Раджан Батырханов күллі қазақ үшін киелі Өр Алтай өлкесіндегі табиғаты таңдай қақтыратын, таза ауасы тынысыңды ашатын шағын ғана Катонкарағай аулында өмір eciгін ашты. Бала күннен шекарашы офицер болуға бекінді. Бұл оның улкен арманы eді.1993 жылы мамырда бозбала шұғыл турде әскерге шақырту алды. Отан алдындағы азаматтық борышын Күршім шекара жасағында өтеген ол бала күнгі арманына осылай қол жеткізді. Бір жыл еткенде Тәжікстанда ТМД шекарасын кузететін команда іріктеліп жатқанын естіген Раджан тізімге өз еркімен жазылды. Ештеңеден қаймыққан жоқ. Керісінше, туған жерден жырақта бағын бір сынағысы келген Раджан «отты» нуктеге баруды өзіне міндет санады.
Әскери қақтығыс орын ала қалса, қалай әрекет ету керек екенін үйреткен тәжірибелі тәлімгер офицерлер: «Есте сақтаңдар. Бұл сендерге Пяндждағы шекарада қажет болады», дел ескерткен еді. Ауғанстандағы соғыста талайды көрген тісқаққан сарбаздар тәжік жерінде де ахуал оңай емес екенін жақсы білетін.
Үздіксіз жаттығу, жүгіру, атыс алаңындағы шеберлік сынақтарынан кейін Раджанның тобы Душанбе әуежайына табан тіреді. Одан әрі-шекара заставасы орналасқан Калай-Хумб қыстағы. Шығыс Қазақстан топырағынан шыққан жиырма жастағы ауыл баласы дәл осы жерде шекара шебін қорғауға тиіс.
Оның өмірі әп-сәтте өзгеріп, жаңа жағдайдағы қызмет басталды. «Қазбат» деп аталған қазақстандық бітімгерлерге өздеріне бекітілген аумақты күзетіп, түрлі қауіп-қатерден қорғау тапсырылды. Шекара сыртындағы ауған содырларын былай қойғанда, ел ішіндегі тәжік кландары да билікке таласып, өзара қырықпышақ болып жатқан. Шекара бойының кез келген тұсында әскери қақтығыстар туындап кетуі мүмкін еді.
Оның үстіне Ауғанстан мен Тәжікстан арасында есірткі тасымалы күшейіп, адам саудасы да қызған шақ. Күннің ыстығы елу градустан асатын аймақта біздің сарбаздар келісімшартта көрсетілгендей үш емес, алты ай болды. Сондықтан қай-қайсысы да үйін қатты сағынды. Раджан анасын көп ойға алатын. Ол ұлының қайда екенінен бейхабар еді. Баратын жері туралы тек әпкесіне ғана айтқан. «Үнсіз кеткенім, сізді сары уайымға салғаным үшін кешір мені, анашым! – деп Раджан ең жақын адамымен ойша сөйлесетін. Көп ұзамай ораламын. Шамалы қалды...».
Сол қатерлі күні застава жауынгерлері Қазақстанда өздерін ауыстыратын рота дайындалып жатқанын білді. Ендеше бұлардың үйге қайтатын күні жақын. Раджан мен жолдастарының көңілі көтеріңкі. Сарбаздар кешкілік үлкен қазанды дайындап, палау басуға келіскен. Алайда олардың алдында үлкен тағдыр сынағы күтіп тұрған еді...
Сол күні Хаким бандасының қаруланған 200 жауынгері Висхарв шатқалындағы 5 және 6-шекара заставаларының түйіскен аумағына басып кірмек болды. Он жүк көлігіне мінген олар Калай-Хумб ауданының орталығы арқылы Хорог бағытына қарай жүрді. Бар мақсаты – Ауғанстанға жету. Біздің жауынгерлер Калай-Хумб қыстағынан шығып, оларға оқты қарша боратты.
Шекаралық комендатура гарнизоны «Шайқасқа!» деген бұйрықпен өре көтерілді. Комендант 5-шекара заставасының жетекшісіне содырлар колоннасын тоқтатуды тапсырды. Шекара заставасының бастығы Безвесельных колоннаны тоқтатып, қарсыластармен келіссөз жүргізуге орынбасары, лейтенант Владимир Селюкті жіберген еді. Алайда олар офицердің өзіне тап беріп, тұтқынға алды. Сөйтіп, содырлар колоннаның одан әрі кедергісіз жүруін талап етті.
Шекара заставасының бастығы офицерді құтқарып, қыстақтағы бейбіт халықтың өміріне қатер төнбес үшін содырлардың талабына келісіп, колоннаның жүруіне рұқсат берді. Бірақ лейтенантты босатқаннан кейін де комендант тапсырмасын орындауды жалғастырды. Содырлардың ізіне лейтенант Селюк бастаған шекарашылар тобы түсті. Алагеуім шақ жағдайды күрделендіргеніне қарамастан, шекара сақшылары екі топқа бөлініп шайқасқа дайындықты бастап кетті. Селюк пен Дмитришеннің басқаруындағы бөлім тура жолдың үстінде, ал тең жартысы аға лейтенанттар Федоров және Неждановтың жетекшілігімен жоғары жаққа, жақын маңдағы шоқыға шығуға талпынды. Алайда олар бұл шоқыда Джума бандитінің позициясы барын білген жоқ.
Кіші сержант Раджан Батырханов төменгі жақта бетон жол қоршауы тасасында қарсы тарапқа қарай оқ атып тұрған. Ол қарақшылар тобының жотаны тасалай келіп біздің шекарашылардың алдын орағытып, ту сыртынан шабуылдағысы келетінін байқап қалды. Дереу автоматпен оқ жаудырып, 5 содырды жайратып салды. Батырханов қарақшылар тобын байқамағанда мұның соңы немен аяқталарын кім білсін?
Ол өзінің тұрған жері қанша қауіпті болса да артқа шегінген жоқ. Батырхановтың орналасқан жерін байқаған содырлар да оқты қарша боратты. Раджан артқы жағында ағып жатқан өзенге қарай төменге түсіп, өзін аман алып қалуға да мүмкіндігі бар еді. Бірақ олай істеген жоқ. Батырлық үлгісін көрсетіп, шегінуден бас тартқан кіші сержант сол жерде аяғынан жараланды. Лейтенант Владимир Селюк Батырхановқа жетіп, оқ пен от құрсауынан алып шықты. Өкінішке қарай, кейіпкеріміз аяқтан тиген оқтың салдарынан көп қан жоғалтып, сол күні есін жимаған күйі көз жұмды.
Раджан Батырханов ерлік жасады. Ол жолдастарының өміріне қауіп төніп тұрғанын біліп, қарақшылардың назарын өзіне аудартып, жауынгерлік міндетке адалдық танытты. Шекарашы өзге әріптестерінің амандығы үшін өз өмірін құрбан етті.
Куәгерлердің сөзінше, бұл шайқастың сәтті аяқталуына кіші сержант Батырхановтың жау тобына тұтқиылдан оқ жаудыруы себеп болған. Ол болмаса, шекарашылардың жеңіске жетуі неғайбіл. Лейтенант Селюктің тобы қарақшылардың қос қапталдан жасаған шабуылына тойтарыс бере алмас еді. 20-25 минуттан кейін жеткен резервтің өзі тұзаққа түспесіне ешкім кепілдік бере алмайды.
Раджан әскери тапсырманы орындау жолында аянып қалған жоқ. Комендатура резервінің қозғалысы мен оңтайлы орын табуына жол ашты. Ал бұл Хаким содырларының әрекетіне нүкте қойып, Висхарв шатқалын аман алып қалды.
Шекарашы кіші сержант Р.Батырханов Президент Жарлығымен ТМД-ның ішкі шекарасын қорғаудағы батылдығы мен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауылдық клубында бұл орден батырдың анасына табысталды. Тек Раджанның онымен амандықта қауыша алмағаны өкінішті...
Осы шайқас нәтижесінде Хаким қарақшыларының тобы талқандалып, 32-сі қаза тапты. 1-еуі тұтқындалып, 50-ге жуығы жараланды. Тәжікстан Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілер құрамынан 1994 жылы шілденің соңында қарақшылар қолына түскен 12 тұтқын (олардың қатарында мотоатқыштар батальоны штабының бастығы, подполковник Крпихун да бар) босатылды. Өкінішке қарай, кінәсіз төрт жүргізуші мен қыстақтың екі тұрғыны құрбан болды.
Кіші сержант Раджан Батырхановтың ерлігі ел жадында. Батыр-шекарашы тұрған, білім алған ауылдағы жалпы білім беретін мектеп, Катонқарағайдағы көше және Шығыс Қазақстан облысындағы шекара жасағы бүгінде оның есімімен аталады.
Зұлқарнай Ескендір