Назарларыңызға Тұрағұл Құнанбаевтың «Әкем Абай туралы» бірінші естелігінің басылымын ұсынамыз.
Тұрағұлдың өз әкесі жайында естелік жазуға Мұхтар Әуезовтың тікелей араласқаны, тіпті соның тегеурінді тілегімен жүзеге асқаны естеліктің сарынынан байқалады.
«Әкем Абай туралы» естелігі архив сөресінде ұзақ уақыт сақталып келіп, енді ғана жарық көріп отыр. Тұрағұл қолжазбасы Абай туралы жазылған тұңғыш естелік.Тұрағұл Абайдың отыз жасында сүйікті жары Әйгерімнен туған баласы. Ұлы ақын қолында тәрбиеленіп, мұсылманша, орысша сауатын ашқан.
Тұрағұл әкесінің бойындағы ақындық өнері мен машықтарын, мінез-құлқы мен кейбір оқиғаларға қатысын, өз ортасымен қарым-қатынасын қызықты түрде баяндаған. Тұрағұл әкесі жайлы «Мен әкемді танығанда, әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да қуануы жылдам, ширақ жанды адам еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді» деп жазады.
Тұрағұл әкесінің ақындық өнеріне көбірек тоқталады. Өлеңдерінің Абай өміріне тікелей қатысын, жазу себептерінен мысалдар келтіре жазады. Аудармалары жайында былай дейді: «1894 жылы Недоров деген уезной елге келгенде, Абайдың Лермонтовты аударғанын естіп, сіз Крыловты перевод етсеңізші, қазақтың ұғымына сол қолайлы, жеңіл ғой депті. Содан кейін Крыловты перевод етіп еді».
Бұл естеліктің кей тұстарын М. Әуезов Абайдың өмірбаянын жазу үстінде, «Абай жолы» эпопеясында пайдаланған.
Кітапты «Біздің Абай» электрондық кітапханасынан авторизациядан өтіп оқи аласыздар.