалық еді. Олардың есептер і бойынша аталмыш округтен бір-ақ кісі сайлауға түседі, сол адам жеңіске жетеді.Сайлау науқанына бірден қызу кірістім. Үгіт-насихат жұмыстарына барынша көңіл бөлдім. Сайлаушылармен әр кездесуім әсерлі өтетін болды. Соның нәтижесінде мені қолдаушылардың саны күн сайын көбейді. Мұндай жағдайды күтпеген біздің облыстағы шенеуніктер кәдімгідей абыржып-сасып қалды. Енді не істеу керек? Олар ойланып-толғанып тағы бір адамды резерв тұрғысында қосуды шешеді. Ол — Самар аудандық аурухананың бас дәрігері А. Жүнісов еді. Әділдік үшін айтуым керек, Рақымбек Мамырбаев сайлау алдындағы дайындық барысында өрелі азаматтық танытты, әкімшілік ресурстарды қолданбады. Екеуміз үш ауданды бірге араладық, халықпен кездесулерде бірге болдық. Сайлаушылармен болған ондаған жүздесу сәттерінде бірімізге-біріміз құрметпен қарап, қолдау көрсетіп отырдық. Екі адам тең болған жағдайда,үшіншінің өтетін заңдылығы негізінде біздің округтен Аманжол Жүнісов депутаттық мандатқа ие болды. Өкінішке орай, өзіңіз білесіз, Жоғары Кеңестің ғұмыры ұзаққа бармады,бір жылға жетпей таратылды. Бұл жерде айтайын деп отырғаным, сайлау додасына қатысуда менің жеке есебім бар еді. Ол саясаттанушы ретінде өзімді сынап, тексеру болатын. Сол сыннан мен саясаткер ретінде сүрінбей өттім деп айта аламын. Көп тәжірибе жинадым, саясат саласында қабілет,қарымымның барлығына көз жеткіздім. Бұл бірінші, дәлелім.
Екінші дәлелім, 2000-2001 жылдары жаңа Елордамыз-Астана қаласында «Менің Қазақстаным» атты халықтық-патриоттық қозғалыс болды. Мен соның бүкіл жұмыстарына белсене араластым, атсалыстым. Қозғалыстың басшыларының бірі болдым.
Үшінші дәлелім, Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы болып, қайнаған қазанның ішінде, саяси эпицентрдің нақ ортасында жүруім деп айта аламын. Астана қаласының Халықаралық Баспасөз Орталығын құру арқылы еліміздің және шетелдік саяси құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс істедім.
Төртінші дәлелім, атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан Ұлы Дала ойындарын достарыммен бірлесіп, бір жүйеге келтіріп, алдымен Ұлттық Ат спорты түрлерінің Федерациясын, кейін құрамында 20 астам республикалық Федерациялары бар Қауымдастықты құруға ұйытқы болуым.
Бесіншіден, 2005 жылдан бастап, құрамында 72-мың мүшесі бар, «Жерұйық» экологиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары ретінде де қоғамдық-саяси жұмыстардың бел ортасында жүрдім.
Алтыншыдан, ұлтымыздың өр азаматы Марат Әскенұлы Нәбиев екеуміздің халықтың қолдауымен «Ұлы Дала Қырандары»-атты республикалық қоғамдық-саяси қозғалысты құрып, ресми мемлекеттік тіркеуден өткізуіміз.
Ал, 1994 жылы желтоқсан айының 14-і күні «Қазақ телевидениесі мен радиосы корпорациясының» бас басқармасына бөлім меңгерушісі болып тағайындалдым. Кейін, «Қазақтелефильм» мекемесінде бас редактор, вице-президент, сосын үкімет арнасының комментаторы, «Біз қайда барамыз?» бағдарламасының жетекшісі болдым.
Автордан: осы жерде , «Абай», «Қамшы» және басқада интернет -сайттарда басылған «Біз қайда барамыз?» атты оқырмандар тарапынан жоғары баға алған Сәдібек Аға Түгелдің мақаласын толығымен жариялауды жөн көріп тұрмын:
«Біз қайда барамыз?»
«Біз қайда барамыз? Осы сөзде үлкен мән мен ұлағаттық мағына жатыр. Испандықтардың «Кемеңе дұрыс атты тауып қойсаң, мұхитта жақсы жүзеді» деген нақылы бар.
1994 жылдың желтоқсан айында «Қазақ телевидениесі мен радиосы корпорациясының» бас басқармасына бөлім меңгерушісі болып тағайындалдым. Қазір ойлап отырсам, ол жерге менің ұйымдастырушылық қасиетім керек болған сияқты. Ойламаған жерден орталық телевидениеге келу, ұйымдастырушылық қабілеттеріммен қатар, шығармашылық өсіп-өркендеуіме айқын жол ашты. Саяси-әлеуметтік мәселелері барынша белең алып тұрған тұс еді. Ел ішін маскүнемдік жайлап, жезөкшелік ауа жайылып, түзу жолдан тайдырып тұрған кез-тін. Қалың елдің қабырғасы қайысып, не істерлерін білмей дағдарып тұрған шақта, жол сілтеп жөн көрсететін хабарлардың болғаны жақсы емес пе?
Көп ізденіп, келелі бір іске қол жеткізгендей болдым. Қазақ қауымында қордаланып қалған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге арналған «Біз қайда барамыз?» атты бағдарламаны аштым. Бұл бағдарламаның басқаларынан өзгешелігі – оған білікті мамандар, интеллигенция өкілдері, жастар мен ардагерлер шақырылатын. Әңгіме ток-шоу ретінде үлкен студияларда жазылатын. Қазақ тіліндегі алғашқы ток-шоу жанрларының бірінің басында болғанымды қуанышпен еске аламын. «Біз қайда барамыз?»- атты ат қойып, айдар тапқан хабарымның негізгі мақсаты қазақ қоғамындағы келеңсіз жағдайлармен күресіп, отандастарымыздың бойына ұлттық құндылықтарымызды енгізу, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие қалыптастыру болып табылатын.
Алғашқы хабарым – «Арақ – атамыздың асы емес» деп аталынды. Онда қазақ қоғамындағы іш қынжылтар мәселелердің өршіп бара жатқандығы ашығынан әңгіме етілді. Маскүнемдіктің молайып, ішімдіктің дендеп бара жатқандығын жар сала жеткізгіміз келді. Әсіресе, жастардың жаппай бұзылуына араша болғымыз келген ойымыздан жаман нәтиже шықпаған сияқты. Маңдайалды хабарға әртүрлі материалдар, сюжеттер пайдаланылды. Мен Қазақстан бойынша барлық деректі алға тарттым. Әңгімеге нарколог-дәрігерлер, білікті мамандар, профессорлар, академиктер, милиция қызметкерлері қатыстырылды. Бірден бұрқ ете қалған бұл хабар бұйығы елді сілкінтті. Дүйім жұртты дүр еткізген дәл осынау хабарда тұңғыш рет елімізде маскүнемдіктің кең белең алып отырғандығы мойындалды. Кезінде дұшпандарымыз әлдеқандай мақсатпен әкелген бұл зәһар ұлттың бордай тозуына бастайтын қауіпті кеселдің басты екендігі дәлелденді.
Екінші бір хабарым бүтіндей зиялы қауымды қатты алаңдатып, рухымыз бен намысымызға қара құрттай күйе жағып отырған жезөкшелікпен күрес мәселесіне арналған еді-ау. Бұл хабардың аты – «Қазақ қызына қырық үйден тыйым» деп аталатын. Жұртшылық мұны да жылы қабылдады. Қаракөз қыздарымыздың арсыздық жолына түсуіне не себеп болғаны жан-жақты талқыланды. Бағдарламаны телекөрермендер жылы қабылдады.Арды бәрінен жоғары ұстайтын қазақ баласы үшін хабардың тәлім-тәрбиесі биік болды.
Үшінші хабарым негізінен дін тақырыбына арналған еді. «Ислам діні және жастар тәрбиесі» деп аталған кезекті хабарды дайындауға бір мыңға тарта адам қатыстырылды. Студиядағы әңгіменің өзіне екі жүзден астам адам қатысты. Ең бастысы аталмыш көрсетілімге Қазақстан мұсылмандар діни бас басқармасының бұрынғы төрағасы, бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы мен марқұм, Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов сынды асқар таудай ағаларымыз қатысып, бетпе-бет әңгіменің көрігін қыздырды. Өзара пікір таластырды. Әңгіме сондай тартымды өтті. Бүкіл республика болып, осы хабарға үн қосқандай әсер тастады. Хат күн сайын емес, әр сағат сайын ағылып келіп жатты. Ел ішінде ар-ұятты айтып, намысты қорғайтын адамдар мен топтар құрылды. Хабарды жақтап шыққандардың қатары күн санап ұлғая берді. Дәл сол тұста сол кездегі қазақ телевизиясының директоры болып тұрған марқұм Әділбек Тауасаров: «Бұл хабар қазақ телевизиясының алтын қорына жататын хабар» деп бағасын беріп кетті.
Төртінші хабарымда Қуанса ауыл, қуанамыз бәріміз» деп аталды. Оған ауыл тағдырына, ауылдың болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар әр аймақтардан келіп белсене қатысты, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Бұл хабарда біз құрып бара жатқан ауыл мәселесін өткір түрде көрсете алдық. Ауылға дер кезінде мемлекеттің тарапынан қолдау көрсетілмесе ,жұмыссыздық мәселесі шешілмесе қадірі кетіп, тұралап қалатыны, ауылдан жастар қалаға қашып, ауылымызда тек кәрі-құлтаң қалатыны ашық айтылды. Бұл хабарда сол кезде үлкен резонанс тудырды.
Бесінші хабарым:«Мүгедек мұңын кім тыңдар?!» деп аталып, діңкәс жандардың өмірлері, қиыншылықтары кеңінен талқыланды. Хабар тек қана мүгедектердің емес, зиялы қауымның да қолдауына ие болды. Біз айтқан сын-ескертпелер билік басындағыларға жеткізілді. Олардың тарапынан тиісті іс-шаралар жүзеге асқанына өзім куәмін.
Алтыншы хабарым: «Пара және жемқорлық» деп аталды. Бұл бағдарламада қазақ қоғамында жаңадан бел алып келе жатқан жемқорлық мәселесі өткір көтерілді. Хабарға заң қызметкерлері, бас прокуратура басшылары, қарапайым адамдар қатысты. Еліміз бойынша тұңғыш рет коррупцияға дер кезінде тойтарыс бермесек, ертең санымызды соғып, шынтағымызды тістеп қалатынымыз, жемқорлықтың өте зиянды құбылыс екені жария етілді.
Сол бір аз уақыттың ішінде де талай шаруа тындырған екенбіз-ау.. Күнделікті күйбеңмен байқамайды екенбіз. Егер сәл зер қойып, өткенді ой елегінен өткізсек, жақсы телевизиялық дүниелеріміз мол болған екен. Осы атышулы «Біз қайда барамыз?» бағдарламасымен қатар «Ниет» атты хабарым да дайындалып,өмірге келді. Онда да елге, жерге, ұлтқа, болашақ ұрпаққа қажетті көптеген көкейтесті мәселелерді тілге тиек етіп алдық. Мәселен: «Ұлттық ат ойындарының дамуы», «Ұлттық спорт мәселелері», «Ұлы Дала құндылықтары»деп, әрмен қарай жалғасып кете баратын сол сияқты толыққанды телехабарлар бірінен соң бірі эфирге шығып жатты. Қалғып жатқан қоғамда пікір туғызып, соңынан осы хабардың нақтылы шешімдер қабылдауға итермелеп жататындығын айтпай-ақ түсініп отырған шығарсыздар. Бір хабарым екіншісінен сәтті шығып, мыңдаған көрермендер тарапынан қолдау тауып, қазақ телевидениесінен ойып тұрып өз орнын алып жатты.
Одан қалды Мажарстан мемлекетінің 1100 жылдығына арналған «Әлем шабандоздарының І фестивалі» деп аталатын 7 сериялы документальді фильмім 1997 жылғы Қазақстан Журналистер Одағының шығармашылық жарысында шаппай бәйге алып, Лауреат та атанып үлгерген едім.
Осылай қалың ел қазақтың қолдауына ие болып тұрған «Біз қайда барамыз?» бағдарламам бір күні, аяқ астынан жабылды да қалды. Сол кездегі қазақ телевидениесінің бас директоры Момынова Бақыткүл Кеңесқызының кабинеті. Әр апта сайын өтетін жиналыста редакция басшылары бас қосып, алдағы жоспарлар мен атқарылған жұмыстар хақында пікір алмасудамыз. Бағдарламалар жетекшілерінің есептері айтылып болған сәтте,кенеттен бас директордың орынбасары Асқар Бәпішев деген біреу, менің «Біз қайда барамыз?» хабарым туралы ақпарат Министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың арнайы тапсырмасы болғаны туралы орыс тілінде сөйлей кетті. Сол тұста әңгімеге Бақыткүл Кеңесқызы араласып былай деді:- «Подождите, Аскар, этот вопрос мы вместе с автором, втроем обсудим после окончания совещания». Айтқандай жиналыс соңында үшеуміз қалып «Біз қайда барамызды?» талқыладық. Асқар Бәпішевтің айтқанынан түсінгенім ақпарат және келісім Министрі Алтынбек Сәрсенбаев менің бағдарламамды өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп отырған бірден-бір хабар ретінде жоғары бағалайды екен. Бірақ, қазір біздің мемлекет өтпелі кезеңде тұр. Сіз жариялап отырған кемшіліктер, келеңсіз жағдайлар уақытша нәрселер. Мемлекет онымен күресуде. Уақыт өте келе олар өздерінен –өздері жоғалады. Сондықтан, қазіргі таңда «Біз қайда барамыз?» сұрағы актуальді емес. Мен, әрине бұл уәжбен үзілді-кесілді келіспедім. Мен, бұл бағдарламаны қазақ қоғамындағы белең алып келе жатқан, біздің менталитетімізге, болмысымызға жат келеңсіз жәйіттердің алдын-алу үшін ұйымдастырып отырмын деп оларға қарсылық білдірдім. Егерде біз кемшіліктердің алдын-алып, тиісті шараларды жүзеге асырмаса, санымызды соғып кешігіп қалатынымызды айтып қарсыластым. Өткенде өкініш, халқымыздың асыл ұлы Алтекеңе ешқандай реніш жоқ. Кейін өзі қоғамдағы кейбір әділетсіздіктермен күресемін деп, оққа ұшты. Жатқан жері торқа, топырағы майда болсын.
Сонымен, ағайындар «Біз қайда барамыз?». Осы актуальді сұраққа бірігіп жауап іздейік?!
Құдай тағала қолдап, 1991жылдың желтоқсан айының 16 күні тәуелсіздікке қол жеткізіп, Егеменді ел атандық. Бағымызға қарай Қазақстанның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Тәуелсіздік бұл мың өліп, мың тірілген қазақтардың тарихындағы ең Ұлы оқиға екені баршамызға белгілі.
Туған жұртының тәуелсіз ел болуын көксеп көре алмай кеткен, өз елім деп өксіп өмірден өткен ата-бабаларымыздың асыл арманына қол жеткізгенімізге де жиырма екі жыл толып, жиырма үшінші жылға аяқ басты. Бодандықтың бұғауын бұзып, бейбіт ел болған 23 жылда қазақ қайта тұлпардай түлеп, қырандай қияға қанат қағып тұғырына қайта қонды. Азаттықтың ақ таңы атқан күннен бастап іргедегі елдермен ғана емес, ірі мемлекеттермен қарым-қатынас орнатылды. Алыс-беріс артып, барыс-келісте көбейді. Бүгінде Батыс пен Шығыстағы азуын айға білеген, дамудың даңғыл жолына түскен елдері санасатын елдің біріміз. Жиырма жылда егеменді еліміздің асқан асуы аз емес, әлі жасалмай жатқан кемшіліктерде жоқ емес. Осы уақытқа дейін Отанымызда ел игілігі үшін жасалған дүниелерді елге айтып, көлеңкеде қалып, көптен күрмеуін таппай келе жатқан қоғамдағы келеңсіз мәселелерді биік мінберлерде билік алдында көтеріп, шешу жолдарын көрсетіп, бағыт беретін, қаперден шығып қараусыз қалған құнды дүниелерді қайта жаңғыртып ұрпақ игілігіне жаратуға мұрындық болатын жас әрі жаңа «Ұлы Дала Қырандары» атты бүкіл қазақстандық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалыс құрып отырмыз. Басқанын бодауында болса да бас бермеген, айтқанына көніп айдауына жүрмеген, қара бастың қамы, отбасының жанын ойламай, Ұлы даладағы ұлтының ақ ордасын ойлаған, жау қолына түссе де елін сатып жалтақтап жағымсынбаған, қылша мойынға қанша қыл арқан салса да сағы сынбаған, татар дәм-тұзы таусылғанша тура жолдан таймай «АЛАШ» деп алдаспандай жарқылдап өткен текті бабалардан қалған қазылы қазынаға, мол мұраға, байтақ даладағы байлыққа ие боп, игілікке жарату үшін әр қазақ азаматы үн қосып, ат салысу қажет.
Жоғарыда айтып өттім, әділдік үшін тағы да қайталап айтамын тәуелсіздіктің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Бұл күнде қазақты әлем таныды, мойындады. Шекарамыз бекіді, еліміз жаңару жолына түсті.
Қыран қанатты Көк Туымыз, қазанаттың суреті салынған Елтаңба мен «Менің Қазақстаным» атты ән ұранымыз бар. Егемендіктің нәтижесінде, Елбасымыздың идеясымен және тікелей бастауымен жаңа Елордамыз- Астана қаласы салынды. Мен, Аллатағаланың қолдауымен жаңа Елордамыз – Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы бақытына ие болған жанмын! Қайнаған қазанның, тарихи оқиғалардың нақ эпицентрінде болып, жаңа Астанамыздың дамуына үлес қосқан және қосып келе жатқан азаматпын. Бүгін Астана күн санап көркейіп, гүлденіп, құлпыра түсуде. Астана халқымыздың мақтанышына айналды. Ерке Есілдің жағасында тұрып, кең байтақ Қазақстанның басқа да ірілі-ұсақты жұмыстарына белсене қатысып, ұлтқа қажетті жаңа жобалардың жүзеге асуына атсалысып келемін. Бір сөзбен түйіндесек, жанды жадыратар бастамаларымыз бен жақсылықтарымыз мол. Құдайға шүкіршілік дейміз.
Дәл осы тұста журналист Күнәйім Сәкеннің «Азамат болсаң , алдымен уәдеңді орында!»-атты Сәдібек ағадан алған көлемді сұхбатымен оқырмандарымды таныстыруым қажет болып тұр. Бұл еңбек бірнеше БАҚ-да, интернет-сайттарда жарияланып, халықтың қызығушылығын тудырды.
«Азамат болсаң, алдымен уәдеңді орында!
Сұрақ: Сәдібек аға, Сіз елдің аузында, халықтың көзінде жүрген азаматтардың бірісіз. Сіздің «Орталық коммуникациалар қызметі» мекемесі өткізетін сан-алуан баспасөз мәслихаттары үстінде облыс әкімдеріне төтесінен қоятын ойлы сұрақтарыңызға, өткір пікірлеріңіз мен азаматтық белсенділігіңізге көптен тәнтіміз. Сіз еліміздегі тыңнан жол сала алатын, жарқын бастамалар мен жұрт игілігіне жарайтын ерекше идеялар авторысыз. Ең бастысы Сіз бастаған істеріңізді толық бітіретін,ел алдындағы уәдені қайтсе де орындап шығатын азаматсыз. Бізге жастарға осы жігіттік мәрттігіңіз өте ұнайды. Сондықтан да, Сізбен кездесіп, көкейімдегі жүрген көптеген сұрақтарыма жауап алсам ба деп едім. Сұхбатымның мақсаты – қазіргі кезеңдегі біздің қоғамда болып жатқан оқиғаларға, жанды жадыратар жаңалықтарға, келеңсіз жағдайларға байланысты Сіздің пікіріңізді білу. Сізге, қоятын көп сауалдарымның алдында айтарым, редакторымнан менің ойлағанымнан өзгешелеу, тосын ұсыныс-тапсырма алдым. Ол мына мәселені толық зерттеп кел деді:
- «Құлагерге ескерткіш тұрғызу барысында Сәдібекті дүние-мүлкін ломбардқа өткізуге не мәжбүрледі, нақты не себеп болды? Ол оқиға қай жерде болды? Кім оның қасында болды? Елдің пікірі қандай? Бір сөзбен айтқанда, бұл біздің порталдың оқырмандарын қызықтыратын ерекше оқиға. Осы туралы барлық мағлұматтарды жина және Өзінен де біл деді.». Бастықтың аты- бастық қой. Оның тапсырмасын алдымен орындап, кішігірім журналистік зерттеу жүргіздім. Соның нәтижесімен Сізді таныстырып өтсем деп едім.
«Азамат болсаң, алдымен уәдеңді орында!».
- Сол уақытта, Сіздің қасыңызда белгілі заңгер, Астана қаласының «Әділет» адвокаттар мекемесінің директоры Жұматай Абильдинов аға болыпты. Сол кісіден көп мағлұматтар алдым. Жұматай ағаның айтқаны төмендегідей:
–«Сәкең маған телефон шалып , А. Жұбанов көшесінің бойындағы нотариусқа келуімді сұрады. Бұл мерзімі 2009 жылдың мамыр айының басы болатын. Мына қағаздарды қарап берші деді. Құжатты қолға алған сәтте, денем дірілдеп,шошып кеттім. Сату – алу келісім шарты жасалынып қойылған. Тек қол қою ғана қалған екен. —Сәке, мынау сұмдық қауіп қой. Сізді бұған кім мәжбүрлеп отыр? Алған ақшаңызды уақытында қайтара алмасаңыз, бәрінен айырыласыз дедім. Бір-ақ,Сәкең, менің айтқаныма көнбеді».
-«Ескерткішті тұрғызбасам, елдің алдындағы уәдем орындалмай қалады. Ол мен үшін өлгенмен тең»-деді. Біздің қазақ мұндайды «Басын бәйгеге тіккен Азамат» – деп айтады, жоғары бағалайды.
-«Сәке, өзіңіз білесіз, мен заңгер ретінде ескертіп тұрмын деп тұрсам да, іштей Сәкеңнің алған бетінен қайтпайтын, жігіттік намысты бәрінен биік қоятындығына риза болдым. Мемлекет қазанынан бюджеттің ақшасын тек жапырып алуды, жеуді, қарапайым халықты алдауды, тонауды білетін, сосын шетелге тұра қашатын сатқындар көбейген мына заманда да , дәл осындай мәрт, нағыз патриот азаматтардың азда болса барына көзімді анық жеткіздім. Бір, Аллатағалаға , шүкірлік еттім.Содан бері , Сәдібек Түгелді үлгі ретінде үйде де, достар арасында да, елде де айтып жүремін. Сәкең ондай құрметке бірден- бір лайық азамат. Бұл жерде баса айтар бір пікірім бар. Негізінен алғанда, ескерткіштер мемлекет қаржысына, бюджеттің ақшасына салынады. Сондай монументтер салынып, оның салтанатты ашылу тұсында кейбір облыс, қала, аудан әкімдері өз қалтасынан ақшасын шығарып салғандай, әтеш сияқты қоразданып, айналасындағыларға менсінбей қарап, кекірейіп жүреді. Олардан жүрегің айныйды. Ал, тіпті, ескерткіштер салуға бөлінген мемлекет ақшасын оңды-солды шашып, жемқорлықпен қымқыратындары бар. Сондай мемлекет қаражатына салынып, жараусыз қалған ескерткіштермен салыстырғанда, Ұлы Дала тұлпары Құлагер ескерткіші мың, миллион есе құнды әрі таза еңбек деп есептеймін. Сондықтан да, азамат ретінде, заңгер ретінде Сәкеңнің бұл қадамын ерлік деп есептеймін»
Марат Нәбиевтің мәрттігі.
Сосын, Құлагер ескерткішінің салынуына байланысты халқымыздың біртуар азаматы, белгілі кәсіпкер Марат Нәбиевтің өткір сөздеріне риза болып, азаматтық позициясына тәнті болдым. Біраз ауқатты, лауазымды адамдар бас қосқан жерде, бір байшікеш мырза өрескелдеу әңгіме бастайды.—«Жаңа көшеден шегірткедей кіп-кішкентай машина мінген Сәдібек Түгелді көрдім. Естуімше бір атқа ескерткіш саламын деп , бар жиғанын ломбардқа өткізіп жіберіп, жаяу қалыпты. Ломбард ойыншық емес. Қарызын қайтармаса үйінен де күйінен де айырылып далада қалады . Осындай Қожанәсірді бірінші рет көріп тұрмын деп, үйді басына көтеріп,тырқ-тырқ күледі. Бұл сөзге шыдамай кеткен Марат аға орынан атып тұрып:
«-Әй, олигарх, не оттап, не қыртып тұрсың?! Намысың қайда?! Сәдібек ұлттың тарихын асқақтатып осындай қадамға барып отыр емес пе?! Менімше, бұл нағыз ерлік! Сен, неге салмайсың осындай ескерткішті, жиған–тергеніңді оффшорға жіберіп, қалғанын жамбасыңа баса бермей?! Біз тұрғанда, халықтың ішінен шыққан Сәдібек Түгел ешқашан далада қалмайды, жаяу қалмайды!» – деп оған тарпа бас салады. Жауап қатуға уәжі жоқ бейшара «супербай», қып-қызыл болып сол жерден қашып кетеді.
Сұрақ:- Аға, олигарх айтқан кішкентай машина туралы білгім келеді?
Жауап:- Ол дұрыс айтқан. Өзім күндіз-түні мініп жүрген көлігімді ломбардқа салғаннан кейін, шарасыздан әйелімнің титтей «Киа-пикантосын» пайдалануға тура келді. Сол машинаны теуіп жүрген кезде бір қызық оқиға орын алды. Абылайхан даңғылынан Кенесары көшесіне өтер сәтте, мені алдыңғы бағдар шамын жыпылықтатып, пип-пип деп бір машина тоқтатты. Не болып қалды –деп терезенің шынысын түсіріп қарасам ,маған қарай қабағы түсіп кеткен белгілі журналист, «Ел» республикалық газетінің бас редакторы Қойшыбай Есентаев келеді.
–«Сәке, Ассалаумағелейкум! Әдейі тоқтатып тұрмын. Байқаймын, бірнеше күн болды басқа көлікпен жүрсіз. Не болып қалды? Өзіңіздің қара Джипіңіз қайда? Мына машина Сізге мүлдем жараспайды, келіспейді. Қысылып жүрсеңіз менің машинамды тебіңіз, міне кілтіңіз деп тұр.»
«Бүгін құлын, ертең тай, ұстараның жүзіндей аударылған дүние ай»- демей ме, өмірде қандай қатал болсам да, көңілім толқып кетті. –Қойшыбай бауырым, осы айтқаныңның өзі , мен үшін, қандай қолдау екенін білесің бе?! Жүр кеттік, бильярдқа дедім.
Сұрақ:–Ал, елден естуіміз ше , Сіздің жездеңіздің уайымдағаны сондай, жүрегі ұстап, ауруханадан бірақ шығыпты ғой.
Жауап:–Ол да рас. «Әкенің жақсысы жездедей болады»- деген біздің қазақ.Ертеңінде жездемнің көңілін сұрауға ауруханаға бардым. —« Палатаға кірген бойда, жезде, ештеңе бүлінген жоқ, достарым бар емес пе, алған қарызды уақытында қайтарып, залогтағы дүние-мүлікті аламын , бәрі дұрыс болады, сен оған бола жүрегіңді ауыртпа»- деп тіл қаттым. —«Сәдібек, мен саған тілектес жанмын ғой. Айтайын дегенім, ең жаман түсімде көргім келмейтін, нар тәуекел іске барып отырсың. Ұтылып қалма. Қазір , біздің қоғамда не-бір табалайтын ағайындар бар. Оларға сенің өскенің , жеңіске жеткенің емес, жеңілгенің мен құлағаның керек. Солардан сақ бол! Қалай дегенмен, жарайсың, ұлтқа керек батыл қадам жасап отырсың! Алла тағала қолдасын!»- деп жездем ақ тілегін жеткізді.
Құлагер ескерткіші арқылы «Кімнің кім екенін» білдік. Бір қыртты өлтіріп ала жаздадық.
Мына бір оқиғаның жанында жездемнің ауырып қалғаны әшейін ойыншық сияқты. Оқиға былай өрбіген: ….Құлагер ескерткішінің салынарында «Құлагер – Ұлы дала тұлпары» атты республикалық бастама көтерілді. Оған жүрегі елім, жерім, ұлттық құндылықтар деп соғатын азаматтар белсене араласып, ат салысты. Солардың бірі арқа қазағы Тастемір деген азамат. Ол Құлагер ескерткішін салуға демеушілік жасайтын адамдарды іздеу барысында Қазақ темір жолы бойынша өткізілетін тендерлерден жыл сайын мол ақша қарпып алатын, бір құрылыс компаниясының сақалы беліне түсетін, қолынан тәспиығы түспейтін директорымен кездеседі. Кездесуінің себебі, әлгі бизнесмен қазақ жүрген жерінде кеудесін соғып, мен ұлтжандымын, мен ұлттық мүддені сақтаймын, мен ұлт үшін отқа түсемін деп аузы көбікке толып, сөз сөйлейтін адам еді. Тастемір оның қандай азамат екенін іс жүзінде тексеріп алайын деп жолыққан ғой. Келген бойда оған жаңа елордамыз – Астана қаласының жанында аты аңызға айналған, мың жылда бір рет туатын атақты Құлагер тұлпарға ескерткіш салынатынын, оның қажеттілігін айтады. Бұл әңгімені естіген жаңағы екіжүзді қырт бұлқан-талқан болады. Сонда оның айтқаны:
- «Астапыралла, астапыралла, хайуанға да ескерткіш салынады екен ғой. Мен барлық ескерткіштерге қарсы діндар кісімін. Маған салса, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан баб, Алматы, Көкшетаудағы Абылайханның, Астанадағы Кенесары ескерткіштерін, Қабанбай кесенелерін құрту керек, алып тастау керек дейді». Мұндай ұлтқа, ұлт руханиятына қиянат келтіретін сөзге шыдамаған Тастемір батыр оған қарсылық білдіріп былай дейді:
«-Ал, жарайды делік, сіз, о дүниелік болған ата-бабаларымыз Яссавиге, Арыстан бабқа, Абылайға, Қабанбайға, Кенесарыға қарсысыз. Ал, Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевқа «Қазақ Елі» алаңының алдында ескерткіш ашылған сәтте сонда ба тұрғаныңызды теледидардан көріп едім. Сіз сонда біз үшін аса құрметті, аса мәртебелі, тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы Елбасының ескерткішіне де қарсы болдыңыз ғой. Соны айтыңызшы, – деп, қарсы сұрақ қояды. Сонда әлгі бейшара не айтарын білмеей, ааа…ааа…ааа деп есінен талып, ауызынан ақ көбік шығып құлап түседі. Сөйтсе, оның эпилепсия – талма ауруы бар екен. Әлгі жерде бәрі әбір-сәбір болады да қалады. Бастығының осылай ауыратынын білген көмекшісі мен хатшысы жүгіріп кеп, біреуі аузына су құяды, екіншісі таяқпен аузын керіп, есін жиғызады. Сөйтіп, қадалған жерінен қан алатын Тастемір бауырымыздың қасиетінің нәтижесінде, сөз жүзінде газет- теледидардың бетін бермей елге ақыл айтып көсемситін, іс жүзінде былшыл қырт әрі екі жүзді, ұлтқа қауіпті өте арам пиғылды қазақтан айырылып қала жаздадық.
- Сәдібек аға, ерекше мазмұнды әрі маңызды сұқбатыңызға Сізді ерекше құрмет тұтатын барлық оқырмандарыңыздың атынан зор алғыс айтамын.
Сұқбатты дайындаған,
журналист Дидар Оралбекұлы.
М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты викторина біліміңді тексер

Викторина!

pllinkz

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

шығыс қазақстан әдеби картасы

Шығыс Қазақстан танымал есімдер

addressbook001

addressbook002

© А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық Кітапханасы | Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина. 1998-2024
Besucherzahler
счетчик посещений