Семей қаласы Қайнар ауылындағы Бегалин атындағы
жалпы орта білім беретін мектептің тарих пәнінің
оқытушысы Маржан Қуатбаева
Арманы өшпес, рухы сөнбес - Алаш азаматы
(Алаш қайраткері Мәннан Тұрғанбаев туралы)
Кешегі Алаш идеясы - бүгінгі Қазақстан! Алашорда басшысы Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялыларының ХХ ғасыр басында қазақ автономиясынын құрмақ болған алғашқы ұмтылысын - саяси күресін , жалпы Алаш қозғалысын зерделеу тәуелсіздіктің арқасында ғана жүзеге асқаны ақиқат! Алаш қозғаласы – Отандық тарихмыздың негізгі құрамдас бөлігі ретінде қайта қаралып, зерттелуде.
Алаш қозғалысы тарихын ғылыми тұрғыда салмақтап, саралап алып, тәуелсіз еліміздің өр мінезді жастарының рухани игілігіне жаратуымыз керек. Бұл біздің ұлтымыздың ерлікке толы жасампаз тарихы. Жас ұрпақ оны жоғары бағалап , мақтана білуі тиіс.
Адамзат баласының тарихында миллиондаған жандар өмірге келді, бақиға өтті. Олдардың басым көпшілігі қара басының қамынан аса алмай өмір кешті. «ұл туып , ұлы жолда қызмет етсе , онан зор ұлтқа бар ма ырыс» деген үндеу тастаған Ахмет Байтұрсынов сынды алты алаштың біртуар тұлғалары ғасыр басында өмірге араласты. Халқымыздың дара туып даналық танытқан Ә.Бөкейханов бастаған А.Байтұрсынов, М.Дулатов күрескерлер заманынан озып туып, тозық елді озық етемін деп қазақ елін өрге сүйреді, жолында тұрған кесапаттарды өңменімен түйреді. Олар ең алдымен Ресей шығысының ұлт-азаттық қозғалысының рухани көсемдері еді. Ә.Бөкейханов еуропалық тәрбие алған, еуразиялық деңгейдегі энциклопедист- ғалым, қоғам қайраткері. Ол қазақ сахарасындағы ұлт- азаттық қозғалысын еуропалық демократиялық, конституциялық, парламенттік күрес жолына салды. Ахмет болса, ұлт-азаттық қозғалысына гуманистік , ұлттық сипат берді. Ата-баба аруағын аттамады, атой салып, жауға шапқан замананы даттамады, жаңа демократиялық күрес жолын сыннан өткізді. Әлихан Ресей реформаторлары көсемінің бірі болды. Уақыт өткізіп, Әлихан орыс реформаторларының ұлттың өзін-өзі билеуіне қарсылығын көрді, қазақ жерін талауға бағытталған орыс қарашекпенділерін көшіру саясатын жүргізуге ынталы екенін түсінді. Қазақты орыстандыру , шоқындыру. өз дінінен , ділінен бездіру саясаты ендеп, бойлап бара жатқанын көрген Ә.Бөкейханов орыс зиялыларынан бөлініп , Алаш туын тікті.
1918 жылы 12 қазанда Семей шаһарында Орынбордан арнайы келген, Алаш Орданың автономиялық Үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейханұлын қарсы алу рәсімі өтеді. Сонда алғашқылардың бірі болып Мәннән сөз алып, оқытушылар атынан айтқаны: « Сүйікті басшымыз! Еңбегің жанды.Ұлтыңыздың жандана бастағанын көзіңіз көрді»деп тебірене ақтарыла ашық лебіз білдіріпті. Белгілі қазақ ақыны С.Торайғыров пен Ж. Аймауытовтарда Мәннәннің сөзін қостап : «Өмірің, жүрген жолың, біз - інілеріңе жағып қойған шамшырақ! Жасасын сүйреген Алашың! Жаса, жаса сабазым!» - деп , асқақ ұранды, «Көтерілген туым бар, көтеретін ерім бар!» дейтін жүрекжарды қуаныштарын паш еткен. [1.17-21]
Ахмет Байтұрсыновтың реформаторлығы ұлт зиялыларын тәрбиелеуден де көрінді. А. Байтұрсыновтың сүйікті шәкірттері ішінде М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, М.Тұрғанбаев , Башкұрт Зәки Валиди Тоган, қырғыз Ишенасы Арабаев барын мақтаныш сезіммен айтуға болады. Осы ұлы тұлғалар А.Байтұрсыновтың «Қазақ» газеті мектебінен өткен жайсаңдар. А.Байтұрсынов ғұлама ғалым, философ, ұлы ойшыл тұлға. Ол феодалдық патриархалық болмысқа, ескілікке қарсы тұрды, билік, халық билігі, сезім сана, бостандық, адамгершілік, өркениет,мәдениеті,дін,ғылым,ел бірлігі,отан,ел, халық, философиялық категорияларға көзқарасы А.Байтұрсыновтың биік рухтың адамы екендігін көрсетеді. А.Байтұрсынов жайлы М. Әуезов 1923 жылы былай деп жазады: «Ахмет ашқан қазақ мектебі, Ахмет түрлеген ана тілі, Ахмет салған әдебиеттегі елшілдік ұран», «Қырық мысал» , «Маса» , «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер- білім , саясат жолындағы қажымаған қайратты біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын»[2.129-132]
«Сарыарқа» газеті, алғаш 1917 жылдың 15 маусымынан жарық көрген кезден бастап Ахмет Байтұрсыновтың «Қазағы» тәрізді халық мұңын жоқтап , мүдесін қорғаған Алаштың «көзі, құлағы һәм тілі» болды. Бұл басылым аптасына бір рет шығып тұрды. Алаштың үні атанған осы «Сарыарқа» газетінің шығу тарихы,1917 жылғы ақ патшаны тақтан тайдырған ақпан төңкерісінен кейінгі тұста Семей қаласы жапатармағай билікке таласқан түрлі саяси күштердің үлкен бір шиеленісті орталығына айналған еді. Уақытша Үкіметтің ресми билік органы Семей облыстық атқару комитеті өзінің « Бюллетень», «Дело», кадеттер мен эсерлер партиясы «Свободный речь», «Воля народа», социал - демократтар партиясы «Известия Семипалатинского Совета рабочих и солдатских депутатов»,кәсіподақтар ұйымы« Трудовой знамя», татардың «Мәдениет» атты мәдени- ағарту қоғамы « Халық сөзі» секілді бірқатар қоғамдық - саяси басылымдар арқылы елді « бостандық пен теңдікке» үндеп, қызу үгіт –насихат жүргізіп жатты. Міне, осындай сын кезеңде Семей облыстық қазақ комитетінің ұйтқы болуымен «Сарыарқа» газеті ашылып, әр жылдары оның редакторы болып Р.Мәрсеков, құрамында Х.Ғаббасов, И.Әлімбеков,Ш.Керейбаев қызмет атқарды. Басылымды ұйымдастырып шығаруға Б.Сәрсенов пен А.Қозыбағаров , редакция құрамында Ж.Ақбаев, Ә. Ермеков, С.Торайғыров, С.Дөнентаевтар белсене атсалысты.[2.23-31] Императорлық Орыс Географиялық қоғамы бөлімшелерінің басылымдарына да өз мақалаларын жиі жариялай бастайды. Р.Мәрсеков 1902 жылдан 1911 жылға дейінгі аралықта Санкт- Петербург Императорлық Орыс Географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің толық мүшесі болып, оның мәжілістеріне жиі қатынасып тұрады. ХХ ғасыр басында аталмыш географиялық қоғамға Алаш көсемі Ә.Бөкейханов( 1900ж.) , ғұлама ақын Шәкәрім ( 1902 ж.) , белгілі заңгер Ж.Ақбаев (1907ж.), Семей қаласындағы мұсылмандар мектебінің меңгерушісі ,орыстың ұлы жазушысы Лев Толстоймен хат жазысқан татар оқымыстысы Р.Елкебаев ( 1907ж.) , көрнекті педагог - ағартушылар Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар ( 1908ж). , Семей өлкелік сотының тілмашы И.Тарабаев(1907ж),Зайсан уезінің тілмашы Ж.Иманқұлов(1902ж.) , тілмаш Ө.Оспанов , Күре болысының тұрғыны С.Сандыбаев, Павлодар көпесі А.Аиткин (1902 ж.), көпес М. Хамитов және А.Абылайханов ,Ә.Сәтбаев, А.Барлыбаев,Х.Ғаббасов, К. Дүйсенбаев, М. Тұрғанбаев, Ж.Шанин, М.Әуезов сынды бір топ ұлт зиялылары мүше болды.1917жылдың 7наурызында Р.Мәрсековтың басшылығымен алғаш Семей облыстық қазақ комитеті құрылып, жұмыс жасай бастады.Содан көп кешікпей осы жылдың 27 сәуірі мен 7мамыр аралығында облыстық қазақ съезі өткізіліп,оған Өскемен,Семей,Павлодар,Қарқаралы,Зайсан және көршілес Ресейдің Бийск уездерінен, жалпы саны 200- ден астам делегат қатысады. Ә.Бөкейхановтын ұсынысы бойынша съезде болашақ қазақ саяси партиясы мен мәдени – ұлттық автономиясын құру туралы мәселе талқыланып, қаулы қабылданады.Мұнда бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып ғұлама ақын Шәкәрім қуаттап, сөз сөйлейді.[2.59-62]
Съезд жиындары кезінде ресми түрде қайтадан Семей облыстық қазақ комитетінің төрағалығына Р. Мәрсеков, төрағаның орынбасарлығына Х.Ғаббасов, хатшылығына С. Торайғыров сондай- ақ мүшеліктеріне Т.Абайұлы, М.Тұрғанбаев, Ә.Ермеков,Х.Сәрсенов , Ж.Аймауытов ,Н.Құлжанов, А.Қозыбағаров сайланады. Азаматтық қарсыласу жылдары Х.Ғаббасов Семей облыстық қазақ комитеті мен «Алаш»партиясының облыстық комитетін құру, жергілікті земстволық басқару жүйесін енгізу, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау , «Сарыарқа» газетін ашуға қатысты істерде Ә.Бөкейханов ,Р.Мәрсеков,Ә.Ермеков, М.Тұрғанбаев, А.Қозыбағаровтар тізе қосып қатар жүрді. С.Торайғыров «Сарыарқа» газетіндегі «Әлиханның Семейге келуі» мақаласында : «Кешке жақын Семейде , 21 октябрьде , бұрынғы жандарал мекемесі, « Бостандық үйіне» қарай топ-тобымен ағылған қазақ еді. Семинаристер бір рет, гимназистер бір рет,курсистер, мұғалімдер бір рет, саудагерлер, қырдан келгендер бар. « Сегіздегі бала, сексендегі шал да қалмай» дегендей , тойға бара жатқандай бәрінің де мерейлері үстем,еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрініп тұрушы еді. Бір – біріне жолыққанда қуаныштан аман-сәлемді де ұмытып сөздері : «Поезд қашан келеді деу ғана» еді. Бұлар кімді тосады?» дей келіп , әлгі қарақұрым қаптаған халықтың асыға күткені Алаштың көсемі Ә. Бөкейханов екенін, оны поездан М.Малдыбаев пен И. Тарабаевтың қарсы алғанын, ал қалың бұқара атынан Ш.Мұсатаев , облыстық қазақ комитеті атынан А.Қозыбағаров , учительдер одағы атынан М. Тұрғанбаев, семинаристер атынан Ж.Аймауытовтың түрлі құттықтау білдіріп, өзінің өлең оқығанын , содан соң ертеңінде елдің Алаш қаласына барып , Әлихан мен Әлімханның Сибирь съезінде сөйлеген сөздерін тыңдағанын қазақ автономиясы туралы үлкен әңгіме болғанын ақырында Ә.Бөкейханов,Р.Мәрсеков,И.Әлімбековтердің сайлау туралы қыздыратын сөздер айтып, жиылған жұрттың қуаныштан көздеріне жас алып тарағанын жазады.[3.22-35]
Мәннан Тұрғанбайұлы Тұрғанбаев 1886 жылы Семей губерниясында, Қарқаралы уезінде Абыралы болысының № 2 «Сарыапан» ауылында өмірге келген. Сүйегі Арғын, оның ішінде Қаракесек - Қамбар. Мәннан 1910-15 жылдары Уфа қаласында тұрып «Медресе Ғалияға» түсуі , оны ойдағыдай бітіруіне мүмкіндік табады. «Қазақтың ол кездегі ерте оянған тобының бірі « Ғалия шәкірттері еді». Міне , солардың бірі Мәннан да шәкірт кезінде – ақ жазда демалыспен елге оралған сайын төңірегіне үлгі – өнеге шашқан , көкірек көзі оянған талапты жас екенін танытады. Мәннанға жастай іліккен « жетім тағдыр» тырнағынан құтылып , жігерін жасытпай , қайта жетімдік жетесін жетілдіріп саналы өмірге дайындық шағын бастайды . Оның туған алтын ұя мекені - Берікқара жерінің қойнауынан кен қазып, жер кезген шет жұрттық ағылшындардың іс - әрекеттеріне зер салып, көрші ел, Қарқаралыда біраз оқыған жастардың асқақ үндеріне құлақ түруі, жерлес Ақбайдың Жақыбы сынды зиялылармен жақын танысып, жанаса түсуі революциялық сыңайдың өрістетуге бет алысын аңдауына , сергек сезіміне от алдырар әсері болғанды. Оқумен қалыптасқан қоғамдық ой- сана тынымсыз ізденіске баурап , қияға қыранша көз жіберген. Қырға оралған оқыған азаматтың ендігі ғұмыры Орынборда жалғасып, ондағы А. Байтұрсынов жетекшілігімен шыға бастаған «Қазақ» газетіне шақырылады. Ахметпен етене таныса жүріп оның сенімді серігіне айналады. Европалық тәрбие алған алты алаштың біртуар тұлғасы Ә. Бөкейхановтың бастауына ереді. Солардың ұйғарымымен Түркияға сапарлап , Кайірдегі мұсылман рухани академиясы мен Ыстамбулда қысқа мерзімді курстерден өтеді. Бұған да , қазақ тіліне жетіктігі мен араб, түрік тілдерін меңгергендігі , орыс тіліне жүйріктігі, ислам дініне жастайынан қанық болуы басты себеп болса керек. Мәннан аталған төрт ұлттың тілімен салт - дәстүрін жете меңгерумен қоса туысқан татар,өзбек,қырғыз тілдерін білген. Бұл жайында өз қолымен толтырылған анкета сұрағына жазған жауап бұған дәлел. Мәннанның 1915 жылы « Ғалия» медресесін бітіріп куәлік алғаны, мұғалімдік мамандыққа қоса әдебиетші ...» деген құжаттарда бұған айғақ.[2.10-20]
Мәннанның 1917 жылдан кейінгі өмірі мен атқарған қызметі , оған жүктелген қоғамдық жұмыстары Семей қаласы орталық мұражайдағы құжаттарда біраз айқын, ашық жазылған. Мәселен : 1917 – 1919 жылдары Семейдегі педагогикалық курстың меңгерушісі және осы курстың мұғалімі. 1919 жылы Кеңес өкіметі орнаған күннің ертесінде (4 желтоқсан , 1919ж) бастап «Қазақ тілі» газетінің жауапты редакторы , тұңғыш шығарушы болған. Бүкіл Ресейлік Орталық Атқару Комитеті 1919 жылғы 4 сәуірде Қазақстандағы Алаш буржуазиялық - ұлтшылдық партиясы мен Алашорда үкіметінің басшыларына кешірім жасау туралы шешім қабылдаған болатын. Осыдан кейін , белгілі қаламгерлер ендігі еңбегін түгелдей жаңа өкіметтің мақсат - мүддесіне ыңғайлап жазды. Мәннан Жалпы қазақ кеңестерінің I – съезіне делегат болып сайланады. Съезде «Қазақстан» газетасы туралы мәселе қаралады. Төңкеріс комиссиясы құрамына өтеді, ерекше топқа кіреді. Мәннанның жазықсыз жазаға ұшырап, оның шығармаларын (архивтегі газет , журналдардан ) оқуға қатаң тиым салынғаны , жазылып жарық көрген еңбектері « Пайғамбар заманы», « Тіл туралы», « Есеп», «Этика» оқулықтары мүлде жоғалып , ел жадысынан ұмыт болуға шақ қалды. Оны білетін, онымен істес болған, шығармаларын оқыған , оның тікелей жақсылық шарапатын көрген, қамқор мейірімі түскен ұрпақ өкілдері де азайып ,көзден де ,көңілден де ғайып болуда. « Ештен кеш жақсы» демекші біршама деректер жинақтап алғашқы ниетті қадам жасадық .
Мәннан Тұрғанбаевтың жан- жақты білімдар, ұлттың шын жанашыры ретіндегі аса құнды еңбегі. Бұл орайда Мәннанның «қаламы жүйрік, қайраты артық тәрбиеші, оқытушыларға әліппе жазып шығарса екен деген өтінішті ұсынамын» - дегені тек сол кез үшін ғана емес, бүгінгі білім беруді формалау заманы талабына үндесетін аса құнды ұсыныс,үлкен жүректің ізгі тілегіндей мақұлдағаны жөн болар еді. [2.53-56]
« Әр істің өзіне арнаулы әдісі болады. Әдіссіз істелетін еш нәрсе жоқ» деп Мәннанның өзі айтпақшы, әр ғылымның да өзіне тән әдісі болатынына назар аудартуы мен де құнды, әрі адам баласына жазу таныту мен әм әдемі жаздыру ешқашанда оңайға түскен емес. « Оқу, білім - инемен құдық қазғандай». Мәннан алғаш көтерген маңызды мәселе – тақырыбын, жазу таныту тарихын жетік білуге құштарлық танытайық !
Пайдаланылған әдебиеттер: