9 наурыз 2022 жылы. Зайсанның азаматы, балуан. кітап авторы Асқар Сәбитовтың ағасы Сәбитов Жалында кітапхана қорына «Зайсанның жайсаң балуандары» атты кітапты сыйға тартты.
Соңғы жылдары Зайсан ауданының өткені мен бүгіні, болашағы мен азаматтары жайлы энциклопедия да, бірталай кітап та жарық көрген. Енді бұл кітап солардың қатарын толықтыратын асыл қазына болатыны сөзсіз. Кейіпкерлердің балуандық тұлғалары ғана емес, көпшілігінің ішкі жан-дүниелерімен қатар адамдық, қоғамдық, отбасылық тұлғалары да көрсетіліпті. «Жайсаң» деген сөзге лайықты балуандар біршама жан-жақты жазылған.
Арғы бергі арадағы өткен мен кешегі марқұм балуандардың кітап бетінен орын алуы Зайсанның балуандар тарихын байыта түседі. Балуандардың жеке өміріне бір-бір кітап жазылса, оның қазақтың қара домалақ балаларына үлгі-өнегесі, ұрпақ тәрбиесіне берер тағылымы мол болар еді.
Зайсан ауданы спортшы балуандардың кешегі бүгінгі тарихын Зайсан ауданының тарихынан еш бөліп қарауға болмйды. Спорттың тарихы бір балуандар кітабымен тоқталып қалмайды, спорттың басқа салаларын қамтыған кітаптар жарық көреді деп сенеміз.
Ең бір өкініштісі, кітап баспадан шығып жатқан кезде, кітап авторының кенеттен өмірден қайтуы. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат, ақын, жазушы, журналист, сазгер, бар ғұмырында адамгершілік мұраттарды ардақ тұтудан айнымаған абзал жан - Асқар Жұмаханұлы Сәбитов құрастырған. Түгел дерлік өз қолымен жазып шыққан. Кітап өмірінің жалғасы, екінші өмірі басталды. Әрбір кітапты ашып оқыған ұрпақ авторды еске алатыны анық.
Қызықты мәліметтер молынан қамтылған жинақтың тілі жеңіл, көпшілік оқырманға арналған. Жалпы кітаптың тұсаукесері оқырмандар арасында өтсе, ұрпақ кітап туралы көптеген мағлұматтар алар еді. Ұрпақ сабақтастығы деген осы.
Келіңіз, кітаппен таныс болыңыз, кітап сіздің еншіңізде!