Тарғын өзенінің батыс жағындағы тау қаражартас массивінен түзілген. Осы тау туралы ауыл тұрғындары алуан түрлі аңыздар айтады. Тарихшы, жерлесіміз Зейнолла Қайсеновтың 1997 жылы, 21 қаңтарда «Дидар» газетінде жариялаған «Тау неге Қоңқай аталған?» атты мақаласында жазған аңызға тоқтала кетейік.
ХVIII ғасырда болған жоңғарлар соғысында Барақ, Танаш бастаған сарбаздардан ығысқан қалмақтар осы тауға бекіп, бірнеше күн қарсылық көрсеткен. Басқалары қашса да Қоңқай батыр тау бетіндегі қуыста отырып алдырмапты. Екі күннен кейін оқ, дәрі, азық-түлік таусылған Қоңқай таудың басына шығып, күні бұрын арқандаған қара тайыншаға мініп, тау жоталап қашқан Коңқай батырға ат мінген азаматтар жете алмай, Желдіөзек жазығында Танаш басын алыпты десе, кейбір ақсақалдар: «Қызылқайың даласындағы Шапқанжол арқылы тірі кетіпті», - деп айтады. Сонымен осы тауды қазіргі күнге дейін ауыл тұрғындары «Қоңқай тауы» деп келеді.