kl kz



>
Шығыс Қазақстан Интернетте
Мәдениеті мен өнері
Туристерге
Тарих беттерінен
Маңызды оқиғалар
«Туған өлкем – тұнған тарих» дәрістер циклы
ШҚО ауылдарының тарихы
Өскемен жайлы не білесіз?
Өскемен қаласының тарихы
Өскемен қаласындағы көшелер тарихы
Ескерткіштер
Аудан паспорттары
Шығыс Қазақстан облысы
Шемонаиха ауданы
Өскемен қаласы
Риддер қаласы
Алтай ауданы
Глубокое ауданы
Зайсан ауданы
Катонқарағай ауданы
Күршім ауданы
Самар ауданы
Тарбағатай ауданы
Ұлан ауданы
Семей қаласы
Курчатов қаласы
Аягөз ауданы
Абай ауданы
Бесқарағай ауданы
Бородулиха ауданы
Жарма ауданы
Көкпекті ауданы
Үржар ауданы
Уланский район
Урджарский район
Шемонаихинский район
Алтын Алтай фольклоры
Алтай аңыздары
Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы
Шығыс Қазақстанның әдеби мұрасы
Өлке табиғаты
Табиғи қорықтар
Табиғи ресурстар
Шығыс Қазақстанның 25 ғажайып орны
Шығыстың шипажайлары
Барлық-Арасан шипажайы
«Баян» шипажайы
Рахман қайнары
Уба шипажайы
Киелі орындар
Абылайкит
Берел қорымы
Қоңыр әулие үңгірі
Шілікті алқабы
Ашутас
«Алаш арыстары» үйі (Семей қ.)
Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі (Семей қ.)
Ф.М. Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі (Семей қ.)
«Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені
Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мазары
Мұзтау
Шығыс Қазақстан соғыс жылдарында
Соғыс балалары
Кеңес Одағының батырлары
Ардагерлер еске алады
Соғысқа қатысушылар
Партизандар қозғалысы
Тылдағы аналар
Тылдағы ерен еңбек
30 - Гвардиялық дивизия
Брест қамалын қорғауға қатысқан шығысқазақстандықтар
Еңбек армиясы
Өлкетану альманағы
Өлкетану альманағы 2024
Өлкетану альманағы 2023
Өлкетану альманағы 2022
Өлкетану альманағы 2021
Өлкетану альманағы 2020
Өлкетану альманағы 2019
Өлкетану альманағы 2018
Өлкетану альманағы 2017
Өлкетану альманағы 2016
Өлкетану журналы 2014
Өлкетану альманағы 2015
Өлкетану альманағы 2013
Әріптестеріміздің шығармашылығы
Геология
Өлке зерттеушілері
Тарих. Этнография. Мәдениет
Қаламгерлер жайында
Білім беру
Ономастика
Дін
ҰОС жылдарында (1941-1945) ЕҢБЕК АРМИЯСЫ қатарында болған шығысқазақстандықтар
Бейнетоптама
Шығыс Қазақстан әдебиеті
Шығыс Қазақстанның әдеби және есте қаларлық орындары
Фэнзин фантастикалық журналы
Виртуалды көрмелер
Қ. Мұхамедханов: библиографиялық көрсеткіш
Экран дикторы

linka

Шығыс Қазақстан облыстық "Коммунизм туы" (қазіргі «Дидар») гәзетінің редакциясында қызмет істей бастағанымда (1956-жылы) орыс тіліндегі "Знамя коммунизма" гәзетінен "Токтархан Шарипжанов" деп қол қойған сын мақала, фельетон, әзіл-сықақты ұшыратып жүрдім де, ол жарияланымдардың қазақшадан аударма емесін, қазақ автордың орыс тілінде жазатынын біліп, еріксіз таңдандым. Тілі ғажап жатық, сөйлем құрылымдары, сөзтіркестері, теңеулері тартымды. Әріптестерімнен Тоқтарханның кім екенін сұрағанымда, олар: - Өзіміздің Самар ауданынікі. Екі тілге де жетік, - десті. Көп ұзамай таныстық. Біздің редакцияға келді. Орта бойлы, қазанбастау, көкшілкөзді жігіт екен. Біздің жігіттер: - "Знамяңды" жарылқай бермей, "Туға" да көңіл бөл, қатысып тұр, - дегенде ол жымыңдап: - Меншікті тілшілеріңізге сіздер де қытымыр шығарсыздар, менің иелерім де солай, басқа гәзетке жазуыма рұхсат бермейді, - деді. Ол кезде шынында сондай бейресми, түсініксіз шектеу бар болатын: Өз гәзетің тұрғанда басқа гәзетке жүгірме! - дейтін, әмірі күшті редакторларымыз. "Сен бүркеншік атпен жазып тұр, біз айтпаймыз", - деп ақыл бердік. Тоқтархан: - Ойланайын, көрейін, - деді.

Екеуіміз оңаша қалғанымызда: - Жігітім, сен татардан саумысың? - деп әзілдедім. Ол ақырын ғана күлді де: - Саумын, кәдімгі қазақпын, кереймін. Көзімнің көкшіл болғанына қарамаңыз, арғы аталарымыз түрікке тартсам керек, - деп жымиды. Содан бастап шүйіркелесіп кеттік. Ол менен екі жас кіші екен. Екі тілді жүйріктігіне қоса қазақтың көне тарихынан әңгіме қозғағанда су төгілмес жорға дерсің! Орта мектепті ғана бітірген көрінеді, бірақ, шежіре шерткенде редакциядағы шалдардың аузын аңқитып қояды. Кешегі өткен билермен, шешендермен бірге болғандай-ақ: - Пәленбай бидің бір жиында айтқаны бар… - деп бастап жөнелгенінде иірімге тастап жіберген қармағыңды балықтар таласа-тармаса қауып жатқандай рахаттанасың. Айтатынының бәрі—шындық және. Олай екеніне кейін, Алматыға көшіп келгенімде, мұнда шығып жатқан шежіре, шешендік сөздер кітәптарын оқығанымда көзім жетті.

Тоқтархан мемлекеттік университеттің жорналшылар факультетінде сырттай оқыды да, жылына бір ай сессияға келгенде біздің үйде жатты (әкем оны "әңгімешіл ұлым" деп жақсы көретін). Тоқтарханның әңгімешілдігіне менің де тәнті болатыным соншама, оны сауалмен жетелеп, сөйлетіп қойғым келе беретін, ал ол рәсуә сөзге әуес емес еді, қысқа да нұсқа айтып айызыңды қандырады. Әзіл-әжуа қосып, "бір май, бір қаракесек" етіп қалжыңдағанда да алдына жан салмайды.

Кейінде Тоқтархан Алматыға көшіп келді. Республикалық "Ара-Шмель" жорналы редакциясында істеп жүрді. Жолығуымыз сиреді. Кезіге қалғанда: "Оу, керей би, қайдасың, көрінбейсің ғой?" деймін. Ол жымия сәлем беріп: "Ғаба-ау, бір күн үйдемін, он күн дүздемін, фельетон іздеген сандалыс қой. Қаламым батып кететіндердің қайсысы, қай күні, қай жерде басымды кесіп аларын құдай білсін", деп жымыңдайды.

1983-жылы "Ара-Шмельге" Бас редактор болып барысымен: "Тоқтархан қайда?" десем, ондағылар: "Ол бұрынғы бастықпен онша болмай, кетіп қалған", дейді. Дереу іздеттіріп тауып, қызметке шақырдым. Бетің бар, жүзің бар демейтін фельетоншы-сықақшы Тоқтархан қашанда өзінің ішкі есебін ғана ойлаған анау редактормен ұстаса беріпті.

Журнал оқырмандарының дабылымен облыстарға жиі шығып, оқиға-жәйттерді мұқият тексеріп, уытты тілмен фельетон жазатын Тоқтарханды жорналшылар қауымы қалай құрметтесе, қазақ тілінен орысшаға өлеңдерін, әңгімелерін аудартып алып жүретін ақын-жазушылар қауымы да қадірледі.

Бірде мынадай қызық болды: аралап әңгімелесіп жүретін әдетіммен "Фельетоншылар бөліміне" барсам, Тоқтархан жалғыз екен (өзіндей фельетоншы Владислав Маркович Карака екеуі бір бөлмеде отыратын) сәл тұқырып алып, әлдене жазып отыр. "Қатты кірісіпсің, ә?" деп әзілдедім. Басын көтере күліп жіберіп: "Кеше нөмірге жоспарланған фельетоным ғой, қазір бітіремін де, қазақшаға аудара қоямын" дейді (аса маңызды материалдарды "Ара" мен "Шмельге" бірдей жариялайтынбыз). "Оу, әуелі қазақша, керейіңнің тілінде жазбаушы ма едің?!" дедім, шын таңданып. "Мен орысша жазып үйреніп кеткенмін ғой, әсіресе фельетонды алдымен орысша жазамын да, сонсоң қазақшалаймын" дейді. Ол "құпиясын" сонда бір-ақ білдім. Оның қаламынан шыққан фельетонға, әзіл-сықақ әңгімеге орыс әріптестері де сүйсініп жүрді.

Тағы бірде оның және бір «қызығын» көрдім. Тоқтарханды іздеп бөлмелеріне кірсем - Карака жалғыз.

- Маркович, Тоқаң қайда? - деймін.

- Бір жігіт іздеп келген, екеуі жаңа ғана шықты, жиырма минөттен кейін келем деген.

- Өзіңде не жаңалық? - дедім де, Тоқтарханның орнына отырдым. Үстелінде үш-төрт парақ жатыр. Үңілдім. Өлең жазылған парақтар. Қандай қазақ өлеңге елең етпесін, көз жүгірттім. Тақырыбы - «Лүпілде, менің жүрегім!»:

Балдай көрер қатқан құрт, қара суын,

Қарапайым қазақтың баласымын.

Жыртқан емес көңілімді жалғыз тікен,

Жүрегімнің болса да жарасы мың.

- Габеке, знаете что, - деп Владислав бірдеңе айта бастаған еді, оған қолыммен ишара жасап:

- Маркович, сәл бөгеле тұр, Тоқтархан өлең жазады екен ғой?! - дедім. Таңданысымды жасырмадым және өлеңнен көз алмадым:

Аз болғанмен өмірде өндіргенім,

Кімге болса ниетім мөлдір менің.

Дүрсілдеген кеудемде қайран жүрек,

Көндірмеске аз ба еді көндіргенің…

Басымды көтеріп, Каракаға қарадым. «Сұрағыма жауап бермейсің бе?» дегендей көріндім бе, Владислав жымиып:

- Тоқтархан - жап-жақсы ақын, шынымен білмейсіз бе? - деді.

- Білмеймін.

- Қызық екен, - деп алып, ол Тоқаңның біраз «құпиясын» айтып берді. Әншейінде әңгімешіл Тоқтархан кейде оқыс тұйықтала қалып, өлең жазуға кірісіп кетеді екен. Ал кейде іздеп келген бір кісілермен көңілдене сөйлесіп, кенет қағаз-қаламын ала салып, өлең жазып, оны нақыштап оқып, бірер жерін түзетіп, әлгі кісілерге беріп жібереді екен.

Тоқтархан келіп кірді.

- Ә, Ғаба, мен жаңа бір кісі келіп…

- Оу, Керей би, сен ақын екенсің ғой?! Ол қырыңды бізден неге бүгіп жүрсің? - дедім, сөзін аяқтатпай.

- Қайдағы ақын… жора-жолдастырдың анау-мынау тойларына арнау, құттықтау жазып беретінім ғана бар баяғы, - дейді.

- Өзің жоқта мына бір өлеңіңді оқыдым, ренжімегін, ашық қалдырып кетіпсің, көзім еріксіз түсті. Бірер шумағын ғана оқыдым, жап-жақсы өлең, меніңше.

- Ермек қой,- дейді, жымыңдай түсіп. Орнын босатып тұрдым. Жүзі ерекше жылы, ылғи ашық-жарқын жүретін Тоқтарханның: «Жүрегімнің болса да жарасы мың» дегеніне іштей иланбап едім, сол күдігімнің сыртқа шыққысы келді ме, қалайда біртүрлі көңілкүй билеп:

- Қазір кейбір бозбала ақындар екі жастың біріне келер-келместе өмірден көп тауқымет тартқан қартша таусылып жыр жазады, соларға сенбеймін, жасанды мұң-нала неге керек? Ал сен жігіт ағасы жасындасың, біраз өткелектен өттің, саған сенемін, Тоқа. Айтпақшы, келін екеуің жараспай жүр деп естіп едім, қалайсыңдар? - дедім.

- Ғаба-ай, қайтейін, одан қашып құтылғандаймын, бірақ екі-үш ай өткізіп іздеп келіп, жолымды кес-кестеп, миымды ашып кетеді, - деп қолын бір сілтеді де, орнына отырып, парақтарын жинастыра бастады. Өңі қуқылдана қалған. Адами аяныш сезіміме «бөріктінің намысы бір» үстеме бола кетті де, иығына қолымды салып, бірер ырғап:

- Ай, Керей би, Керей би! Сен ешкімнен сөз сұрамас болсаң да, мен айтайын: сен әлі таңдап-таңдап қыз алатын жігітсің, орынсыз босқа шаршама, кешіктірме, ен тақ анау көп қыздардың біріне, жаса тойыңды! - дедім, жорта әзіл араластыра ойымды ашып сөйлеп. Тоқтархан маған жалт қарап күліп жіберді де:

- Ғаба, бұл ауызшаңызды жазбаша бұйрыққа айналдырыңызшы, тәуекелге бел байлайын! - деді әдемі әзілдеп.

- Бұйрық жазу бит сыққаннан қиын емес қой, қазір жазамын! - дедім. Ол да күлді, мен де күлдім. Карака аңыра қарай жымиып:

- О не, немене? – деді.

- Марковичке түсіндіріп берерсің, - деп есікке беттедім...

Тоқтархан поэзия көшіміздің жуан ортасындағы ақын болыпты, бірақ өлеңдерін қойын дәптерінен ұзатпапты.Оның, енді естіп-біліп жүргеніміздей, көңілі жақын адамдардың қуанышына да, қайғысына да шынайы ортақтасып, оларға туыстарының өтінуімен солардың атынан өлең жазып беретін де бір жомарттығы болған екен Ол өлеңдері біраз открыткалардың бетінде Тоқтарханнан қалған қымбат ескерткіш болып сақтаулы.

«Тоқтархан айтып еді» деген әзіл-сықақ шумақтарды да естіп жүрміз қазірде. Ал баршамыздың әзіл-сықақшы Шәріпжановпен қатар айтыс ақыны Шәріпжановты білгеніміз бар. Суырыпсалмалық өнер сайысына сан қатысып, сан жүлдені иеленді, соңғы жылдары айтыстың төрешілер алқасына мүше, төраға да болып жүрді.    

Ақын Тоқтарханның сыр сақтау беріктігі мені қатты таңқалдырды. Екеуіміз қаншама уақыт ағайын адамдарша араласып жүрсек те, бес жыл қызметтес, кейінде сан сапарлас болсақ та, оның маған да тіс жармаған ғажап құпиясына ерінен қапияда айырылған зайыбы Күлән жылына дейін Тоқаңның кітабын шығаруға кірісіп, біраз қолжазбаны ұсынып, алғысөз жазуымды қалағанда ғана қандым. Жинаққа Тоқаңның «Қош бол, таңдарым!» атты ұзақ өлеңі ұсынылып, ол туралы журналшы-аудармашы Гүлжаһан Боржұмбаеваның естелігінде былайша мәлімдепті:

«Қалың оқырман «Қайрат Рысқұлбековтің ақтық сөз-өлеңі Тоқаңның жинағында неғып жүр?» деп таңырқауы әбден мүмкін. Аға таныс адамдарының тілегімен: туған күн, мүшелтой, мектептегі мерекелік думандар, алтын, күміс той деген сияқты той-тамашаларға талай жүрекжарды жырын арнаған ақын. Құттықтағысы кеп тұрған адамның көңілін қимай, атынан жаза салатын. Ал мына ақтық сөзді де Тоқтархан Шәріпжанов қазақтың белгілі журналисі Марат Тоқашбаевтың және менің: «Елдің еңсесін жігерлі жырмен көтерейікші!» деген тілегімізбен жазып еді. Желтоқсан ызғары суылдап соғып тұрған. Бәрімізге де жан керек.«Тыңдалады-ау» деген құлақты қабырғалардан, ғимараттардан қашқақтап, оңаша бас қосып, тау жақта, біздің үйге келіп жиналдық. Тоқаң өлеңді өзі жазбай, маған жаздырды: сақылдап айтып отырды, мен қағазға түсірдім. Машинкаға басып, өзгертіңкіреп, гәзет-журналдарға таратып жібердік. Ол кезде (1987-жылы) Орталық комитеттің гәзет-журнал баспасының хабарландыру бөлімінде қызмет істейтінмін. «Ауалық пошта» деген бар болатын, сонымен өлеңді қазақ гәзеттеріне атып жібердім. Осылайша қайрат-жігерге толы жыр ел-елге тарады. Ақын ағаның көне жырлардан есетін екпінді игерген стилін танитын жұрт осы өлеңнің тұп-тура Тоқтархан Шәріпжановтың жүрегін жарып шыққандығына шүбәсіз сенеді. Осылайша шындықты айтып, асыл ағаның өз өлеңін өзіне қайтарайын дедім. «Қош бол, таңдарым!» деп ат қоюымызға ағаның да мәңгілік сапарға ұзауы, арманда үзілген жүрегінің көрмеген таңдарымен осы өлең арқылы қоштасуына ұқсап кетуі себеп болды» (Тоқтархан Шәріпжанов. «Қалдырдым мұра халқыма». Алматы. «Үш қиян» баспасы. 2003 ж.).

                  «ҚОШ БОЛ, ТАҢДАРЫМ!

                   Елбең-елбең жүгірген,

                   Ебелек атқа семірген,

                   Арғымақ мінген жаратып,

                   Ақсауыт киген темірден,

                   Алатаудай бабалар,

                   Әруағыңмен жебей гөр!

                   Қаймана қазақ қамы үшін

                   Қарусыз шықтық алаңға.     

                   Алыстан әскер алдырып,

                   Қырып салды табанда.

                   Сөйлесем дауысым жетпейтін

                   Кез болдық мынау заманға.

                   Жалғанда мынау, жалғанда

                   Жеткен жан бар ма арманға,

                   Жаныңда жүрген жолдасың

                   Басыңа пәле салғанда.

                   Қыршынынан қиылып,

                   Қатарым жусап қалғанда,

                   Солармен бірге өлсемші-ай!

                   Артымда қалған ата-анам

                   Арулап қолдан көмсеші-ай!

                   Күнәдан таза басым бар,

                   Жиырма бірде жасым бар,

                   Қасқалдақтай қаным бар,

                   Бозторғайдай жаным бар,

                   Алам десең, алыңдар!

                   Қайрат деген атым бар,

                   Қазақ деген затым бар,

                   Атам десең, атыңдар!

                   Сусылдап келіп шешінген,

                   Еркелеп жатып көсілген

                   Жар қызығын көре алмай,

                   Аймалай алмай төсінен,

                   Арманда кеткен мен - бейбақ.

                   Қол бастаған Салауат

                   Жиырма бір жасында.

                   Қазанат мінген кежімдеп,

                   Қалың әскер - қасында.

                   Ол да кеткен дүниеден,

                   Жасыма, бауырым, жасыма!

                   Айтылған сөзім жетер деп,

                   Алаңға лек боп жиылдық.

                   Қырып салды әп-сәтте,

                   Қыршынымыздан қиылдық.

                   Тең құрбым жоқ қасымда,

                   Пәлені басқа салған соң

                   Кешегі өткен бабалар

                   Әруағына сиындық.

                   Қайғының бұлты торлады

                   Ақ Жайық - Алтай арасын,

                   Сел басқандай сенделтіп

                   Жұртымның көне даласын.

                   Амалым жоқ, көтердім

                   Басыма салған жаласын.

                   Екі жүзің қырылып,

                   Екі мыңың сотталып,

                   Көк өрім өңшең көгенкөз,

                   Жоқтаусыз кетіп барасың.

                   Мен не етермін, не етермін,

                   Мен келмеске кетермін.

                   Көрмеген, қош бол, таңдарым!

                   Көре де алмай өтермін.

                   Мойныма түскен салмақты

                   Көтердім, жұртым, көтердім.

                   Еркек тоқты - құрбандық,

                   Бас-аяғы сол болсын

                   Басыңа төнген қатердің.

                   Жиырма бір жасында

                   Кежімдеп мінген қазанат,

                   Мерт болған-ды башқұртта

                   Асып бір туған Салауат.

                   Мен де кеттім дүниеден,

                   Кетіретін болған соң,

                   Жаланы жауып жазалап.

                   Қош, аман бол артымда,

                   Ағайын-туған, азамат!

                   Артымда қалған ата-анам,

                   Ел-жұртым, саған аманат!».

Міне, ерлік жырының сыры осы. Гүлжаһан Тоқтарханның аруағы алдында арылды, ақиқатты ел-жұрттан жасырып жүре беру күнә болады деп білді. Өлеңді Қайрат інісінің атынан Тоқтархан ағасы жазды, оны бірінші болып Қайраттың және бір ағасы Марат тыңдады, ел-жұртқа Гүлжаһан таратты. Халық Қайрат жазыпты деп қабырғасы қайыса, көзіне жас ала қабылдады. Өлең енді марқұм авторына қайтарылды. Бұған тарихта Қазақстанының Қаһарманы болып асқақ атала берер Қайраттың туған-туысқандары, дос-жолдастары ренжімегей. Аллаға қажеті - ақиқат. Гүлжаһан ақиқаттан аттап кетпеді, Алланың сүйген құлына, Мұхаммедтің үмбетіне тән іс етті. Бәрекелді!

Аталған жинақта Тоқтарханның «бір сырлы, сегіз қырлы» болғанынан мағлұмат беретін дерек мол. Ол: алуан-алуан тақырыпқа жазылған тың мақалалары, қазақтың тарихы, тұрмыс-салт дәстүрлері, мақал-мәтелдері, шежіресі хақындағы пайымдаулары. «Қалдырдым мұра халқыма» деп жеңіл айта салмапты. Жинақтың: «Қаламым қазақша толғайды» (қазақ тілінде),«Наследие» (орыс тілінде) бөлімдеріне зер салған оқырман автордың аса білімдарлығына тәнті болары анық.

…Жазушылар одағының Аударма алқасында істегенімде бір күні Тоқ- тарханға телефон шалып: Халқымыздың ауыз әдебиетінен, классиктеріміздің туындыларынан әзіл-сықақ өлең-әңгімелерді орыс тіліне аударуға кірісе аласың ба? Уақытың дефицит емес пе? "Смех по-казахски" деп орысша, "Қазақ күлкісі" деп қазақша бес том шығару арманым бар, орыс тіліндегісіне сен ие болсаң жарар еді", - деп тілек білдіріп едім, ол тәттіні көрген балаша қуанып: Шіркін-ай, арманның Абылайын айттыңыз-ау! Мен неге аянайын?! Ертеңнен   бастап кірісуге дайынмын!- деп құлшына қалды. Бірақ, бұл тірлікте қай арманың орындалып жатыр?! Ақша өзгерісі басталып, тоқыраудың орнына бықырауға тап болдық, үкімет «қаржы жоқ» деп ауыз салды да, Қаржы министірлігі арқылы Алқамызды жауып тынды (оның бір ғана себебі 1992-93-жылдары «Алматы. 1986. Желтоқсан» атты кітап топтамасын шығара бастағанымыз, биліктің оған теріс қарағаны екенін кейін білдім). Тоқтархан жасап үлгірген біржинақтық аударма қолжазбаны өзіне қайтарып беруге мәжбүр болдым...

Заманның бетін аңғарған Тоқтархан компьютерді қолға алып, тез меңгеріп кетті. "Ғаба, кенже сары ұлыңызға ертең керек болады, менің бір жолдасым компьютерін сатпақшы, соны алыңыз, бағасын реттеп берем" деп, жолдасы екеуі компьютерді үйге алып та келді. Оны құрып, "кенже сары" Әзизге бір кеш бойы үйретіп қайтты. "Капиталистік техникамыздың" қыңыратқи қалғанын естісімен жүгіріп келіп, "сылап-сипап" беріп жүрді. Сөйтіп бір келгенінде:

- Ғаба, жасым алпысқа ілінгенде маған бір өнер дарыды. Баяғыда Қаздауысты Қазбек би… - деп есіне түскен бір қызық әңгіменің басын қайырып тастап, өзіне дарыған өнер ағылшын тілін үйреніп жүргені екенін айтып: - Осы заманғы жігіт болып шығатын түрім бар, біздің үйдегі келініңіз, жо-жоқ, қарындасыңыз Күлән құптап, ризашылығын берді, - деп жымыңдады. Айтты - орындады. Ағылшын тілінде ағылшындармен хат жазысты. «Қазтелекомның" мықты маманы болып шықты.

"Ғаба, компьютерді қазақша сайратуға сыбанып кірістім, тәйір-ай, асық ойнағаннан қиын емес сияқты", деп күлді бір келгенінде.

Күлкісі таза еді. Көктем гүліндей ол күлкі 2002-жылғы қарашаның 21-і күні кенеттен үзілді. Әзіл-сықақ әңгіме, фельетон, мақалаларының екі жинағы жарық көрген асықпас-аптықпас Тоқтархан үшінші кітабының қолжазбасын тәмәмдауға айналғанда бұрын анда-санда сыр беріп жүретін қайран жүрегі ары қарайғы жүкке шыдай алмаған ғой…

Журналшы, жазушы, фельетоншы-сықақшы, аудармашы, айтыс ақыны, шежіреші Тоқтархан қазақтың әдебиетіне, айтыс өнеріне, тарихына мол үлес қосты. Мен оның бәрін талдап айтуды мақсат етпедім, халқына мұра болып қалған туындыларын оқыған жан бағаны өзі бергені жөн ғой. Тоқтарханның қай тақырыптағы болсын үлкен-кіші шығармаларының бәрінде Адам, Азамат, Қаламгер Тоқтарханның жүрек лүпілі бар. Тек байыптап тыңдалық.           

Ғаббас Қабышұлы,

жазушы, журналист, сыншы, аудармашы,

халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты

                                                               

М.О. Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты викторина біліміңді тексер

Викторина!

pllinkz

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

шығыс қазақстан әдеби картасы

Шығыс Қазақстан танымал есімдер

addressbook001

addressbook002

© А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық Кітапханасы | Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина. 1998-2024
Besucherzahler
счетчик посещений